Бас мүфти еліміздегі барша мұсылмандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады
2015 ж. 23 желтоқсан
4999
0
Бүгін мұсылман жұртшылығы Мәуліт мерекесін тойлауда. Пайғамбар және Елші ретінде жіберілген, Пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (с.ғ.с.) 571 жылы сәуірдің 20-на тура келетін рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбінің түнінде таңға жуық Меккеде дүниеге келді. Міне, осы күн «Мәуліт» мерекесі болып саналады.
Бүгін де әлем мұсылмандарының халықтық мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттық күні болған, «мәуліт мерекесі» сан ғасырдан бері жыл сайын тойланып келеді. «Мәуліт» – туылған сәт дегенді білдіреді. Мәуліт мерекесінің ең маңызды бөлігі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту.
Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын болған. Сондықтан да, бұл мереке Алла Расулы туылған кезде әлемде болған құбылыстар мен теңдессіз мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену және адамдарға үйрету өте сауапты амалдардан саналады. Мәуліт түні – Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түндердің бірі. Бұл түні Пайғамбарымыздың туылғанына қуанғандар кешіріледі.
Қазіргі таңда бұл мерекені бір-екі мемлекеттен басқа барлық ислам елдері ерекше ілтипатпен атап өтеді. Бұл түні сазды аспаптар және харам нәрселерді араластырмай, еркек-әйел араласпай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстахаб болады. Бұл күні Құран кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ тағаладан күнәларымыздың кешірілуін тілеу керек.
Бас мүфти Ержан Малғажыұлы еліміздегі барша мұсылмандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады.
“Ардақты ағайын! Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай!”, – деді Бас мүфти өз құттықтауында.
Дереккөз: ИА "Казинформ"