Елмұра ЖАҢАБЕРГЕН: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІНЕ СЕРПІЛІС ҚАЖЕТ

_MG_0172sfs

Елмұра  ЖАҢАБЕРГЕН, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері

  – Елмұра Манасқызы, бір сөзіңізде «Эльмира боп туылып, Мұрасын жиып халқымның, Елмұра қыз атандым» деген едіңіз. Еліңіз Елмұра деп атағаннан кейін жауапкершілік сезімі күшейе түсті ме? – Өнерімді құрметтеген халық Елмұра атауды жөн санады. Маған халықтың ықыласынан артық ештеңе жоқ. Әйтсе де, ел мені тегіннен-тегін Елмұра атамас болар. Бұған менің ұлттық ән өнерін көздің қарашығындай сақтауға атсалысып келе жатқаным, түрлі дүбірлі додаларда топ жарып жүргендігім ықпал еткен шығар. Бірақ шындығын айтқанда, менде «Елмұра аталдым, енді осы атқа лайық болуға тиіспін» деген ой болған емес. Өйткені, өнер менің қанымда бар қасиет. Оның үстіне жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым да осы. Сондықтан да, қазақ өнерін дамытуды маман ретінде де негізгі жұмысым деп қараймын. Алла бойымызға берген өнерді одан әрі дамыту, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – басты міндетім. – Өзіңіз Алаштың анасы атанған киелі Сыр өңірінің тумасысыз. Бойыңыздағы өнер кімнен дарыды? – Ертеректе біздің ата-бабаларымыз қыз балалардың жыр айтуына қарсы болған. Бірақ соның өзінде Арал теңізінің маңында Аманөткел деген жердегі бір ғана Мырзас ауылынан 18 жырау қыз шыққан деседі. Сыр өңірі Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың  Омары, Кете Жүсіп, ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Дәріқұл Өмірқұлұлы т.б небір дүлдүл шайырлар шыққан мекен. Кеңес үкіметінің тұсында жыр айтуға тыйым салынып, осы ұлттық өнеріміздің тамырына балта шабылды. Елге белгілі жырауларды жер аударып, ату жазасына дейін кесті. Әйтсе де, төл өнеріміздің тамырының тереңге жайылғаны соншалықты, күні бүгінге дейін өлмей, атадан-балаға мирас болып жетіп отыр. Өз жұртымда жыр қонған Бәйімбет аталығынанмын. Нағашы атам Әбу қисса-дастандарды жатқа айтқан. Зейнолла Шүкіров сияқты елге беделді талантты ақын-жыраулармен дос болған. Өз анам Қантай жас кезінен жақсы әнші болған. Қазір де қоныр үнді, кең тынысты дауысы бар. Өзімнің өнерге деген құлшынысым ерекше болса керек, бір-ақ күнде домбыра үйрендім. – Жалпы Сыр өңірінің жыраулық мақамының ерекшеліктерін атап көрсетсеңіз... – Жыраулық мақамның ерекшеліктеріне тоқталмас бұрын, ең бірінші оның бүгінгі күні қалай аталып жүргеніне мән беруге тиіспіз. Қазіргі таңда кейбір өнер иелері де, қарапайым халық та дәстүрлі ән, дәстүрлі жыр деп айтып жүр. Бұл дұрыс емес. Негізінен кәсіби тұрғыдағы әншілік үрдіс немесе жыршылық-жыраулық үрдіс деп айтылғаны дұрыс. Бұрынырық жыраулық өнер қазақтың қай аймағында да дамыды. Атап айтсақ, еліміздің Арқа, Жетісу, Маңғыстау, Қызылорда, т.б өңірлері жыршылық-жыраулық үрдісті жақсы ұстанды. Бірақ кейбір жерлерде жалғастырушылар болмай, орындалмай кеткендіктен ұмытыла бастаған. Сыр елінің өзге өңірлерден ерекшелігі – жыраулық өнердің жоғары деңгейде дамып, үлкен шоқтығы биік мектептердің қалыптасқандығы. Қызылорда облысының өзінде Нұртуған мектебі, Жиенбай мектебі, Нартай мектептері деп аталып жүр. Бұл мектептердің әрқайсысының өзіндік тарихы, мақсаты бар. Өз ерекшеліктері мен айырмашылықтары да жоқ емес. Мақамның орындалуының көмекейге салып қоңыраулату бірінде көбірек болса, бірінде аз. Ал мақамның орындалуы жағынан әрқайсысының өзіндік ерекшелігі көрініп тұрады. – Ал бүгінгідей ел егемендігін алған тұста жыраулық өнердің даму барысы қандай? – Әу бастан-ақ қазақ халқының көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан да,  халықтық тұрғыда салт-дәстүрге ерекше мән берді. Халық терең философиялық мағынада айтылатын жырауларды