Ұлт-азаттық қозғалысына 100 жыл: Тайынтыдағы «Орай шап» оқиғасы

Тайынтыдағы «Орай шап» оқиғасы
1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыс патшалық Ресейдің экономикалық жағынан да, техникалық жағынан да әлсіздігін айқындап берді. 1915-1916 жылдары Батыстағы біраз жерлерінен айырылған Ресей армиясына адам күштері ауадай қажет болды. Бірақ бұратана халыққа сенімсіздік білдірген Ресей қазақты солдаттыққа емес, майдандағы окоп жұмыстарына ғана жаратты. Неге? Қазақтан солдат алу әлі ерте Жалпы, қазақтан солдат алу мәселесін алғаш рет 1883 жылы ІІІ Александр патшаның тәж киген тойына барған қазақ өкілдерінің өздері көтеріп, өтініш жасаған екен. Алайда, ол жолы «Қазақтан солдат алу әлі ерте» деген жауап алыныпты. Кейінірек тағы көтерілген бұл мәселені соғыс министрі Сухомлинов ұнатпаған екен. Мұсылман депутаттар Сухомлиновтың мұнысын қазақ халқын, һәм өздерін кемсіту деп өкпелескен көрінеді. 1914 жылғы шілдеде, нақ соғыс басталар алдында өткізілген министрлер кеңесінде де қазақтан солдат алмау керек деген тоқтам жасалыпты. Өйткені, «еркін өскен қазақ казарма тұрмысына шыдамайды; бірауыз орысша білмейтін қазақты соғыс ғылымына үйрету оңай жұмыс емес; қазақтың метіркесі болмауы себепті оның жасын білу жолында толып жатқан жұмыс бар; әскер жасындағы қазақтар саны аз, барлығы жиырма мыңнан аспайды – бұл көп әскер емес, еткен еңбекке тұрмайды». Сөйтіп, «қазақтан алынған әскердің берекесі аз, бейнеті көп» деген тұжырым жасалған көрінеді («Қазақ» газеті, 29.02.1916 ж.). Сондықтан да ІІ Николай патша 1916 жылғы 25 маусымда «Соғыс жүріп жатқан аудандарда бекіністер салуға, сондай-ақ, мемлекет қорғанысына қажетті басқа да кез келген жұмыстарды атқару үшін империяның бұратана халықтарының 19-43 жас аралығындағы ер адамдарын тыл жұмыстарына шақыру туралы» жарлығын шығарады. Шұрайлы жерлерінің барлығынан айырылған, оның үстіне соғыс қажетіне деп малын, еті мен майын, киіз үйлеріне дейін беріп, ондаған есе салығын төлеп, қаналып, күйзеліп отырған қазақ халқына бұл жарлық ашық күнгі найзағайдай әсер етіп, тарс етіп жарылардай сыздап тұрған бітеу жараның аузын ашып жібереді. Шаруа бағып отырған еркек кіндіктінің барлығын қотарып, бір мезгілде алып кету дегеніңіз - алдағы қыста жаппай жұтқа ұрындырып, елді аштан қыру еді. Сондықтан да бұл жарлық қазақтар мен Орта Азия халықтарының Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының басталуына себеп болды. Тыл жұмыстарына шақыруға қарсылық жер-жердегі қазақтар арасында болыс кеңселерін шабуылдап, ең алдымен отбасылық тізімдерді құртуға бағытталды. Өйткені, метіркелік куәліктері болмаған қазақтардың жасын анықтайтын жалғыз ресми құжат осы отбасылық тізім болатын ол кезде. Оның үстіне сол аласапыран кезінде шығарылған Дала генерал-губернаторы Н.