Өзағаң: өнеге мен өкініш
2015 ж. 19 тамыз
3554
1
Кешелері ғана «Шал мен шындық» аталатын кезекті кітабына нүкте қойған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, белгілі публицист-жазушы Қали Сәрсенбай осы еңбегінен бір үзік сырды «Қазақ үні» газетінің оқырмандарына ұсынуды жөн көрді.
Қали СӘРСЕНБАЙ
Не айтқысы келді екен?
Өзағаң, Өзбекәлі Жәнібеков туралы ойлай бастасаң болды, ол кісінің әр жылдардағы берген сұхбатындағы көтерілген мәселелер әлі күнге дейін маңызын жоймай, жадыңнан шықпай жүреді. Енді Өзағаң әлеміне енбес бұрын сол сұхбаттардан үзінділерді көктей шолып өтейікші.
«Қолында қаржысы бар ірі компаниялар, корпорациялар керек болса бір-бір театрды ұстап тұруына болады ғой. Бұлар оны істемейді. Қазір жаңа қазақтар деген пайда болыпты. Оған сенің ділің, дәстүрің керегі жоқ. Меценатствоның негізі ұлтжандылықтан туындайды. Меценатство бізде бұрын да болған. Бұл жөніндегі түсінігіміз әлі де тайыз. Әйтеуір теледидардан көрініп қалсаң жоғарыдағылар «ой, мынау жәрдем беріп жатыр екен ғой» деп айтса жетіп жатыр. Міне, біз меценатствоны осылай түсінеміз. Қазіргі жағдайда меценаттықсыз, демеушісіз мәдениет одан әрі дами алмайды. Оның үстіне орайына қарай айта кетуіміз керек, бізде мемлекеттік реттеу деген жоқ. Мәдениетте де реттеу болуға тиісті. Мынауың дұрыс, мынауың бұрыс деп біреу айту керек қой...».
«...Ал, енді дүниежүзілік мәні бар 728 ескерткіш бар. Тек қана Маңғыстаудың өзінде мыңдаған ескерткіштер, 600-ге жуық мазар сақталған. Бұл түбектің өзі ЮНЕСКО-ның қарамағында болуға тиісті. Осында аса бағалы – ұлутасқа кім болса сол атын жазып қалдыра беретін болды. Соған байланысты кезінде кішкентай ғана қорық құрылған. Оны дамытудың орнына ол да жұмыс істемейді. Уақытында мәдениетте осындай бір жүйе-сала болған еді, қазір жоқ. Бұған бүгінгі министрді айыптауға болмайды. Одан бұрын жоғалған. Мысалы, Әзірет-Сұлтан дегеніміз мәдениет министрлігі үшін опера театрымен, ұлттық кітапханамен қатар тұратын орын ғой. Бірақ олай болмай жатыр. Қазір сол Әзірет-Сұлтанның айналасын көгертеміз деп арық қазып, су жіберіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Оның астында көп ғасырлық ескі қоныстар, мәдени қазба байлық бар. Қаншама өлік жатыр. Осындай білместіктің салдарынан онсыз да босап тұрған құрылыстың іргесін одан сайын үңгіп жатырмыз. Өзгелерді алайықшы. Анау Өзбекстандағы Регистанның қасында ағаш бар ма, жоқ. Болмаса Афиныдағы мазарларды (акрополь), Римдегі – Колизейді, Париждегі – «Құдай-ана» соборын», тіпті сонау Оңтүстік Америкадағы жергілікті халықтардың жергілікті ескерткіштерін алыңыз, әлі де сол қалпында тұр ғой. Ал бізде басқасы оңып тұрғандай сол жерлерді көгерте қалайық дейді. Осынау өресіздікті тез арада тоқтатпайтын болса, біздің ұрпақтың кезінде олар тұрар, ал келер ұрпақ көрмеуі әбден мүмкін. Ескерткіштерді қорғауға байланысты тағы бір мәселе: Біздің мұражайларда материалдық мәдениеттің көптеген үздік үлгілері сақталған. Орталық мұражайды алсаңыз, жетпіс жыл бойы жинаған дүние осында. Соның бәрі ілулі тұр. Мысалы, осыдан 12-15 жыл бұрын мен көрген дүниелер қазір ол кездегідей емес. Шаң басқан, ауа газдандырылған. Ал енді соларды алып, автономиялық режим сақтап, болашаққа сақтап, баламасын іліп кою бізде қолға алынбай келе жатыр».
