Темір генерал - Сабыр Рақымов
2022 ж. 09 сәуір
9860
6
1967 жылдары ауылдағы үйімізде «Рекорд-12» атты теледидар болатын. Таңертеңнен кешке дейін көз алмаймыз. Қазақша көп сөйлемейтін. Неге екені белгісіз, әлде Ташкент жақын болғандықтан ба, хабарлардың көпшілігі өзбек тілінде еді. Кенет «Өзбекфильмнің» кезекті киносы беріліп жатты. Экрандағы Рақымовтың рөлін сомдаған әртіс: «Мен өзбекпін! Генерал Сабыр Рахимовпын!», - деді. Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші Беларусь майданына қатысқан жарықтық Сұлтан атам сол кезде орнынан атып тұрып қатулы үнмен: « Ей, мынау не деп тұр? Сабыр біздің жерлесіміз. Ұлты қазақ!» - деп жұдырығымен үстелді қойып қалғаны бар. Осы бір сөзді аманаттай қабылдап, құлағымызға құйып, жүрегімізбен сезініп өстік.
Соның әсерінен болса керек, 1991 жылдары «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде қызмет атқарып жүрген кезде Сабыр Рақымов туралы журналистік зерттеу мақала жарияладым. Бұл материалдар газет оқырмандары арасында бір сепіліс туғызған-ды. Кешікпей генерал дүниеге келген Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауылындағы Энгельс атындағы мектепке Сабыр Рақымов есімі берілді. Сондай-ақ «Коммунизм» жалгерлік бірлестігі генерал атымен аталды. Содан бері Қазығұртқа қаншама қар жауды, қаншама көктем келді. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымов туған халқына қайта танылып, жеті жасар бала болып кеткен ұл, аты аңызға айналған генерал болып оралды. Сабыр Рақымов! Шын мәнінде халқының жүрегінде мәңгілік жазылып қалған есім, оны енді өшіру де, ұмыту да мүмкін емес. Ұлы Отан соғысы кезінде қаһармандықпен ерлік көрсеткен даңқты қолбасшы, айбынды генерал, қайсар мінез Сабыр қазақ үшін Қазығұрттауындай қастерлі есім.
ЖОРЫҚ ЖОЛЫНДА
Сабыр Рақымов дүниеге 1902 жылдың қысында келеді. 1922 жылы өз еркімен Қызыл армияға қатарына өтіп, 1925 жылы Бакудегі біріккен әскери мектепке қабылданды. Оны бітірген соң Самарқанд қаласында атты әскерлер дивизиясына қызметке жіберіледі. Онда 1-ші атты әскерлер полкі эскадронының бірінде взвод командирі болып тағайындалады. Өзін жақсы әскери басшы ретінде танытқан ол көп ұзамай эскадрон командирлігіне жоғарылатылады. С. Рақымов 1925 жылдың күзінде Тәжікстан жерінде бас көтерген Берді датқаның қандыбалақ қарақшыларын талқандайды. 1927 жылы Түркіменстанда Жонайтхан тонаушыларымен күреседі. Сондай-ақ Қожамқұл, Омар әпенді, Машақ, Фараб, Ыбрахымбектер басқарған бандыларды құртуға лайықты үлес қосты. Басмашылармен қарсы күрестегі ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Сабыр 1934 жылы кіші командирлер дайындайтын мектепті басқаруға тағайындалды. 1939 жылы қорғаныс қабілетін күшейтуге аса зор мән берілген Өзбекстан осоавиахим (ерекше химиялық авиация) ұйымдары кеңесінің ең жауапты– жауынгерлік дайындық бөліміне жетекшілік етіп, жоғары дәрежелерге қол жеткізеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерде-ақ ол өзінің қызмет еткен бөлімімен соғысқа аттанады. Майор шеніндегі оған Ельн өзенінің бойындағы ұрыс майданына бару туралы бұйрық беріледі. Сабыр 104-ші мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары ретінде алдыңғы шепке орналасты. Мұнда өте ауыр жағдай болатын. Қияң-кескі ұрыс. Жоспар бойынша осындағы Кеңес әскерлерінің осы маңайдағы бөлімдері бірлесе отырып соғысуы тиіс еді. Жау шабуылы өте қатты. Тоқтаусыз жаңбырша жауып жатқан снарядтар мен оқтар басылар емес. Өмір мен өлімнің беттескен сәті. Айнала түнекке айналған. Үдей түскен атыстардан жауынгерлер бұғып, әрекетсіз қалды. Осы кезде полк командирі Ермоленко ауыр жарақаттанып, ендігі бар міндет Рақымовқа жүктелді. Полк бірнеше рет қарсы тойтарыс беруге талпынып еді, күштерін нықтап алған неміс әскерлері оларды орнынан тырп еткізбеді. Осы тұста Сабыр қарсыластарының ұрыс құралдарын игеру жағынан олардан әлдеқайда басым екенін ұғына түсті. Соғыстың алғашқы күндері осындай қиыншылықтар мен үздіксіз кедергілердің кесірінен сәтсіз өтті. Қаншама күн құлақты тескен жарылыстар мен ұйқысыз күндерде Сабыр қанға біткен қасиетімен, қайсарлық мінезімен айқаста аянып қалмады. Қарсы күресті де шебер ұйымдастыра білді. Сабырдың дара басшылығының арқасында Кеңес әскерлері артқа шегінуді білмеді. Оққа ұшып, қаншамасы көз алдында мертігіп жатса да, ол жауынгерлердің рухын бәсеңдетпеді. Жан –жағынан немістердің қоршауына түсіп қалса да, үрейге бой алдырмай, қолы басым дұшпан шебін бұзып шықты. 1 тамыз күні Смоленскіден ентелей кіріп, Доргобужды басып алуға бел байлаған жау әскерімен болған шайқаста қатты жарақат алып, Железновод госпиталіне түседі. Осынау кескілескен ұрыстағы ерлігі үшін С. Рақымов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Сабыр жарақатынан айығып шығысымен, майданға оралып, 56-армияның 1149-атқыштар полк командирі қызметіне кіріседі. Көрсеткен ерлігі мен қолбасшылық қабілетін ескерген басшылық оны 1942 жылы 358-дивизия командирінің орынбасары, кейіннен «Шахтерлер дивизиясы» атанып кеткен 395-дивизия командирлігіне жібереді. 1943 жылы Кавказбағытындағы Рақымов дивизиясы 50-ге тарта елді мекенді жау қолынан азат етеді.
Осы ұрыста Сабыр снаряд жарылысынан ауыр жараланып, миы шайқалып, контузия алып қалады. Госпитальда аз ғана уақыт ем қабылдаған батыр майданға қайтадан оралады. Қарт Кавказды азат ету жолында 1943 жылы 9 қаңтарда таулы орман, құз, үңгір, сай-салаларға тығылған фашист қарулы күштерінің қалғанын жайратып салады. Солтүстік Кавказдағы жауға қарсы көрсеткен ерлігі үшін С.Рақымов тағы да екі рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Осы жылы 19 наурызда КСРО Халық Кеңесі комиссарының шешімімен 395-атқыштар дивизиясының командирі Сабыр Рақымовқа өте ұшқыр қолбасшылығы мен асқан ерлігі үшін генерал-майор атағы беріледі. Шені жоғаралауына байланысты мықты қолбасшының саяси сауатын көтеру және әскер өнерін тереңірек меңгеру мақсатында Мәскеудегі Бас Штаб академиясына жіберіледі. Үздіктер қатарында тәмамдап шығысымен, туған жері Қазығұртқа, кейін Ташкентке соғады. Туған жер топырағында аунап-қунап, туыстарымен қауышқан соң көп ұзамай майданға қайта оралады. Ұрыс даласы 1-ші Белоруссия майданында жалғасып, ауыр әскери техника, танкілер коллонасы, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік тиелген машиналар, жаяу әскерлер тізіліп батысқа қарай бет бұрады. Жауынгерлердің рухы биік. Қаңырап бол қалған елді мекендерді көріп адамның жаны құлазиды. Сабыр Рақымов осы тұста да ерлік танытып, «Қызыл Ту» және Богдан Хмельницкий ордендерімен мараптталады. Осындай қанаттудан соң, Висла үшін шайқасқа Сабыр Рақымовтың дивизиясы жаңа қарқынмен араласты. Шайқас 1944 жылдың желтоқсанына дейін созылып, жау ордасына «тіл» жіберіп, алған ақпараттар негізінде жауды талқандаған Рақымовтың атағы бұрынғыдан да тарай бастайды. Оның кез келген қиын жағдайдан амалын тауып, айласын асырып, жеңіспен шығатыны қол астындағы жауынгерлерді ғана емес, армия басшылығын да тәнті етті...
ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕР
Сабыр Рақымов жайлы зерттеу барысында көптеген адамдармен жолығып, әртүрлі естеліктер мен жазбаларды жинақтаған едік. Енді солардың бірнешеуін оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. 2010 жыл. Бір күні таңертең жұмыс кабинетіме келсем, үстел үстінде үлкен ақ конверт жатыр. Ашып қарадым. Қазығұрттық зейнеткер азаматтан келген хат екен.
Салыбай Ешенұлының естелігі: «1980 жылы Алматы-Ташкент автокөлік тас жолында Қазығұрт тауының асуында мемлекеттік жол бақылау инспекциясының бекеті болатын.Сол бекетте жол бақылау инспекторы болып қызмет атқарушы едім. Бірде біздің бекеттің жанына «М-21 Волга» жеке автокөлігі келіп тоқтады. Жүргізуші көліктің капотын ашып, бір нәрсесін шұқылап әлек болып жатыр екен. Мен жанына барып, жағдай сұрастым. Суы қайнаған көрінеді. Оның үстіне «белбеуі»(ремень) де үзіліп кетіпті. Көліктің ішіне көз жүгіртсем, тағы екі адам отыр. Үшеуі де өзбек ағайындар екен.Маған қол ұшын созып, жәрдем беруімді сұрады. Қонақжай халықпыз ғой, Қазығұрт етегіндегі «Күйік» қой зауытына барып, гараж меңгерушісін қолқалап жүріп, бір «белбеу» тауып әкеп бердім. Оның үстіне зауыттың темір ұстасын ала келіп, көліктерін жөндеттім. «Волга» дүрілдеп, жолға шығуға дайын екенін білдіргендей иінімен демалып тұр. Риза болған болу керек, бағанадан көлік ішінде отырған сом денелі, қабағы түксиген ел ағасы адам өзі келіп, маған алғысын айтып: -Танысып қоялық, Кеңес Одағының Батыры Хуртам Ашуровпын!- деді. Мен де өзімді таныстырып жатырмын. Үшеуі де лауазымды адамдар екен. Кеуделерін ашып, жарқыраған жұлдыздарын көрсетіпжатыр. -Укам, саған катта рахмат!-деп арқамнан қайта-қайта қағады. Мен оларға «Бекетке кіріп, бір-бір кесе қымыз ішіңіздер» деп қолқа салдым. Олар онсыз да жолдан шаршап келе жатқан болуы керек, дереу келісті. Үстел басында қымыз ішіп, қызара бөрткен Хуртам Ашуров әңгіме көрігін қыздыра түсті. -Осы қазақ ағайындарға қатты риза боламын. Өте бауырмал, өте қонақжай халық. Қазақтардың талай жақсылығын көрдім өз басым,-дей берді де, маған жалт қарап: -Ау, өзің қай рудансың?-депсұрады. - Мен Суанмын, оның ішінде Бағыс деген руданмын. Көзі төбесіне шығып кете жаздаған Ашуров мырза мені құшақтай алды да:
- О-о-о! Онда сен менің туған укам екенсің! Мен генерал Сабыр Рақымовтың адьютанты болып қызмет атқарғанмын. Енді сол кісі туралы кино түсіртейін деп жүрмін, -деді де жүргізушісіне көліктегі кішкентай шабаданын алып келуге тапсырды. Оның ішінен Сабыр Рақымовтыңбірнеше суретін көрсетті.
- Бұл сенің туысқаның! Ол кісі екеуміз Қазығұрт тауы туралы көп әңгімелесуші едік. Қазығұрттың баурайында туысқандарым бар деп үнемі айтып отыратын, - деп маған генералдың он шақты суретін тастап кетті. Ал мен оларды ауылдан ауылға алып шығып,ағайындарға көрсетем деп жүріп, көбісін жоғалттым. Қазірде қалғаны бір-екі сурет қана.....»
-Осыдан он алты жыл бұрын 96 жасында ет жақын туысы, біздің ағамыз Байдар ақсақал өтті өмірден. Ол кісі Сабыр ағамның әкесі Омарқұл атамыздың 1908-1909 жылдары дүниеден кеткенін, сырқат кезінде басы-қасында болып, ақырет сапарға өзі аттандырып салғанын айтып отырушы еді. Сабырдың да, бәріміздің де ата-бабаларымыз бір, осы Көкібелде дүниеге келген. Сабыр шамамен жетіге келгенде Омарқұл атамыз қайтыс болып, Бахарайым жеңгеміз төркіні жағына жақынырақ болу үшін Тәшкент шетіндегі Тақтапул деген жерге көшіп барады. Біздің жеңгеміз Бахарайым сол Тәшкент маңындағы Жүнісабат деген жердегі өзбек диқанының қызы еді. Күйеуі қайтыс болған соң туған ағасы Рақымның қолына келді. Тағдырдың жазғаны сол шығар, Бахарайым апамыз да көп ұзамай көз жұмады. Содан нағашысының балаларымен бірге мектеп табалдырығын аттаған Сабыр «Рақымов» боп жазылып кете барады. Дегенмен, нағашысын «Адал, еңбекқор жан еді» деп араласып, артынан барып тұрған туыстарымыз айтып отыратын. Содан ба, туған жерім деп еміренетін бе еді, Сабыр әскери оқуда жүргенде осы Көкібелге бірнеше рет келіп кетті. Сабырдың алғашқы әйелі татар қызы Макира еді (оны жұрт Әмина деп атаған - автор), одан ұрпақ болмады. Кейінгі жеңгеміз қазақ, Әліби Жангелдиннің қызы Құралай Натуллаева – генерал басқарған №37-ші дивизияның медициналық бөлімінің жауынгері ретінде майданға бірге қатысқан жан. Ағамыздың сол кісіден туған егізРахметолла (Роман) деген ұлы, Дариға (Дарико) атты қызы бар. Рахметолла Тәшкентте тұрады.( Қәзіргі кезеңде Мәскеуде тұрады-Ә.Ы.)Айтпақшы, Сабыр ағамыздың нағашысы, құдамыз Рақым марқұм өле-өлгенше жиенінің жайын қозғап, енді артында қалған жетімекті Көкібелдегі туыстарына тапсыруды қайта-қайта аманат етіпті. Бірде, Бахарайым апамыздың інісі Әзизмат-ака да батырдың кішкентай кезінде тынымсыз, бойы ұзын, өзі өжет болғанын, көше балалары оны «Сабыр қазақ» деп атайтынын айтқан екен. (Естелік Көкібелде,1991 жылы тамыз айында жазылды– Ә.Ы.)
