ӘН ПАДИШАСЫ – ӘМІРЕ
2014 ж. 19 тамыз
17318
4
Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ
Париж аспаны астында қазақ әнін әуелетіп, төрткүл дүниенің өнер сарапшыларын тамсантқан Әміре Қашаубаев өмірден озғалы сексен жыл өтіпті. (1888-1934). Ол 1925 жылы Франция астанасында болған сонау әлемдік көрмеде «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Қос балапан» «Қанапия», «Үш дос» сияқты әндерді орындап, екінші бәйге алады. Сол сапар «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы өңіріне күміс медаль таққан қазақ дүлділінің сирек ұшырасатын талант екенін тамсана жазған екен. Сондай-ақ 1927 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық байқауда қазақтың халық әндерін шырқаған жезтаңдай әншінің өнерін ірі мәдениет өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс сынды майталмандар аса жоғары бағалайды. Оқырман назарына әнші замандастарының лебіздері ұсынылып отыр.
ЕСТЕЛІК
Семейде 1924 жылы февраль айында бір облыстың жиылысы болды. Ол кезде Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Баян – бәрі бір-ақ облыс болатын. Сол жиылыста павлодарлық Майра, Қашаубаев Әміре де болады деп естіп, Қарқаралыдан Байжанов Қали да барған. Бұлардан басқа, әр жерден талай әншілер барған болатын. Бұлардың бәрінің жиналатын себебі бар. Сол жиылыста ылғи әншілерді бірімен-бірін әнмен айтыстырамыз, қай озғанына бәйге береміз деп, облыс басшылары жан-жаққа хабарлаған көрінеді. Сол жиылыста мен де болған едім. Әмірені бұрын көрген жоқпын. Бірақ Әміренің даңқы ертерек шыққан әнші. Көптен-ақ дақпыртын сырттан білетінбіз. Ол кездегі ірі әншілердің аты аталғанда, Әміре алдымен ауызға түсетін. Әміренің бірсыпыра әндерін Семейден Қарқарылыға Жақыпбек жеткізіп жүрген кезі. Осы жолы Семейге барғанымда болып қайттым. Өйткені ұзынқұлақтан естіген Әміренің әнін өз құлағыммен есіттім. Жиылысқа уәкіл боп бармаған кісіге орын тие қоя ма. Семейдің осы күнгі облыстық театрында, арт жағынан сығылысып отырып, ән тыңдадық. Әншілер бірінен соң бірі шығып соқтырып жатыр. Қай-қайсысы болса да өзінше дәрмендімін, дәндімін дегендері менен асқанын көрермін дейтін бұрыннан бар әдет қой. Бірақ кімнің қандай екенін халық айырады. Әншілердің бірсыпырасы тоқтап қалды. Аяқтап келгенде, екі әнші қалды. Бұл екеуі Әміре мен Қали еді. Тыңдаған халық та қажымады, екі әнші де барын аяған жоқ.
Әміре мен Қали екеуі кезек-кезек айтысты. Жұрт екеуін екі жақтап қолтықтап, шала бүліністі. Қыза-қыза сахнадан шықпай, екеуі екі орындыққа отырып алып айтысты. Домбыра, гармонь екеуінің қолында кезек-кезек сайрады. Тіпті, әрі-беріден соң екеуі бір әнді кезек айтатын болды. Анық сынасарлық жер осы болды. Бірақ елі екі жақ болып, Семейдің көпшілігі Әміре айтқанда ду қол шапалақтап, Әмірелеп айтқанда, Қарқаралы, Павлодар, Баяннан барғандар жан-тәнімен қошеметтейді. Бірсыпыра жұрт өзімшілдікке салынып, босқа өзеуреді. Бірақ Әміренің сұлу даусы жұртты тартып әкетті. «Бүгінгі жүрген қазақ әншілерінің ішінде мұндай дауысты, мұндай үнді естігеніміз осы шығар. Бір әншінің даусы осындай-ақ болар», – десті. Әмірені жақсы білетіндер: «Бұл, шіркін, баяғыдан осындай емес пе? Маялап үйіп тастаған қатқан теріні күзетіп отырып, сақылдаған сары аязда, саңқылдап шыққан даусы емес пе. Даусы