Ұлт публицистикасы: майдангер қазақтар
2015 ж. 21 сәуір
4111
1
Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуылы ел халықтарының тұрмыс-тіршілігін түбірімен өзгеріске ұшыратты. Гитлердің мәлімдеуінше, бұл соғыс бірінші кезекте идеология мен нәсілдік айырмашылықтардың соғысы, сондықтан ол Кеңес Одағының көптеген халықтарын толық жойғанға дейін ешқандай аяусыз қаталдықпен жүргізілуі тиіс болды.
КСРО басшылығы алып елдің басына төніп келе жатқан қауіпті алдын ала сезді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ халық шаруашылығының барлық салалары армия мен майдан қажеттіліктерін қамтамасыз ету жағдайына көшірілді, республикалардың соғысқа жарамды ер-азаматтары елді қорғауға жұмылдырылды. Мысалы, 6,2 миллион халқы бар Қазақстанның 1,2 миллион тұрғыны қан майданға аттанды.
Осынау сұрапыл соғыста әскери жағдайға тез икемделген журналистиканың аса маңызды рөл атқарғанын айрықша атап өткен жөн. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери тақырып барлық мерзімді басылымдарда ең басты орын алды, публицистиканың түрлі жанрларындағы материалдар майдангер қазақтардың өшпес ерліктеріне арналды.
Сұрапыл соғыс басталысымен барлық мемлекеттік институттардың қызметі әскери жағдайға бейімделіп, олардың алдына жауға қарсы тұруды ұйымдастыруға ықпал ету, одан әрі оларды толық жою міндеті қойылды. Баспасөздің орталықтан бастап жергілікті жердегі тұтас жүйесі өзгерістерге ұшырады. Айталық, жалпы одақтық газеттер саны екі есеге дейін қысқарды. Сондай-ақ республикалық, облыстық және аудандық газеттердің де саны мен көлемі шектелді. Республикалық, өлкелік және облыстық партиялық газеттер А2 форматында аптасына бес рет екі бет болып шыға бастады. Аудандық газеттер А3 форматында екібеттік апталық басылымға айналды.
Қабылданған шешімдер бірінші кезекте солдаттар мен офицерлердің моральдық және жауынгерлік рухын көтеру мақсатымен әскери баспасөз жүйесін құруға бағытталды. Мысалы, соғыс жылдарында қазақ тілінде жиырмаға жуық майдандық, армиялық және дивизиондық газет шығып тұрды. Олардың кейбірі былай аталды: «Қызыләскер ақиқаты» (3-Белорусь майданы), «Отан намысы үшін» (1-Украин майданы), «Жауды жоюға» (Брянск майданы), «Отан үшін ұрысқа» (Волхов майданы) және басқалар. Кеңес одағы мен шет елдерге оперативті ақпарат жеткізіп отыру мақсатымен кеңестік ақпараттық бюро құрылды. Газет, радиохабарлары редакциялары мен ақпарат агенттіктеріне жүздеген журналист, жазушы, ақын, суретші жіберілді.
ВКП (б) Орталық Комитетінің 1941 жылғы тамыздағы «Арнаулы тілшілердің майдандағы жұмысы туралы» және 1942 жылғы қыркүйектегі «Әскери тілшілердің майдандағы жұмысы туралы» қаулыларына сәйкес журналистер алғы шептегі армияға іс-сапарларға аттанып, қан майданның белортасында болды, өздерінің әскери борыштарын жанқиярлықпен атқарды. Олар соғыс қимылдары жүріп жатқан қайнаған ортада жүріп, кеңес жауынгерлерінің мұқалмас ерік-жігері мен ерліктерін өз көздерімен көрді, майдан оқиғаларымен өрілген материалдарды өздерінің әдеби және публицистикалық шығармаларына арқау етті.
Қазақ халқының хаты майдан мен тылдың байланысын бұрынғыдан да күшейтіп, шыңдай түсті. Жаумен шайқасып жатқан сан-мың қазақ ұлдары туған еліне, партия мен үкімет органдарына, өзі жұмыс істеген ұжымдарға үзбей хаттар жазды. Хатты қатардағы жауынгерлер мен командирлер, бөлім командованиелері жазады, бүкіл дивизия, армия, майдан жауынгерлері болып жазады.
