"ФОНОГРАММАМЕН ӘН АЙТУ - ХАРАМ!" -деп мәлімдеді белгілі өнертанушы.
2015 ж. 05 қараша
5692
2
Ән өнерін дәріптеп жүрген белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай бүгінгі қазақ эстрадасының деңгейіне көңілі толмайтынын ашық айтты, қазіргі әндерді “ширпотреб” деп атады, деп жазады NUR.KZ arhar.kz-ке сілтеме жасап.
Танымал өнертанушы Ерлан Төлеутай ТМД елдерінің барлығы дерлік фонограммаға тыйым салғанын алға тартып, Қазақстанның бұл қатарға енбей отырғанына ұнжырғасы түседі. “Мен фонограммамен ән айтуды харам деп айттым. Күйінгеннен айтасың. Расында да дискіге жазылып алынған дауысқа ілесіп сахнада ауыз жыбырлатып тұрғанның несі өнер? Түптеп келгенде, бұл халықты алдау, харам жолмен ақша табу ғой. Фонограммамен ән айту өнер емес”, – дейді Ерлан Төлеутай. Зерттеушінің пікірінше, қазір төрде де, теледидарда да аузын жыбырлатқан «фонерщиктер» тұлға болып отырады. Сөйте тұра халықаралық деңгейде 20 жыл ішінде мойындалған бір де бір қазақстандық әнші жоқ. Өнертанушы Еуропада фонограмма деген ұғым атымен жоқ екенін баяндай келе, көрші қырғыздардың өзі бұл “пәлені” тоқтатқанын ерекше атап өтеді. Ал Америкада фонограммаға рұқсат бар, бірақ шығармашылық концерттердің афишасында «фонограмма» деген ескертпе міндетті түрде жазылып тұрады екен. Сондай-ақ, фонограммамен өткізілетін концерттің билеті су тегін дерліктей өте арзанға сатылады. Ал Қытай елінде әншілер фонограммамен ұсталса, ауыр айыппұл төлейді. “Батыста, Еуропада фонограммамен ән айту өліммен тең. Ондай өнерпаздан халық теріс айналып концертіне келмей қояды”, – деп жалғастырды әңгімесін Ерлан Төлеутай. Зерттеушінің сөзінше, Германияда өнерпаздар фонограммамен ән айтуға өлердей қорқады. Өйткені ұсталған жағдайда «фонерщиктерге» абақты кесу қарастырылған. Ресейде ресми түрде фонограммаға тыйым салынбаған, бірақ бұл дерт жаңа жайыла бастаған кезде орыстың қылмыс әлеміндегі беделді тұлғалары Ресей «фанерщиктерін» бірден тәубесіне келтірген. Олар фонерщиктерді көңіл көтеру мерекелеріне жинап алып, оларға түнімен ән айттырыпты. Кетерінде қолдарына ксерокс көшірмесінен өткізілген жалған доллардың бір бумасын ұстатып қоя берген. Бұдан басқа да жазалау тәсілдерін қолданған. Сондай-ақ, Ерлан Төлеутай отандық әншілердің шығармашылық кешіне мүлдем бармайды екен. “Олардың өтірік аузын жыбырлатқанынан қандай ләззат алуға болады? Қазір ән дейтін ән бар ма, өзі? Бәрі – «ширпотреб», – деп күйінеді зерттеуші. Зерттеушінің пайымдауынша, фонограммамен ән айтып жүргендердің алды 50-60-қа келді, осыдан 10-15 жыл бұрын жаздырған «плюстарымен»(фонограмма) ұялмай-қызармай әлі жүр. Адамның жасы келген сайын даусы өзгереді, шеберлігі артады, не кемиді, даусы «отырады». Зерттеуші осы өзгерістің бәрін халық көріп, бағасын беруі керектігін кесіп айтты.“Ал біздің өнерпаздарымыз сұлу, сыпайы, жымиып тұрып, арасында американша күліп қойып, фонограммамен әнді еш қиналыссыз, беттері бүлк етпестен айтып шығады. Әнші қарындастарымыз теледидардан бөксе тұсын екі сипап, кеуде тұсын үш сипап ән айтса болды, ертеңіне «қазақтың жарық жұлдызы» боп шыға келеді!”, – деп шағынды өнерпаз. Қазақта «Бәрің бірдей тойшы болсаң, жын боласың, бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың» деген тағылымды сөз бар. Сол айтқандай, халық жын болмаудың, құл болмаудың алдын осы бастан алуы керек.Әнші қарындастарымыз теледидардан бөксе тұсын екі сипап, кеуде тұсын үш сипап ән айтса болды, ертеңіне «қазақтың жарық жұлдызы» боп шыға келеді!
Дереккөз: NUR.KZ