Қыздың баласы саған ешуақытта немере бола алмайды!
2016 ж. 31 қаңтар
38997
46
ҰЛДЫҢ БАЛАСЫ – НЕМЕРЕ! ҚЫЗДЫҢ БАЛАСЫ - ЖИЕН!
Ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптеуде орны ерекше «Дәстүр» журналының былтырғы бір санындағы «Немере жиен деген кім? Қазақта осындай атау болып па еді?» деген мақала қолымызға еріксіз қалам алдырды. Неге? Себебі, мақала «Ұрпағына ат қойып, айдар таққан қазақ халқы әрбір сөздің мән-мағынасына, аталуына ерекше мән берген" - деп басталып, «... дәстүрлі сөздерді өз орнымен қолданғанымыз абзал. Жүйелі сөз қашанда жүйесін табады. Әйтпесе, сөздің киесіне қалуымыз мүмкін» деп аяқталады. Дұрыс-ақ. Бірақ, мақала сол айтылған сөзге қарама-қайшы болып шыққан. Сөзіміз дәлелді болу үшін «бисмилла» деп, автордың «...5. Немене. 6. Жүрежат. 7. Туажат», ары қарай жұрағат, жекжат болып кете береді» деген сөзін алайық. «Жекжат» деп құдалар елін айтады. Ағайынға бара жатсаңыз «жекжатыма бара жатырмын» дей алмайсыз. «Ағайын-туған, тума-туыс» деген тіркес секілді, «құда-жекжат» деген тіркес те бар. «Жекжат» сөзінің өзі «жік» пен «жат» деген екі сөздің бірігуінен шыққан, жігі бөтен ел деген сөз. Енді мақалаға тақырып болған сөзге келейік. Автор «қазақ өз перзентінен туған (мейлі ұл, мейлі қыз болсын) нәрестені немере деп атаған» деген бір ауыз сөзімен Қожанасыр секілді айды аспанға шығарған. Ол да аз, қазақ ұғымына төңкеріс жасайтын «жаңалық» ашып отыр! Бірақ, ол жаңалық та емес, оның айтып отырғаны тікелей орыс тәрбиесінен көшірілген калька – орыстар, өздеріңіз білесіздер, баланы ұлдікі, қыздікі деп бөлмейді, оларға бәрі «внук». Себебі, оларда «өз жұрты», «нағашы жұрты», «қайын жұрты» деген ұғымның өзі жоқ! Автор Сәрсен Қармыс «жиен сөзі ұрпақтардың еншісінде»; «қыздан туған бала ұлдан туғаннан еш кем емес» деген сөз»; «қазақ «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп кесіп айтқан» деген неше түрлі әдемі сөздермен өз ойын дәлелдеуге тырысып баққан. Бұл – мүлде басқа мәселе, баланы кемсіту қазақтың ойына да кірмейді. Мәселе – отанға, ошаққа ие болып қалатын мұрагерде. Ұлтымыз мұрагер мәселесіне өте терең мән берген. «Ұл өссе – ұрпақ, қыз өссе – өріс» деген. (Осы сөзді Ә.Кекілбаев «Үркер» романында Төле бидің аузына салады). Бізді бұл ұстанымнан айырған кешегі кеңес дәуірі. Қалай айырды? Бірінші – орыстандыру, еліктегіш қазаққа орыстың ісінің бәрі, тәлім-тәрбие, әдет-ғұрпы да, дұрыс етіп, қазақтың салт-дәстүрі артта қалған, көнерген, түкке жарамсыз етіп көрсету арқылы. Оның бір салдарын жоғарыда айттық. Екінші – әйелге теңдік беру арқылы. Шын мәнінде әйелдің еркектен құқығы жоғары болып кетті. Оның дегені деген, айтқаны айтқан болды. Себебі, ол күйеуімен бірдей жұмыс істеп, жалақы тапты, кейде одан да жоғары алды. Көп бала туу олардың қызметіне кедергі келтірді, қолбайлау болды. Содан олар баланы 3-4-пен шектеді. Үш қыз немесе төрт қыз туғаны күйеуіне «ұлы не, қызы не, бәрі өз балаң емес пе? Ұлдан жақсылық көресің бе, қыздан жақсылық көресің бе, оны бір Құдай біледі. Қайта қыз деген әкеге жақын болады, қамқоршыл келеді, так что Алланың осы бергеніне ризашылық қыл!» деді. Кеңестің қатал