ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҒЫ
2026 ж. 19 наурыз
44
0
Өмірде кездейсоқ ештеңе де болмайды деп жатады. Кім білсін оны.
Әйтсе де, бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлының өзі де көп жағдайдың күтпеген жерден орын алып, сабақтаса қиюласып жататынын өзі де талай байқаған. Мәселен, баяғыда Тасбазға сол кездегі Үкімет басшысы Нұрлан Балғынбаев келе қалды. Сарыарқаның бір түкпіріндегі аядай қыстаққа ондай биік лауазым иесінің арнайы ат басын бұруы үйге Мемлекет басшысының өзі келуінен кем оқиға емес еді.
Бұл, бір, елдің берекесі кетіңкіреп, дағдарысқа түсіп, титықтаған кезеңі-тін. Ақша жоқ. Өндіріс орындары тоқтаған, ауырлау шақ. 1998 жыл. Қыс айы. О тұстағы Қарағанды облысының әкімі Мәжит Есенбаев мұның Германияға баратын сапарында жақынырақ танысып, шаруашылығын байқап, құс ұшырғанын көріп, жылы қарым-қатынаста жүрген адам еді. Сол:
– Тәп-тәуір шаруа қожалығың бар. Үй салып алыпсың. Электр желісін тартыпсың. Бәрі жақсы. Келешекте телефон қойып берсек жағдайың, тіпті, қатып кететін сияқты. Ертеңдері Орталық Қазақстан өңіріне Үкімет басшысы Нұрлан Балғынбаев іссапармен соққалы жатыр. Реті келсе сол кісіні саған алып келсек қайтеді? – деді.
– Әрине! Қандай әңгіме болуы мүмкін. Әкеліңіздер!..
Бір қазан ет бар ғой үйде, әйтеуір. Несіне тартынады. Өзі салып алған жаман қорасын көрсетуден аяна ма.
Келді. Мінезі жақсы адам-ау деп қалды. Байыпты, қарапайым, жайдары жан сияқты.
Тау басынан жер қазып, шағын қойма тұрғызған. Дизельді электр стансасын орнатып үлгерген. Еңселі сауна, кең гараж бар. Бәрін аралап көрген премьер-министр:
– Осыларды жападан жалғыз істеп жүрсіз бе?! – деп таңырқады.
– Иә. Шама келгенше. Аяңдап...
Қасындағы үш-төрт нөкерімен тау басына шығып, табиғатты тамашалады. Арқа қысының, азырақ салқындау демесеңіз, тынысыңды ашып, көкірек сарайыңды кеңейтіп сала беретін ерекше бір шипалық қасиеті бар екені рас-ау. Бас министр де өңі кіріп, желпініп, серпіліп, көңілденіп сала бергендей көрінді.
– Енді бүркітіңізді ұшырып, бір түлкі алып беріңіз. Бос қайтпайық...
– Е, оған сөз бар ма!
Бір емес, екі бүркітті қатарынан самғатты. Оның бірі – түлкі, екіншісі қоян шалды. Қолма-қол. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, кейде ісіңіз осылай сәтімен орайласады. Үлкен үкімет адамы да, қайткенмен, дала баласы екенін аңдатып, жүзін жел қағып, кеудесін кере рахаттана күліп, шырайлы әзілге орын беріп, өте риза болып аттанды.
Ұзамай со кісінің нұсқауымен Шет ауданының орталығынан «Құсбегі» деп аталатын халықаралық орталық пен мектеп ашылсын деген қаулы қабылданған. Тілеуғабыл заңдық тұлға ретінде тіркелген бұл орындардан бәлендей пайда таба қоймайды. Дегенмен, анда-санда осының атынан ресми хат жазуға, әлдекімдерге ықпал етуге септігі тиіп-ақ тұр. Жеке есеп-шоты, мөрі бар дегендей. Тіпті, тең құқықты тұлға ретінде облыстың әкіміне де шыға аласың.
Нұрлан Балғынбаев туысқанының тағы бір көңілі толған нәрсесі – Арқаның еті еді. Дастархан басында:
– Ылғи байқаймын, осы өлкеде етті берекелі етіп, дәмді асады. Шынын айтқанда, бұл жақтан үлгі алатын біраз жақсылықтар бар, – деді ағынан жарылып.
Тура соғымның кезі ғой. Үкімет жетекшісі келерден үш күн бұрын ғана бір ту биені сойып тастаған-ды. Соғымы көңілдегідей шыққан. Өзі де ырза-тын.