Шымкенттік ғалым Әсілхан Оспанұлы генерал туралы ізденіп жүріп, 1973 жылы 21 тамызда Сабырдың немере қарындасы Лүтпі Оспанқұлқызына жолығады. Бұл Ташкент облысы Орджоникидзе ауданының «Коммунист» колхозында тұрады екен. Қазығұрт етегіндегі Көкібел жерінен шыққан Мәмбетқұл бабасынан Омарқұл, Мәуленқұл, Оспанқұл тарайды. Ал Лүтпі, өзі о баста Мәуленқұлдың қосағы болған, кейін әмеңгерлік жолымен қайнысы Оспанқұлға қосылған Үрі әжеден туған қыз. Бүкіл тіршілігінде бір перзент көруді армандап күңіренумен, көрінген ағайынның баласын бауырына басумен өтіп келе жатқан Оспанқұл осы қызын көріп барып, көзайым болған екен. Лүтпі Сабыр ағасымен тек немере туысқан емес, әрі емшектесе те. Бахарайым Сабырды босанғанда емшегіне жара түсіп, баласын емізе алмаған. Содан оны Лүтпінің анасы Үрі емізіпті.
С. Рақымовтың немере қарындасы Лүтпі апайдың естелігі:
1943 жылы жазда салт атпен үй алдына келген әскери киімдіні алғаш танымай қалдым. «Шекер қыз, бұл үйде кім бар?» деп сұрады. Сөйтсем, Сабыр ағам! Сомадай екеніме қарамастан мені көтеріп, алдына отырғызып алды. Сөйтті де басымнан сипап көңілі бұзылып, қамыға сөйлеп «Бейшара жетімшем, әкең перзентсіз кетіп еді, қаршадайыңнан жұмыс істеп жүрмісің?»-деп маңдайымнан сүйді. Сол сөздерді естігендегі көңіл-күйімнің қандай болғанын бұл күндері жеріне жеткізіп айтып бере алмаймын. Ауылда үш күн жатып аттанарда апама, өзіме және Кәдір ағама (Мәуленқұлұлы, Лүпті екеуі шешелес- Ә.Ы.) айтқан жылы сөздері жүректе сайрап тұр. - Апа,- деп еді сонда шешем Үріге. –Қапаланбаңыз, қәзір басыма түсіп тұрған іс-ауыр іс. Қарауымда көп әскер бар. Осы ауыртпалықты абыроймен атқарып, ақ сүтіңізді ақтармын. Маған оң батаңызды беріңіз. Содан соң менің арқамнан қағып, маңдайымнан сүйіп, «Амандық болса сені өз қолыммен ұзатамын», деді. Өзін шығарып салуға келіп тұрған басқарма бастығы Мыңбай ағаға айтқан ескертпесі талайларды таңдантып тастады: - Менің інім екен деп Кәдірді армиядан алып қалам деп әуре болып жүрмеңіз. Бір бізге емес, күллі елге сын бұл! Сабыр ағамның өз халқымыздың өлеңдерін, олардың айтылатын әуендерін жақсы білетінін біз колхоз басқармасы өткізген сауық кешінде көрдік. Майда қоңыр даусымен бірнеше ән салып беріп еді. «Жолдастар, мұндайда ауылдың алты ауызын айтып үйренген қазақпыз ғой. Мен де сіздерге екі-үш ән айтып берейін. Біздің ауылда, менің бала кезімде, мынадай бір өлең айтылатын», -деп мына әнді шырқап еді. Алғашқы қатарлары ғана есімде қалыпты: -Алатаудың басында алмалы бау, Атқа жылдам мінгізер үзеңгі бау. Үзеңгі бау болмаса жайдақ жақсы, Жаман қатын алғанша бойдақ жақсы!.... Бұдан кейін айтқан әндері, ұмытпасам, «Қараторғай» мен «Аққұм». Екеуін де нәшіне келтіріп салды. Және бұл әндерді өзі қатты ұнататын. Сондай-ақ Сабыр ағам сол күнгі кеште патефон қойғызып, бірнеше қазақ күйлеріне шаттана би биледік. Осы сауық кешінде ағаммен фамилиялас Баршакүл Рақымова деген келісті келіншек те болып еді. Ол колхозымыздың қойма меңгерушісі-тін. Міне, сол келіншек Сабыр ағам аттанып жатқан күні жол жиегінде әуіт басында тұр екен. -Сабыр аға, қош енді,-деп тіл қатты. Мені алдына алып, ат үстінде келе жатқан ағам Баршакүлдің тұсынан өте беріп, аттың басын тартып, кілт бұрылды да, оған өлеңмен әзіл тастады. Сондағы сөздері ұмытпасам мынау болатын: -Баршакүл, сұлулығың мақтадайсың, Жақсы болсаң көңілге дақ салмайсың. Кәйеріңмен дұшпаның кемітеді, Мекемеде отырған датқадайсың?! 