Дулат Исабеков: «Мағжанның махаббаты ешкімге ұқсамайтын махаббат»
2014 ж. 26 қазан
6322
3
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің бүгінгі ақсақалы. Жақында автордың «Өкпек жолаушы» пьесасы ағылшын көрерменіне жол тартып, ақсақалымызбен Лондонда оқырман қауымның, студенттердің кездесуі өтіп, Кембридж университетінде кітап тұсаукесері болды. Сонымен бірге биыл Әуезов атындағы академиялық драма театрында маусымашар премьера Исабековтың Мағжан Жұмабаев туралы «Жүз жылдық махаббат» қойылымымен ашылады екен. «Академиялық деңгейдегі театрда жетінші пьесам қойылып жатқан мен – бақытты драматургпын» деп ағынан жарылған атамыз Massaget.kzпорталына сұхбат берді.
– Мағжан туралы пьеса жазу ойына қалай келдіңіз?
– Мағжан қазақтың ғана Мағжаны емес, ол әлем әдебиетінің Мағжаны. Мағжан қазақ үшін несімен құнды? Мағжанды шыққан күннен бастап неге қазақтың екінші Абайы дедік? Мағжанды неге жазуға кірістім? Мағжан сияқты ақындар бар, тағдырлы ақындар көп. Жалпы мен репрессия туралы жазғым келмеген. Өйткені, ол қазақ драматургиясында, әдебиетінде жаңалық емес. Біз бұл кезеңнен өттік. Қалтай Мұхамджановтың «Біз періште емес едік» дегенінен бастап қаншама шығармалар өтті сахнадан. Одан кейін Мағжан туралы қайталап несін жазасың? Тағы да репрессия, тағы да шынжыр, тағы да кісен, тағы да сұрақ, тағы да милиция. Мағжан туралы жазу керек деп Солтүстік Қазақстан театры қоймаған соң, жарты жылдай ойланып жүріп, Мағжанның өмірін зерттейінші дедім. Қолға алып қарағаннан кейін барып, Мағжан туралы жазбаймын дегенім үшін өкіндім. Менің оным қателік болған екен. Өйткені, Мағжан – ешқайсысына ұқсамайтын ақын. Алдында өткен ағаларына да ұқсамайды, кейінгілеріне де ұқсамайды. Тіпті Зылиханың өзі ешкімге ұқсамайды. Ол отбасында отырып қалған, күйуін жоқтап, асыраушысын жоқтап, қара жамылған әйел емес. Ол бәріне философиялық биіктен қарайтын әйел. Осы екеуі сай келді. Әсіресе, Мағжанды жазуға түрткі болған Зылиханың өмірі болды. Қазір пьесаны екі сағатқа жасап жатырмыз ғой, ал өзінің айтуынша Зылиханың әрбір сағаты бір-бір драма. Міне, осыдан кейін барып тексеріп қарасам, шынында да солай екен. Мағжан ең алдымен бізге аса жоғары білімді ақын болғанымен және қазақ поэзиясына жаңа сарын, жаңа леп, жаңа пәлсапалық биіктік әкелгенімен, қазақ қоғамына үлкен азаматтық үнді алып келуімен, қазақтың әдебиетіне, өнеріне ұлттық реңкті әкелуімен, ұлттың өміріне басқаша биіктіктен қарай білуімен, бұл ұлттың ешкімнен кем емес екенін дәлелдеуімен құнды. Ол орыс әдебиетін, әлем әдебиетін бүге-шігесіне дейін білген адам. Өзімен замандас мәскеулік ақындармен терезесін тең ұстаған адам. Мен бұратана халықтың өкілі екенмін, сендердің әдебиеттерің бізден әлдеқайда бай, сондықтан біз кенжелеу келе жатырмыз, сендердің соңдарыңнан еріп келе жатқан інілеріңізбіз деп есептемеген адам. Өзі сол кезде пір тұтып жүрген Бальмонттың, Ивановтың, Брюсовтың, Константиновтың өлеңерінен биік екенін, тіпті Блокпен де қатар екенін білген. Өз халқының әдебиетінің тарихы олардан 700-800 жылға ілгері, философиялық деңгейіне олардың әлі жете алмай жүргенін жақсы білген және соны түсіндіруге тырысқан ақын. Блок өлгенде оның сахнадан оқыған өлеңі, сол кездегі орыс әдебиетін дүр сілкіндірген.
