...Табаным Алматы топырағына тиісімен бірден Герольд Карловичтің пәтеріне телефон шалдым. Телефон тұтқасын әйел адам көтерді. Мен өзімнің Солтүстік Қазақстан облысынан келгенімді айтып, мүмкін болса, Герольд Карловичті телефонға шақыруын сұрадым.
Сәлден соң «Иә, тыңдап тұрмын» деген Герольд Карловичтің қарлығыңқы дауысы естілді. «Сәлеметсіз бе?». «Аманбыз, бұл кім болды екен?». «Сіздің жерлесіңізбін. Облыс әкімінің тапсырмасымен келіп едім». «Ол кісі жақында мені құттықтап еді ғой». «Жылы лебіздің артықтығы болмайды ғой». «Иә, иә, дұрыс айтасың. Бірақ, біздің үй толған қонақ, мұндайда өзің білесің ғой, бірі кіріп, бірі шығып жатыр дегендей, оның үстіне Бішкектен балдыздарым келіп еді, сізге қолайлы бола қояр ма екен? Бұл мәселені қалай шешсек екен?..». «Герольд Карлович, мен көп уақытыңызды алмаймын, кіріп қана шығамын. Айтпақшы, мүмкіндік болып жатса, сізге қойсам деген бір-екі сауалым да бар еді». «Сауал дейсің бе, мен соңғы кезде сұхбат беріп жүрген жоқпын». «Жерлестеріңіздің көңілін қайтармайтын шығарсыз?!». «Жарайды, оның бір жөні болар, алдымен табалдырықтан аттап алсайшы, көп сөздің тоқетері – сағат үште біздің үйге келе қал, біздің қайда тұратынымызды білесің бе?». «Білемін».
Бельгердің жазғандарын оқымау мүмкін емес. Мен де көзіме түскендерін қалт жібермеймін. Содан да, онымен бұған дейін бір-ақ рет кездессем де, мінез-құлқына, өмір дағдыларына қанық болмасам да, біраз жайдан хабарым бар, әсіресе, оның уақытты қатты қадірлейтінін білемін. Демек, айтылған уақыттан кешігуге болмайды. Сөйтіп, сағат тілі үшке бес минөт қалғанда Бельгерлер пәтерінің алдында тұрдым. Есікті Герольд Карловичтің өзі ашты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Жоғары шық, кабинетке барайық» деп ілтипат білдірді. Кабинеті шағын ғана бөлме екен: кіреберіске жазу үстелін қойыпты, оң жақта шкаф тұр, оған қарсы қойылған диванға жайғастық. «Міне, менің көп уақытым осында өтеді, бұрынғыдай емес, үстел басында көп отыра алмаймын, кейде жатып жазамын, – деді де, қолына қаламын алып, алдында ашық жатқан дәптерге шұқшиды. – Алдымен мені 219-шы болып 80 жасқа толуыммен құттықтаған адамның аты-жөнін мына араға жазып қояйын, Сүлейменов Жарасбай, Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы. Ал енді сөйлей бер, ел аман, жұрт тиыш па?». «Бәрі жақсы, өзіңізді танитындар сәлем айтып жатыр. Облыс әкімінің құттықтауы мен сыйлығын әкелдім». «Ерік Хамзаұлын білемін ғой, кезінде екеуміз бірге депутат болғамыз, елге оралғаны жақсы болған екен». «Солтүстікқазақстандықтар да қуанып жатыр. Мынау сізге жолдаған сыйлығы – компьютердің соңғы үлгісі». «Менің қаруым қалам ғой, компьютер дегеннің не екенін білмей өтіп барамын, бәрін қолмен жазамын… Мынау тағы не нәрсе?». «Бұл Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматының куәлігі, облыс әкімінің ұсынысын қолдаған облыстық мәслихаттың депутаттары осындай шешім қабылдады. Құтты болсын!». «Рахмет! Бұл міне, мен үшін өте үлкен сыйлық. Құдайға шүкір, менде біраз наградалар бар, кезінде оларға да қуанған шығармын. Ал мына құрметке кереметтей толқып отырмын. Облыс басшыларына да, депутаттарға да, барлық жерлестеріме де менің зор алғысымды жеткізіңіз». Оның қуанышында жасандылық жоқ еді. «Рая, Рая» – деп ас үйде жүрген жолдасын шақырды. – Міне, көрдің бе, маған жерлестерім Құрметті азамат деген атақ беріпті. Әйелі жарайсың дегендей сәл жымиып, құтты болсын деді де, өз жұмысымен айналысып кетті.