1945 жылғы 28-ші наурыз күні Тәшкентте аяулы ағаның мәйіті жеткізіліп, қаралы жиынға бүкіл Тәшкент жиналды десе болғандай. Шешеміз екеуміздің алғаш көргеніміз-айналасын қарамен көмкерген қызыл шүберек байланған еркек, әйелдер, Сабыр ағаның шымқай қара киінген бұрынғы татар әйелі Макира, басқа да қара-құрым көпшілік. Бізді, ең ет жақын туыстарын маңына да жолатпапты. Сөйтсек, ағамыз майданда жүргенде әлгі жеңгеміз айнала төңіректің бәріне, әсіресе Түркістан әскери округінің басшыларына «Сабырдың қарақан басынан басқа туған-туысқанынан ешкімі жоқ» деп түсіндіріп қойған екен. Сол сәт Сабырымыз бір емес, екі өлгендей әсер етті ғой. Айдалада жүріп жылап-сықтағаннан басқа бітіргеніміз болған жоқ. Әрі-беріден кейін шешем «Сабыр өлді» дегенді сол жерде естіп, талып қалып, өзім ебіл-дебілім шығып, әбден әбіржідім....
С. Рақымовтың майдандассерігі Рашид Момыновтың естелігі:
-Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенінбәріміз де білетінбіз. Кейде қазақша сөйлеп қоятын. Бірақ мен үшін ол кісінің біздің республикадан шыққан тұңғыш генерал екендігі қымбат. Қазақ болсын, өзбек болсын ортамыздан шыққан орны толмас ұл еді...(Ә. Оспанұлы – 1974 жыл, 19 ақпан) Батырмен бірге соғысқан өзбек жолдасының бұл сөздері Рақымовтың сол кезде-ақ қазақ екені қаруластарына белгілі жайт екенін аңғартып тұр емес пе?! Осы тұста асыл бабаның майданда жүріп те өз ұлттығынан айнымағандығын анық байқаймыз.
С. Рақымовтың жары Құралай Натуллаеваның естелігі:
«Мен Сабырмен соғыста бірге болған адаммын. Екеуміздің қазақ екенімізді дәлелдеу үшін елу жыл бойы сандалып бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әбден күйіндім де1946 жылы радиокомитетке барып тікелей эфирден Сабырды да, өзімді де «қазақпыз» деп жариялап жібердім. «Сабыр ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі Ханбағыс, Мәмбетқұл датқаның немересі» деген сөздерімді естіп, Өзбекстанның қауіпсіздік ұйымының қызметкерлері келіп, мені бір түнде жүк машинасымен алып кетті.» Сабыр Рақымовтың Құралайға деген ерекше ыстық ықыласы мен құрметі ешқашан өзгерген емес. Жүрегіндегі бар сырын ақтарған майдандас әрі сенімді серігі,айнымас адал жары бола білді. Польшаны азат ету ұрысында Гданьск қаласы аумағында үлкен жарылыс болып, кең жауырынды қазақ батыры мәңгілік сапарға аттанады. Осы кезеңнен бастап Құрайлай Натуллаева үшін нағыз тозақты күндер басталады.Батырдың «Менің арманым – қазақ болып өлу» деп айтып кеткен аманатына адалдығынан танбаған Құралай апай Өзбекстан жеріндегі жұмақ өмірден баз кешіп, туған жеріне келіп, бір ауылға қоныстанады. Тіпті көршілеріміздің оның «Сұлтанова Санобар Очиловна» деп өзгертіп берген есімі жазылған құжаттарының барлығын жыртып тастайды. Сөйтіп, өзбектердің берген сауғасы мен жәрдемақы атаулыдан бас тартып, көк тиын алмай күн көреді. Ол өзінің және жары Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеу үшін талай бейнеттің азабын тартты. Соғыстан кейін майдандағы күйзелістен мың есе ауыр тауқыметін көріп, ұлты танылмай кеткен ерінің арманын орындау үшін, балаларын табу үшін, бойындағы қазақы қанды ақтау үшін арпалысып, халқының көзін ашып, баға жетпейтін қазынаны сыйға тартып кетті. *** Ресейдің Ұлы Отан соғысына арналған сайтын ашып қарасаңыз, барлық Кеңес Одағының батырлары туралы мәліметтерге қарық боласыз. Солардың ішінде өзіміздің Сабыр Рақымов та жүр. Ең бастысы, оның ұлты «қазақ» екені жазылған.