Мағжанның махаббаты да ерекше, ешкімге ұқсамайтын махаббат. Өзі үйленгелі жатқан кезінде Зылиханы келіп қолынан жетектеп айдалаға алып кету – ол сөзсіз ерлік. Сонау Томскіге. Горький жырлайтын «Дауылпаз туралы жырдағы» ерлердің ессіздігі дәл осы. Зылиханың намысын қорғаймын деп, құс мылтығымен Зылиханың күйеуімен дуэльге шыққан адам. Оның дәлелдемекші болғаны: «Зылиханың ары таза, біздің арамызда ештеңе болған жоқ». Осыны естігенде Максим Горький керемет таң қалған: «Мынау қазақтың Пушкині ғой» деп. Сосын Брюсов Горькийге: «Қазақтан осындай Пушкин шықты, мәселе оның дуэльге шыққандығында емес, оның албырттығы, ақындығы, махаббаты» депті. Кейіннен Зылиха Горькийдің алдына Мағжан ісі туралы көмек сұрай барғанда, қатты қайғырып, өз әйелі Пешкова тапсырған: «Саған Мағжан Жұмабаевтың әйелі барады, соған қолыңнан келгенінше көмектес» деп. Пешкова ол кезде «Қызыл кресттің» бастығы болатын.
Жазбаймын деп жүргенде тағы бір себеп болды, тексеріп қарасам Мағжан Жұмабаевты ату жайлы үштіктің қаулысы жоқ. Мен ойлағам үштіктің қаулысымен атылып кетті ғой, 58 бап бойынша деп. Енді неге атылды? Мәскеудің ОКПУ-ының бір қызметкері Зылихаға: «Мағжан туралы қаулы жоқ. Мағжанды құтқарып алып қалу қазір оп-оңай. Тіпті түрмеден шығарып алуға болады, ОКПУ-ға хат жазыңыздар» деген. ОКПУ-ға хат жазған, олар жауап берген: «Иә, Мағжанды ату туралы қаулы жоқ. Сондықтан, Қазақстан бұл мәселені өзі қарасын» деп. Сосын біздің ОКПУ жауап береді: «Сіздердің жауаптарыңыз дұрыс емес, Мағжан атылуға тиіс, өйткені 1924 жылғы Жазушылар Одағының қаулысы бар, 1923 жылы шыққан Мағжанның кітабы бойынша. Сонда талқылана келіп Мағжанды қаралаған. Мағжан пантуркист, Мағжан ұлтшыл, Мағжан Жапонияның жансызы. Осының өзі Мағжанды атуға жетпей ме?» деп. Мәскеуге не керек, олар адамның көбірек атылғанын жақсы көріп отырған адамдар. Қазақстанда да сондай. Сосын Қазақстанның өзі ату жазасын сұрап отыр деп, Мағжанды атып жіберген.
Міне, осындай тағдыр. Осыны көрсеткім келді. Жазуға итермелеген тағы бір нәрсе – заман мамыражай болды, тәуелсіздік алдық дейміз, шындап қарасаң қанша формация өзгергенімен жазалаушы топтың жазалау себептері өзгермеген екен. Пьесада Мадинаның Зылихаға айтатын жері бар: «Қайғы-қасірет сізде ғана бар ма? Махаббат сізде ғана бар ма? Әр заманның өз сұрқылтайы бар. Әр заманның өзінің қасірет-қуанышы бар. Міне, біздің де басымыздан өтіп жатыр» дейді. 86 жылды қосайын деп едім, белгілі себептермен қоса алмадым. Жалпы, адамды жазалау, қыздарды шашынан сүйреу әлі тоқтаған жоқ. Жазалау тобының қағидасы ешқашан өзгермейді. Осыдан кейін бар Мағжан туралы жазуыма тура келді және мен Мағжанды бастан-аяқ көрсету қызық болмай қалды. Өйткен, ол қайталау болады. Сосын Мадина мен Зылиханың кездесуінен бастадым.
Қойылымның бұрынғы атауы «Әлдиле, өлім, әлдиле» болатын. Ол Мағжан аударған Бальмонттың өлеңі еді. Қойылым финалында Мадина келеді. Зылиха креслода отырып көз жұмады. Мадина сонда шошып кетіп: «Зылиха апай, көзіңізді ашыңыз, - креслоны тербеді, - өлім адамды әлдилеуші ме еді, әлдиле өмір, әлдиле!» деп аяқталатын. Сосын, тағы түсініксіз болып қала ма деп «Жүз жылдық махаббат» деп қойдық.
Пьеса осы туралы. Қалай болады? Жүрегім лүпілдеп күтіп отырмын.
– «Өкпек жолаушы» Англияда, Лондонда қойылды. Ағылшын оқырманына жол тартты. Яғни, қазақтың драматургиясы, қазақтың бүгінгі әдебиеті әлемге жол алды. Бір сұхбатыңызда айтқан екенсіз: «Менің жазып отырған тақырыбым – сол қоғамға ортақ бір мәселені қаузап отырғаннан кейін көрермен оны қабылдады» деп. Бүгінгі қазақ өнерінде, қазіргі Қазақстанның кеңістігінде қоғамдық мәселені көтеру, оны өнер арқылы жеткізу қай деңгейде? Шығармашылық адамдары осындай дүниені халыққа бере алып жатыр ма?