«...Егер ойды толығымен айтсақ, баяндамада былай деп жазылған болатын. «Өкінішке орай, мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін дамытудың бірыңғай кеңістігі әлі жасалған жоқ. Тіл туралы заң қабылданысымен мемлекеттік бағдарлама жасалған кезде, оның әрбір жылға, мамандыққа, аймаққа, мекемеге, оқу-тәрбие орнына, керек десеңіз, «Отбасы – ошақ қасына» бағышталған болуын талап еткен негізгі ұсыныс, бәлкім, ол Компартияның атынан енгізілгендіктен де болар, елеусіз қалды. Коммунистердің ол кезде ұсыныс жасай алатыны болмаса, қазылық ететін құдіреті қалған жоқ еді...». Шынында да солай болатын. Мұндай өмірлік маңызы бар құжатты құр әдемі сөздермен жаза салуға болмайды ғой. Ол нақты іске негізделіп жасалуы керек. Біз талап еткен мәселелер мүлдем басқаша еді. Бүгінде үкіметтің осы мәселеге қаншалықты көңіл бөлетінін «Қазақ тілі» қоғамының екі жылдан бері қаржысыз отырғандығынан да көруге болады ғой. Қазір бұл колында, құзырында ештеңе жоқ қауқарсыз қоғам. Бұрынғы жаппай ашыла бастаған үйірмелер, курстардың көпшілігі жабылып қалды. Ол жөнінде статистика ешқандай мәлімет бермейді. Әлгінде тілді дамыту кеңістігі туралы бекерге айтқаным жоқ. Бұл — Қазақстанның неше облыстарында қазақ тілін жүргізуге болады деген ойдан туған. Әр жыл бойынша арнайы кесте де жасағанбыз. Мысалы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Жамбыл сияқты облыстарда ана тілімізде жұмыс жүргізуге болады ғой. Онда тұратын халықтың көпшілігі біздің тілді біледі. Ал орыс аудандарында екі тілде жүргізуге әбден болмай ма? Кеңістік дегеніміз осы емес пе? Біз қазір экономикалық, ақпараттық, мәдени кеңістік дегенді айтамыз. Ал тіл дамыту кеңістігі неге болмайды? Міне, әу бастағы осындай бағыттағы қолға алмақшы болған ойымыз құр бос сөз боп қалды да, бұл шаруаға қайтып ешкім бас ауыртқан жоқ. Қазақ тілінің келіп жеткен жері осы».
«...Әлгінде айттым ғой, мемлекеттік реттеу жоқ. Бәленің бәрі осында жатыр. Сосын жауапкершілік жоқ, талап етілмейді, жұрт не істегісі келсе соны істейді. Қазір шенеуніктердің бір жаңа типі қалыптасып келе жатыр. Ешкімді қабылдамайды, ешкіммен сөйлеспейді, ешкімге жәрдем бермейді. Бұл жақсы емес. Жұрттың бәрі саясаткер болып алған. Десек те, саясаткерлік кәсіпшілік емес екенін түсінбейді. Парламентке депутат болсам саясаткер боп шыға келемін деп ойлайды. Сөйтіп өзінің Құдай берген қабілетінен айырылып жатқан адамдар бар. Мәселе Парламентте емес қой.
...Адам ешуақытта бәрін бітірдім, армансызбын деп айта алмайды. Әсіресе, жас ұлғайған сайын тындырғаныңнан гөрі тындырмағаның әлі де көп секілді көрінеді. Партия тарайтын кезде мен ауруханада жаттым. Съезге де, пленумға да қатынасқан жоқпын. Алдын ала айтайын деген сөзім бар еді. Адам өзіне өзі есеп беріп, қорытынды жасауы керек қой. Көз ашқаннан комсомол, партия, кеңес орындарында істедім. Әрине, коммунистік партияның, кеңес өкіметінің табиғатындағы демократиялық қағидаларды ұлт мүддесіне, пайдасына қарай дұрыс пайдалануға тырысып келдім. Сол кездің өзінде маған сен былай істеп жатырсың деген бір адамды көрген жоқпын. Қазір олай-бұлай дегенмен, тарих бәрін өз орнына қояды ғой. Елімізде реформа, қайта құру деген басталды. Соның бәрін біз Торғай облысында жүргенде-ақ бастап кеткенбіз».
Шынын айту керек, Өзбекәлі Жәнібеков қазақ мәдениетінде уақыттың ия болмаса партияның пәрменін күтпей-ақ хал-қадірінше реформа жасап кеткен адам. Өзі айтқандай, тіпті соңғы сөзін де айта алмай кеткен адам. Бәлкім, соңғы сөзін айтса, армансыз адам болар ма еді. Съезде не айтқысы келді екен?!
