islam.kz Алтынбек Боранбек
Ойыңыз жақсы болса, бәрі жақсы болады
2014 ж. 28 мамыр
7064
1
Көрер көзге көрініп тұрған жағдайларды, күнделікті оқиғаларды, адамдардың күнделікті қылықтарын әркім әртүрлі көріп, оған әртүрлі баға береді. Бұл, әрине, әр адамның мінезіне, көрген-білген тәжірибесіне, дініне иманына байланысты. Мына бір мысалға көңіл аударайық. Мәселен сіз жиырма жылдан бері көрмеген досыңызды көшеде жолықтырып қалдыңыз. Шырттай киінген, бай-ауқатты екені, абыройлы екені көрініп тұр. Оны көргенде, санаңызда бұрынғы өткен күндеріңіз жарқ етіп, көрген жерден оған елп-желп етіп сәлем бердіңіз. Бірақ ол сіздің сәлеміңізді алмай қойды. Байқамаған қалыпта қасыңыздан өтті де кетті. Осы тұста оның берілген сәлемді алмауына не себеп болды деп сұрасам, не деп жауап қайырар едіңіз?
Қасымдағы бірнеше адамнан сұрағанымда олардың көбі «тәкаппарлықтан», «имансыздықтан», «білімсіздіктен», «надандықтан» деген жауапты айтты. «Оның кеудесіне нан пісіп қалған», «Байлық көзін байлап тастаған ғой», - деп те жорамалдаймыз. Көрдіңіз бе, бұл жауаптың бәрі болымсыз, теріс мағынадағы сөздер. Неге? Себебі, бүгінде бұған ұқсас жағдайларда көпшілігіміз алдымен жаман ойдың жетегінде кете баратынымыз жасырын емес. Ақиқатында, берген сәлемді алмаудың жүзден астам себебі бар. Сол тізімнің ең соңында тұрғанын алдыңға қатарға шығарып жіберуде лағынеті ібілістің үлесі мол. Мысалы, аталмыш танысымыз маңызды бір ойдың жетегінде бара жатқан шығар. Сіздің дауысыңызды естімеген болар. Басына бір қайғылы жағдай түсіп қалуы мүмкін. Көзі көріп тұрғанмен, көңілі басқа жақта болуы ықтимал. Қысқасы, тізе берсек бұл тізім жүзге жетіп жығылады. Тек сәлемдесу ғана емес, күнделікті өмірде ата-ана мен перзенттер арасында, ерлі-зайыптылар арасында, ене мен келін арасында, бастық пен қызметші арасында – жалпы қоғамның бүкіл саласында жағдай осы. Нені көріп, естісек те, мың түрлі ықтимал себептердің жақсыларына ғана жорамал жасауымыз қажет. Негізінде, мұның бәрі ықтимал ғана. Адамның ішіндегі анық себепті Алладан өзге ешкім білмейді. Алайда соның ең соңында тұруға тиіс себептерді алдымен ойлап қалуға ешбір себеп жоқ.
Шын мәнінде, адам баласына өзгелердің жүрегінде не болып жатқанын білетіндей мүмкіндік берілмеген. Ол үшін жауапты да емеспін. Көрген адамдарыңның ішінде не болып жатқанын біліп алуға да бұйырылмағанбыз. Біреудің жүрегінде иманы, көркем мінезі, сабыры, т.б. қасиеттері бар ма, жоқ па? - деп зерттеу де мұсылмандық міндетімізге кірмейді. Өзгелер былай тұрсын, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі бір хадисінде былай дейді: «Асылында, мен адамдардың жүрегін жарып (оның ішіне) қарауға бұйырылған жоқпын».