тыңдау арқылы насихат алды. Қазір де қоғамның көп бөлігін оқыған, саналы түрде дамыған адамдар құрайды. Бірақ, сөйте тұра үлкен жыр дастандарды орындасаңыз, тыңдағысы келмейді. Елдің құлағында жүрген жыр дастандарды іздеп жүріп тыңдайтындардың сиреп бара жатқандығы алаңдатады. – Мұның себебі неде? – Біріншіден, кәсіби жыршылық өнерге деген насихат аз. Оның үстіне бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда халықтың көпшілігі күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүр. Мүмкін халық рухани азықты өзге нәрселерден іздейтін шығар.  Кез-келген дүние қоғамның сұранысына қарай дамитыны сөзсіз. Бірақ жыраулық өнер басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау заманда да өзін жоғалтқан жоқ. Өзіміз тәуелсіз ел ретінде төл өнерімізді бірінші орынға қоюымыз керек. Бұл тұрғыда ұлттық өнерімізге халқымызды баулу үшін ақпараттық қолдау да  өз деңгейінде көрсетілуі қажет. – Жыраулық өнерді жанына екінің бірі серік етпесі анық. Қаншалықты қиын? – Негізінен мен қиын деп айта алмаймын. Бұл менің қаныма, жаныма біткен қасиет. Сондықтан, қиындығының өзі маған шабыт береді. – Сіздің өнеріңіздің  шыңдалуына ықпал еткен ұстаздарыңыз... – Шындығын айтқанда, менің өнерімнің шыңдалуына ықпал етіп, қолымнан жетектеп, шашбауымды көтеріп жүрген ұстаздарым болды дей алмаймын. Әйтсе де, өнер жолында алғашқы ұстазым – өзімнің ақ тілеуімді тілеп,  ақ сүт берген анам. Сондай-ақ, қасиет тұнған туған жер топырағынан нәр алдым десем артық болмас. Менде Сыр өңірінен шыққан Рысбек Әшімов, Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Набат Ойнарова сияқты аға-апаларымыздың өнерлеріне деген қызығушылық аса жоғары болды. Осы жолда маған бар білгенін айтып, бағыт-бағдар сілтейтін, кеңесшім, әрі рухани ұстазым – Әбдісаттар Оспановты айрықша атап өткенім жөн болар. – Өзіңіз тілге тиек етіп отырған кәсіби түрдегі әншілік үрдістің бүгінгі беталысы көңіліңізден шыға ма? – Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, кәсіби түдегі әншілік үрдістің дамуы барысында сүйсінетін де, күйінетін де тұстар жетерлік. Мәселен, 1988 жылдары мен консерваторияға қабылданар сәтте студенттер санының аздығына байланысты «Дәстүрлі ән» кафедрасының тағдыры қыл үстінде тұрған еді. Сол кездегі жағдайды қазіргі кезбен салыстыруға келмейді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарында, орта білім беретін колледждерде де кәсіби әншілерді, жыршыларды дайындайтын жеке-жеке кафедралар ашылған. Мұның өзі де өнерлі өрендердің тәрбиелеуге ықпал ететіні анық. Бұл біржағынан қуанарлық жағдай. Бұрынырақ өнерге деген құрмет те, сұраныс та, ерекше-тін. Тіпті концерттердің  ұлттық рухта өтетіндігі соншалықты, көрермендер жігерленіп кететін. Ал, қазіргі жағдай көңіл көншітерлік дәрежеде емес. Еліміз дамығанмен, өнеріміздің өрісі айтарлықтай кеңейіп келе жатқан жоқ. Шыны керек, түрлі концерттерге шақырту алып жатамыз. Әйткенмен, 5-6 әншіні сахнаға қатар шығарып қойып, жарты шумақтан ғана орындауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бір әнді толығымен айту, халықтың сұранысына сәйкес екінші әнді орындау деген үрдіс жойылып барады. Телеарналардың өзінде кәсіби түрдегі әншілік үрдіске деген насихат жоқ. Бұл тұрғыдағы эфирдегі әңгіменің ауаны «мына ән пәленшенікі емес еді», «ана әнді пәленшеге қарағанда, түгенше жақсы орындайды» дегеннен арыға аса алмай отыр. «Осы әнді, мына бір әнші басқа біреуінен ұрлап алды» деп  бір-бірімізді қаралай бергенше, қазақ өнерін дамытуға ден қоюымыз қажет. Кәсіби тұрғыдағы дәстүрлі ән өнерін жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Әйтпесе қазіргі таңда қазақ өнерінің тарихынан бейхабар ұрпақ өсіп келе жатыр. Бұған өзім мектептерді  аралап, концерт