жылдан-жылға өрлеуде ғой» – дейді. Көше-көшеден кетіп бара жатқан жұрттың аузында да осы бір қошемет сөз. Енді комиссиядағылар екі жақ болып таласып жатыр. «Сендер босқа таласпаңдар, бірінші бәйге мен екінші бәйгелеріңді қосып жіберіп, екеумізге қақ бөліп беріңдер» – деп Әміренің өзі ұсыныс жасады. «Маған екінші бәйгені беріңдер, біріншіні Әміре алсын, өйткені талабы зор, менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін», – деді Қали. «Менің әнімді жұрт артық деп тапса, Қали менен жасы үлкен аға ғой. Екі бәйгені қақ бөліп берулеріңізді сұраймын, – деп Әміре өтінген соң, комиссия екі бәйгені қосып, екеуіне қақ бөліп берді. Ұлытаудың басына шыға алмай, қасынан қайтқандай, Әмірені жақыннан көре алмай, ауызба-ауыз сөйлесе алмай, мен де қайттым. Әміренің сол атағы мен даңқы өрлеген бетімен жоғарылай берді. 1925 жылдың жазында Әмірені Луначарский Москваға шақырып алып, Парижде жержүзінің ән-күй жарысы болғанда, соған жіберді. Одан екінші орын алып қайтқаны Әміренің қандай әнші екенін бүкіл жержүзіне мәлімдеді. 1925 жылы октябрь айының ішінде «Еңбекші қазақ» газетінде (қазіргі «Социалистік Қазақстан») бірсыпыра адамдардың аттары жарияланды. Солардың басын қосып, құрастырып, театр құру керек деп, Оқу комиссариаты әр жердегі адамдарды шақырған болатын. Семейден Әміре Қашаубаев, Павлодардан Майра, Иса, Қарқаралыдан мені, Қостанайдан Серке Қожамқұловты, Ташкентте оқып жүрген Құрманбек Жандарбековті шақырған. Міне, осылардың бәрі 1925 жылы ноябрь, декабрь ішінде жинала бастаған. Ауыл-ауылдан, мектептерден талабы барларды, театрға шама келгенше, тартып баққан болатын. Осылардың соңын ала, декабрь ішінде мен де келіп жеттім. Қарқарқаралыдан шығып, Семейге келе сап, Әмірені іздедім. Әміре Қызылордаға жүріп кетіпті, қазақ театры құрылатын болыпты, Әміре әрі әнші, әрі артист болмақ деседі. Үйін іздеп тауып, Әміренің кеткеніне көзім жеткен соң, Семейден мен де аттандым. Әміренің ізімен қуып отырып, Қызылордаға бардым. Станциядан түсісімен Әміренің үйін іздедім. Біреуден біреу нұсқап көрсетіп, әйтеуір таптым-ау. Келген бетімде есігін қағып едім, қасқа маңдай, үлкен ауыз, шашын тап-таза ғып қырғызған, кіршіксіз таза киінген жап-жас, түрі сарылау, бір инабатты жігіт есік ашты. Маған жақсылап тұрып сәлем берді. Оның маған сәлем беретін жөні бар: менің сақалым жоқ болғанымен, қияқтай қалың қара мұртым бар еді. Түлкі тымақты шалқайта киіп, қара шапанды желбегей сап, ойда-жоқта есігінің алдында тұрған мені өзінен бес-алты жас кіші деп ойламаған сияқты. Сәлемдесіп, амандасқаннан кейін: – Әміренің үйі осы ма? – деп сұрадым, – Осы, – деген соң үйге кіріп, шешініп, қолжуғышқа жуынып жатқанымда, Әміренің өзі сүлгі орамалды ұстап, мені күтіп тұрды. Жайланып болып, шайға отырғанымда, әйелімен амандасып, аз кідіріп отырып: – Әміре ағай қайда? – дедім. Ерлі-зайыпты екеуі біріне-бірі қарап күлді. Сол сәтте Иса кіріп келді. Иса екеуміз бұрыннан таныспыз. Ар жағын Иса жөндеп әкетті... Әміренің әнінен бұрын адамшылығы аса зор еді. Барынша адал жүректі еді. Дүние үшін қабақ шытысып, бір тарықпайтын, ауырмаса, қоң етін кесіп беретін жомарт еді. Сирек бітетін қасиеттері көп болатын. Біздің Әміре Қасым жомарт қой деп күлуші едік. Ашу-ренішті білмейтін. Кейде үлкен ерні томпайып, бірнәрсеге