Антқа берікпіз. Сертті орындау – ежелгі салтымыз. Атам қазақ жаудан қайтқан емес. Ата-бабаның ежелгі жауынгерлік дәстүріне кір келтірмейміз, даңқына дақ түсірмейміз. Отан үшін жан пида!
Міне, хаттардың негізгі мазмұны осындай еді.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 4-шілдедегі нөміріне Ленин орденді және Қызыл ту орденді Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлерінен, командирлерінен және саяси қызметкерлерінің қазақ халқына хаты жарияланды. Айта кету керек, бұл хатқа қол қоюшылардың бірі гвардия подполковнигі Бауыржан Момышұлы болды. Патриоттық ұлттық сезім, рух мәселесінде терең мәні болғандықтан бұл хаттан ұзағырақ болса да үзінді келтіруді жөн көріп отырмыз: «Қазақ халқы Қызыл армияға таңдаулы ұлдарын беріп, оларды әкелік қамқорлықпен жорыққа жабдықтап, киіндіріп, қаруландырып, ұрысқа не керектің бәрімен қамтамасыз етті. Халық майданға жіберерде бізге:
– Фашист басқыншыларды аяусыз қырыңдар, зұлым оккупанттарды совет жерінен қуып шығыңдар! Біз сендерді жеңіспен ғана күтеміз! – деп әмір берген еді.
Жүз жасаған жырау Жамбылдың сөзімен халық бізге:
Қырандарым көкке ұшарда
Сал қияға көзіңізді,
Мен не көрем, көремісің?
Бақыт нұрды, жерімізді, – деп жырлады.
Я, Жәке! Майданға аттанып, туған өлкемізден кетіп бара жатқанда біз қарт Каспийдің жағасынан Алатаудың қарлы шыңдарына дейін, Бостандықтың мақталы даласынан Алтай тауларына дейін созылған жерімізді көрдік.
Отанымыздың жүрегін қыспаққа алып, тұншықтыруға тырысқан жау, қызыл астананы жартылай қоршаған қаһарлы сағатта, Москваның тағдыры шешілер кезде совет адамдары соғыстар тарихында болып көрмеген ерлікпен жау тегеурінін тойтарып, ақыры күл-талқан етті. Жаудың 50 танкі жолына ұлы тосқауыл болған 28 геройдың теңдесі жоқ қаһармандығын елімізде естімеген жан бар ма екен!
Ержүрек 16 геройдың басшысы, Алматының комсомол қызметкері Рәшит Жанғожин жүздеген фашист жауыздарға қарсы ақтық демі біткенше күрес жүргізіп, оқ тескен партиялық билетін қысқан қолын жоғары көтеріп, ұлы даңқпен от ішінде қаза тапты.
Төлеген Тоқтаровтай болу үшін Отанды мейлінше қатты сүю керек, жауға барлық жан-тәнмен мейлінше қатты өшігу керек.
Қазақстан колхозшысы, қызыләскер Тілеуғабылов бір ұрыста жалғыз өзі жаудың 3 танкін қиратты. Оқ атып жатқан жер шегіне төртінші танктің өтіп бара жатқанын көре салып, ол соңғы гранатын қолына алып, жау танкінің табанына қарай ұмтылды, оның бұл қаһармандығы Севастопольді қорғаушы – 25 қаратеңізшінің қаһармандығынан да асып түсті...
Бізде ұрыстар талқысында Отан соғысы тәжірибелеріне жетілген үздік командирлер өсті. Алматының бұрынғы ғылыми қызметкері, Советтер Союзының Геройы Мәлік Ғабдуллин қатардағы жауынгерден майор болды. Бауыржан Момышұлы өзіміздің көз алдымызда үлкен лейтенанттықтан подполковник болды...