Сухомлиновтың «Ақ сүйек тобына жататын, әрі бұл туралы қолында куәлігі бар ақ сүйек қазақтар тыл жұмыстарына алынбайды» деген бұйрығы да халықтың ашу-ызасын тудырды. Тізімге иелік ететін болыстар мен хатшылар, ауыл старшындары оны қалай өзгертсе де өздері білді. Пара берген малдылар мен әлділердің жиырмадағы балалары он алтыда, отызға келгендері елуде делініп тыл жұмыстарынан алып қалынып жатса, қолында түгі жоқ кедей-кепшіктің елудегі шалы қырықта, он бестегі баласы жиырмада делініп окоп жұмысына кете беретін. Сондықтан да қараңғы халық пәленің ең үлкені болыс пен тізімде деп есептеді. Жетісу, Торғай өңірлеріндегі алғаш бұрқ еткен қозғалыстар қарулы көтеріліске ұласты. Көлік айдаушы жәмшіктер, көптеген өндіріс орындарындағы қазақ жұмыскерлері де жұмыс орындарын тастап, ел ішіне кетіп, көтерілісшілер қатарына қосылды. Патшаның қарулы жазалаушы отрядтарының қысымына төтеп бере алмаған қазақтың қаншама боздағы қыр асып, батыс Қытайға ауып кетті. «Окоп» жылғы көтеріліске қазақ оқығандарының көзқарастары да түрліше болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде (11.08.1916 ж.) «Алаштың азаматына» ашық хат жариялады. «...Бұл соғыстың ылаңын ешкім тілеп алмаған шығар, біздің де көрейік деген күніміз бұл емес еді, - деп жазады олар. – Бірақ елден алабөтен аман қаламыз деуге бола ма? Отандастарымыз орыс халқы, діндес-қандастарымыз ноғай халқы, һәм сондай сыбайлас жұрттар отына күйіп жатқанда, жалынына біздің шарпылмай қалуымыз қиын көрінеді. Біздің жұртқа айтатынымыз: бұған көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық... Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап, үйде қаламыз деп мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар. Ол күшті законға сүйеніп істер... Военное положение иғлан етілген жерде түймедей жазыққа түйедей жаза болады»... Алайда, халықтың толқуы ел көлеміне өрттей жайылып, көп жерлерде қарулы көтерілістерге ұласты. Сондай қақтығыстың бірі 1916 жылы жазда Өскемен уезіне қарасты, негізінен алты старшын Өтеміс руы мекен еткен Тайынты болысында орын алған. Ол жергілікті халықтың жадында «Орай шап» оқиғасы деген атаумен сақталып қалған. Бұл оқиға туралы әр кездері жазушы Қасым Қайсенов («Лениншіл жас», 1967 ж.), тарихшы Зейнолла Қайсенов («Дидар», 1996 ж.), педагог Қапаш Қайыржанұлы («Дидар», 1996 ж.), Жүсіпбек Уәлитов («Мәдениет және тұрмыс», 1968 ж.), журналист Зәбер Баянов ертеректе «Коммунизм туында» мақалалар жариялаған болатын. Біз ресми мұрағаттық деректерге көбірек көңіл бөле отырып, көтерілістің бір ғасырлық айтулы датасына орай, оқырман назарын өңіріміздегі «Орай шап» оқиғасына тағы бір аударуды жөн көрдік. Көтерілістің жетекшісі кім?