Әйгілі сахаба Үсама ибн Зәйдтің басынан өткен оқиға есімізде. Қан майдан соғыста Үсама қарсыласының мойнына қылышын тақап тұрғанда ол: «Лә иләһа иллаллаһ», - деп кәлимаға тіл келтіреді. Сахаба онысына қарамайды. Қолындағы қылышты сілтеп жіберіп, әлгі кісінің қылша мойнын талша кесіп түседі. Кейінірек осы жәйтті Алланың елшісіне (с.а.у.) жеткізеді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) болған жайды есітіп, қатты мұңаяды. Үсамаға қарап: «Сонда сен «Лә иләһа иллаллаһ» деген адамды өлтірдің бе?» - дейді. Содан соң екеуі бірнеше қадам алға басқан соң, мейірім Пайғамбары (с.а.у.): «Демек «Лә иләһа иллаллаһ» деген кісіні өлтірдім де!» - деп тағы да тіл қатады. Бес-алты қадам ілгері басқан соң: «Бұл істі жасауға қалай дәтің барды? Ұжданың осыған қалай көнді?» - деп тағы да кейиді. Үсама айтады: «Осыны айтқанда мен тірідей «өлдім». Жанымды қоярға жер таппадым. Тек қана өзіме-өзім: «Әттең-ай, әттең, дәл осы жағдайдан кейін мұсылман болсам етті!» - деп армандай береді. Дегенмен Үсама: «Уа, Расулаллаһ! Әлгі кісі бұл сөзді өзін аман алып қалу үшін ғана айтты ғой», - деп ақталғандай болды. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?» - деді. Бұл сөз әлемнің құлағына алтын сырға болсын. Біреу біреуді: «Дінсіз», - деп: «Кәпір», - деп немесе: «Көпқұдайшыл мүшрик», - деп айыптардан бұрын осы хадисті еске алғаны жөн. Тіпті, бір кісінің бойында күпірліктің 99 белгісі болып, имандылықтың бір ғана нышаны табылса, сонда оны мұсылмандыққа қарай жеңдіріп жіберген жөн. Өйткені күні ертең Алла құзырына барғанда біздің мұсылман дегеніміз дінсіз болып, иманды дегеніміз кәпір болып, жақсы дегеніміз жаман болып шықса да, жақсы ойымыз үшін сұраққа тартылмаймыз. Ал, керісінше, жаман дегеніміз жақсы, кәпір дегеніміз иманды болып қалса, оның есебі тым ауыр болатыны аят-хадистерде айтылған.
Сондай-ақ өзгелер жайлы жақсы ой жүрегімізбен жасаған дұғаға да жатады. Анығында, біз ойлағандай болмаса да, жақсы ойымыз сондай болса деген тілек ретінде жүреді. Ал, біреу жайлы жаман ойлау оған қарғыс айтқанмен парапар. Дана халқымыздан: «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» - деген ғажап сөз қалған. Алланың елшісі (с.а.у.): «Бір мұсылманға кәпір дегеннің өзі кәпір болады» дейді. Тағы бірде: «Біреу біреуге кәпір десе, екеуінің біреуі кәпір болады», - делінген. Әрине, мұның астарында өзгелер жайлы жаман ойдың айтқан адамның өзіне бумеранг болып қайтуы мүмкін деген мән жатыр. Ендеше, ата-анамызға, бала-шағамызға, туған-туыстарымызға, достарымызға тек қана жақсы сөз айтып, олар жайлы жақсы ойлауға тырысумыз керек. Сондықтан кезінде ата-әжелеріміз «айналайын», «қарағым», «шырағымды» екі сөзінің бірінде айтып отырған. «Жақсы сөз жарым ырыс», - деп топшылаған. Шынында да сондай. Бір үйде тек қана жақсы сөздер айтылса, ол үй берекеге толады. Былапыт сөздер ғана айтылатын үйден ырыс-береке іздеудің өзі ақылсыздық болса керек.
Тағы бір жағынан алғанда, жаман ой арқылы өзіміздің бет бейнемізді көрсетеміз. Мысалы: «Оның орнында мен болсам, солай жасар едім», - деп өзіміздің жаман ойымызды өзгеге жала етіп жабуға болмайды. Сондықтан болар, бұрынғы мұсылмандар: «Аллаһуммаһфизна мин шәрри лисанина уа қулубина» («Уа, Алла Тағалам, тіліміз бен жүрегіміздің жамандығынан сақтай гөр!») деген дұғаны өте көп айтқан.
Шынында да, өзгелер жайлы жаман ойлау «Құдай сақтасын!» дейтіндей-ақ ауыр күнә. Қасиетті Құранда: «Әй мүміндер! Көп күмәннан аулақ болыңдар. Шындығында, күмәнды ойдың кейбірі күнә» деген анық аят бар («Хужурат» сүресі, 12-аят). Алла баршамыздан мұның бетін аулақ қылсын.
Имам Табарани жеткізген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Негізінде, мұсылман қайырлы, жақсы болады. Өзгеге жамандық ойлаған кезде жақсылық қалмайды». Иә, намаз оқып, ораза ұстап, талай жыл құлшылық етіп, еңбек етіп, тер төгіп жүріп, Алланың алдына барғанымызда осы жақсылықтардан түк қалмаса не болмақ? Жаман ойларымыз бен жаман сөздеріміз бүкіл жақсылығымызды сыпырып-сиырып, жалмап кетсе, екі қолымызды мұрнымызға тығып ештеңесіз қала бергеннен өзге шарамыз қалмайды. Міне, сондықтан бұл Құдай сақтасын дейтіндей-ақ арам қылыққа жатады.
Жинақтай келгенде, үйімізге құт қонып, береке дарысын десек, еліміз күшті, қуатты болсын деп тілесек және ең бастысы Алланың құзырында үлкен есептен құтылғымыз келсе, әркім жайлы жақсы ойлауға тиіспіз.