Отан үшін ұрыстарда жүздеген жауынгерлер өсіп, шынықты. Олар – Жамбыл облысының бұрынғы колхозшысы, құралайды көзге ататын мерген, 105 немісті өлтірген, мергендердің бүкіл бір тобын тәрбиелеп шығарған, біздің делегатымыз – Әбіл Нүсіпбаев. Олар – Нүсіпбаевтың шәкірті, Мақтааралдың бұрынғы мақташысы, бір өзі 259 немісті өлтірген Төлеуғали Әбдібеков; Оңтүстік Қазақстанның комбайнері винтовкамен 49 немісті атып өлтірген Тұраров. Олар – минометчик Әлібай Керейбаев, оның расчеты 410 гитлершілді ол дүниеге жөнелтті. Олар – талапты композитор, санинструктор Елебаев Рамазан, ол ауыр жаралы болған 60 жауынгер мен командирді қару-жарақтарымен ұрыс даласынан алып шықты. Олар – Қазақ ССР Совхоздар Халық Комиссариатының бухгалтері, бөлімшелердің бірінің штаб писарі – Тұрғанов, ол қол пулеметімен 20 немісті өлтірді. Олар – біздің алтын қорымыз, дивизиямыздың жан жүрегі – ондаған, жүздеген басқа да командирлер мен жауынгерлер.
Біз шешуші ұрыстарға әзірленудеміз!
Ата-аналарымыз, әйелдеріміз бен балаларымыз! Алда тұрған сұрапыл ұрыстарда халық сенімін, гвардеецтер деген даңқты атақты ақтап шығамыз деп сіздерге уәде береміз! Біз өзіміздің туған ордамызға тек жеңіспен ғана қайтамыз».
Сұрапыл соғыс жылдарында жауынгер-қазақтардың ерекше адами қасиеттері, ерлігі жөнінде көптеген көрнекті кеңес жазушылары мен публицистері қалам тербеді. Олардың сол тұстағы шығармашылық мұраларында қазақ халқы жөніндегі тебіреніс-толғаныстары, қан майдандағы ерліктері мен тылдағы жанқиярлық еңбектері жарқын көрініс тапқан. Жазушы-публицистер мұндай қасиеттердің күллі кеңес адамдарына тән екендігін, достық пен бауырластықтың оларды биіктерге көтеріп отырғанын мақтаныш сезімімен жеткізіп отырды.
Осы орайда соғыс жылдарында от-жалынға оранған шығармашылығы арқылы тек кеңес халқының ғана емес, шетелдіктердің де ыстық ықыласына бөленген атақты жазушы-публицист Илья Эренбургтің шығармашылығына ден қойып көрелік.
Ол өзінің көптеген материалдарында неміс-фашист жендеттерімен аяусыз күресіп жатқан халықтар, олардың бойларындағы патриотизмнің қайнар көздері туралы тебіреніспен жазды. Оның жазбаларын барлық кеңес халықтары зор сүйіспеншілікпен қабылдады, материалдары жауға қарсы тасталған бомбадай әсер етті. Әскерилер Эренбург публицистикасының автомат қаруынан кем болмағанын, жауынгерлер шабуылға шыққанда гимнастеркаларының төс қалталарына сол материалдарды салып жүруді дәстүрге айналдырғандықтарын жиі-жиі айтатын болды. Оның публицистикасының жауынгерлік күш-қуатының ықпалды болғаны соншалық, Гитлер оны өзінің жеке жауларының тізіміне енгізді. Бұл қара тізімде диктор Ю.Левитан да болды.
Эренбург кеңес патриотизмі жөнінде айта отырып, оған абстракты түсініктерді пайдаланған жоқ, көпұлтты алып ел халықтарының нақты өкілдерінің мысалдары арқылы өзінің публицистикалық қорытындылары мен тұжырымдарын жасап отырды. Оның бастауларына тоқтала келе былайша толғанды: «... ұлттық сезімнің гүлденуі ұлттық шектеулерге алып келген жоқ, міне, сондықтан да орыс және украиндармен бір сапта тұрып қазақтар, қалмықтар, татарлар, өзбектер, якуттар, грузиндер, армяндар, біздің еліміздің барлық халықтары қазір Ленинградты қорғауда».