Тайынтыдағы «Орай шап» оқиғасы
Тайынты көтерілісінің жетекшісі болған Сағымбай Жетпісұлы 1911-12 жылдары ауылға Түгелбаев Мұса болыс жалдап әкелген орыс мұғалімінен екі жыл орысша оқыған, одан соң Көкпекті жақтағы нағашылары Ж.Болғанбаев алып кетіп, тағы да екі жыл орысша оқыған көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Ол 1916 жылы Тайынтыға қайтып келеді. Оның патша өкіметіне деген көзқарасына, жалпы көтеріліске сол кезде «Правда» газетінің тілшісі болып жүрген нағашысы Жұбандық Болғанбаевтың біраз әсері тиген сияқты. Жүсіпбек Уәлитовтің жазуы бойынша, бұл көтеріліске дем бергендердің тағы бірі – он жасында жетім қалып, шешектен екі көзінен бірдей айырылған, Тұрғысын жақтағы революциялық пиғылдағы қашқын орыстармен тығыз байланыста болған жергілікті ақын Еламан Баулықұлы болған. «Орай шап» көтерілісінің алдында тайынтылық жігіттер Еламанмен ақылдасып келуге алабақ руынан Дулаттың Аманбегі мен босмойын руынан Бәйімбеттің Қанапиясын түнделетіп жібереді. Көңіл көзі ашық, соқыр ақын оларға: «Бұл соғыс Ресейге ырыс өндіретін соғыс емес. Ағылшын мен француз капиталистеріне ырыс болар соғыс. Осыны түсінген орыс солдаттары майданнан қашып, үйлеріне келіп жатыр. Енді бұрын солдат алмаған ұлттардан азаматтарды жинап, оқ астына апарып салғалы отыр. Патшаны тақтан тайдырмай бұл соғыс басылмайды. Шындық, міне, осы! Көтеріл, я бағын деп мен кесіп кеңес бермеймін. Жеңіліп, қырғынға ұшырасаңдар, обалдарыңды маған артасыңдар. Ал енді қарсы шайқаспай, қан төгіспей, ол істің тынбайтынын мен де білем, сендер де білесіңдер. Менің бар айтарым осы» дейді Еламан. - Майданда өліп, денемізді ит пен құсқа азық еткенше, осы туған жерден-ақ топырақ бұйырсын! – деп белдерін бекем буған екі жігіт ақынға алғыстарын айтып, шұғыл жүріп кетеді... Тарихи оқиға ойдан шығаруға немесе бұрмалауға келмейді. Сондықтан өңір тарихын зерттеу ісіне көп еңбек сіңірген, көптеген мақала, бірнеше кітаптар жазған тарихшы Зейнолла Қайсеновтің «Орай шап» көтерілісіне қатысқан тайынтылық Отыншы Ерінбесов ақсақалдан 1972 жылы жазып алған мақаласынан үзінді келтіруді жөн көрдік. ... Маусым айының соңында Тайынты болысын мекендеген қалың ел Қарабалапан, Үйгентас жайлауына көшіп, қондық. Көпшілік ығы-жығы киіз үй тігіп, мал сойып, қоныс майлар ретінде бірін-бірі қонаққа шақырысып, мәре-сәре болып жатты... Тыл жұмыстарына шақырудың дақпырты ел ішінде дүрбелең туғызып, ауылдың бір топ жастары шөп шай дайындаймыз деп, қарағай арасында жиі-жиі жиналыс өткізетін болды. Ал Мұса болыс өзінің старшындарымен өткізген жиналыста да жігерлі қарсылыққа тап болып, халықтың қаһарынан қорқып, «ел окопқа кісі бермейміз деп жатыр» деп Бұқтырмаға, жандаралға кісі шаптырады. Осындай шиеленістің барлығын естіп, көріп отырған бір топ жігіт аттанып барып, Мұса болыстың Шыбынды өзені бойындағы алты бөлмелі кеңсесінің терезесін қиратып, ішіндегі шкафтың аузын бұзып, сақтаулы тұрған құжаттардың жыртқанын жыртып, жыртылмағанын далаға шаштық. Кеңсенің ішіне кірген жасақ басшылары болысты ұстап алып, терезеден сыртқа лақтырды. Дайын тұрған жігіттер болысты көкпарға тартқан лақтай қағып алып, Қарабалапан жақтағы қалың қарағай ішіне алып кеткен болатын... Болыстан хабар жетісімен, 31-шілде күні Қарабалапанға әскер де жетеді. Қарулы солдаттардың