Ас даярлаудың да мәдениеті әр түрлі. Бұл аймақтың табиғаты кейбір өзге өңірден сәл қаталырақ болғандықтан ба, мұнда, расында да, ұлттың бас мәзірі саналатын етті тартымды әзірлеудің ежелден қалыптасқан кейбір артықшылықтары болуы әбден мүмкін. Үй иесі ретінде бұл да сыйлы мейманның жылы ишаратына:
– Кез келген уақытта келіңіз, Нұреке! Есігіміз ашық, құшағымыз кең! Өзіңіздей жоғары лауазымына қарамай біздей пақырларды тең дәрежеде қабылдап, құрмет көрсете білетін жан-жүрегі таза, абзал жандарды әрдайым қуана қарсы аламыз! – деп, шын ризалық лебізін білдірді.
Иә, Тасбаз өкімет адамдарын ғана емес, адал ниет, достық пейілмен келетін кім-кімді де қол қусырып күтіп алар еді. Әрине, сыйлы қонаққа тек ет асып қана бере бермейсің; қазір қазақтың ежелгі жеңсік асы мен таңсық асының талай түрін әзірлейтіндей жағдай жоқ емес қой. Бұл жағынан зайыбы Бәтиманың өзі-ақ талай «жаңалық» ашып тастар еді.
Мұндайда қиял шіркіннің жүйріктігі қандай, мезетте көз алдынан қай-қайдағы бір көріністер зулап өтеді. Баяғыда әжесі Жаңылдық өз үйінен ет ұрлап әкетіп, тау ішіне апарып, тығылып, қақтап, пісіріп жейтін бір кәрі баукеспе ағайындарын әңгіме қылып күліп отыратын-ды. Әлгі жарықтық талай жасқа келсе де, ескі әдетін өле-өлгенше қоя алмай кеткен сияқты. Өйткені, ұрының аты – ұры. Бірдеңені жымқырып, барымталап кету қанына сіңген. Тамақты да зытырып әкетіп, біреу көріп қоймасын дегендей жан-жағына алақ-жұлақ қарап, жасырынып отырып жемесе бойына сіңбейді.
Сол айтқандай, қазақтың ешкімнен тығылмай-ақ жеп, тәбетті ашып, тіл үйіретін нешеқилы ас мәзірі баршылық қой. Тек бір өкініштісі, бүгінде соны көп ешкім дайындамайды. Біртіндеп ұмытылып барады. Мысалы, санай берсе, ұлттың қансоқта, ақсорпа, қимай, қарын бөртпе, салма, шыж-мыж, борша деп аталатын тағам түрлері жеткілікті. Солардың бәрін ретін тауып, қайтадан жаңғыртса деп қиялдап қойды.
Ойына баяғы ескі достардың бірі Дәулет Тиыштықбаевтың өз қолымен дайындап берген «шаппа» деп аталған тамағы оралып еді. Кезінде «Ақшатау» совхозында прорабтық қызмет атқарған жігіт. Сол, жетпісінші жылдардың орта тұсы болар. Іссапармен бара қалды. Бәленбай шақырымға созылып ағатын Қарасу деген үлкен өзендері бар екен. Дарияның әуелгі аты «Жаныс» көрінеді. Халық та ат қойғыш қой, біраз кісі батып кеткеннен кейін өзенді «Қарасу» деп атай бастапты. Сөйтіп бұрынғы атау біртіндеп ұмытылса керек. Өзеннің екі жағасы да ұзыннан-ұзақ тұтаса біткен қалың тал-шілік. Оның да арасында осы Тасбаз түбіндегі Бетқайыңдағыдай қоян-қарсақ жылтыңдап жүретінін аңдады.
Шаппа бір жарым-екі айлық марқаның етінен әзірленеді. Жұмыстың аяғында сол өзен жағасына алып барған Дәулет қозыны тал арасында үш-төрт жолдастың көзінше сойып, ішек-қарнын алып тастады да, сегіз-он келідей тартатын жас етті сүйек-мүйегімен қосып өткір балтамен кесек-кесек қылып шапты. Одан оны бір-бір шайып алды да, түгелдей он литрлік шелекке салды. Осы ет әдейі өлшегендей, ыдыстың бетімен-бет болып, тура сыйып тұрады. Су құймайды. Әрине, тиісті мөлшерінше тұз, бұрыш, пияз, көкөнісін қосады. Қайнаған уақытта бұрқылдап тұрып тасиды екен. Отыз бес-қырық минут айналасында дайын болады. Енді, мұны жылтыраған сүйегін ғана қалдырып, жалап-жұқтап жеп қоясың! Дәмділігі керемет. Тәттілігі еттен де, қуырдақтан да асып түседі. Ауыздың суын ағызады.