Алғаш табалдырықтан аттағанда үй иесінің жүзі сынық сияқты еді. Елдің хабарын естігеннен кейін көңілі сәл де болса көтеріліп, жанарына ұшқын ұялағандай көрінді маған. Осы сәтті пайдаланып қалайын деген оймен Герольд Карловичті әңгімеге тарттым.
– Герольд Карлович, мен Қызылжардан пойызбен келдім, жол бойы, шіркін-ай, орайы келіп, өзіңізге бір-екі сұрақ қойсам деген үмітімді аялаумен болдым.
– Мен қазір журналистерге сұхбат беруді сиреттім деп айтым ғой, оның бірнеше себебі бар, біріншіден, осыған дейін біраз мәселелерге қатысты ойларымды білдірдім, мен көзқарасымды күнде өзгертетін адам емеспін. Екіншіден, менде денсаулық деген жоқ, қазір сау отырмын дей алмаймын. Алайда, сенің жөнің бөлек, алыстан, менің өсіп-өнген жерімнен келіп отырсың. Өзің қай ауданнан боласың?
– Мен де Шал ақын ауданының тумасымын, Балуан деген ауылды естуіңіз бар ма?
– Естігенде қандай, жас кезімде бірнеше рет болғамын. Онда Ақбастың Нұрғалиы деген кісі тұрды, сол ақсақалдың Ержан, Есләм, Шәмшия деген балаларымен көп араластым. Тіпті, жақын болып шықтық қой. Онда құлағым сенде, сұрағыңды қоя бер.
– Соңғы жылдары ауылға ат-ізін салмай кеттіңіз ғой.
– Рас, менің ауыл жаққа бармағаныма едәуір уақыт болып қалды. Кейбіреулер ойлайтын да шығар, бұл Бельгер ауылды ұмытты деп. Ұмытқан жоқпын. Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Сағынамын. Бірақ жете алмай жатырмын. Өйткені, соңғы кезде жүрегім ауырады, денсаулығым нашарлап кетті. Мен өзім бес инфаркт, бір инсульт алған адаммын. Осы күнге дейін тірі жүргеніме өзім де таңғаламын. Дәрігерлердің айтуларына қарағанда, жүрегімнің 20 пайызы ғана істейді екен. Қазір үйден көп шыға қоймаймын. Ауылға баруымды сиретіп алуымның басты себебі осы ғой деймін. Оның үстіне менің білуімше баяғы ауыл жоқ, бәрі өзгерген. Ауылдың ажары да, тұрғындары да мүлде басқа. Баяғы қазақтар жоқ. Мен болғанда ол жердің қазақтары бүгінгіден өзгеше болатын. Кеңпейіл, жомарт, білімі аздау болса да керемет еді ғой. Қазіргілердің білімі бар, компьютерді игерген бәрін біледі. Бірақ баяғы қазақтай емес. Яғни, қазақтың жаңа түрі пайда болғандай. Маған сонау бала кезімдегі қазақтар жақын, ыстық. Қазіргі қазақтарды, оның ішінде жастарды түсінбейтін халге жеттім. Мүмкін басқа заманның адамы болған соң да солай ойлайтын шығармын. Білмеймін, әйтеуір қазіргі ауыл мені баурамайды.
