ҚАЗАҚ МҮДДЕСІНЕ ҚАСКӨЙЛІК
2015 ж. 05 тамыз
3618
53
«Қазақ тілін – қазақтың мүддесін сатқан, мемлекеттік тілді – мемлекеттің мүддесін сатқан, ана тілін – анасының тілегін сатқан» – Дәулет Досмаилов
Сөз жоқ, алдымен патшалық Ресейдің, кейін кеңестік кезеңнің қазақтың санасын улағаны соншалық – ұлтымыздың бодандық қамытынан босап шыққанына ширек ғасырдан асса да, кешегі қазақ байларының есігінде жүріп, етегін сүйген құл-құтанның санасы тазармай-ақ қойды...
Қызыл империя озбырлығы озған екі ғасырдан астам кезеңде қазақтың жеті ұрпағы ауысты, яки, жеті атасы жетім-жесір, құл-құтан әулеттер арам шөптей қаптады, қазақ даласын... Соның бірі - Қостанайдың Ресейтілді қазағы, Қазыбек Иса айтқандай, «Қазақ тілін - қазақтың мүддесін сатқан, мемлекеттік тілді - мемлекеттің мүддесін сатқан, ана тілін - анасының тілегін сатқан» - Дәулет Досмаилов болса керек. ...Жол ережесін бұзған Ақтолқын ЖӘНІБЕКОВАға хаттаманы орыс тілінде ғана толтыруға талап қойып, егемен Қазақ Елінің Негізгі заңы - Ата Заңы - қасиетті Конституциямызға қарсы ауыр қылмыстық әрекет жасап; Тіл туралы заңымызды бұзып, мемлекеттік тілімізге кереғар саясат ұстануы арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қастық-қаскүнемдік, зиянкестік жасаған; сонымен қатар, мемлекеттік қызметкердің әдебіне жатпайтын дөрекілік жасап, өз лауазымын асыра пайдаланған, осының нәтижесінде азаматша А.Жәнібекованың денсаулығына нұқсан келтірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловқа қарсы қылмыстық іс қозғалуға тиіс! Қазақстан Республикасының біртұтастығына қауіп төндірген Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың бірінші басшысы (генерал-майор Т.С.Маткеновтен бастап, майор Махмудов және т.б. ) мен соңғы басшысына дейін елдің іргесінің сетінеуіне «үлес қосқан топтың мүшелері (немесе басшылары)» ретінде танылып, қызметтерінен шұғыл босатылып, жауапқа тартылулары керек! Қазақ ұлтының атажұрты саналатын Қазақстан Республикасының бірлігі мен ынтымағына іріткі салушы Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің сержанты Дәулет Досмаиловтың ісін қарап, ақтауға бағыт алған сот «өз лауазымына лайықты емес» деп табылып, жұмысынан алынып, қатаң жауапқа тартылсын! Еліміздің заңдары мен Елбасымыздың саясатын тиянақты жүргізуге тиіс «Нұр Отан» партиясының Қостанай қалалық филиалының басшылығы мемлекеттік тіл мен азаматтардың мұң-мұқтажына немқұрайлы қарағандықтары үшін қызметтерінен кетіп, жауапқа тартылуы керек. Әйтпесе, халықтың «НұрОтаннан" ат тонын ала қашуы, лезде... ...Қазақ тілін менсінбеген қостанайлық полиция қызметкері, жүгенсіз жол сақшысы Дәулет Досмаиловтың сауатсыз әрекеті мен анайы қылығы қазақ қоғамының орынды ашу-ызасын туғызды. Қостанай облыстық "Қостанай таңы" газеті көтерген мәселені Qazaquni.kz ұлттық порталынан оқыған қоғам әлеметтік желілерде өре түрегелді. Қоғам белсендісі Қуаныш Мұқтай жағдайды өз көзімен көріп, құлағымен есітіп, заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін оқиға орнына арнайы барды. Қазақ мүддесіне қаскөйліктің қостанайлық надандығынан шошынған ағамыз: «Ұлтшылдар мен патриоттар қайдасыңдар?!. Жайшылықта «ұлтшылмын, патриотпын!» деп кеудесін төмпештеп жүрген азаматтар Қостанайда болып жатқан тіл қорлау науқанына келгенде неге тым-тырыс жатсыңдар?!. Қолдау қайда, қозғау қайда, қорғау қайда?!. Жерімізді алаяқ алпауыттардың иелігіне шүлен таратқандай үлестіріп жатыр – үндемейміз! Жер асты байлығымыз тоналып, сатылып жатыр халыққа түк пайдасы жоқ – үндемейміз! Халықтың 85 пайызы ашқұрсақ, қайыршы кейпін өткеріп жатыр – үндемейміз! «Жеңіледі» деген жемқорлық жеңілмек түгілі өршіп барады – үндемейміз! Енді қазақ тілімізді қорлап, сотта жазалап, өлім үкімін кесіп жатыр тілімізге – неге үндемейміз?!. Тілі өлген күн – қазақтың да өлген күні екендігін неге білмейсіңдер?!» – деп, жан дауысын шығарып, шыр-пыр болды... Бірақ... Ұйқылы-ояу ұлықты ұлыс – қалың қазақ «қамыт» киіп, қамсыз отыр...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
qazaquni.kz