Осы тағам түрін Дәулеттен үйреніп алған сондағы құрылысшы әзірбайжандар мен армяндар «кашлама» деп өздерінше ат қойып үлгеріп, жиі-жиі пісіре бастапты. Қатты ұнатқан сияқты.
«Өй, айтпақшы, қазір біздің шаппа солардың ұлттық тағамы ретінде аталып жүрген жоқ па екен, осы?!» деп күдіктенді. Өйткені, рас-өтірігін кім білсін, кейінде қазақтың киіз үйін де, төбет иті, қымызы, қазы-қартасымен қоса түрлі шет елдер патенттеп таратып алып жатыр дегенді құлағы шалады...
Армян демекші, тағы бірде сол «Ақшатау» совхозында Дәулеттің алдында прораб болған Завян Петросян деген жолдасының қонаққа шақырғаны бар. Үйіне. О жолы да аудан орталығынан сол шаруашылыққа жұмыс бабымен барған-ды.
– О, жақсы келдің ғой! – деп мұны көрген Завян қатты қуанып қалды. – Кешке қарай басшыларды шақырып отыр едім. Кісі жіберіп арнайы шақыртсам да келтіре алмайтын адамымсың. Қонақтардың ішінде боласың бүгін!..
Сырттан көшіп келгелі бері бірге қызмет атқаратын ауылдың жетекші кадрларына есік-төр көрсете алмай жүреді екен, соның сәті енді ғана түсіп жатқанын айтып жағдайын түсіндірді.
Кешкісін совхоздың директорынан бастап, парткомы, рабачкомы, зоотехнигі мен бас инженері бар, жеті-сегіз адам жиналды. О замандағы елдің адамдары қандай, мұнда да бірін-бірі қағытып, аямай түйреп, іреп салып, қарқ-қарқ күліп жақсы отырған. Бір мезгілде ортаға буы бұрқырап, үйме табақ ет те келді. Іле-шала, зыр жүгіріп, сыйлы меймандарға даяшы болып қызмет көрсетіп жүрген армян жігіттері қаздай тізіле, бір-бір табаққа жеке-жеке салынған қойдың басын әкеле бастады. Сегіз қонаққа – сегіз бас!
Қазақтардың көзі тас төбесіне шығып кеткен:
– Өй, мынауың не сұмдық?!.
Сөйтсе, қазақтың құрметті адамдарына бас тартатын салтын байқаған Завян сабаз қонақтарын әбден риза қылғысы келген ғой. Көрсетілетін сыйды жергілікті халықтан да асырып түсіруге ұмтылған. Совхозда не көп – құрылысшыларға сойылатын қой көп. Солардың басын жинап әкеліп, жеке қазанға пісірткен!
Қонақтарының үрейленген түрін көріп, енді үй иесінің өзі шошиын деді. Біраздан кейін ғана барып естерін әрең жинаған қазақтар мән-жайды ұқтырады:
– Уай, жарқыным, ниетің дұрыс. Бірақ сен екіншіде бүйтпе. «Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім» дегендей, неше адам шақырсаң да, көп қазаққа бір бас та жетеді. Бәріміз содан ауыз тиеміз. Зәремізді ұшырдың ғой, тіпті!..
«Білмеген у ішеді» деген осы да, қатты абыржыған Завяннның сондағы қайта-қайта кешірім сұрағаны есінен кетпейді.
Өзге мәдениетке кірігуге деген талпыныс дұрыс-ақ қой. Дегенмен, қателіксіз де бола ма. Қайтсін.
Сол Петросянның Роберт есімді інісі бар еді. Ол да бір елпілдеп қалған елгезек, сергек жігіт-ті.
– Қайтсем де қазақтың бір қызына үйленемін, аға! Қазақ қыздары керемет сұлу екен! – деп жүретін. Өзі де бұйра шашы дудыраған, сымбатты жігіт еді. Кейін арманына жетіп, үйленіпті. Бірақ ұзамай жол апатынан қайтыс болып кетті деп естіді. Оның келіншегінің тағдырынан бейхабар.
Е-е-е, ию-қию жалғасқан әлем ғой бұл. Дөңгеленген дүние деген де, бәлкім, осы шығар...
***
Дәулет дос та қазір о дүниеде. Жаны жәннатта болсын! Сондай бауырмал, адамгершілігі мол азамат еді. Завян туысқан көптен бері Германияда тұрады. Ол да қазір бірталай жасқа келді ғой; қазақтың қонақжайлығы туралы ойлайтын шығар-ау анда-санда...
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы.
Суретте: құсбегі Тілеуғабыл Есенбекұлының шаңырағына сол кездегі премьер-министр Нұрлан Балғынбаев келген сәт.