Мен Солтүстік Қазақстан облысына 1941 жылы келдім. Содан бері 73 жыл артта қалды ғой. Осы уақыт ішінде қазақтар көп жақсы қасиеттерінен айырылып қалды. Осылай дегеніме ренжімес, ішке сыймаған соң айтып отырмын.
Сексен деген әжептәуір жас. Ыбыраев ауылының маңындағы Жаңажол, Жаңаталап, Көктерек, Алқаағаш, Қаратал, Жаңасу, Қарасу, Өрнек, Мектеп, Балуан, Социал деген ауылдардың бәрі маған таныс. Олар маған ерекше ыстық. Түсімде соларды көремін, ойлағанда соларды ойлаймын. Қазір қарап отырсам, ауылдардың бәрі өзгерген. Естуімше, өскен ауылымда әлі күнге дұрыс құдық та жоқ екен. Демек, халық ауыз суға жарымай отыр. Осыған ішім удай ашиды. Менің Сәлім Құрманғожин деген досым бар. Осында тұрады. Сол осыдан бір-екі жыл бұрын ауылына барып еді, айран таба алмапты. Масқара ғой! Мал ұстамаған соң ауылда тұрып не керегі бар?! Баяғы апаларымыз күмпілдетіп пісіп жататын қымыз, май-қаймақ қайда? Әр үйдің шошаласында жайылып тұратын құрт қайда? Мен мұны өз тамағымды ойлағандықтан айтып отырған жоқпын, ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарса екен деген тілек қой менікі.
Байқаймын, соңғы кезде ауылдардың жағдайы, әсіресе, теріскейде төмендеп кетті. Мен жас кезімде Жамбыл облысының Байқадам деген жерінде жұмыс істегем. Сол сияқты, Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған, Алматы облыстарын да талай рет аралағам. Олардан хабарым бар. Олардың тұрмысы біздің жақтың тірлігімен салыстырғанда бір саты жоғары сияқты көрінеді маған. Біздер кенже қалып қойдық. Сол жағы мені ұялтады, қынжылтады. Осылай жалғаса берсе, қазақтардың келешегі не болады деп ойға қалатын кездерім де бар. Мүмкін, мен қателесетін де шығармын. Себебі, ауылға бармағалы көп жыл болды. Өскен ауылдың ортасында жүрген жоқпын ғой. Ол жақта жүрсем, мүмкін ойларым өзгерер ме еді?!
– Көптеген ауылдардың жүдеп қалғаны рас. Бірақ жағдай барлық жерде бірдей емес, нарыққа бейімделіп, күнкөрісті түзеп алғандар да бар. Мысалы, соңғы жылдары Ыбыраев ауылының дәл іргесіндегі Мектептен бір үй көшкен жоқ. Қора-қора мал ұстап, басы артық өнімдерін сатып күн көріп отыр. Қаратал да солай. Соған қарағанда бірте-бірте ауыл да көтерілетін сияқты.
– Аузыңа май. Көтерілсін. Ауыл қазақтың алтын бесігі ғой. Бүгінгі ауылдың жағдайын әркім әртүрлі түсіндіріп жатыр ғой. Кім не десе де мен үшін ауылдың қазіргі жағдайы қиын. Мен өзімнің азамат ретінде қалыптасуыма үш жағдай – ата-анам, ауылым және кітап әсер еткенін ұдайы айтып жүремін.
– Кітап демекші, қазіргі жастар компьютермен тым әуестеніп, әдеби шығармаларды қолдарына алмайтын болды. Осыған не айтасыз?
– Не айтамын. Дұрыс емес мұның бәрі. Компьютер кітапты алмастыра алмайды.
– Сіздің күнделік жазуға көп көңіл бөлетініңізді білеміз. Көлемі біразға барып қалған шығар?
