ТҮРКИЯ ҒАЛЫМДАРЫ МОҢҒОЛИЯДАН 1300 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ САУСАҚ ІЗДЕРІН ТАПТЫ
2016 ж. 07 ақпан
3095
0
Бұл археологиялық жаңалық Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен Моңғолиядағы Тоныкөк ескерткіші аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде белгілі болды.
Қазба жұмыстарының жетекшісі профессор Ахмет Ташағыл ұсынған мәліметтерге сәйкес, тарихи ескерткіш маңынан 1300 жыл бұрынғы саусақ іздері табылған.
«Біз осы қазба жұмыстары кезінде 11 ғылыми жаңалық аштық. Алайда, солардың ішінде ең маңыздысы осы саусақ іздері болып отыр. Бұл шын мәнісінде үлкен тарихи жаңалық», - дейді профессор Ахмет Ташағыл.
Тоныкөк ескерткіші Түркі әлемінің ең көне жәдігерлерінің бірі. Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанның шешімімен Тоныкөк ескерткішіне апарар жолға TIKA тарапынан асфальт төселген болатын. Сондай-ақ, Түркия президентінің 2005 жылғы Моңғолияға сапарынан кейін Білге Қаған мен Тоныкөк ескерткіштерін табиғи факторлардан сақтау мақсатында музей ішіне көшірілген болатын.
Болашақта Тоныкөк ескерткіші маңына музей салу ісі қолға алынбақшы.
Айта кету керек, TIKA ұйымы 2015 жылы Түркі академиясы халықаралық ұйымының Шығыс Қазақстан облысындағы Берел аймағында жүргізген «Алтай – алтын бесік» халықаралық археологиялық қазба жұмыстарына қолдау көрсеткен болатын. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Академия 2016 жылы Моңғолия аумағында да археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Дерек көзі: twesco.org