Әркім өзінше сән қуса
Рас. Ол кісі сырт көзге суық көрінетін. Бұл әлдебіреулердей жасанды мінез жабыстырып, сұсты, басқа тілмен айтқанда «серый кардинал» болып көрінгісі келу емес еді. Бар болмысы, шын жаратылысы осылай ғой дегенге иланатынбыз. Осы мінезімнің сырын жұрт біліп жүрсін деді ме екен, әлде сұңғылалығы шығар, көңіл күнделігінің бір тұсына маржандай етіп былай деп жазыпты: «Несін жасырайын, бәлкім, ата-анадан ерте айырылып, бала жастан тұрмыстың тауқыметін тартып, адамдардың зұлымдығын, арақатынасындағы екіжүзділікті көргендіктен бе, әйтеуір, езу тартып, жымия бермейтінім рас. Бірақ, ашу-ыза керней қалған сәтте райдан тез қайтатыным бар. Кек сақтамаймын. Кейде түнеріп, төмен қарап келе жатып, кездесе кеткен таныстарды байқамай өтіп кете беретін сәттерім де болады. Тіпті, өзімді етене түсінетіндер болмаса, қызметтестерімнің көпшілігіне табиғатымнан қатал, анау-мынауға иіле қоймайтын, қарауындағылардан ұқыптылықты, жауапкершілікті талап еткеннен басқаны білмейтін қақиған, қатыгез басшы болып көрінетінімді де сезетінмін».
Жылдар жылжыған сайын бағасы алтыннан да қымбаттай түсетін осы жолдардың қадірін біздер сезіне түссек керек еді. Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков ең алдымен өз ұлтының бойындағы кемшілікті көре біліп, сол үшін де қатал болған тәрізді. Өзі айтпақшы, «несін жасырамыз», ұлттық мүддеге келгенде жалтақтап, қияс тартып, жоқ жерден сауысқаннан сақ болып жататын мінезіміз де жеткілікті ғой. Оның үстіне қазақтың мәдениеті мен өнерін жасайтын кейбір адамдардың бойындағы басқаша еркіндік (демократиялық сипаттағы еркіндік деп түсініп қалмаңыз), олардың әрқайсысының бір-бір әлем екені де жасырып болмайтын әңгіме ғой. Осындайда қазақ идеологиясының басында ішкі қуаты, тегеуріні мол, мінезді адамның болуы да заңдылық еді. Өзағаңның мінезі соншалықты қатал бола тұра, соншалықты көркем еді. Мен бұл жағдайға өмірінің соңғы жылдарында көз жеткіздім.
Әншейіндегі жанкештілігіне қайсыбір жылдардан бермен қарай ұлт үшін отқа түсіп, суға батып жүргенде жабысқан кеселдің өмір өте келе асқынып алқымнан алуы қосылып, шаршаңқырап та жүретін. Сөйте жүре Өзағаң бірнеше кітап жазды. Бәрібір мінездің аты мінез. Осы бір күндерде байқағаным – әлгі бір қыңыр қалыптың аракідік қара тасты да жібітіп жіберер бір керемет мейірімге ұласар сәтіне де куә болдым. Бірде кәдімгі торсықты қолына ұстап отырып, аялап ұзақ қарады. Сол қалпы құдды бар мейірімін балаға төгіп отырған атадай еді. Сол кезден бір ұққаным – ол кісінің ұлттың әрбір жәдігеріне ерекше бір сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарайтындығы. Расында, егер ұлттың қаны мен жанынан жаратылған іштен шыққан перзент тәрізді материалдық мәдениет үлгісіне (тірнек өнер – А.Байтұрсынұлы) дәл осындай сезіммен, жүрекпен қарамаған адамның ұлт мәдениетінің тарихында аты асқақ аталуы да мүмкін емес еді ғой. «Қазақ даласының оны қолы тимеген киелі тасы жоқ. Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр» деген Әбіш Кекілбайдың көреген сөзіне осы бір күндерде одан сайын көз жеткізе түскендей едім. Француз философы Дидроның «халқым – үшін философ болдым» деген сөзі осындайда еске түседі. Ал, Өзағаңа тарихшы да, этнограф та бола тұра басқа да толып жатқан қайраткерлік іспен айналысуға, жиһангез болуға да тура келді.
«Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр».