– Қазақтың басынан өткен, өтіп жатқан және өтетін мәселе өте көп. Мен кейде қорқамын өткен проблемадан гөрі өтетін проблема көп пе деп. Өйткені, қазіргі геосаяси жағдайды жақсы білеміз, ұлттың санын жақсы білеміз, әскеріміз мынау, территориямыз кең, байлығымыз көп. Оның бәрі мақтаныш, бірақ, сол мақтанышқа көз алартып отырған адамдар көп. Мәселеміз көп бола ма деп қорқып отырғаным сол. Ал, өмірде, әлеуметтік жағдайда, отбасылық жағдайда осының бәрі оған әсер етпей қоймайды. Қоғамсыз өмір жоқ. Саясатпен шаруам жоқ дейді кейбір шығармашылық адамдары. Бірақ, осының өзі саясат екенін солар білмейді. Проблема бар-дағы, оны айта білу бар. Біз көбінесе үстімен кетіп қаламыз, проблеманы айтқанда біз публицистикалық жанрға кетіп қаламыз, ол газеттің жанры. Ал, әдебиетке, драматургияға өзек қылып алғанда оның бәрін тікелей айта беруге болмайды. Англияда заң бар, өзіміздің ішкі қайғымызды біздің драматургиясыз айтпайды дейді олар, сөзбен, күліп отырып білдіреді. Бірақ, ішкі жан-дүниесі жылап отырады. Драматургия сол кезде ғана қызық болады. Ал, айтып қоятын болса, ондай материалды ақпараттан күнде оқып отырамыз. Одан да сұмдығын оқып жатырмыз. Мысалы, бүгін теледидарды ашып қалсам Россияның каналында беріп жатыр, тастанды балалар жайлы. Оларда да қаптап кетіпті. Балалар үйінің қасына әкеліп баласын тастап кететіндер көп екен. Сонда бір медбике айтып отыр: «Құрметті жастар, сіздер балаларыңызды тастағанда салафанға орап емес, шүберекке орап, қағаз қорапқа салып әкеліп тастаңыздаршы!» дейді. Онда баланы тастау заңды нәрсе сияқты. Біз қай заманға келік? Менің бір өмірімде, міне биыл 72-ге келдім, соншалықты мөлдір, бұлақтың тазалығындай қоғамды көрдік, адамды аяу, жетімді аяу біздің о кезде қағида болатын. Ал, қазір біз өз баламызды далаға тастайтындай дәрежеге жетіппіз, баланы туып сататын дәрежеге жетіппіз. Саясатты былай қойғанда, міне, осындай проблемалар бар. Бірақ, осының бәрін жазу керек болса, оны трагедияның қалың бояуымен жаза берсеңіз, ешкім қабылдамайды. Мәселе оны айта білу, проблеманы қоя білу. Драматургия деген бұл өзі беті шымырлап жататын, асты ағын өзен сияқты. Астарлап сөйлеп, білдірмей сөйлеу. Проблеманы екшей білу, ұлттық драматургия бола тұрып, ол бәріне ортақ болуы керек. Ол енді драматургтың құпиясы. Оған ешімді оқытып, тәрбиелей алмайсың. Оны сезіне білу, түйсіне білу керек. Мен столда жазып отырғанда ағылшын үшін жазбаймын ғой немесе неміс үшін, француз, орыс үшін жазбаймын. Өзімнің, менің жүрегімді тербеген проблемамды айтқым келеді. Соны айту үстінде ұлттық шеңберде қалып қалмай, тек өзіңе ғана тән түсінікті алмай, ортақ нәрсені алу. Ұрыс-керіс, достық, татуласу осылардың бәрі ортақ. Біздің әрі ерекшелігіміз, әрі қиындығымыз біздің ұлтта азиялық ұғым, шығыстық түсінік басым. Сол шығыстық ұғымды ала отырып, әлемдік тенденцияны ұмытпау. Жалпы, Бректің сөзімен айтқанда: «Әрбір ұлттың шығармасы алдымен ұлтжанды болуы керек» дейді, егер қаламгердің шығармасы ұлтжанды болса онда ол міндетті түрде интернационалды болады. Мысалы, «Әпке». «Әпке» керемет жүріп жатыр, бірақ соны Мәскеу баяғыда қоямыз деп қоя алмай қалды. Онда образдың жетіспегенінен емес, орыстарда, батыста еркек еркекке, әйел әйелге үйленіп жатқан адамдардың арасында інілері мен сіңлілері үшін өзін құрбандыққа шалу олардың ұғымында жоқ. Гончарук театры дайындық жасап жатқан кезде тоқтап қалды. Ол енді менің сорыма орай. Ол ерте кез еді. 1980 жылдар. Олардың бір ғана түсінбегені неге үлкен әпке құрбандыққа барады, неге өзінің бақытын аяққа тебеді деген түсінік. Бұл олардың танымына келмейді, мен айттым қазақта шешесі өлгеннен кейін үлкен әпке олардың шешесі болады деп. Кейін оны өзгертетін болды, бірақ өзгерген соң бұл «Әпке» болмайды, орыстың қызы сияқтанып қалыпты деп рұқсат бермедім.
