«Жас Алаштың» 6 айға жабылуы талап етілді
2015 ж. 05 қазан
4125
4
Медицина орталығы жетекшісі «газет абыройым мен ар-намысымды қаралады» деп біледі. Ал газеттің бас редакторы «бұл істі сотта қараудың қажеті жоқ еді» дейді.
Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Алмалы аудандық 2-сотында «Жас-Ай» шығыс-тибет медицинасы орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлының «Жас Алаш» газетіне қарсы шағымы бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті.
Шағымданушы азамат соттан газеттің шығуын алты айға тоқтатуды, басылым мен тағы үш адамға жиыны 400 миллион теңге (1 миллион 500 мың долларға жуық - ред.) өтемақы төлетуді сұрайды. Оның ішінде «Жас Алаш» газетіне «тиесілі» сома - 100 миллион теңге (370 мың доллардай ақша - ред.). Шағымданушы газеттің жазбаша түрде кешірім сұрауын да талап еткен.
СОТҚА СЕБЕП – СОТ ЖАЙЛЫ МАҚАЛА
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, бұл сот процесіне газетте биыл мамырда жарияланған, Жасан Зекейұлы туралы айтылған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала себеп болған.
– Редакциямызға Жасан Зекейұлының әйелі – төрт баланың анасы келіп шағымданған. Ол кісі Жасан Зекейұлымен ажырасып жатыр екен. Сотта іс дұрыс қарала қоймады деп шағымданып, бізге құжаттарын алып келген, – дейді Рысбек Сәрсенбай.
Оның сөзінше, мақала шыққаннан кейін Жасан Зекейұлы «мақаламен келіспейтіндігін» айтып, редакцияға талап-хат жолдаған.
– Редакция Жасан Зекейұлының «Жаптым жала – жақтым күйе» деген мақаласын толық, еш өзгеріссіз газет бетінде жариялаған. Екіншіден, талапкердің арызында газетке не авторға, мақала ішіндегі әлдебір сөз не сөйлемдерге, дерекке байланысты қойған нақтылы ешқандай талабы, дұрыс емес не жалған дейтіндей ешнәрсе жоқ, – дейді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы.
Шағымданушының «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақалаға қарсы пікірін де газетке жариялағанын айтқан бас редактор «оның сотқа шағым түсіруі – орынсыз, бұл істі қараудың қажеті жоқ еді» деп біледі.
Бірақ Алматы қаласындағы «Жас-Ай» шығыс-тибет медицинасы орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» басшылығының бұл пікірімен келіспейді.
– Бұл отбасылық іс болатын. [Газет] сот процестері аяқталмай іске араласып, барлығын басып шығарған. Сол үшін төрт ай бұрын сотқа бердім. Олар сотттың алдында өздері жауап береді, – деп қысқа жауап берді Жасан Зекейұлы.
Бұл іске қатысты ендігі сот отырысы қазанның 5-і күні өтеді.
Мәншүк Асаутай,
Азаттық