– Менің әкем Карл Фридрихович те күнделік жазған. Ал мен күнделікті екінші сыныпта оқып жүргенде ме, әлде үшінші сыныпта ма, жаза бастадым. Содан бері бұл әдетімнен тайған емеспін. Дұрыс айтасың, көлемі біраз бар-қазірдің өзінде 50 баспа табақтан асып кетті білем. Әрине, күнделіктерімдегілердің бәрі алтын емес. Арасында адамның күлкісін келтіретін, ешкімді, тіпті менің өзімді де қызықтырмайтын сөздер жетерлік. Дегенмен, дәптерге түскендерді ой елегінен өткізіп, кәдімгідей сұрыптасам, менің ғана емес, өскен ортамның көріністері қылаң беретініне, тұтас бір дәуірдің көз алдыма келетініне күмәнім жоқ. Денсаулық болса, бұл іспен де айналыспақ ойым бар. Болашақ еңбегімнің атын да ойлап қойдым. «Өткен күндер елесі» деп атасам деймін. Кейде осының бәрі кімге керек деп ойлайтын кездерім де болады. Алайда, ұлы Абайдың Он бесінші қара сөзіндегі: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген сөздері оралады да, тағы да жалғастырып әкетемін.
– Сізді қазіргі қазақ әдебиетіндегі жағдай қызықтыратын болар?
– Қызықтырғанда қандай. Бірақ осы тақырыпқа тереңдеп бармай-ақ қояйықшы. Жақсы жақтарын атай отырып, кемшілігіне де көз жұма алмаймын. Ал қазақ «тура сөйлеген туысына да жақпайды» дейді, біреулерді ренжітіп алармыз. Кезінде досым, марқұм Дүкенбай Досжанның бір шығармасындағы сәтсіздікті тілге тиек еткенім бар. Оны Дүкең көңіліне алды ма, алмады ма, білмеймін. Бірақ соным бекер болды-ау деп әлі күнге өкінемін. Мен Дүкенбайдың біраз шығармаларын орыс тіліне аударсам, ол да менің бірсыпыра дүниелерімді қазақ тілінде сөйлеткен қарымды қаламгер еді. Мен оны жақсы көруші, қатты сыйлаушы едім. Дүкеңнің де, жұбайы Сәуленің де бізге деген көңілі ерекше болатын. Бірақ, бір жағынан ойлаймын, досымның кемшілігін мен айтпасам, кім айтады?!
Ал шынымды айтсам, әдебиет жайлы әңгімеден қашқақтауымның басқа да себептері толып жатыр. Бүгінде әдебиет те төмендеген, әдебиетшілердің өздеріне де көңілім толмайды. Билік әдебиетке немқұрайды қарайтын сияқты. Бұл арада жазушылардың өздері де кінәлі екенін айтпай кетуге болмайды. Олар ұсақталып барады, беделі төмендеп кетті. Баяғыдай ірі сөйлейтіндер шамаланып қалды. Басылымдардың таралымы аз. Кітаптың бағасы қымбат. Кітапты оқитындар санының азайып кетуінің бір себебін осыдан да іздеген жөн шығар. Мен соңғы кезде әдебиет туралы сөйлеуді қойдым.
– Сізді жақсы білетіндер күні-түні жұмыстан бас алмайды дейді.
– Күні-түні дегендері әсірелеп айтқандары шығар, бір күнімді босқа өткізбеуге тырысатыным рас. Соның нәтижесі болар, бүгінгі күнге дейін 74 кітап шығардым. Соңғы кітап Гонконг қаласында «Таңдамалы» деген атпен шыққалы жатыр, әдемі безендірілген, көлемі 500 бет. Сол кітапқа менің біраз шығармаларым енді. Кітаптың құрастырушысы және алғысөзін жазған Ермек Тұрсынов дейтін азамат. Кітап сол кісінің арқасында шыққалы жатыр. Таяуда кітаптың таныстырылымы өтеді. Мен соңғы 14 жыл ішінде «Плетенье чепухи» дейтін айдармен ойларымды жазып жүрдім. Адамның басына не бір ой келмейді. Соның бәрін түртіп жазғаным газет бетінде шығып тұрды. Оның көлемі 4 том болды. Ол төрт том да түбінде далада қалмайды деп ойлаймын.