Драматургияның, жалпы әдебиеттің қиындығы осында. Мәселені айта білу керек, ортақ тәсілдерін таба білу керек.
– Сіз ақсақал жазушысыз, көптеген жас сізге еліктейді. Шәкірттеріңіз де көп. Жазушы боламын деген адамға, жас жазушыларға тілді үйрену мүмкін бе?
– Болады, болғанда қандай... Мейіржан деген 9 сыныпта оқитын баланың әңгімелерін оқығанмын. Ол ертегі жазады, шығармаларын оқып, мен сенбедім. «Сен мынандай сөзді, мынандай тілді қайдан үйренгенсің?» дедім. «Шуда, ауылда өстім» деді. Демек, құдай әу баста оған зерек сана берген. Оның ертегілері өте қызық оқысаңыздар, ал тілі тамылжып тұр. Тағы да бір жас жігіт кітабын беріп еді, оны да оқып шықтым, тіліне риза болдым. Кейінгі кездерде тілге мән беретін жігіттер жоқ шығар, өйткені, қазір көп жас мың жерден шешенсіп жазғанымен, оқырман қабылдамайды, орыс тіліне аударғанда бәрі түсіп қалады дейді-дағы, өздерінің қысқа, жай, жалаң сөйлемдерімен жазатын жігіттер көбейіп кетті. Ал, мына жастарды оқып отырып қатты риза болдым. Демек әлі бар екен, ел бар екен, қазақтың тілі әлі мұқала қоймаған екен, мына жастар сол тілді үйреніп шықса жаман болмайды ғой деймін. Осындай 5-6 жігітті білем. Әдебиеттің негізгі құралы тіл, тіл болмаса ұлттың мінезі көрінбейді. Кезекші тілмен, журналистикалық тілмен жазылған көркем шығармада адам жанын түгел танып болуға болмайды. Өйткені, онда жоғарғы жағын, беткі жағын ғана қалқып, тереңіне үңіле алмайды. Тереңге біз тіл арқылы ғана жетеміз. Тіл деген біздің акваланг, неғұрлым жетілген сайын, біз теңіздің терең тылсымына соғұрлым сүңгиміз.
– Massaget.kz порталының оқырмандарына, ғаламтордағы жастарға айтар тілегіңіз...
– Жасы жетпістен асқан адамның не тілегі болушы еді?! Мен алға қарағаннан гөрі көбірек артқа қараймын, не істедім, не қойдым деп. Ал, алға қарауым – біз қай жолмен келе жатырмыз, ертең болашағымыз қайда барады, қауіп-қатер көп. Санымыз болса 11 миллион, осындай-ақ адамнан қандай мемлекет құруға болады? Жан-жағымыздың бәрі белгілі... Елбасымен де сөйлескенде осы мәселе жөнінде айтқанмын. Бүгінгі елдің тыныштығы жайлы баса әңгімелестік, жастар осы тыныштықты пайдалана отырып ұлттың санын көбейтуге баса назар аудару керек деп айттым мен әзілдеп болса да (күлді). Қазақтың санын қайткен күнде де көбейту керек. «Қазақстан 2050» деген ұранға 2050 жылы 50 миллионға жету керек дегенді де қосу керек шығар. Ақыры біз орындалмайтын жоспарларға құмармыз ғой.
Мемлекеттің ауылды гүлдендіруге жыл сайын 155-160 миллиард теңгелері бар. Бірақ, ауыл гүлденбей жатыр. «Ауыл – алтын бесік» деген жаттанды сөз емес, ұлттың алтын бесігі ауыл болады. Өткен заманда ауыл – тіл, ауыл – дін, ауыл – діл, ауыл – болашақ және ауыл – тұрақтылық еді. Әркімнің өз жұмысы бар. Бір бос жүрген кісі көрмейсің. Асып-тасыған, елден оқ бойы озған ешім жоқ еді. Совхоз директорларының балалары кішкене жақсы болған шығар, бірақ, олардың да көп болса бір бәтіңкесі не бір костюмы артық. Ал, қазір ауыл-ауданның әкімдеріне қараңыз. Жастар аман болсын, ісіміз оңға бассын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: Д.Исабековтың жеке мұрағатынан
Massaget.kz