28 маусымнан бастап қасиетті Рамазан айы басталады
2014 ж. 28 мамыр
2654
0
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде 2014 жылдың 28 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні болып бекітілді.
Бас мүфти сауабы еселеніп берілетін қасиетті айда қайырымдылық акцияларын көбірек ұйымдастыруды өкіл имамдардың қаперіне салды. Еліміздегі мешіттер мен медреселерде Рамазан айы жоғары деңгейде өткізілмек. Қоғамдық көліктерге, қоғамдық орындарға, сауда үйлеріне баннер мен билбордтар ілінбек.Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Төралқада Рамазан айына дайындық жұмыстары пысықталды.
Сонымен қатар, қасиетті Қадір түні кешінде арнайы ғибратты шаралар ұйымдастыру жоспарланды. Қалалық автобустарда қасиетті айдың құрметіне тегін жүру акцияларын жүзеге асыру көзделуде.
"Ынтымағы ыдырап, бірлігінен береке кеткен елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының негізгі себебі – бауырмалдықтың болмауы. Құдайға шүкір, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында тату өмір сүруі – Алланың берген сыйы мен нығметі. Сондықтан біз осынау игіліктерді уағыздарымызда көбірек айтуымыз керек. Рамазан – мұсылмандардың ауызбіршілігін арттыратын, өзара бауырмашылдығын нығайтатын қасиетті ай. Мүбәрак айды жоғары деңгейде өткізуге бәріміз атсалысуымыз қажет", – деді Ержан қажы Малғажыұлы.