Әбекеңнің осы сөзі біздің шағын мақаламызға өзек болып тартылса керек. Оның әлгі немересіндей аялап отырған торсықты жасайтын шеберді табанынан таусылып жүріп ел ішінен тапқанын, ол адамның Дәркембай Щоқпарұлы екенін біреу білсе, біреу білмес. Ұлық болуды, бастық болуды кең сарай, емен есік кабинетте отыру деп емес, ұлт үшін ел кезіп жүру, талант іздеу, бұлақтың көзін ашу деп түсінген Өзағаңның өнегесінің бүгінде кенжелеп бара жатқанын айтсақ керек. Оның осынау шексіз мүмкіндігін, бекзат болмысын «бәрінен де қорлығы: сол кездегі жүйе оның ғаламат талантын облисполкомның жай орынбасарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзінде ол мәдениет министрлігі істей алмаған тамаша табыстарға жетті» деп Шерағаң шебер бедерлеп еді. 1996 жылы «Өнер» баспасынан Өзбекәлі Жәнібековтің «Қазақ киімі» атты ғажайып альбом-кітабы бар болғаны 3 мың данамен жарық көрді. Осы кітап шығар алдындағы Өзағаңның қазіргі киімдеріміз жөніндегі бір ерекше толғанысы сол қалпында есімде қалып қойыпты. Күнделікті күйбең тіршілікпен мән бермейтін өз қалпымызға өзіміз қайта үңіліп, сол әңгімені тағы бір ой елегінен өткізсек деймін. Бұл әңгіменің менің көңілімде өшпестей болып із қалдырғаны сонша, әр концерт, мереке, жиын сайын алдымнан шығып ойға оралып отырады. Көңілі күңгірттеу күңдерде күрсініп отырып, Өзағаң былай деп еді-ау: «Қазіргі хандардың бас киімі деп жүргеніміз жол тосатын қарақшылардың қара киізден тігілген жырық құлақтары. Соны кейбіреулер «хандар киген бас киім еді» деп сыйлап жатады. Сонда деймін-ау, мына мұражайларда тұрған хандар киген киім ескіргеннен кейін оның орнын әлгі жырық құлақтар баспасына кім кепіл?! Сонда, кейінгі ұрпақ не ойлайды? Бұл не деген халық демей ме? Менің қорқатыным осы. Қазіргі алабажақ, көріксіз дүниелер сол уақытта ұлттық киім болуы мүмкін. Сондықтан оны болашаққа жеткізу үшін оның әрқайсысына автономиялық режим жасап, жарық түспейтін жерге тығып тастау керек. Қазір киім тігетіндер көп. Тіккен осы екен деп киіз бетіндегі қошқар мүйізді киімге олпы-солпы жапсыра береді, жақсы барқыттың үстіне қондырып, тарта береді. Осыған да біреу бас-көз болып, реттеу керек қой. Әдістеме жағынан басшылық жасайтын мекеме болуы керек емес пе. Мұның аяғы түптің түбінде насырға шабатыны рас. Елдің үлкен байлығы болып табылатын осы бір мәселе шешімін таппай келе жатыр. Жаныма бататыны осы. Көптеген шеберлер тіккен киімі шалға, кемпірге, орта жастағы адамға, жасқа лайық па деген мәселеге көңіл бөлмейді. Қаптатып тіге береді. Бұрын қос етекті көйлекті қыздар ғана киетін. Қазір кемпір де кие береді. Бұл дұрыс емес дейтін кісі жоқ. Халықтың талғамы бұзылып бітті. Оюы болмаса, қазақтың киімі емес дейтінді шығарды. Мен ана жылы «Сән» орталығы арқылы «Түскиіз» фабрикасына екі шекпен енгіздім. Біреуіне 15 қадамнан көрінетін ою салдырдық. Онда да жұртты алабажақ оюдан аластау үшін ғана. Екіншісінде, оюы жоқ, шеті әдіптелген. Үш-төрт айдан кейін оюы жоқ шекпен қолданыстан шығып қалды. Оюы бары біртін-біртін басқа өзгерістерге түсіп кетті. Шекпен тоқымасын жасатамыз деп, Қарғалы комбинатынан шекпен шығара алмадық. Түйе жүнінен иірілгені жұпыны шықты, қылшығын алып тастай алмады. Бізде артистер киіну жағына жауапсыз қарайды. Үстіміздің бәрін моншақтап, жарқылдата берсек, сұлу болып көрінеміз дейді. Олай емес, жас ерекшелігі ескерілуі керек. Қазір неше түрлі бас киімдер тігіліп жатыр. Соның бәрін қоқырайтып киіп шығады. Ең сорақылығы — соның бәрін ұлттық киім деп шетелге шығаратынға ұқсайды».
Алдыңда айтушың болмаса, үлгі-нұсқа болмаса бір сәрі. Өзағаң айтпақ түгілі, тіпті, кітап шығарып, бәрін тәптіштеп, түсіңдіріп беріп кеткен жоқ па? Бүгінде осы бір үздік нәзира үрдісті қай сән орталығы ұстанып отыр? Киімді бір қарағанда сәнді, әдемі етіп тігуге болады. Бірақ, ол бір киер киім болып қалады. Содан кейін ол киім әркімнің киім үлгісіне ұқсай бергеннен кейін, ешкімді қызықтырмайды да. Әсіресе, аса талғамшыл шет жұртты. Осындай өресіздік болмауы үшін ұлттық киімнің дәстүрлі қалпын бір арнаға түсіріп, қаттап беріп кеткен Өзағаңның өнегесі неге сақталмайтынына қайран қаласың. Басқа елдерде, өзіміз жиі айтатын өркениетті елдерде, осындай үлгі-жоба басты назарда болатынын неге ұқпаймыз? Әркімнің өзінше сән қууы ұлт болмысын көрсете алмайды ғой.