Жастарға арналған бір кітабым да әлі жарық көрген жоқ. Бүгінде 74 кітабым шықса әлі де бесеу-алтауы қолжазба күйінде жатыр. «Парасат» деген журналда менің күнделігім шығады. «Диацет» деген басылым да материалдарымды үзбей жариялап келеді.
– Өзіңіз денсаулығыңыздың сыр бере бастағанын айтып отырсыз. Соған қарамай күнде жазамын, отыра алмасам, жатып жазамын дейсіз...
– Оның түсінбейтін түгі жоқ. Мен бейнеттің, ауырып-сырқаудың не екенін бала күнімде-ақ сезінгем. Ауылдың үлкендері мені «желаяқ» дейтін. Білмеймін, көз тиді ме, әйтеуір, құлын-тайдай ойнақтап жүрген кезімде, атқа мінемін деп мертігіп қалдым. Одан кейін созылмалы ауруға шалдықтым. Жоғарыда айттым ғой, бірнеше рет инфаркт алдым, инсульт алдым деп. Міне, осылай өмір бойы аурумен арпалысып келемін. Берілмеуге тырысамын. Кейде қатты қалжырап кететін кездерім де болады. Сондайда өзімнің сүйікті «сүрлеуіме» түсіп, Шоқан ескерткішіне барушы едім. Бір күні сол арада кездесіп қалған жасы егде тартқан қазақ әйелі, менің жағдайымнан хабардар болуы керек, қоштасарда: «Саспа, қазақтың аруағы сені алып шығады», деді. Осы сөздер маған қатты әсер етті. Ойланып қалдым. Сөйтіп, тұйықтан мені еңбек қана алып шығады, маңдай терімді аямай төгуім керек, өліспей беріспеймін деген шешімге келдім. Осыдан кейін бірнеше роман жаздым, көптеген кітаптарым жарық көрді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, еңбек мені тығырықтан алып шықты. Тәубе, міне, сексенге де келдім. Осыдан кейін қалай мен еңбектен қол үзуім керек. Еңбек – менің өмірім! Кейбіреулер ойлайтын, айтатын шығар «Осы Бельгерге не жетпейді, отырмай ма үйінде жанын қинамай» деп. Жоқ. Мен екі қолымды тіземе салып, бос отыра алмаймын. Менің алдыма қойған мақсаттарым бар. Солардың бәрін орындауым керек.
– Қазіргі жастар осыны ойламайтын сияқты. Болмашы қиындыққа шыдай алмай бәрінен шеттеп қалады. Боркемік. Әлжуаз. Соларға не ақыл айтасыз.
– Өз өмірімнен түйгенім – адамның өмірі тек қана қуаныштардан тұрмайды. Өмір – күрес деп бекерге айтылмаған. Сүрінесің, құлайсың… Осындай сын сағаттарда салың суға кетпесін, жігерсіздік танытпа, қайғы-мұңға беріліп, бәрін тағдырға жауып, әрекетсіз отырма. Күрес. Тағдырың үшін, болашағың үшін күрес. Сонда жеңіс өзінен өзі келеді.
Табысқа да жеттің делік. Оған басың айналмасын. Текке масайрама. Қуаныштың ғұмыры тым қысқа. Қас-қағым сәт. Көзді ашып жұмғанша тағы да сәтсіздік аяқтан шалады. Осындай кезде мен барынша жұмысқа жегілемін. Басқа жол, басқа таңдау жоқ. Демек, жұмыс – мен үшін ем, өмір! Осындайда атақты автогонщиктің: қауіпті бұрылыстарда неше түрлі оқиғалар болып жатады, біреулер сақтық жасап жылдамдықты азайтса, енді біреулер рулге ие бола алмай апатқа ұшырайды, ал мен осындай кезде жылдамдықты барынша арттырып, жеңіске ұмтыламын деген сөздері ойға оралады. Мен де басыма қиындық түскен сайын ширыға түсемін. Қамшыны басамын, намысымды қайраймын. Осылай басқа түскен қиындықтармен алысып-жұлысып жүріп табысқа жақындаймын.