«Рахимов Сабир Омарович – командир 37-й гвардейской, Речицкой дважды Краснозаменный орденов. Суворова 2-й степени, Кутузова 1-й степени, Богдана Хмельницкого 2-й степени стрелковой дивизии 65-й армии 2-го Белорусского фронта, гвардии генерал-майор. Родился 25 января (по другим данным 1 января) 1902 года в городе Ташкенте. Казах. В детстве рано познал нужду, несколько лет провел в приюте, затем батрачил».
Батырдың соңғы сөзі
Атағы жер жарған қолбасшы Г. Жуковтың шақыруымен Сабыр жағдай ушығып тұрған 2-ші Белорус майданға келіп, алғырлығымен, қолбасшылық шеберлігімен көзге түседі. 1945 жылы 28 қаңтарда майдандағы соғыс бағыты Польшаның Грундзендзе қаласындағы жау әскерін талқандумен басталды. Бұл жер нағыз соғыстың қызып жатқан ортасы болатын. Дәл осы жерде 109-полк командирінің адьютанты болып жүрген Тоғанбай Қауымбаевпен кездеседі. Қазақтың қос қыраны бірін-бірі бауыр көріп, генерал да одан қамқорлығын аянбайды. Елік Дүйсебеков өзінің «генерал Сабыр Рақымов» деген кітабында сол кездегі –«Анасынан бір ұлттың баласы емес, Отанның шын қорғанышы болу үшін туғандай. Не деген талантты командир»-деп таңырқаған Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың тебіренісін сәтті жеткізе білген. Өзбек жерінде өссе де қанындағы қазақылықтан танбаған Сабырдың ұлтына, тіліне, елі мен жеріне деген сйіспеншілігі аса биік болған. Ол қан майдандағы қазақтарға «бауырым» деп, ерекше ізгілігін көрсетіп жүрген. Тоғанбай Қауымбаев та небір сұрапыл шайқастарда оның ағалық лебізіне жылынып, мейіріміне куә болған жандардың бірі. Ол генералдың соңғы сәтінде жанында болған жанның бірі. «Сабыр ақырғы айтқан сөздерін қазақ тілінде жеткізген еді» дейді.Польшаның Гданьск қаласын азат ету жолындағы шайқаста ауыр жараланған генералды зембілде алып барған Тоғанбай ағамыз: - Сабыр Омарұлының қазақша «жарық дүние-ай» деп бірнеше рет қайталағанын анық естідім. Полковник Руденко да жанындағы ыңырсып жатқан генерал екендігіне сенгісі келмей, қайта-қайта басын бұрып, қарап қояды. Менен халін сұрап, қазақша сөйлегенін түсінбей, аударып беруімді өтінді. Оның дауысын естімесе де, генералдың көңілін аулап, біраз нәрселер айтып еді. Ал, Сабыр Омарұлы жаны қиналып, бар айтқаны «басым-ай», ..... «Көзім, бауырым. Түбі суырып барады. Ой, жарық дүние-ай!» деген сөздер еді...Ол кісінің соңғы сөзі осы болды. Жарық дүниені, туған жер аспанын бір сәтке, бір лездік мезетке көруді армандадыбілем,-деп, сол сәтті ауыр күрсініспен еске түсіреді. Иә, ұлтыңа адалдық деп осыны айт! Жеңіс күніне небәрі қырық күн қалғанда жау оғынан қаза тапқан баһадүр тіпті суық ажалдың өзін хас батыр кейпінде қарсы алып, арманы болған ана тілінде сөйлеп, көз жұмды. Бас Қолбасшы Сталиннің өзі «темір генерал» деп атап жоғары баға берген болса, Кеңес Одағының Маршалдары Г.К. Жуков, К.К. Рокоссовскийлермен терезесі тең сөйлескен, олар және генерал П.И. Батов «Азия арыстаны» деп атаған Сабыр Рақымов туған ұлтына деген адалдығын осылай дәлелдеді. «Жарық дүние-ай» деп бұ дүниемен қоштасқан қазақ баласының қайта оралған есімі жұрт жадында мәңгілік сақталып, ендігі уақытта төбемізде жұлдыздай жарқырап тұра берері сөзсіз.