барынша өкпелейтін. Әсіресе, онысы тіпті келісті еді. «Ой, сорлы Қашаубайдың баласы-ай», – деп бір саусағыңды шошайтып, «құқ» деп қытықтап қорқытсаң, күлем деп жүріп, өкпесі әп-сәтке жетпей ұмытылып кететін. Бұл сияқты қасиеттері толып жатыр. Оның бәрін айтып жеткізе алмаспын. Әміренің бір қасиеті – үні ғой, соған келейік. Әміре ән салғанда, әнді көркемдеп, нықтандырып, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да, түзеп, кесек бейнелі ән ғып айтып жүрсе де, мынаны мен түзедім демес еді. «Ағаш аяқ», «Шіркін-ай», «Баянауыл», «Қарға», «Екі жирен», «Толқын» , «Қос барабан» тағы толып жатқан әндерде Әміренің аса көп еңбектері бар, түзеген, сұлулаған еңбек. Айтушылар сол қасиеттерін сақтауы керек. Әміре ән салғанда қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әнді айтарда барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын. Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай боп айтатын. Әсіресе, әнді кейде тым кесек айтатын уақыты болар еді. Халық көп болса, делебесі қозып кететін. Театрға жиналған халықтың ішінде өзінің жақсы көретін жолдастары отырса, не болмаса басқа республикадан, Москвадан, Ленинградтан концертте кісі болса, тіпті, құйындай ұйтқып, құландай ойнақтап, жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театрға сыймай, далада болса, жер мен көктің арасын жаңғыртар еді. Аса көтеріліп ән салғанда, біресе қуанғандай күлімсіреп, біресе жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді. Сол кездерде бетінде әртүрлі сипаттар елестер еді. «Әміре бүгін күндегідей емес, әнге ықыласы жоқ па қалай, бүгін жайылыңқы сияқты», – деп, жанына тиіп, қалжыңдап, қытығына тисең, соған да нанып, – «шын-ақ сөйтіп тұрмын ба?» – деп, өршеленіп, даусынан әртүрлі құбылыстар, бұйма-бұйма иіндер, біресе сұңқылдаған, біресе толқынып, әсерлі үндер үсті-үстіне боздап шыға берер еді. Әміре 1927 жылы Майндағы Франкфуртқа барып, мұнда да Париждегідей екінші орын алып қайтты. Бұ да ән мен күйдің жержүзілік жарысы еді. Бұл жолы Әміре газеттерді тіпті қаттырақ шулатты. Әміренің тағы бір кесек түрі – үйде болған мәжілістерде домбыра, гармондарьды кезек алып, 25-30 әнді түйдектеп соқтырып шыққанда даусы қыңқ етпейтін. Әміре – қала мен даланы түгел кезген, ел дәстүрін анық білетін, сері-әнші. Қыз ұзату, жар-жар, шілдехана, құдатүсер, дүбірлі тойда Әміре домбыра, гармоньмен талай-талай сайраған болатын. Семей қаласы былай тұрсын, төңірегіндегі елдің мұндай қызықты думанды мерекелері Әміресіз өтпейтін болған. Әміресіз мәжіліс қызықсыз боп көрінетін. Әміре Семейден театрға келген соң, театрдың әншісі, Қазақстанның әншісі деген кезі бір Семей емес, Қазақстанның төрт бұрышынан асып төгілгендей асқақ ән қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, әзірбайжанға, мына шеті татар, башқұрға барды. Дәл осы кезде Москва да Әмірені жақсы біледі. Бұрын театр көрмеген барлық қазақ халқына Әміренің шалқыған әні театрдың жаршысы болды. Әсіресе, Әміре халық қазынасын, ескі қазынаны Советтік Қазақстанға өз қолымен әкеп тапсырып кеткенін атап айтуға тиіспіз. Гүлденген искусствомыздың тарихына бір дерек болсын, жас ұрпақтарымыз атақты әншімен аз да болса таныссын деген оймен Әміре жайында есте қалғанды қысқаша болса да, жазуды мақсат еттім.