Қаламынан тамаша материалдар туындаған публицисті қазақтар жақсы білді. Оларды тек қана партиялық насихатшылар мен үгітшілер ғана емес, қарапайым адамдар да қызыға оқыды. Эренбургтің жалынды сөздері солдаттардың ғана жауынгерлік рухын көтеріп қойған жоқ, сонымен қатар, кез келген ұлт өкілінің санасына тегеурінді ықпал етті, олардың бойында өзі мен өз халқына деген мақтаныш сезімін оятты. Еңбек тылында жауға қарсы күресте жанқиярлық танытып жатқан Қазақстан халқы да жазушының осы жолдарынан шабыт алды. Сондай-ақ бұл материалдар қазақстандық журналистика үшін де шынайы сөз зергері мен шешенге тән асқан шеберліктің үлгісі болып, тың тақырыптарға жол ашты, асқақ идеялардың бастау көзіне айналды.
Ол «Өлімнен де күшті» тақырыбымен берілген публицистикалық материалдарының бірінде эсэстік «Шварце кор» газетінің 1942 жылғы 9 шілдедегі нөмірінде жарияланған бас мақаладағы «Севастополь», «Ленинград», «Москва», «Воронец» қалаларын қорғаушылардың күші неде? Кескілескен шайқастағы осыншалықты қарсылықтың, қайтпас қайсарлықтың сыры неде?» деген сауалдарға қазақ халқы өкілінің мысалында жауап береді.
«Мен бүгін қазақ жауынгерден хат алдым. Соны келтірейін: Қызылармияшы Асқар Лекеров былай жазады: «Сіздің «Июнь» атты мақалаңыз менің ойыма көп нәрселерді түсірді. Мен тар да дымқыл жертөледе отырғанмын, алайда дәл осы сәтте әлемнің үлкен театрында отырғандай әсерде болдым. Көз алдымнан қазақ халқының өмірі экрандағыдай өтіп жатты... 1941 жылғы июньді есіме түсірдім. Мен сол кезде өзімнің туған колхозымда едім. Революцияға дейін бұл жер Батпақ, яғни лайлы, балшықты жер аталды. Таудан жіңішке өзен ағатын, ол да Батпақ делінетін. Бұл жерде бұрын ешкім тұрған жоқ, - деп айтатын кейбіреулер, - тұруға болмайды да. Ал қазір осы өзеннің жағасында жаңа колхоз селосы қоныс тепкен, 130 үй, үлкен жеті жылдық мектеп, клуб бар. Әр үй бау-бақпен, бақшамен көмкерілген, төрт жүз гектар егістік алқап, он мың қой, алты жүз сиыр, жеті жүз жылқы бар Батпақтың 1941 жылғы июньдегі көрінісі, міне, осындай еді.
Мен өзімнің туған өлкемді, туған жерімді, өзімнің Батпағымды сүйемін. Батпақ өзенінде шомылғым келеді... Мен өзім сізге, Эренбург жолдас, турасын айтайын: жауды жеңген соң өмір сүргім келеді. Алайда жаумен кескілескен шайқас кезінде мен бәрін де ұмытып кетем. Мені бір ғана ой толғандырады: қанқұйлы жендеттерді аяусыз қыру ғана. Қаным басыма шабады. Қарапайым ғана кішкентай қазақ жеңілмейтін алып жауынгерге айналады».
«Осы қарапайым, жүрек сезімімен жазылған хат, – деп жалғастырады публицист, – біздің жауынгерлеріміздің күшін айғақтап тұр. Асқар Лекеров қарапайым қазақтың қасиетті де қиян-кескі шайқаста жеңілмейтін әрі мұқалмайтын күшке айналып кететінін жан-жүрегімен айтады. Бұл шындық. Қазақ, не орыс, не украин болсын – олардың бәрі де жеңілмейтін әрі мұқалмайтын біртұтас халыққа айналады. Бұл бізге жаңа сынақтың ауыр күндерінде «біздің халқымыз құрыштай берік, жеңілместей мығым» деп нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді».