– Герольд Карлович, сізді қазақтар жақсы көреді. Сіз де қазақтарды жақсы көресіз деп ойлаймын. Бірақ қазақтардың жақсылығын жазып отырып, олардың бойындағы кемшіліктерді де ұмытпайсыз? Тіпті, шағып-шағып алатын, батырып жіберетін кездеріңіз де болады.
– Оны өзім де білемін. Бірақ осы күнге дейін маған ренжіген қазақ жоқ. Рас, кейбір тайыз ойлайтын ағайындар осының «қазақта не жұмысы бар, өзінің немісін жазбай ма?» дейтін де шығар-ау. Бірақ негізінен қазақтар маған өкпелі емес. Өйткені, менің иттік мінезім жоқ. Арам ниетім жоқ. Мен ешкімнің орнына таласпаймын. Маған дейін қазаққа айтатын сөздің бәрін ұлы Абай айтып кеткен жоқ па? Оның жанында менің айтқаным жай ғана айналайын дегенмен бірдей.
Мен Қазақстанға жеті жасымда келдім деп айттым ғой. Қазақ ауылында өстім, қазақ балаларымен ойнадым, қазақ мектебінде оқыдым… Демек, мен кіммін? Нағыз қазақстандықтың өзі болып шықпаймын ба?! Ол да аз. Қазақпын десем де болады. Өйткені, менің бүкіл ғұмырым, шығармашылығым Қазақ елімен, Қазақ жерімен тығыз байланысты. Содан да шығар, қазаққа қатысты мәселелерге немқұрайды қарай алмаймын, кейде өзімнің неміс екенімді ұмытып кететін кездерім болады. Маған Ресей немістерінің қайғылы тағдыры жақсы мәлім. Оларды қазақтармен салыстырсам, көп сәйкестіктер табамын. Жоғарыда өзім тіпті өскен ауылдың қазақтары туралы айттым ғой, жалпы, қазақтардың басқалар да, өздері де байқай бермейтін жақсы қасиеттері көп. Солардың бәрі олардың бойына тілі, мәдениеті, тағы басқа ұлттық құндылықтары арқылы сіңген. Қазақтың ділі мықты деп ойлаймын. Соған қарағанда бұл ұлттың болашағы жарқын болуға тиіс. Иншалла! Солай болсын.
Солай десек те, баяғы қазақтар жоқ, қазақ өзгеріп бара жатыр дедім ғой. Ол рас. Бұл неден көрініс беріп отыр? Туған тіліне немкетті қарайтын қазақтар көп. Тіл әлі де болса ұлтты ұйыстырушы тетікке айнала алмай отыр. Мұны қалай айтпайсың?! Мен ұдайы жазып та, айтып та келе жатырмын, қазақтар айталық, америкалық, ағылшын немесе француз, тіпті іргедегі орыс болуға ұмтылмаулары керек. Қазақ болып қалу жағын көбірек ойлау керек. Егер мұны істемесең, туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетіңнен, діліңнен біржолата айырылып, дүбәра күйге түсесің. Ел-жұртқа күлкі, мазақ боласың. Алла тағала қазақтарға ниетіне қарай Тәуелсіздікті сыйлады. Жұрт қатарлы ел болу мүмкіндігін берді. Көбі осыны түсінбейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, «дос жылатып айтады» демей ме, осының бәрін қазаққа жаным ашыған соң айтамын.