ЖАТҚА КЕТКЕН ЖАМПОЗДАР
Батырларымыз туралы толғанғанда біз таңырқайтын бір мәселе бар. Сол кездегі кеңестік саясаттың әсері ме, ұлтқа қатысты бұрмалаушылықтар аз болмаған секілді.Мәселен, батыр атанған өзге ұлттың өкілдерінің арасынан байқаусызда ұлты қазақ болып жазылып кеткен азаматты байқамайсың. Ал неге екені белгісіз, өз ұлтымыздан шыққан ерлеріміздің өзгеге жазылып кеткені тек Сабыр Рақымовпен шектелмейтіні жан жарасын одан әрі сыздата түседі. Мәселен, 2003 жылы «Казахская правда» газетінде Кеңес Одағының батыры Расул Есетовтің де өзбек болып кете жаздағаны жазылды. Р. Есетов 1943 жылы Түркістан қаласынан Кеңес әскері қатарына алынып, 138-ші атқыштар дивизиясның құрамында Ұлы Отан соғысына қатынасады. 1944 жылы 11 қазанда Есетовтың бөлімшесіне аты жоқ биіктіктегі позициядан жауды қуып шығу туралы бұйрық беріледі. Оның бөлімшесі жау бекінісіне басып кіріп, жаудың 50 әскері мен офицерін жойып, қару- жарақтарын, оқ-дәрі қоймасын қолға түсіреді. Есетов және оның тобының батыл қимылы арқасында шабуыл жасап келе жатқан жаяу әскерге жол ашылып, Есетовтің өзі осы ұрыста жаудың 46 әскерін тұтқынға алды. Жау дзотын талқандаушы қаһарман атанған оның даңқы полкке, бүкіл дивизияға тарады. Есетовке ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. Қазақтың бұл батыры кезінде құжаттардан қателік кеткендіктен ұлты өзбек деп жазылып қалған. Соғыстан кейін көзі тірі болғандықтан ғана өзі қайта-қайта құзіретті органдарға өтініш беріп «Мен өзбек емес, қазақпын!» деп жар салса да сөзін өткізе алмайды. Селт етер ешкім болмайды. Табанынантозған Расул ағамыз қазақ атын қайтару үшін берісін айтпағанда, әрісі Мәскеуге дейін арызданып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, даңқты маршал Ворошиловқа да хат жазған. Бірақ ешқандай нәтиже шықпай, әділет жоқ екен деп біржола түңіледі. Тек еліміз тәуелсіздік алған соң ғана батырдың өмір бойғы жанын мазалаған тілегі орындалып, оған «ұлты қазақ» деген төлқұжат тапсырылады. Салтанатты жиында қолына құжаты тиген сәтте тебіреніспен «Мен Қазақпын! Мен енді нағыз Қазақпын!» деп жылап жіберіпті. Тарихи әділдіктің қалай орнағаны туралы журналист Қалыбек Атжан да «Жас алаш» газетінің 2011 жылдың 30 маусымындағы нөміріне «Қайта оралған қазақ батыры» атты мақала жазған болатын. Сәл болмағанда сол күйі орысқа таңылып кете жаздап, есімі қазаққа қайта оралған жаужүрек қазақ баласының ерлік жолын жалғастырушылардың бірі - даңқты десант, сұрмерген Филипп Рубахо. Ол туралы «Түркістан» газетінде (23 сәуір,2015ж) журналист Болат Шархымбай былай деп жазады:«Филипп Рубахо 1923 жылдың 13 қаңтарында Ростов облысына қарасты Ақсай елдімекенінде (қазіргі Ақсай қаласы) Ресей әскери-теңіз флотының бұрынғы офицері отбасында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, шешесі украин қызы болыпты. Әке-шешеден ерте айырылған жас өскін Грузияның Батуми қаласындағы жетімдерге арналған балалар үйінде тәрбиеленеді. Міне, қазақ баласы үшін алабөтен есімді ол осы жерде алғанға ұқсайды. «Википедия» дерегінде «Вырос в детдоме, где и получил не типичное для казахов имя» деп көрсетуінің астарына үңілсек, қандай да бір сырдың бұғулы жатқанын айтпай-ақ сезінесің. Тарихта мұндай өрескел бұрмалаушылықтар кездесе береді және ол аз емес. Оның үстіне кеңестік тарихтың шежіресінде... Жасыратын ештеңесі жоқ, Кеңес Одағы тұсында балалар үйінде тәрбиеленгендердің бәріне дерлік «арнайы бөлім» ойдан аңыз-ғұмырбаян ойлап тауып, тек христиан-орыс дәстүріне тән аты-жөн беруді міндеттегені белгілі.» Мылтық атып, нысана көздеуге бала кезінен қызыққан Филипп 1941 жылы өз өтінішімен Ростов