«Бұл Жәнібеков қой»
Ол күндердің әңгімесін желдіртіп жаза алмайсың. Әлі күнге Өзағаңның мысы басады да тұрады. Әсершіл немесің, каламың қисайып кете ме деп үркектейсің. Көзі кеткен соң ғой, көстеңдетіп жазып жүргеніміз. Жазу-сызуға аса биік талғаммен қарайтын ол кім болсаң, ол бол, жазғаныңды алдымен өзі қарап шығатын. Көңілі толмаса аяусыз шимайлайтын, сызғылайтын. Сен үшін емес, ұлт үшін, әрине. Кейбір журналистер Өзағаңмен сұхбаттаса қалса, осы бір қырын рахат тірлікке балайтын, жүгі жеңілдейтін. Оның қасиетті қаламының ұшы тиген әр кездегі сұхбаттар «Егемен Қазақстанда», «Парасат» журналында, сол тұста жарық көрмеген ой-толғаныстары қейіннен «Жас Алашта» толық жарияланды.
Кей-кейде Өзағаңның таспадағы дауысын тыңдап қоямын. Ептеген қырылы бар құлаққа жағымды қоңыр дауыс. Бұл кісіде ауа жайылып сөйлеу деген атымен болмаушы еді. Сол қоңыр дауысымен ұлттық мәселелерді бірінен соң бірін жүйелеп, әрқайсысына арнайы тоқталып, баян етеді не болмаса: «Қарағым, кейінірек хабарлас», – дейді де кезі келгенде ақ қағазға бар ойын маржандай етіп түсіріп беретін. Бір ғажабы, сол қағазға ештеңені де ала алмайсыз, не қоса алмайсыз. Өте білгір, білімпаз, талғампаз.
Кейде ауық-ауық жиын-тойларда болмаса, егер жаңылмасам, ол кісімен өмірімде бетпе-бет отырып үш рет кездесіппін. Өзағаң көбіне көп ешкімді де күлімсіреп қарсы алмаған болар. Ол кісі мұндай табиғи күйді басынан өте сирек кешкен кісі секілді. Бәлкім, ұлт руханиятының ауыр тағдыры еңсесін тіктетпей қойды ма екен. Оның үстіне бұл мінезінің сырын көңіл күнделігіне де жазып, айна-қатесіз айтып кеткенін әлгінде сөз еттік қой.
Өзағаңды (Жәнібек демей отырмыз, ол кісі қайда болсын телефон шала қалса «бұл Жәнібеков қой» деуші еді), қазақтың мәдениеті мен өнеріне Тәңірдің өзі мол пішіп бере салған кісіні қай Жәнібеков дей алмайсыз, өйткені, Жәнібеков біреу еді.
«Өзбекәлі болып кеткен жерлердің тасына дейін сөйлеп жатар еді» (Әбіш) деген биік сөздің өлшемімен ғана қарау керек болар бұл кісіге.
Тірісінде мақтау мен қолпаштауды қабылдамаған Өзағаң жөніндегі үлкен сөз, биік сөз енді айтыла беретін болар. Себебі, бізге көп жағдайда Өзағаңның өнегесі жетпей тұрады.
Ол кешегі кесапаты көп кеңес қоғамының мезгіл машинасында туралып кетпей, тасада ғайыптан қалып қойған Алаш арыстарының көз жасының бір тамшысындай, бір нәзира үлгісіндей еді.
Жәнібековке құрмет – оның өнегесіне, халқына құрмет. Бұл құрметтің орайын тауып, жалғаса бергені дұрыс.
Жәнібековтің жанкештілігі
Ержұман Смайыл ағамыз «Тақырыбың төркіндес қой, Өзағаңмен әңгіме жүргізсең болар еді» деді бірде. Келіскенмен, «келісті әңгіме жасаудың реті қалай болар екен» деген ойдың күдігі басым еді.
Уәделі уақытта барсам, Өзағаң кабинетіндегі жазу столына сырт беріп отыр екен. Бөлмеден жаңа піскен сүттің иісі шығады. Қалихан тәтеме бір кесе сүт алдырды. Құдды бір сиыр сауып отырған үй секілді. Үстінде желбегей жамылған шапан, басында қара шалдардың тымақ ішінен киетін топысы. Бөлмеден этнографияның лебі еседі. Этностың табы сезіледі.
