Жамбыл сүйген сұлулар
2015 ж. 25 қазан
13114
0
Уәлихан ҚАЛИЖАН
Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?
Жан жарасын уақыт жазады. Бірақ сызаты қалады. Дегенмен, жастықтың желігі, сезімнің махаббат серігі болады. Жан жарасы жазылар-жазылмас шақ-ты. Сондай кездесу Жамбылдың Айкүміспен арақатынасы еді. Ақтасты Шапыраштының Есқожасынан тараған Мырзабек елінің жаз жайлауы еді. Осында дүркіреп той өтіп жатқан. Жамбыл кіріп келгенде, домбыралы қыз ернін тістеп алыпты. Жиырма жетіге жаңа толған Жамбыл тепсе темір үзетін шақта еді. Аты шыққан, бабы келген, өлеңі өрге сүйреген шақ. Сұлулыққа іңкәр жігітті көргенде, Айкүміс неге мазаланды. Әлде Жамбылды көргенде көзіне шоқ түсті ме?
Айкүмісті көргенде, Жамбылдың жүрегі шым ете түсті. Ай-шайға карамай домбырасына жармасты. Көп естігеннен, бір көрген артық екен. Айкүмісті атын әкесі қалай тауып қойган. Бұраң белдің өзі. Аппақ. Күмістей жылтырайды. Сәл тәмпіштеу мұрыны демесең тал бойында бір кінәрат жоқ. Маржан тістері аппақ. Салалы саусақтарында күміс жүзік жарасып-ақ тұр.
Жамбыл тісқаққан ақын. Алыстан арбаламай тіке шабуылға көшті:
– Әдейі ат терлетіп келдім тойға,
Айкүміс әуелден-ақ болдың ойда.
Әуірі басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінә қойма.
Бұл – ұрыну. Қыз бен жігіттің айтысы. Ашық та қанық сөз. Бұл анайылыққа жатпайды. Айтыстың өз қалпы бар. Мұндайда қыз да қарап қалмайды. Ағайын-туыс та мұндайга түсіністікпен қарайды. Айтыскер қыздың еңсесі биік. Оны ешкім бетінен қақпайды, етегінен тартпайды. Сонда Айкүміс не дейді, сөйлегенде бүй дейді:
– Аптығып, ә дегеннен амандаспай,
Әдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай.
Асылға арсыдағы қол жетпей ме,
Ақылмен қимылдасаң аспай-саспай.
Қыз ұқты Жамбылды. Асыққан шайтанның ісі. Бірақ бейнелі сөздің тұспалы қандай? Жамбылдың асығы алшысынан түсті. Айкүміс сөз қадірін біледі. Сырласуга, түспалдап тілдесуге дайын.
– Айкүміс асықпауға шамам бар ма,
Жастық кез ұрындырды талай жарға.
Сен үшін жатсам-тұрсам, арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға...
Жамбылдың Айкүмістің барар жерін білгені ғой. «Жаманға қор боп» көк шыбынды үймелетер, «көргенің... ылғи сор боп» деп қыз тағдырына алаңдаушылық білдіреді. Бірақ Айкүміс осал емес екен. Ол да Жамбылдың тағдырына қанық болып шықты.
–Жамбыл-ау, күйінесің неге сонша,
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айырылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?..
Бұрымның зары тағы алдынан шықты. Сөнбеген күйік қайта өртеді. Жеке тағдыр қатыгез заман күйігі екені алға шықты.
– Жалғанның сорлысы екен
қыз бен жігіт,
Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп.
Бастаған сөзді тастау қиын.
Жамбыл енді қиыннан қиыстырып тұспалды қойып, жігіттік назға көшеді:
– Ауылым жайлап отыр Ақсеңгірді,
Көз сүзіп сіздің жаққа еңсем құрды.
Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің,
Томпайған төсіндегі өртендірді.
Міне, эстетикасы жоғары көркемдік. Ашық-шашық жатқан анайы сөз жоқ. Соз мәдениеті, адам руханияты бар. Өрелі сөздің жауап өрнегі қандай десеңші.
– Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінә қойма,
Кетейін қайтып ардан мына тойда.
Жақсы сөз жан семіртер деген бар ғой,
Әдепті мінездерің жүрсін ойда.
Жамбыл да биік тұғырында қалады:
– Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше...