өткізгенде көзім анық жетті. Бір әннің тарихын білмек тұрмақ, оқушылардың әнді тыңдау, қолпаштау мәдениетінің төмендігін көріп, жаныма сызат түсірдім. Бұл алаңдарлық жағдай. – Кәсіби түрдегі әншілік үрдісті ұстанатын әншілер бұрынғы әндерді заман талабына сай өңдеп орындауға қарсы. Олардың ойынша өңделген ән мүгедек адамның күйін кешетіндей. Осы пікірмен келісесіз бе? – Негізінен мұны дәстүрлі әншілердің жанайқайы деп түсінгеніміз жөн. Өзім де осы саланың өкілі ретінде бұл пікірге қосыламын. Шындығын айтсақ, онсыз да халықтың құлағына жетпей жатқан әнді өзгерткеннен ешнәрсе ұтпаймыз. Бұл тұрғыда «әттеген-ай» дейтін  тұстар жетерлік. Мәселен, Нұртуған ақынның «Қанекей, сөйле қызыл тіл» атты өлеңін, Қыдырәлі Болманов, Жәмилә Серкебаева т.б көптеген эстрада әншілері орындады. Әйтсе де барлығы бірдей халыққа дұрыс жеткізе алды дей алмаймын. Керісінше, осы әнді эстрада әншілерінің кейбірі шырқағанда, құдды бір денемізге ине тығып алғандай әсерде қаламыз. Бұл тұрғыда әннің негізгі болмысына бояу қосып, әдемілеп әрлеуге әрбір әншінің мүмкіндігі бар. Бірақ, мен орындай алады екенмін деп, жұлма-жұлмасын шығаруға болмайды ғой. Алдағы уақытта ұлттық кәсіби әндерімізге деген құрмет азаймаса екен... – Шет мемлекеттерге іс-сапармен жиі шығасыз. Шетелдіктердің қазақ халқының ән өнеріне деген көзқарасы  қандай? – «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» демекші, әдемі де, әсерлі ән  қайсібір елде де, өзінің тыңдаушысын табатыны сөзсіз. Біздің тілімізді түсінбесе де, көз жасына ерік беріп, «неге қазақ болып тумадым екен?» деп өкінетін жат жұрттықтарды да кезіктірдім. Осынау әніміздің олардың жүректеріне жеткені кәдімгідей таңданыс туғызады. Олар қазақ болып тумағандықтан, қазақтың әндерін де шырқай алмайтындықтарына өкініш білдіреді. Шетелдіктердің біздің ән-жырымызға, ұлттық мұраларымызға деген құрметі қайран қалдырады. – Ұлттық өнерімізді дамытудың қандай жолдарын ұсынған болар едіңіз? – Ұлттық өнеріміз өркен жайып дамуы үшін кәсіби өнердің жанашырлары бірігіп, тындырымды тірліктер жасауға тырысқанымыз абзал. Өйткені, қазақ өнеріне серпіліс ауадай қажет. Бұл үшін әрине, мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болмақ. Өз кезегінде бұл арнайы мемлекеттік жүйенің жасалуына ықпал етер еді. Қазіргі таңда әншілік-жыршылық, күйшілік үрдісті кәсіби тұрғыда меңгеремін деген жастарға жол ашық. Жоғары оқу орындарында бұл үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек осынау мүмкіндікті дұрыс қолдана білуіміз жөн сияқты. Мәселен, өзім дәріс беретін Қазақ Ұлттық Өнер университетінен биылғы жылы Жыраулық кафедра ашу көзделуде. Жоғарыға қол жайып отыра бермей, өзіміз де жұлқынып жұмыс істесек ғана, қазақ өнері өзінің тұғырына қонатыны сөзсіз. Сондай-ақ, түрлі тақырыптағы конкурс-фестивальдер тұрақты түрде өткізлуі шарт. Бұл тұрғыда республикамыздың түкпір-түкпірін аралау жағын қамтығанымыз жөн. Бұл салада бірлесе еңбектенгенде ғана қазақ өнері дамып, өзінің биігіне жетеді деген ойдамын. – Сөз соңында өнер әлеміндегі соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз... – Жақында Францияда Түркі халықтары арасында Қорқыт бабамызға арналған фестиваль өтті. Осынау айтулы шараға біздің елден Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айман Мұсаходжаева және Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оркестрі қатысты. Осы фестивальде өнер көрсету менің де бағыма жазылыпты. Франциялықтар қазақ өнеріне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді. Әлемнің қайсібір еліне барсақ та, қазақ өнерінің құдіреті барша жұртты тамсандырып келе жатқанын мақтанышпен айтамын. Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚОВА, qazaquni.kz _MG_0166 copy