Қан майданның қайнаған ортасында жазылған материалдары алдымен «Комсомольская правда» газетінде жарияланып, қолдан қолға көшіп отырған жас қазақ публицисі, жауынгер Баубек Бұлқышевтың ойлары Илья Эренбургтің ойларымен тығыз астасып жатты. Оның публицистикалық дүниелері республикалық қазақ және орыстілді газеттерге де іле-шала көшіріліп, аударылып басылды. Ол «Өмір сүргім келеді» атты тақырыппен берілген публицистикалық толғауында сүйген қызы жөнінде былайша толғанады:
«... Мен де өзімнің сүйген қызымды ойлаймын. Шығыс қызы Жаннаны сағынам: Жаным, Жанна, сен тіпті алыстасың. Бірақ суретің қалтамда, ...менің жылы құшағымдасың. Жүрегімді сенің адал махаббатың жылытады.
Жанна, сен қайдасың қазір? Мүмкін екінші сменаға қалып, дәл қазір соғыс заводында жұмыс істеп тұрған шығарсың? Маған оқты көбірек құйып берудің жолында шығарсың. Мүмкін ұзақ түн оқ құйып, қазір ұйықтап жатқан шығарсың? Түсіңде өзің құйған снарядтардың немістерді қалай талқандайтынын көріп жатқан шығарсың?
Тыныш ұйықта, жаным! Ұйқың бұзылмасын деп, күзетіңде біз тұрмыз мұнда. Мен оқымысты болуды арман етуші едім. Қазіргі күнде сені қорғайтын, өзіміздің Шығысты қорғайтын, өзіміздің Отанды қорғайтын солдатпын. Таңертең соғысқа кіргенде есімде сен боларсың, елім болар.
...Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фашист неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашист бар дүние мен үшін тар. ...Біз Шиллерді, Гетені сүйетінбіз, біз оларды қазір де жақсы көреміз» («Социалистік Қазақстан». – 1942. 29 қараша).
Жауынгер-публицист жиырмасыншы ғасырда, адам ұлының ой-өрісі ер жеткен мәдениетті ғасырда нәсілшілдік дертімен уланған фашист басқыншыларының адамдық бейнеден айырылғанына күйінеді.
«Біз қашан да гуманист болатынбыз, – деп жалғастырады жауынгер қазақ. – Біз адамды ерекше сүйеміз де, оның өмірі ең қымбат өмір дейміз. Мен адам өмір сүрсе екен, еңбек етіп, өнерін көрсете алса екен деймін. Ал ол Адам өмір сүру үшін, сол адам өмір байлығын жасап алу үшін керек нәрсе ол жаңағы айтқан – фашисті қыру! Осы тілек үшін біз талай құрбан шалармыз, бірақ бұл тілек орындалады да!
Мен жиырмадағы совет жасымын. Мен өмір жолының біразын жүріп тастасам да, алдымда талай қыр бар. Менің алтын жолым жиырмасыншы ғасырдың биік қырқасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады. Ол жол менің ұлы Отанымның далаларынан өтеді. Жан жағымда мен сияқты миллиондаған совет жастары. Олар да өз жолдастарымен кетіп барады. Бірақ бәрінің жолы да сол биікке, сол алға тартып жатыр.
Міне, менің қалам, университетім, менің сүйетін Жаннам. Мен сендерге соғыс өртін қақ жарып өтіп келе жатырмын. Әрі асығам. Әрі алқынам. Мен сендерге жеткім келеді. Бірақ дәл жолымда көлденең тосып, автомат ұстаған неміс тұр. Ол мені өлтіргісі келеді. Ол менің жолымды бөгемек болады. Мен сақ болмасам, ол мені өлтіреді де. Онда ол менің барлық туған-туысқандарымды да өлтіреді. Қаламды қиратып, университетімді талқандайды.
Менің туысқандарым өз тағдырларын маған тапсырды. Ол тағдырға мен жауаптымын. Сол жауапты бере аламын да».
Лиризм тұнып тұрған философиялық ой-толғамдарға толы оның майдандық публицистикалық шығармаларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның от-жалынға оранған дүниелері қазақ тіліне аударылып, баспадан әлденеше рет басылып шықты. Баубек публицистикасының отты үнімен жастардың әлденеше буыны тәрбиеленіп келеді. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгер-публицисі жинағындағы публицистік дүниелерді тебіренбей оқу мүмкін емес.