Айкүміс те Жамбыл тағдырындағы махаббат мүңына үласқан айсәуле болып қала берді.
Балдай тәтті Балу-ай
Ақын жүрек, ғашық жүрек. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған».
Оның ішінде ағайыны Ораздың Балу атты сұлу келіншегі бар-ды. Сол Балу Жамбылдың көңіліне қаяу түсірді. Ғашық болды. Есіл-дерті ауды. Көңілі алмай тынғысы келмейді.
Ораз марқұм қайтыс болғалы Балу екіұдай оттың астында калды. Алам деген Жамбыл бар, әмеңгерімнен айырылмаймын деген Ожан қайнысы бар.
Балу тілегі Жамбылда. Дала заңы Ожанда. Ағайынның игі-жақсылары Ожан жағында. Не істеу керек?
Жамбыл ақында жамбыл ақыл бар емес пе? Ағайынның арасына іріткі салма! Жауластырма! Жол – Ожандікі. Өз жесірі. Бір-біріне тимесін кесірі. Ожан алады, басқа ағайынға ауады.
Мұндай шешім – кесімді шешім! Ер – елдікі, әйел – жеңцікі.
Сынық көңіл Жамбыл қалды, жылай-жылай Балу кетті.
Өмір- ай!..
Үкілі Кәмшат...
Отызында жігіт орда бұзуы керек екен.
Осыны ойлағанда Жамбылдың ұйқысы шайдай ашылады. Мал да біткен. Баста бақ та бар. Бірақ ақын үйде отыра алмайды. Қазыққа байланған ат бір жерде жүре берсе айналма болады.
Шу бойы ну. Жамбыл дүр дүние үстінен шықты. Күнде ойын, күнде той. Қалың күз түссе де, Шу бойы қыстауға асықпайды. Әбден қар тобықтан келгенде ғана жылжиды. Семірген малды қумай, жай жүріп жазықка түседі.
Жамбыл жүрегі жарылып кете жаздады. Кәмшат сұлу не сөзге, не топ шеңгелге келмейді. Керім байдың Кәмшаты үкілі кербездің өзі екен. Менсінбеді ме? Күнтудың қыздары қырын қарады.
Бұл Жамбылдың жанын ауыртты. Ғашық болып қалу деген осы. Қалың беріп айттыруға шама жоқ. Бұл отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын Керімнің қызы.
Күйінген, сүйінген Жамбыл ата-баба жоралғысын жасады. Кәмшаттай қыздың атын жырға қосты.
Кермиық Кәмшат қыздың көрдім көркін,
Қондырған шекесіне құндыз бөркін.
Секілді Алтай түлкі сылаң қағып,
Шеніне келтірмейді-ау, емін-еркін.
Қырандай қияннан ілер едім,
Қырқада қызыл жүрсін бұрса бетін.
Шаң жұқпас шашасына саңлақ едім,
Сан жерде шаршы төске самғап едім.
Жұртшыдай жұрт торымай, алысқа ұшып,
Алатын тотымды таңдап едім.
Айдынның ак шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім...
Жамбыл ақын Күнту елінен осылай өкіне кетеді. «Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу», «Солмай ма көктемдегі әдемі гүл» деп қимай-қимай елге жиналады.
Осы жерде Кәмшаттың атастырған күйеуі бар екенін, оның ұрын келіп жатқанын естиді. Қарымбай деген жұртқа жакпаған сараң біреу екен. Соны естіген Жамбыл Кәмшатқа өлең арнайды. Іштегі өкінішін басады.
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген.
Сыр мінезің бар екен,
Сөйлеуге ерінген.
Қамқа қамзол киініп,
Қас-кабағың керілген.
Қарапайым адамнан,
Қамытсынып жерінген.
Жұбайыңды есіттім,
Таңдап тапқан еліңнен
Өзі сараң, тарыншак,
Қас Қарымбай делінген...
Жамбыл акынның жүрегінде тағы бір асыл бейне өлеңге қосылып, бұл дағы көрген түстей ғайып болды. Жамбыл ұнатқан бір қыздың аты тарихта қалды...
Аппақ сүттей, адамның аққуындай...
...Бұрымнан айырылып, жаны қайғырып жүрсе де ақын сұлу қызды көргенде, бүркіттей бүріп қалады екен. Сезім мен өлең астасып, шабытына шабыт қосылып, өмір-дәуреннің өз дегені болып жатады.
