“Қазақстан дауысы” жобасында тағы да Нұрлан Албанның шәкірті жеңімпаз атанды
2015 ж. 21 желтоқсан
3961
2
21 желтоқсан
Кеше жарты жылға созылған еліміздегі айтулы ән додасы – «Қазақстан дауысының» үшінші маусымы өз мәресіне жетіп, Мұратбек Хайролда жеңімпаз атанды.
Бірнеше аптадан бері «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде көрерменнің дауыс беруімен үздіктер іріктелді. Соңғы кезеңде 16 әншінің ішінен көпшіліктің көңілінен шыққан және көп дауыс жинаған 4 өнерпаз ғана қалған болатын. Олар: Рүстем Нұржігіттің тобынан дара шыққан қытайдан келген қандасымыз Жәннат Әділханқызы. Мәдина Сәдуақасованың шәкірті – Ербол Тәжібаев. Нұрлан Албанның шәкірті Мұратбек Хайролда. Ал Алмас Кішкенбаевтың шәкірті Диана Исмаилова. Өткен сайыста көрерменнің 80 пайыз дауысын жинаған үміткер Мұратбек Хайролда белгілі әнші Ғаділбек Жанаймен «Ханшайымым» (Р.Зайытов/Ғ.Жанай) әнін орындады. Көрерменнің риясыз қошеметіне бөленіп жүрген үміткер Диана Исмаилова Дильназ Ахмадиевамен бірге «Көз алдымда» (С.Бақытжан/С.Бақытжан) әнін шырқады. Үздік атанудан үміттілердің бірі – Жәннат Әділханқызы Ерке Есмаханмен «Асыл арман» (Р.Зайытов, А.Дүйсенов) әнін орындады. Ербол Тәжібаев әнші Айқынмен бірге ән айтты. Алғашқы кезең қорытындысы бойынша Диана Исмаилова жарысты тоқтатты. Екінші айналымда қатысушылар тәлімгерлерімен бірге ән айтуы керек болатын. Бұл жолы тәлімгері Мәдина Сәдуақасовамен «Жайлаукөл кештері» әнін орындаған Ербол Тәжібаев жарысты аяқтады. Ақтық сында Жәннат Әділханқызы мен Мұратбек Хайролда бақ таластырды. Айта кетейік, “Қазақстан дауысы” конкурсының бас жүлдесі – 5 миллион теңге жеңімпазға бұйырды. Еске сала кетейік, жобадағы тәлімгерлердің бірі Нұрлан Албанның шәкірті осымен екінші рет топ жарып отыр. Әнші бұдан бұрын Шахаризат Сейдахметті жеңіске жетелеген болатын.Дереккөз: ИА "Казинформ"