әскери комиссариатынан майданға аттанған. Ол ерекше тапсырмалар батальоны құрамында Одесса мен Севастопольды қорғауға қатысады.1942 жылы Оңтүстік майданда соғысқа кіріп, Ростов, Қобан, Солтүстік Кавказ үшін жаумен шайқасады. Осы шайқастарда Филипп құралайды көзге атқан мергендігімен ерекше көзге түсіп, оның мергендігі жайлы әңгіме майдандастары арасында аңыз боп тарайды. Осы жылы Филипп 7-теңіз жаяу әскеріне қарасты 393-десант батальоны сапында ұрысып, алдымен Новороссийскіге, содан кейін «Кіші жер» аталатын плацдармға десант құрамында түсіп, жаумен қиян-кескі айқасқа түседі. 1943 жылы Рубахо командирлік еткен бөлім Новороссийск портында қайтадан десант құрамында жаумен соғысады. Ол портқа алғашқылардың бірі болып басып кіріп, гранатамен жаудың 2 дзотын жойып, қолма-қол айқаста 3 фашисті жер жастандырады. Алайда теңізшілер қанша қайрат көрсеткенімен, күш тең емес еді. 14 қыркүйекте бастан жараланған Ф.Рубахоны катер арқылы дереу Сочи госпиталiне жөнелтеді. Алайда ертесі күні ол есін жинай алмаған бойда өмірден озды. Соғыс уақытында ол бірнеше рет госпитальге жаралалып түссе де әлсіздік танытпай қан майданға қайта аттанып отырған. Қазақ мергені Филипп Рубахо ұзын-саны жаудың 346 (кейбір деректер бойынша 392 деп көрсетілген) жауынгері мен офицерінің және 8 дзот, 2 танк пен минометтің көзін жойған.КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 қаңтардағы Жарлығымен І дәрежелі старшина Филипп Рубахо дүниеден өткен соң, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Сүйегі Сочи қаласындағы Бауырластар зиратына жерленген. «Егемен Қазақстанның» биылғы 2015 жылғы 4 наурыздағы санында «104-ші қаһарман» атты мақала шығып, журналист Бегабат Ұзақов Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алған қазақ ерлерінің қатарын тағы бір есіммен толықтырды. Ол ұлты «өзбек» болып жаңылыс жазылып кеткен қарақалпақстандық қазақ Іният Наурызбаев. Воронеж майданының 52-армия 254-атқыштар дивизиясының 933-полкінде жауға қарсы жан аямай соғысқан Іният Днепр өзенінен өту кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 22 ақпандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Ал енді мына жәйтқа назар аударып көріңіздерші.
Генерал Сабыр Рақымовтың тағы бір туысы, Ташкентте тұрған сәулетші Өтеш Рәшид Исламұлы айтқан әңгіме.
- 1990 жылдары Ташкент қаласы Сіргелі ауданының ба сәулетшісі едім. Бір күні Хуртам Ашуров деген кісі жұмыс бабымен келді. Өзбекшелеп сөйлесті. Біз де бұл тілді өте жақсы меңгеріп алғанбыз. Ол жақта өзбекше сөйлемесең адамдардан жауап алу қиын-ақ. Өтінішпен келген екен, көмектестім. Өзі ашық-жарқын азамат екен. Бір кезде менің қазақ екенімді сезіп қалды. -Сен қазақ екенсің ғой. Түбі қай жерденсің? - Қазығұрт ауданындағы Көкібелденмін. - Қай туғансың? - Руым бағыс болады. - Онда сен суансың ғой, Сабыр Рақымовтың бауыры екенсің ғой!, - деп құшақтай алғаны. - Иә! Ол кісі туғанымдай болып кеткен. Соғыс кезінде оның адъютанты болғанмын. Көкібелін аузынан тастамаушы еді., акамыз. Нағыз әскери адам боп жаратылған, төзімді жан еді. Бәрінен де бауырмалдығын айтсайшы?! Сол Хуртам ағамызбен жақын араласып кеттік. Өтініштеріне қолдан келгенше көмектесемін. Бір күні шаруасын бітіріп, оңашада көңілді отырғанда:
- Рәшид бауырым, өмір деген қызық қой. Бәрі де тағдырыңа байланысты екен... - деп таза қазақша сөйлеп тұр. Менің аузым ашылып, аң-таң күйде қалдым. Түс көргендей боп:
- Сіз қазақсыз ба? –дедім.
- Е-ей, Рәшиджан, біздің түбіміз қазақ қой!, - дегені күрсініп.
- Cыр түйіні – ақиқат,
Әкім ЫСҚАҚ
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
"Қазақ үні" газеті