Әр ақынның өз жыры болғанымен, тағдырлас болса, бір-бірін тіпті айтпай түсінеді. Сүйекеңнен хабар келгенде, Жамбыл бір жерде байыз тауып отыра алмады. Өйткені, пір тұтқан ақыны айтысқа емес, сонау Жолбарыстыға бармақшы. Қыс ішінде кара суыққа қарамай Жолбарысты жонына бару оңай деймісің?
Бірак қансонарда шыққан аңшыдай, Жамбыл бұл хабар жетісімен жолға қамданды. Ішігін орап, қанжығаға байлады. Атқа отыруға жеңіл болсын деп қапсырма шекпен киді. Етігін жылқы қазысымен майлап, пеш түбіне қойды. Сонан соң ысқылап майды теріге әбден сіңірді. Бөрікті қойып, мойнын жауып тұратын түлкі тұмақты ыңғайлады. Осылай ақпанның ысқырық желіне қарамай желе жүріп Сүйекеңе жетті.
Онда Сүйінбай ақын Қастек таудың баурайында отыр еді. Адуынды Қастек өзенінің қалың мұзы шытынай бастаған екен. Мөп-мөлдір сулар моншақ секілді су астында жылт-жылт етеді. Бұрымның мойнындағы аппақ моншақтар сияқты... Отыздың ортасын ойған Жамбыл ақын көңілі осылай бұзылып еді. Бірақ не шара? Өмір – ағыс. Өмір – өзен. Өмір – сезім.
Жамбыл, «ассал-ау» деп табалдырығын аттағанда-ақ, Сүйекеңнің өзі емес, өлеңі сөйледі:
– Топырақ қанға піскендей,
Жан алқымнан қысқандай.
Ат бауырынан қан ағып,
Тұяғына тиген тас
Аспанға шоқ боп ұшқандай,
Ноғайдан шыққан Жабайды
Бес мың кісі қамайды.
Жабай алды найзаны,
Істеді талай айланы.
Суырды алмас қылышты,
Бес мың топты жауменен,
Жабай жалғыз ұрысты...
Сонан соң ар жағын сен айтып жіберші, – деді.
Жамбыл мұндайға дайын. Сүйекең толғауын толғап жатқанда, өзі де іштен қайталап тұрған. Талай сынды көрген Жамбыл емес пе? Сүйекеңнің бүкіл жырын жатқа айтады. Сөз өлмейді. Сөз осылай ұрпаққа жетеді.
– «Жалғыздың жары құдай» деп,
Батыр Жабай заулады.
Қолында бар көк серек,
Дұшпанда бар зеңбірек.
Бұрынғы қырғын сияқты,
Басқа жанға не керек?!
Таудың басы тұман-ды,
Жусанды жер шыманды.
Не боларын білмеді,
Ердің көңілі күмәнді.
Соққандай етті борасын,
Қызыл қанға толтырды,
Екі көше арасын...
– Болды, болды, арысым, Жабайдан туған барысым, – деп Сүйінбай Жамбылды қапсыра қүшақтады.
– Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп қалған жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!..
Сүйекең өлеңінің осы бір тұсына келгенде, Жамбылдың жан дүниесі толқып еді. Нағыз рух шақыратын тарихты түгендейтін, тарихты қаузайтын алмас сөз.
Ұстаз бен шәкірт көптен бері бір жүрмеген. Кездеспегендері көрініп тұр. Қыстың көзі қырауда кім жолаушылай береді. Бұл шақырыстың не сыры бар?
Жамбыл көсіле жырлады. Көроғлыны біраз жерге апарып тастады. Қаумалаған жұрт қара қою қараңғы болса да тарқар емес. Әйтеуір, сығырайған білте шамның жарығы ұзақ тұрды. Тек төсек салынып, жатар алдында ғана Сүйекең:
– Момын келін қалай? Кішкентайларың өсіп жатыр ма? – деді.
– Өсіп жатыр. Келініңіз қарап қалған жоқ. Қайынағаға деп бір қарын сары май беріп жіберген. Құрт-ірімшігі де болса керек. Бәйбішенің колына ұстатқам.
– Бопты, Жамбыл. Өскен жердің қызы ғой. Шаңырағың керілер, қарабөрілер көбейер. Момынның ақысын құдай жемейді...
Сүйекеңнің сөзін Жамбыл асықпай бағып отыр. «Неге шакырдыңыз?» деп сұрау да әбестік. Ұстазы, ағасы болған соң шакырады да... Жолаушыға серік керек.
– Күн сына жолға шығамыз. Сен менің Кескенкекіл деген қызбен айтысып калғанымды білуші ме едің?
– Білгенде қандай? Кескенкекіліңіз – Кескенжал емес пе еді? Төлеміс тұқымы. – Дәл өзі. Ол бір арман, ол бір дәурен еді...
– Бұрыннан сертіңіз бар секілді. Кескенжал жадыңыздан неге шыкпайды?..
– Бұрымның күйігін сен үмыта алдың ба, Жамбылжан?
– Қайдан, Сүйеке! Күйіктің орны жүрегімде түйетабан мөр болып басылып тұр.
– Солай... Сұлуды көп құшқанмен шөлің қанбайды, шөліңді кандыратын қасиетті әйел ғой...
– Кетік кесе ерніңді, серттен кеткен қыз жүрегіңді жаралайды...
– Дұрыс айтасың, Жамбылжан. Кескенжал десе, Кескенжал еді. Қалың қара шашы тізе соғатын. Шолпысы сылдырлап өткенде есің ауады. Жүрісі кандай еді! Жүрмейді – жүзеді. Бірақ менің де қолымды жоқшылық тұсады. Соған қарамастан кінәні өзіне аударғым келгенін қайтерсің.
– Кескенжал, кекіліңді кестің неге?
Кескеннен пайда көрмес сендей неме.
Айтысқан қол, алысқан сөз бар еді,
Бекер-ақ алданыппын, әттегене!
– Ала алмайтыныңызды білген соң, кеткен ғой үзатылып. Бірақ ақындығы да осал емес екен. Тұспал сөзіңізге тұсау сөз айтыпты ғой:
– Сүйінбай, жақсы айтасың, қызыл ине –
Ойнаган қыз күнімде қызыл дүние.
Ештеңе алып, ештеңе бермегенмен,
Келіп кетіп жүрерсің біздің үйге...
Киіз үйдің екі шетінде екі ақын ары аударылып, бері аударылып, ұзақ дөңбекшіп жатты.
...Жолбарыстыға жай қонақ емес, Сүйекең сәлем салғалы барған екен. Кескенкекілдің шешесі әу баста қызының Сүйінбайға барганын қалап, ақ батасын берген. Бірақ ерінен аса алмай, жылай-жылай қызын ақ босағаға енгізген.
Бұл Сүйінбай ақынға ерекше әсер етеді. Қыз шешесін анасындай көріп, жылына бір рет сәлем беріп тұрады. Осы жолда қасына Жамбылды ертпек. Сондықтан, екі ақын күн көтерілісімен ауылдан шығып, қас қарая Жолбарыстыга жеткен.
Кескенкекілдің шешесі Сүйінбайға келгенде «балам келді» деп, мәре-сәре болып, ағайын-туысты, әнші қыз-бозбаланы жинап, тойдастарқан жібереді. Бұл жолы да солай болды. Соғымның семіз сүбелері мен қазы-қартасы салынып, казанды от жалай бастады. Іші пысқан қыз-бозбала үшін бұл ерте келген көктемдей болды.
Небір күлкі, небір сәнді қыз-қырқын.
Шайды кербез келіншек кұйды. Бүрмелі көйлегі мен аппақ саусақтары көрініп, сұлу күлкісімен бірден Жамбылды баурап алды. Әйтеуір, шайды сораптап отыр.
– Аманжолдың қызынын қатығы тиген бе, Жамбыл?
Бұл – Кескенкекілдің шешесінің майда үні еді.
– Өзі де сұлу, көзі де сұлу, саусағынан бал тамып отыр. Алыс емес, өзіміздің айқымның кызы екен...
– Айқымның қызы еркектің сыны. Төмен етекті болып, итқұса боп жүр. Ері-тері соған күйінеді.
Осы бір кездесу соңы көңілге көп ой салды. Қыздың тамырын басты. Жамбыл жанына шипа тапқандай болды.
– Шыбыл деген елім еді,
Суықтөбе жерім еді.
Тұла бойым керігеді...
Келіншек бота көздерін сүзіп, ер Жамбылдан сөз күтеді.