– Не деген бейқам халықпыз? Канша қызмет атқардым десем де, тағдырдан аяу көрмеген мына бір қазақты білмейді екенмін, – деді.
Қолындағы кітапты сипалап отырды. Жұқалтаң кітап екен (Айткеш Толғанбаев. «Исповедь судьбы жестокой». Әдеби өңдеген кісілер – Игорь Саввин, Сәуле Толғанбаева, «Қазақстан» баспасы, 1993 жыл).
– Тозаққа түсіп шыққан екен. Музыкант, понимаешь.
Сол күні әңгімеге бірден кірісіп кете қойған жоқпыз. Ол кісінің сұрақтарыңмен алдын ала жазбаша түрде танысатын әдеті бар еді. Сол танысуының өзі көзіңді ашатын көп әңгімеге өзек болады.
Әлгі кітапты жалынып отырып, бір күнге сұрап алып, түнімен оқыдым. Таңертеңгісін апарып бердім. Ойламаған жерден Өзағаңның арқасында керемет кейіпкер таптым. Алматыда тұрады екен. Шынында да «не деген бейқам халықпыз», әлгі кісі күнде қасымызда жүр екен. Тіпті көшенің қарсы бетіндегі үйде тұратын болып шықты. Ағаның күлімсіреуі мен күрсінуінің мысқалдай өтеуіне жарар деген ниетпен «Егемен Қазақстанға» «Қазақтың Паганиниі» деген эссе жаздым.
Айтпағым, науқасы сонша дендеп жүргенде қазақты түгендеп жатқан Жәнібековтің жанкештілігі еді.
Торсық технологиясы
«Кейін ойлаймын ғой. Туғаным емес, туысқаным емес, тіпті рулас та емес. Нағашы-жиенді де емеспіз. Бұл Жәнібеков неге мені қайта-қайта оқтан алып қалады».
Шерхан МҰРТАЗА.
Бұл Жәнібеков бір Шерхан Мұртаза емес, талайды оқтан алып қалған. Ілияс Омаровтарды айтпағанда, егер Жәнібеков болмаса қазақтың мәдениеті мен өнерінің бүгінге дейінгі ширек ғасырдан астам ғұмыры нендей күйге түскен болар еді. Ойлаудың өзі қорқынышты. Қиын.
Кезінде талантты адамдарды лауазымды адамдардың қатынының қойнына барғандай қуғындағаны да рас. Сол тұста Жәнібеков ту көтеріп шыққан. Әйтпесе соның талайы баудай түсетін еді.
Бір талантты қазақты көрсе балаша қуанатын мұндай қазақ сирек деуші еді. Оған да көзіміз жетті.
– Аманкелді деген бір баланы бағалай білмедік, – деді бірде.
Аманкелді Сембин – Италияның Милан қаласындағы опера корифейлерін дайындайтын «Ла-Скала» театрында сынақтан өткен тұңғыш қазақ. Талантына сырттай тәнті болып жүретінбіз. Сол кісіні айтып отыр. Шерағаңша айтсақ, бәріміз жабылып жүріп өшірген жұлдыздың бірі.
Аманкелді күміс қоңыраулы ғажайып әнші еді. Қайта тумайды десе де болады. Ол қазақтың аса дарынды кейбір адамдары бастан кешкен тағдырды құшып, Алматыны айналсоқтап жүріп, елге кетіп қалған еді. Сол Аманкелдіні жерден көтеріп алған осы Өзағаң болатын. Бірақ тым кеш қимылдағанына қатты өкінді.
Шерағаңша айтсақ, облисполкомның жай орынбасарлығында жүргенде Аманкелдіні іздеп, облыста өзі ашқан этнографиялық ансамбльдің біріне әнші етіп қабылдатты. Аманкелдіні Алматыға қайтып әкелді.
Қазақтың ұлы ұстасы Дәркембай Шоқпарұлы да — Өзағаңның өнегесімен өскен жігіт.
«Қазақта торсық деген керемет жәдігер бар. Осы торсықты кейінгі кезде кім көрінген жасап, құнын кетіріп алды. Торсықта сақталған зат қашанда бір қалыпты температура ұстайды. Бірақ біз соның осы қасиетін жойып алып, оны әркім жасап халтураға айналдырды», – деуші еді Өзағаң.
Ол осы торсықты жасайтын адамдарды іздестірген. Торсықтың технологиясын зерттеді. Ақыры табады. Торсықты малшының баласы Дәркембай Шоқпарұлы жасайды. Сол Дәркембайды қазір қай қазақ білмейді? Өзағаңның мұндай тірлігін жазып тауысуға, бәлкім, өміріміз жетпес.