Мен қазақтарға ризамын. Басыма қайғының қара бұлты үйірілгенде олар мені өз баласындай бауырына басып, азамат болып қалыптасуыма жол ашты. Мен осыны қалай ұмытамын?! Ұмытпаймын!
– Жаңа бір сөзіңізде қазақтардың өздері туған тілдерін төбелеріне көтере алмай отырғанын айттыңыз. Осы тілдің тынысы қашан ашылар екен?
– Сөз жоқ, тынысы ашылады, ашылып келеді. Ілгерілеу бар. Бірақ оған тоқмейілсуге және болмайды. Тағы бір айтатын жағдай, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін қаулы-қарарлармен, заңдардың күшімен шешем деу бос әурешілік. Санада сілкініс болмай ештеңе шықпайды. Алдымен мұны қазақтардың өздері түсінулері керек. Қазақтар үйде де, түзде де өз тілдерінде сөйлесе, сең қозғалар еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Бір ғана мысал, бізді үйдің қасында қазақ мектебі бар. Осы арамен балалар ерсілі-қарсылы өтіп жатады. Солардың бәрі орысша сөйлейді. Тыңдап тұрып қорланамын. Кейде шыдай алмаған соң, әлгілерді тоқтатып, ұрса бастаймын. Балаларды мектептен әкетуге әке-шешелері, ата-әжелері келеді. Олар да балаларымен орысша шүлдірлесіп бара жатады. Осыған не дейсің. Әбден сүйектеріне сіңіп кеткен. Керек қылмайды-ау, керек қылмайды! Мұндайлар немістердің арасында да бар. Оларды да, өз тілінен жерінген қазақтарды да ұнатпаймын. Ұнатпағаны сол – жек көремін.
Осы қалаға ауылдан келген қазақтың қыздары да орысша сөйлегенді сән көретін сияқты. Ал олар болашақ аналар ғой. Отбасын, тілді, ұлттық құндылықтарды сақтайтын аналар бесік жырын білмегеннен кейін балалардың күні не болмақ. Мұның аяғы жақсылыққа апармайды.
– Осы тығырықтан шығу үшін не істеуіміз керек?
– Менде оның дайын рецебі жоқ. Ұлылардың мұрасына жүгінген артық болмас еді.
– Мысалы?
– Мысалы, Абай бәрін айтып кетті ғой. Соны біздің жастарымыз біле ме? Үлкен күмәнім бар. Жастарды айтамыз, ғалымдардың өздері Абайды түсінуден қалып барады. Мен абайтануға қатысты еңбектерді жинап жүремін. Соларды оқып отырсам, Абайды қазақ қоғамының санасына сіңіру далада қалған, қайта жылдан-жылға одан алшақтап барамыз. Басқаларға қатысты да осыны айтуға болады. Құр ұрандай беру дұрыс емес. Ұлылардың сөзі, ұлылардың ойы – үлкен қазына, бүгінгі ұрпақ үшін бағдаршам іспетті. Соны меңгеріп, пайдалану арқылы да біраз жерге баруға болады деп ойлаймын.
– Басында бір-екі сұрақ деп қолқалап едім, бұл қазаққа шылбырдың ұшын берсең, түбіне жармасады деп ойлап отырған шығарсыз, сізге көп рахмет. Ауырмаңыз.
– Бәрі Алланың қолында ғой.
– Сіз дінге сенесіз бе?
– Мен атеистер отбасында өстім, атеистік заманда азамат болып қалыптастым. Менің білетінім – адам адал, арлы болуға тиіс. Біраздан бері мен өзімді Тәңірінің еркін жүзеге асырушы ретінде сезіне бастадым. Ол маған не нәрсені қашан қолға алу керектігін көрсетіп отырады. Мен оның еркіне бағынып, оның нұсқауларын бұлжытпай орындауға тырысамын. Мен үшін дінге сенім деген, міне, осы.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, журналист
Абай.kz