Жамбыл ертесіне Сүйекеңмен кері қайтты. Қопа бойында көзінің қарашығындай бір асыл зат қалып бара жатты.
...Көктем ерте келді. Қыр қызғалдаққа толды. Көктеу гүл-бәйшешекке оранды. Жамбыл Қопада калған сұлу келіншекке берген уәдесін әлсін-әлсін еске алып қояды. Іздегенге сұраған дегендей, Қопа бойындағы қалың Шыбыл Қопа құмын тастап Төңірек, Құршын атты жаз жайлауларына келді.
Жамбыл әлдебір ән әуенін ыңылдап жүр. Момын өз күйбеңімен күйеуінің осы бір мінезіне көндігіп те алған. Киімі жуулы, тамағы істеулі, балалары балпанақтай күтімді. Енді Жамбылға не жетпейді? Осыны түсіне алмай алай-дүлей көңілде отыр.
«Екейдің еркегі дәрі, жүрегі әрі-сәрі». Осыны айтпақшы болып ерні жыбырлай бастап еді, ол сөзді Жамбыл айтқызбай-ақ өзі жалғастырып жібермесі бар ма?
– Бәйбіше, – деді Жамбыл, – бір өзің күйбің-күйбің етесің де жүресің, шаршап, шалдығасың. Бізге бір тоқал керек-ау, шамасы...
Жамбылдың сөзі біртүрлі шықты. Ойнап тұрғаны ма, әлде шыны сол ма... Бірақ еркектің көңілі ауса бір пәленің болғаны. Қыстай қыр аспаған Жамбылға қайдан шыға келген тоқал. Сынап көргісі келген болар. Жамбыл қатынының үстіне кімнің қатын болғысы келеді? Байы өліп, бейбақ болған біреу болмаса?
– Алсаң ал, екеулеп құрт қайнатып, май шайқаймыз. Бірақ екі күн берем. Әкелсең әкелдің, әкелмесең әдірем кетесің...
Жамбылдың аты Жамбыл. Әйелдің аузынан сөз шықты. Сол түн кетті де, ертесіне Аманжолдың сұлу қызын байының қойнынан суырып алып, қашты да кетті. Шу шығармай досы Алпысбай диірменшінің үйіне түсірді. Не де болса шу басылсын. Бір секем алатындары әрине, Жамбыл. Бірақ ол түк болмағандай үйінде жүр.
* * *
Күндіз үйінде, түнде жас келіншектің қойнында Жамбыл алаңсыз бірнеше күн өткізді. Бірақ Жамбылдан басқа кім Аманжолдың қызын алып қашуы мүмкін? Айқым, Шыбыл атқа қонды. Андыған алмай қоймайды. Күртібай мен Айдапкел Айқым-Шыбылдың атқамінерлері еді. «Алтын көрсе періште жолдан таяды». Жоңышқа суарам деп Жамбылдың түнде үйде қонбайтынын біліп алған соң, істің мәнісі белгілі болды. Жамбыл қолға түсті. Бірақ Жамбыл ақын келіншекті кері қайтаруға бермеді. Ал келіншектің күйеуі талақ тастауға көнбеді. Айқым, Шыбыл, Екей арасы дауға айналып, үш жақ та айыл-тұрманын тартып тұрған. Ақыры сөз пірі ақын Сүйінбай келді.
– Былтыр біліп ем, көзіңдегі қызыл жолбарыстың отын. Байы бар қатынды алып қашу әдетке жат. Ағайынды үшеуміз көз көрмес, құлақ естімеске кетпесек, мына Суықтөбеде қалай жер басып жүреміз? Тояттаған бүркіт құсады, сонан соң қайта ұшады. Қайтар...
Сүйінбай сөзіне кім карсы тұрмақ? Әрі Аманжолдың қызы есті сөз айтты.
– Байым ер болғанмен сері емес-ті. Құзғын құстай құсығыңды жей берер. Сен сөзіңде тұрдың, ақын Жамбыл, еркек екенсің, – деп күйеуіне барды да, жетектеп жөніне кетті.
«Аппақ сүттей, адамның аққуындай» болған Аманжолдың қызы көзден ғайып болғанша, Жамбыл ноқаттан көзін алмай ұзақ қарап тұрды.
Аспанда ай туып, жұлдыздар жанды...
"Қазақ үні" газеті