Ұрпағыңды жалаңаштанудан сақтасын!
2016 ж. 03 ақпан
2888
9
Ұлттың тілі, ділі, рухы болмаса ешкімге керек емес!
Бүгінде күрделі жаһандық саяси және экономикалық үдерістерге тартылып отыр. Жер асты қойнауындағы мұнай мен энергия қуатын беретін өнімдер бағасының құлдырауы нәтижесінде көптеген елдерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік экономикаға және оның ажырамас бөлігі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Халықаралық ахуал да күрделеніп, өркениетті елдер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық текетіресі күшейе түсуде.
Террорлық қатер де ұлғайып келеді, өңірлік жанжалдардың жаңа ошақтары пайда болуда. Босқындардың жаһандық толқыны планетаның жаңа өңірлерін бірінен соң бірін басып алуда. Әлемдік сауда көлемі төмендеп, қор нарықтары құлдырауда. Әлемнің бұрын-соңды болмаған жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді. Әлемдік деңгейде жұмыссыздық пен қоса азғындау өршіп тұр. Соның салдарынан жуырда Германияда босқындар тарапынан жергілікті немістердің қыз-келіншектерін жаппай зорлап кету қылмыстары тіркелгенін естіп, төрткүл дүние дүр сілкінді.
АҚШ пен Батыстан жасалған ақпараттық тасқын, технократтық даму, өз жемісін бере бастады, қазақ ұлтына тән қасиеттерінің бәрін жалмап, кеміріп, құртып барады. Жақында 29 қаңтар күні кешқұрым КТК телеарнасынан кешкі жаңалықтардан кейін «Наша правда» ток-шоуы «Полный стриптиз» деген бағдарламасы болып өтті. Алдымен 20-25 жастағы лақап аттары «Перс» «Драма» «Шнайдер» деген үш жігіт ортаға шықты. Түнгі клубтарда жалаңаш күйде би билеп, ақша табатынға ұқсайды. «Естімеген елде көп» демекші, 15-20 жыл бұрын осындайда мамандық болады деп кім ойлаған. Әлгі жігіттердің түрлерінен қысылып, қымтырылу деген сезім жоқ өліп қалған. Бірінен соң бірі жарысып сөйлеп екі езуі екі құлағында мәз. Ар-намыстан жұрдай. Бағдарлама жүргізуші Алексей Шахматов ортаға шығып өнерлеріңді көрсетіңдер деп еді. Еш ойланбастан үшеуі ортаға әскери киімде шықты. Ақырын билеп тұрып шешіне бастады, ұры иттің құйрығы секілді бұлғаңдап барып алдынғы қатарда отырған төсінің жартысы ашық анасындай әйелдің кеудесіне басын тығып алып иіскелеп өліп бара жатыр. Сол бағдарламаға қатысып отырған жас-кәрілердің біреуі «ың» демейді, телеарнаны тамашалап отырған миллиондаған көрермендерге құрмет атымен жоқ.
«Бояушы, бояушы дегенге, сақалын бояпты» дегендей Қазақстанда демократия дегенге елін қорғайтын ер азаматтардың шешінгенін көрсеткені үшін, КТК телеарнасын жауапқа тарту керек. Әйтпесе, бұданда сорақы көріністерге куә болуымыз ғажап емес. Әлемнің бірде-бір мұсылман мемлекетінде осындай бағдарламаларды ел-жұрт жата қоймаған уақытта сорақы түрде жарнамаламайды. Мәдениет министрі ай қарап отыр ма?
Жуырда әнші Арман Қоңырбаевтың үйінде түсірілген «Жұлдызды шаңырақ» бағдарламасын көріп таң қалғаным бар. Арманның келіншегі әнші Аша Матайдың әкесі «Обратная сторона» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған қызына жалаңаш күйінде душқа түсетін эпизод жайында ұсыныс түскен сәтті дастархан басындағы жұрттың көзінше баяндап берді. Алғашында киноға түсуден бас тартқан Ашаға әкесі өз кеңесін айтқан.
«Қызым сен перденің артында тұрасың. Түсе бер танымалы жұлдыз боласың. Онда тұрған не бар? Душтың ар жағында әдемі қыздың силуэті, оны бүкіл Қазақстан көруі керек, киіммен емес, былай да әдемі екеніңді, сен біреумен құшақтасып, сүйісіп тұрған жоқсың, жалғыз өзің душқа түсіп тұрсың дедім»,-деп жарты әлемге жар салды Ашаның әкесі.
Ашаның анасы Бәтес апай болса, «Бір күні Аша сахналық көйлегін үйде ұмытып кетіп, концертке басқа көйлек киіп шығуына тура келді. Әлгі көйлегі тым қысқа көрінетін. Концерттен кейін әкесі Ашаны көріп, «қызым осындай көйлек киіп жүр, тағы да қысқарақ кисең, «сексуальный» боласың» деді деп айды аспаннан бірақ шығарды.
Қазіргі күнгі жеткен жеріміз осындай. Жоғарыдағы екі мысалды айту себебім ұлтымыздың өзіне тән мәдениеті, тілі, рухы болмаған жағдайда біз өзгеге де керек емеспіз ағайын! Адам ретінде өз болмысы болмаған, өзгеге еліктеп, басқалардың жылтыраған бейнесін өзіне бетперде қылып киіп алуға ұмтылған рухсыз халық, ұждансыз ұлт ешкімге керек емес. Адам өзін адамзат алдында ұлттық болмысы арқылы танытады. Одан өзгенің барлығы адам табиғатынан тыс, мәдениетке жат, саяси этикетке негізделген қоғамды адастыратын жалған нәрселер.
Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер, Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер. Сынға салып талғамай талапты жас, Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.
Олай емес, ойласаң, талай мін бар. Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар. У берді ме, сусын деп су берді ме, Көзің жұм да, жұта бер деген кім бар? деп Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы айтып кеткен екен жарықтық.
qazaquni.kz
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты