Қызым, қайда барасың?!.
2015 ж. 03 тамыз
6178
1
Қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл қоғам да жауапты
12 жасар қыз баласы жүкті болып қалған, сыртқа шықсаң мәдениеттің төмен екенін байқайсың ал, интернетте тіпті адам ұялатын видеолар қаптап жүр. Осындай жағдайда біздің күшіміз бір болып қарсы тұруымыз қажет!
Бүгінгі қоғамда жастар тұрмақ жалпы адам-зат баласы қай сарынға кетіп бара жатқанын дөп басып айту мүмкін болмай отыр. Еліктегіш халқымыз жан-жаққа көз салып жарасып тұрмаса да өзіне сән етіп, алып отырған тұстары жетерлік. «Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы»деген сөз тегін айтылмаған. Қай ұлт болмасын олардың мінез-құлқын қыздарына қарап ажыратуға әбден болады. Қазақ қызы өз ұлтының мінезіндей жайсаң, жайдары болған. Ал бүгінде мұндай қыздарымызды кезіктіру ілеу де біреу. Тегінде Қазақ қызын барым деп, арым деп қорғаған. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне ата-ана жауапты. Мәселен, табиғат анаға да күтіммен қараймыз. «Шыбықты қалай ексең солай шығады» деген сөз бар. Сол секілді «тәрбие тал бесіктен демекші» бала сәттен болашаққа дұрыс бағдар беру керек. Қазақ елі ұлт болып қалыптасқаннан бері ешнәрсені бей-жәй қалдырмаған. Бүгінгі қоғамда қазақтардың шынымен де қазақ екенін сездіру үшін салт-дәстүріміз кеңінен насихатталу қажет.
Әр нәрсеге мән бере қараған дана халқымыз сұлудың көркі шаш деп есептеген. Қазіргі қоғамда бұрымдылар тұрмақ шашының өзі жартылай тақыр. Бұл нені көрсетіп тұрғанын өздері түсінсе мейлі, не жасап жүргенін қашан ұғынар екен? Ұлт мәдениетінде әр бойжеткен шашы мен бойына қарап бағалаған. Шаш тек сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, ол әйелдер қауымына берілген Алланың айрықша сыйы, құрметі,сәні, еншісі. Шолпы, шашбау, шаштеңге, шашқап – сол сый құрметке сай әр әйелдің әсем табиғатымен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі әрі ұлтттық сыр-сыйпаты.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріппе ең мұндай түрін?-деп Абай атамыз да қазақтың нағыз сұлуларын жырға қосқан. Абай бабамыз тамсанып, өлең шығарып, келісті шумақтардың мазмұнына айналған қазақ қызы, бүгінде өз істерінің мәнсіз, бізге жат екенін түсінсе екен.
Қыз баланың тәрбиесі ата – анаға да үлкен сын болған. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған.
Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып, еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар қазақта болған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта.
Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi халықта. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз –ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата –ана және қоғам. Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды.
Ынтымақ бар жерде тәрбие де береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Ал сол жастар «рухани» байлықпен қалаптасады. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғам келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет.
«Бала - басты байлығымыз. Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымнның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл қоғам да жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу - халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күн ұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар. Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралғылар бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.
Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау – ежелгі дәстүр. Жиын тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Орта Азия мен Қазақстанда жалғыз келе жатқан қызды көрсе, оған қорғаныш болып, баратын жеріне дейін шығарып салатын болған. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген мақал да осының айғағы. Міне, осындай тәрбиелік мәні зор дәстүрлерді атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған.
Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақтырады. Қызды тәрбиелеу, өсіру – ең маңызды мәселе. Қыз өсіру – гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек. Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады.
Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет етеді. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықтық заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер – бойыңды» – деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда – болашақ сүйікті жар, ардақты ана – қыз баланың алар орны ерекше екенін ұмытпайық!
Дайындаған: Жадыра Мұсабай qazaquni.kz