көпшілігін киіз үйге жасырып қойып, түске таман елді жинап, Өскемен уезі бастығының көмекшісі Брюханов деген офицер жиын өткізеді: «Мұса болысты тез тауып әкеліп, сол жасаған тізім бойынша алынатын адамдарды тезірек аттандырыңдар» деп сес көрсетеді. Жиналғандардың ішінен Аманбай атып тұрып, «Біз окопқа кісі бермейміз, солдатқа тағы бармаймыз. Не көрсек те осы жерде көреміз. Істеріңді істей бер. Осы отырған баршамыздың сөзіміз біреу-ақ» деп, топтан шығып, бөркін шешіп, қалың қарағай жаққа бұлғап, орнына қайта келіп отырды. Сол-ақ екен, қарағай ішінде тосып тұрған салт атты, қолдарында сойылдары бар жігіттер құйылды-ау келіп... Ағып келе жатқан топ ішінен біреулердің «Орай шап!.. Ора!.. Ора!..» деген айқайлары естілді. Онысы - солдаттарды қоршап алып, қолға түсіріңдер дегендері. Бұл айқай солдаттарды көтерілісшілер «Ура!» лап келе жатқандай састырған болуы керек. Офицер жандәрмен айқай салғанда жанымыздағы киіз үйден дайын тұрған қарулы солдаттар атып-атып шықты да, командирлерінің бұйрығынан соң, жақындап қалған аттыларға оқ жаудырды. Жиналған халық быт-шыт безіп, жылап-сықтап, берекесі ұшты. Азғана уақытта оннан аса жігіт, қырық-елу ат оққа ұшты. Жақындап келген жасақшылар сойылмен бірнеше солдатты жаралады да, жауған оққа қалай төтеп берсін, қарағай ішіне қайта қашуға мәжбүр болды... Ресми деректер не дейді? Ал енді осы қақтығыс туралы ресми деректер не дейді, соларды қарап көрелік. Жазалаушы отряд командирі С.Воробьевтің Сібір казак әскерлері атаманының көмекшісі П.Ягодкинге жолдаған рапортында былай деп жазады: 31-шілде күні жиналған Тайынты болысының қырғыздары тыл жұмыстарына мобилизациялау жөніндегі хабарды тыңдаған соң, көтерілді. Жиыны екі-үш мың адам аттарына мініп, айғайлап, көптігімен таптап кетпек болып, біздің елулікке (полусотня) лап қойды. Жағдайдың ушыққанын көрген елуліктің командирі уезд бастығының көмекшісінен рұқсат алып, бір взвод казактарды жағалата тұрғызып, қырғыздар жақындағанда атуға бұйрық берді. Шабуылшылардың бетпе-бет келгендері тез сиреп, кейінгілері екі бөліне шауып, солдаттарды қоршап алмақ болды. Прапорщик Балакиннің қол астындағы келесі бір атты взвод қоршамақ болған қырғыздардың алдын орай оқ жаудырды. Шығынға батқан қырғыздардың беті тез қайтып, тау жаққа безіп кетті. Қырғыздар сойылмен және өткір темірден ұш орнатқан ұзын таяқтармен қаруланған. Қақтығыс жарты сағаттан асқан жоқ. Көтерілісшілердің өз сөздеріне қарағанда, қырғыздар жағынан өлгені мен жараланғандары бар алпыстай адам мен соншама ат шығын болды («Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане», Москва, 1960 г.). Қарабалапанды сол күні қанға бөктірген қанішерлердің өздері де қоналқыға қалудан қорқып, суыт аттанып, отыз шақырым жердегі Пантелеймоновка деревнясына кетеді. Ол жерден қазақтар арасындағы бас көтерулерді жою үшін арнайы құрылған капитан Гуриннің 712-ротасын көмекке алып, ертеңінде Тайынты болысына қайтадан аттанады. Бұл жолы көтерілісшілердің барлығын қырып салудан тайынбай, қанына қарайып келген Брюханов Қарабалапаннан екі-үш қариядан басқа адам таппайды. Барлығы, тіпті, әйелдер мен балаларға дейін қарағай ішіне, одан арғы Тарғын болысына босып кеткен. Олар жандәрмен болыстың бірер өкілін тауып, оларға елді жинау жөнінде қатаң бұйрық береді. Оның ертеңінде, 