тәртібі етінен өтіп, сүйегіне жеткен еркек байғұс аузын аша алмады. Ол заманда ұлы жоқ жігіттердің мыңнан біреуі ғана «маған мұрагер керек» деп, жүген-шылбырын үзіп шығуға жарады, басқа әйелге үйленіп, немесе бейресми түрде екіншісін алып, ұл көрді. Кеңес өкіметінің құлағанының тағы бір жақсы жағы - ұл перзенті жоқ ер-азаматтарға ұрпақты болуға мүмкіндік берді. Оны да мінезді жігіттер ғана пайдалана алды, елуді еңсерген, алпыстан асқан, тіпті жетпіске жеткен талайы ұлының құрметіне жүрегі жарыла жаздап ат шаптырып, бәйге беріп, той жасады. Қазыбек бише айтсақ, ел қатарлы «аузы күйіп ұл сүю» дәрежесіне жетті. Қазақ неге ең үлкен қуанышын «әйелі ұл тапқандай қуанды» деп, осы бақытқа теңестіріп айтады? Ойланайық та, бауырлар!.. Менің өзім осы журналистикаға келген соңғы 12 жылдың өзінде ғана ұл баласы жоқ қазақтың қанша жақсы мен жайсаңын көрдім... Министр дейсің бе, депутат дейсің бе, академик дейсің бе, толып жатыр... Алла пендем десе адамның басына бермейтін жағдай! Солардың әйелдері қыз шыққан жерден ұлдың да шығатынын білмейді емес, өте жақсы біледі, бірақ «қашан ұл тапқанша туа беремін!» деп жанын қинағысы келмеген эгоисттер. Ал, дәл сол кезде «күйеуің – пірің!» деген қазақы теңдессіз тәрбиені құлағына сіңіріп өскен, «менің өмірдегі ең басты міндетім – күйеуімнің ұрпағын көбейту» деп білген қазақтың ибалы да батыр қыздары аз болса да табылып жатты. (Жалпы, батырлар көп болмайды ғой). Менің Жұпаркүл есімді марқұм қайынбикем 5 қыздан соң, оның өзінің құрбысы 7 қыздан соң, ал, Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Раушан 9(!) қыздан соң қос-қос ұлдарын дүниеге әкелді. Бұл - Алланың олардың адалдығы мен төзімділігі үшін берген сыйы! (Раушан апайдың екінші ұлы ерте шетінеп кетті...). Міне, қазақтың осы қарапайым әйелдеріне көзінің тірісінде ескерткіш қойса әбден жарасатын жандар! Ал, анау эгоист әйелдер ертең шошайып шалы екеуі ғана қалатынын біліп тұрып, сондай қадамға әдейі барғандар. Қыздың баласы саған ешуақытта немере бола алмайды, өйткені Алла-Тағала қызды о баста жат жұрттық етіп жаратқан, сенің қызың барған елінің ұрпағын көбейту үшін туып отыр. «Менің де немерем!» деп, олардың ұрпағына таласуға сенің қандай хақың бар? Сен оны әлпештеп бақсаң да (күйеу балаң сенің мүшкіл халіңе жаны ашып, бауыр еті баласын саған көзі қиып берген күнде де), ол бала өзінің тегіне тартқысы келіп тұрады. Дұрыс онікі, табиғаттың заңы солай. Сол себепті қазақ «жиен ел болмайды» дейді. Әр нәрсенің өзінің орны бар. Оны басқамен алмастырамын деу түпнұсқаның орнына көшірмені қойғысы келгенмен бірдей бос әурешілік. Сондықтан, өзімізді де, өзгені де алдағымыз келіп, жылтыр сөзбен ойнағанды қояйық, келер ұрпақты жаңылыстырмайық, әрнәрсені ашып айтқан, шындықтың бетіне тіке қарайық. Ең дұрысы – ұлымыз жоқ болса, бойымызда қуат бар кезде, малымызды түгел шашсақ та ұлды болудың әрекетін жасайық. (Біздің биліктегілерден үлгі алатын жалғыз нәрсе – осы...) «Әрекет жасағанға берекет берем!» деген Алла-Тағала! Ертең бармағымызды шайнап қалмайық! Өйткені, «шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда!»
qazaquni.kz
Өмірзақ Ақжігіт