Бірде әңгімеміз шеберлер жайына ауысқанда Өзағаңның былай бір шешіле сөйлегені бар еді:
«Шеберлер жоғары оқу орындарында арнайы дайындалмайды. Бұны тек қана ұстаздың басшылығымен, халықтық негізде дамыту керек. Бізде алтынмен жұмыс істейтін, теріні ұқсатып, ағаш, қағаз өңдейтін шеберлер жоқ болды. Сол себепті қолынан келеді-ау дегендерді бұрнағы жылы Алматыға жинап, семинар өткізгенбіз. Мәскеуден, Ленинградтан, Ереваннан, Бакуден, Ташкенттен мамандар шақырылды. Семинар бір ай жұмыс істеді. Аяғында шеберлерге куәлік берді. Алтынмен жұмыс істейтін бес жігіт дайындадық. Бірақ алтынмен жұмыс істеудің бір қиыншылығы бар. Қалған алтынды күнде банкіге өткізу керек. Кейбір мекемелердің оспадар әрекетінен кейін бұл саладағы шеберлерді қайтару қиынға соқты. Сонсоң қыр ою шеберлерін дайындадық. Қазақтың өзіне тән қырма ою деген тағы бар. Жамбылдың мұражайына барғанда көрген болсаңыз, осы тәсілді біз бірінші рет пайдаландық. Кіре берістегі Жамбылдың портретін, домбырасын біз қырма оюмен қалпына келтірдік. Қырманың не екенін көп адам білмейді. Оны игерген жігіт төртеу еді. Біреуі Ресейге кетіп қалды. Үшеуі бар қазір. Мен кеткеннен кейін олар да сұраныс болмаған соң қойды. Өнер шіркін өстіп өле береді екен ғой. Біздегі бір жаман әдет қошқар мүйіз болмаса қазақтың мүлкі деп есептей бермейміз. Осы орайда торсықтың технологиясын қалай қалпына келтіргенімізді айта кеткеніміз жөн болар. Бұрынғы ұстаның баласы Шоқпаров деген жігітті ел ішіне жібердік. 4 облыста болды. Одан бұрын қайыстан жасалған торсыққа қымыз құйғанда ағып, тоқтамай қойған. Сөйтсек бұның өзіндік технологиясы бар екен, ұмыт қалған ғой. Жасалу, дайындау процесі былай: Малдың терісін сыпырып, жидітеді екен де, ұзақ уақыт ұстайды. Сонсоң оны қалыпқа салып жуады да, көл табанындағы топырақпен толтырады. Содан кейін кептіреді, ыстайды. Сонда бір торсықты жасауға он сегіз күн кетеді. Соны әлгі жігіт жасатты.
Ал қазір базарлардағы торсыққа ештеңе құюға болмайды. Жәй сән үшін жасалған. Сонсоң ағаш өңдеуді үйреттік. Қошқар мүйіз емес, кәдімгі ағаштың өзінің ою ерекшелігі бар. Сөйтіп, алғаш рет қазақ ою-өрнегін бір жүйеге келтірдік. Тәжібаев деген кісінің басшылығымен қазақтың ою технологиясын жасадық. Ол сынақтан өтті, өндіріске енгізілді. Біз осылай жұмыс істеген едік».
Өзағаң әлгі облисполкомның жай орынбасары болып жүргенде жұмысы басынан асып жатса да, қызметтен соң шопырын босатып, өзі жаяушылап, ансамбльдердің репетициясына барып ән салып, қалай билеу керек екендігіне дейін көрсетіп, қысқасы, қазақтың қаншама құндылықтарын, дарынды ұл-қыздарын ашып кетті. Әлі де аша беретін еді. Қызметтің үлкенін өмірінің соңғы жылдарында беріп, онда да зейнеткер болуға асықтырып, оған құбатөбел күн кештіргендердің қазір ол туралы естелік жазуы күйдіреді ғой кісіні.
Күлімсіреу мен күрсінудің арасы
Өзағаң өмірінің соңғы жылдарында қаламды көбірек ұстады. Үстемелетіп бірнеше кітап жазды. Сол кітаптарында кейде өз мінезіне де оқтын-оқтын тоқталып өтеді. Ол кісінің өзіне берген мінездемесімен біреу келісер, біреу келіспес. Кім үшін, не үшін қатал болды, мәселе осында ғой. Болмаса кісінің мінезін өзгертуі де қайсыбір кезде өз қолында емес пе? Біреулер құдай берген мінезді жиып қойып, жүз құбылып жатады ғой. Бірақ оның өзгере алмағаны да ел үшін зор бақытпен тең еді.
Бажайлап қарасаңыз, Өзағаңның күлімсіреген бейнесінің кісіге әсері көп-ау деймін. Қазақ мәдениетін басқаратын адамның ішкі және сыртқы дүниесін де үйлестірген Құдай шеберге не дерсің. Қазақ сәулетін зерттеген адамның алдымен өз сәулеті, салтанаты асып тұрғаны да қандай сәйкестік! Күлімсірегенінің өзі көркемдіктің бір кемел нұсқасындай. Бүкіл Еуропаның есін тандырған қайта өрлеу (ренессанс) кезеңінің тұлғалары — Микеланджело, Рафаэльді көгерткен көрнекті итальян меценаты Медичи де осындай-ақ болған шығар. Әлгі алыптар ұлы ұстазын сан мәрте тасқа қашап салды. Өзағаңның осы бір күлімсіреу мен күрсіністі бастан кешкен кемел қалпын үйлестіретін қазақ суретшісі де туатын шығар. Қазір қазақ мәдениеті қайта өрлеу кезеңін өткеріп жатыр дейді кейбір зерттеушілер. Меніңше, бұл процесс Өзағаңның кезінде басталып, қайта қазір сәл дамылдап тұрған секілді.
Ендігі сөзді рухыңызға арнайық. Өзіңіздің жолыңызбен жүріп келе жатқан бірлі-жарым қайраткер жігіттер бар қазақта. Жасап жүрген харакетінен сіздің үрдісіңіздің, кемел ойыңыздың ұшқыны аңғарылады. Ауылдық емес, алаштық тұрғыдан ойлауға ұмтылады.
Әлгі Микеланджело Рафаэльдердің әріптесі Леонардо да Винчи деген қария жарық дүниемен қоштасарда: «шаршағаннан өлген жақсы» деп күрсініп, артынша күлімсірепті. Халқының рухы түспесін деген шығар.
Ұлыларда ұқсастық көп. Өзағаңда мынау пәни-жалғаннан аттанарда күлімсіреген күйі немересін иіскеп кетті деп естиміз. Немере – келешек. Демек, келешекке оптимизммен қараған. Ұлттық мәдениет майданында қиналыс күйін кешкендердің көз алдында сол бекзат болмыс – рух жігер құйып, күлімсіреп тұрсын деген шығар. Күрсінуі де белгілі. Сол күрсіністің сырын терең түсінетіндерге ғұмыр берсін дейік.
Өзағаң сол бір соңғы сұхбатта кеудедегі сырылды сездірмеген болып, күлімсіреді де «қарағым, бұл сұхбаттың кейбір тұстарын кейінірек жарияларсың. Мен бәлкім, көп әсер жетегінде кеткен болармын» деп күрсініп еді.
Күлімсіреу мен күрсінудің арасы мұнша жақын, бір-ақ тұтам деп кім ойлаған?!
* * *
Өзағаңның өнегесі өз алдына, өкініші де көп еді. Әрине, ол жеке өміріне байланысты өкініш емес. Халқымыздың болашақ рухани келбеті, тұлғалы азаматтарының тағдыры бұл кісіні қатты толғандыратын. Қайсыбір күні бір теледидардан «ұлттық идея» туралы хабар жүріп жатты. Әлгілер «бұған дейін бұл мәселе ешкімді аса көп толғандырмапты» деп соқты. Күні кешегі оқиғаны неге ұмыта қаламыз? Өзағаң өмірінің соңғы күніне дейін сол ұлттық идеяға барабар балама болатын ұлттық бағдарлама жасау үшін күресіп өтті ғой. Бұл жағдайды өзі де көбіне көп өкінішпен еске алатын. Ең басты өкініші де осы еді. Мына бір жай айрықша ойландырады. Жалпы, Алаш көсемдерінің, Өзағаңның ұлт дәстүрі мен ғұрпына қатысты ұланғайыр еңбектері біздің ұлт мектептерінің бағдарламасына енгізілуі керек. Меніңше, орта мектептерде «Тұлға» атты пән жүргені абзал. Бүгінгі ұрпақ кімнің кім екенін біліп өсуі қажет. Сонда бүгінгі ұрпақ ертеңгі күні қателеспейді. Бүгінгі қолдан қайраткер жасап жүргендердей болмайды. Әйтпесе, көше сайын қайраткерлер қаптап барады ғой. Осынау шағын мақалада Өзағаңның көп қырының бірін ғана бөлектеп алуымыздың сыры осында еді.
«Ел бүгіншіл, мен ертеңшіл» деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, ертеңшіл ер ұрпақ тәрбиелеу үшін кешегі Жәнібековті, Өзағаңның осы өкінішін бүгінгі ұрпақтың санасына құйып өсіру керек. Өзге жұрт болашақ тұлғаны бесігінде осылай тәрбиелейді. Сонда ғана Өзағаңның өнегесі мен өкінішінің орны толады.