2-тамыз күні босып, жан-жаққа шашылған халық жинала бастайды. Мұздай қаруланып, тіпті пулеметтеріне дейін сүйреп әкелген Брюханов «Енді болыстарыңды әкеліп бермесеңдер, барлығыңды қырып саламыз» деп тіпті күшейеді. Ақыры, қарусыз көтерілісшілер қарағай ішіндегі қол-аяғы байлаулы Мұса болыс Түгелбаевты алып келіп, Брюхановтың қолына тапсырады. Енді болыс қаһарына мініп, туған інісі Рүстемді қосып, он сегіз адамды Бұқтырмаға жаяу айдатып, пароходпен апартып, Өскеменнің түрмесіне жаптырады. Бұл жөнінде белгілі ғалым-тарихшы Г.Сапарғалиев өзінің «Карательная политика царизма» деген кітабында былай жазады: «...Сегіз адам сотқа тартылады. 17-қарашада Өскеменнің уақытша әскери соты Сағымбай Жетпісовті, Аманбай Кештібаевты, Оралбай Тілемісовті, Қайыржан Маймақовты, Құсыман Олжабаевты, Аманбек Дулатовты, Қанапия Бәйімбетовті және Дүйсембай Қалиевты Жазалау Ережелерінің 13-бабы және 266-бабының 3-тармағына (мемлекет Жарлығына қарсылық көрсету) сәйкес қылмыскер деп тауып, әрқайсысын төрт ай мерзімге түрмеге қамау жөнінде үкім шығарады» (Омбы мем. мұрағаты, қ-190, 1; іс-358). Қазақ жерінде патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы кеңінен қанат жайған қарулы көтерілістің - он алты болыс қарайтын Өскемен уезінің Тайынты болысындағы бұрқ ете қалған бір ұшқыны осылай болған екен. Қарабалапандағы қанды қақтығыста орыстың оғынан шейіт болған он үш боздақтың басына келіп, құран бағыштаған Еламан ақын оларға арнап өлең шығарыпты: Мен разы еліме, Сендерді ер ғып өсірген. Көмсе риза ем мені де, Шайқас деп тілі шешілген! Шаһит болған ерлерім, Болсын жайлы бесігің. Төгілген қан мен терлерің, Жоғалтпас мәңгі есімің! Қайғы шегіп қан жұтқан, Үйлеріңе барармын. Ата, ана, жарың қамыққан, Көңілін аулап бағармын! Бостандық пен еркіндік, Құрбансыз келмек емес қой. Бүркітше жастар желпініп, Бұлт бергіш жауға бермес бой!.. Қазір де сонау 1916 жылдың 31-шілдесіндегі қанды оқиғаның құрбандары, әділдік пен азаттық жолында қыршынынан қиылған он үш батыр бабаларымыздың зираттары – мәңгілік мекендері сол Қарабалапанда. Олар: Дайырбаев Толықбай, Толықбаев Тұрбала, Томышкенов Қылжыбай, Қадыров Кәлен, Бәйімбетов Қасен, Жылқайдаров Нағымбет, Қамшыбаев Кембай, Темірбаев Мылтықбай, Тілемісов Оралбай, Малбағаров Оңғарбай, Бектасов Ахметжан, Наурызов Хамит, Тәпенов Қайырбек. Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-тарих содан бері де бір ғасырды артқа тастапты. Алайда сол бір қанды қырғынның сұрапылы неғұрлым алыстаған сайын Мәңгіліктің бекетінде қалған сол арыстардың бейнесі, олардың киелі рухы солғұрлым зорайып, өзінің халқына, артындағы ұрпағына жақындай түсетіндей. Мұндай елеулі тарихи дата республика көлемінде атаусыз қалмайтын болар деген сенімдеміз. 1916 жылғы мұндай толқулар, көтерілістер Шығыс Қазақстанның Зайсан, Бөкен болыстарында да, Семей өңірінде де болған. Сондықтан осы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өткізілетін шаралар тізіміне енгізіліп, облысымызда да, Ұлан ауданында да лайықты түрде атап өтіліп, сол оқиғаға арналып бір еңселі ескерткіш орнатылса, ұлттың азаттығы жолында қаза болған бабаларымызға да, сол маңызды тарихи кезеңге де көрсетілген құрмет пен сауабы мол үлкен бір шара болған болар еді. Айтмұхамбет Қасымов, Қазақстанның Құрметті журналисі