Баубек Бұлқышев өзінің публицистикалық еңбектері арқылы өз Отанын, өз ұлтын шексіз сүйе білудің ғаламат үлгісін көрсете білді. Сондықтан да оның шығармалары халықтың үлкен ықыласын туғызып, оны зор құрметке бөледі. Ол туған халқының есінде шабуылдың алғы шебінде бара жатқан мәңгі жас күйінде қалды...
Соғыс жылдарында қазақ халқының асқақ гуманизмі әдебиет пен өнерде де астасып жатты. Жыр алыбы Жамбылдың қоршаудағы ленинградтықтарға арналған «Ленинградтық өрендерім» атты үндеу-жыры Ленинград көшелеріне ілініп, жауынгерлер мен халықтың рухын көтерді. Ал, Сталинградты қорғаушы қазақ жауынгерлері мен командирлері Қазақстанның халық ақыны Жамбылға хат жазды («Социалистік Қазақстан». – 1942. 20 қараша).
Біз бүгін сұрапыл соғыс жылдарында қалам қаруымен ұлы жеңісті жақындата түсуге өлшеусіз үлес қосқан М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Б.Бұлқышев, М.Ғабдуллин, Ә.Нұршайықов, Ж.Алтайбаев, С.Мәуленов, Ғ.Орманов, Қ.Жұмалиев, Қ.Сәтпаев, С.Бәйішев, Б.Кенжебаев, Х.Бекхожин, Қ.Шәріпов, М.Иманжанов, А.Лекеров, тағы да басқа сандаған асылдарымызды мақтанышпен еске алуға тиіспіз. Ал, осынау алып шоғырдың басында жыр алыптары Жамбыл мен Кенен тұрды. Өз шығармаларына қазақ жауынгерлерінің өшпес ерлігін арқау етіп отырған орыс жазушы-публицистері И.Эренбург, К.Симонов, М.Ритман, О.Огнев, З.Кедрина, тағы басқалардың шығармалары қазір де маңызын жоймақ емес.
Қазақ халқының асқақ рухпен өрілген гуманизмі қағаз жүзінде немесе майдан мен тілдің өзара қатынастарында ғана көрініс тауып қойған жоқ. Баспасөздің қалың бұқараны қажырлы еңбек пен соғысқа жігерлендірудегі күнделікті жұмысы өз жемісін беріп жатты. Қазақ халқының бойындағы қайырымдылық, ақжүректік, ашық-жарқындық секілді асыл қасиеттер эвакуацияланған бейбіт тұрғындар мен майданда жарақаттанған жауынгерлерге қатынаста ғана емес, сонымен қатар, тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған қарашай, қалмық, кәріс, шешен ингуш, грек, поволжьелік неміс, балкар және т.б. ұлттарға деген қаяусыз қамқорлықта да жарқырай көрінді. Жасыратыны жоқ, кезінде бұл жөнінде жазылмады, себебі, ол жабық тақырып еді. Сол жылдары кеңестік цензура бұған қатаң шектеу қойған болатын қарапайым халық мұны, астарын жақсы түсінді.
Сұрапыл соғыс жылдары баспасөздің халықтың өзіндік идентификациялану проблемаларын қалай шешкенін, оның ұлт портретін жасаудағы теңдессіз еңбегін ой елегінен өткізуге бай материал береді. Бір жайт айқын – оның қатысуынсыз жаумен қарсы алапат соғыста жеңіске жету мүмкін емес еді. Баспасөз бұл кезеңде «таптық күрес» деп аталатын проблемаларды жайына қалдырды.
Соғыс жылдарында қазақ журналист-публицистері өзінің бай тарихы бар ұлттардың тығыз топтасуы арқылы ғана жеңілмес ұлы күшке айналатынын терең түсінді. Тек осындай халықтың ғана қоғамдық дамуда өзінің лайықты орнын алатыны ақиқат. Бұған тағдыры талайлы қазақ халқының өмірі жарқын дәлел бола алады.
Сейдолла САДЫҚОВ, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
"Қазақ үні" газеті