Қалыбек ҚУАНЫШБАЕВ
АЛҒАШҚЫ ТОПҚА ТҮСУІМ
Астанамыз Орынбор қаласынан 1925 жылы Ақмешітке көшіп, көп мекемелер кетіп жатқан мезгіл еді. Институтта оқу жылы аяқталып, елге қайтуға асығып жүрміз. Орталықтың Ақмешітке көшуіне байланысты онда үлкен съезд шақырылып, оған бүкіл республикамыздан қонақтар барды. Бұрынғы Ақмешіт аты өзгеріп, жаңа астанамызды «Қызылорда» деп атапты дегенді сырттан естиміз. Осы мерекеге арнап шақырылған қонақтар Қажымұқан Мұңайтпасов, Әміре Қашаубаевтар Семейге бара жатып, Орынбордағы тамыр-таныстарына жолшыбай соқты. Біздер де оқу бітіп, демалысқа елге жүруге жиналып-түйінген кезіміз. – Цирк палуаны Қажымұқан келді. Францияда бәйге алған атақты әнші Әміре Қашаубаев келді, – деген хабар дүңк ете қалды. Бұларды бұрын сырт естуіміз болмаса, анық білмейміз, көруге сондай құмармыз. Жұрт аяғы саябырланып, қалың ел тарап жайласқаннан кейін қысыла, ұяла отырып, тәуекелге бел байлап, танысуға рұқсат сұрап, олар асханада отыр екен, жетіп бардық. Бала демей, біздерді Әміре орнынан тұрып қарсы алды да, екі қолымен бірдей қолдасып амандасты. Столды кеңейтіп отырды. Ананы да, мынаны да әкелдеп үстемелеп официантқа әмірді беріп жатыр. Қажымұқан сол кезде елуге келген болса керек. Қажымұқан отырған орнында көп қимылы жоқ, алып тұлғалы, басы денеге біткендей, қозғалмайтын, тек жан-жақты көзбен шолып қарайтын адам екен. Шашын тақырлап алып тастаған, маңдайы жарты қарыс, қалың қабағын көзі жапқандай, дүрдиген жоғары ернін қою қара мұрты жауып тұр. Саусақтары салалы, өзінің жуандығына құшақ жетпес, бірақ оған орай, бойы биік болғандықтан, қарны байқалмайды. Алақандай екі құлағы көзге бұрын түседі екен. Таудай Қажымұқанның қасында қаршығадай боп лып-лып етіп Әміре жүр. Әміре қасқа маңдайы жарқыраған, екі шекесі торсықтай, аузы үлкен, пісте мұрын, мойны қысқа, толықша кісі көрінеді. Атақ-даңқы айдай әлемге әйгілі екі алыптың мінез-қылықтары бізге жағып барады. Ұната сүйсініп, таң-тамаша болып аузымызды ашып, қарап қалыппыз. Қызылордада өткен съезд жайлы сұрап, жаңа астанамыздың қаласын, оның елін, жерін сұрап жатырмыз жамырасып... Әміре бәрін тәптіштеп айтып берді. Қажымұқанда көп сөз жоқ. Анда-санда Әмірені тоқтатып, бірлі-жарым сөзді көлденеңнен қойып қалады. Сөйтіп, өзіміздің балалық албырт шағымызда ананы да, мынаны да көруге, естуге құмар, ынтық күнімізде қазақ халқының аттары аңызға айналған екі ардагер ұлы Қажымұқан Мұңайтпасовпен, Әміре Қашаубаевпен осылай танысып едік... Қандай үлкен спектакль қойсақ та, артынан өлең айтылмаса, жұрт риза болмайтын, тарамайтын. Концерттің бір салмағы Әміре мен Исаның мойнында. Бұларға Елубай еретін, Құрманбек қосылатын, ескіні түйреуішпен түйреп, қызын ұзата алмай, бұзауын қасқырға жегізіп Қалыбек түспейтін сахнадан. Артистердің қалған көпшілігі түгелдей хорға қатысады. Концерт бөліміне арнап жаңа ән-күй даярлайтын бізде маман композиторлардың жоқ кезі, әркімнің қашаннан білетін, айтып келе жатқан меншікті өлеңі бар. Ешбір даярлықтың, үйреніп жаттығудың керегі жоқ. Сахнаға жаңа тақырып, жаңа өлең, жаңа тақпақ, жаңа әнді концерттің «құдайы» – Иса әкелуші еді. Осындай сауық кештерінің ажары, сәні де, думанды жиынның көркі де Әміре мен Иса еді ғой. Асыра айтқан болмас, тап ол күндерде қазақ көркемөнерінде бұл екеуі көлде жүзген аққу-қаздай еді. Бұлардың ол күндегі қадір-қасиеттері қалың көпшілік алдындағы беделдері керемет. Бірі – атағы жер жүзіне әйгілі әнші, Совет елі атынан Парижге барып, үлкен дүбір, бәсеке жарыста басқаларға жол бермей, жүлде алып, қазақ әнін жүз құбылтып, мың түрлендіре салған майталман-шебер, халқының көлдей алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленген Әміре Қашаубаев. Екіншісі – оның серігі, жалынды сөздің пірі, сүрінбес шешен, өнер көгінде қалықтап ұшқан ақиық , телегей теңіз ақын, әрі әнші, әрі артист Иса Байзақов. Бұлар сахнаға шыққанда театр алдындағы ел қуанышын айтудың өзі үлкен бір ғанибет.
Қапан БАДЫРОВ
* Естеліктер «Әдебиет және искусство» журналынан (1949, №10) және Қапан Бадыровтың «Өткендер мен өткелдер» кітабынан алынды («Жазушы» баспасы, 1974).