«Қазақфильм» соңғы бес жылда арқадан шыққан ұлт тұлғалары туралы 5 деректі фильм шығарды. Қасым Аманжолов, Жүсiпбек Елебеков, Тәттiмбет Қазанғапұлы, Әлжаппар Әбiшев, Мәди Бәпиұлы туралы деректi фильмдер Қарқаралы топырағында түсірілген.
Қарқаралы қаласының мерейтойына орай түсірушілер үш фильм әкелді. Жазушы Әлжаппар Әбішов туралы фильм кітапхана оқырмандарына көрсетілді. Ал, монтажы енді аяқталған «Мәди» мен одан бұрынырақ жарық көрген «Қасым» деректі фильмдері мерейтойға келген жұртшылыққа таныстырылды.
Қасиетті жердің торқалы тойына маңызы зор туындыларды тарту еткен қоюшы режиссері Ерлан Төлеутай фильмдердің түсірілу барысын былай деп баяндады: «Фильм Алматы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында түсірілді. Жалпы ұзақтығы он мың шақырымға таяу жер жүрдік. Мұрағаттар ақтардық».
20 жыл ғұмырын Мәдидің шығармашылығын зерттеуге арнаған Ерлан Төлеутай үшін «Мәди» фильмінің орны зор. Сондықтан осындай еңбектің шенеуніктер тарапынан тиісті деңгейде еленбей қалғанына күйінішін де жеткізді ол.
«Шенеуіктердің бар назары айтыста болды. Қаражатты да сонда төккен. Айтыскерлер не айтады деп бәрі сонда жүрді. Ал, залда ақын Мәди мен Қасымның ұрпақтары отырды. Олардан фильм туралы пікірі сұралмады. Қоюшы режиссер ретінде мені елге таныстырмады. Ел ағалары да бірауыз сөз айтпады», - дейді қоюшы режиссер.
Фильм түсіру барысында ақынның «Мәдидің мұңы» атты жаңа әні табылған. Деректі фильмде Орталық мұрағаттағы «Мәдидің ісі» атты томдықтың құжаттары пайдаланылған. Мәдидің түбіне жеткен Қақабай екеуінің араздығы нақты құжаттармен дәлелденген. Фильмге, сонымен қатар, 1920 жылы Қоянды жәрмеңкесінде түсірілген Мәдидің тірі бейнесі енген.
«Қарқаралы бір ғасырдан кейін Мәди ақынның тірі бейнесімен қауышты», - дейді Ерлан Төлеутай.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА