КІТАП ОҚЫП, БЕС МИЛЛИОН ҰТЫП АЛ!
2026 ж. 19 наурыз
73
0
Қоғамды кітап оқуға үндеген «Кітап оқып, тұлға болам!» бәйгесі жайында жобаның жетекшісі, белгілі кәсіпкер Сырымбек Таумен сұхбаттасқан едік.
- Сырымбек Тауұлы, қасиетті Рамазан айының алғашқы күні “Кітап оқып, тұлға болам!” бәйгесінің басталғанын жария еттіңіз. Алдымен осы білім сайысы турасында толыққанды мағлұмат берсеңіз?
- Ештеңе сатып алудың, тіпті кітап сатып алудың да керегі жоқ. Парақшаларға да тіркелу, ұтысқа да қатысу керек емес. tulgabol.kz және Telegram каналында «Тұлға болам» деген канал бар. Осы екеуіне кірсе, ішінде қалай тіркелу керек екені жазылып тұр. Тіркелгеннен кейін ол кітапты көшіріп алатын версиясы тұр. «Дала данышпаны Майқы бидің» кітабы тұр. Сіз көшірмесін аласыз, көшіресіз. Мүмкін қағазға шығарып оқисыз, мүмкін сіз телефоныңыздан, айпадыңыздан оқисыз.Үш кезеңнен тұратын бәйгенің бірінші кезеңінде қатысушы «Дала данышпаны Майқы би» кітабын оқиды. Майқы би негізі қазақтың даналығын, қазақтың болашағы мен қазақтың сол кездегі күйін жазған адам. Басты мақсат – қазақ халқына, жалпы қазақстандықтар мен шетелдегі қазақтарға кітап оқыту.
- Жалпы өзіңізге қоғамды кітап оқуға үндеу идеясы қашан, қайдан келді?
- Мен өзі кітапты өте көп оқимын деп айта алмаймын. Кітап оқыған кезде сүйсініп, тарқатып оқығанды жақсы көрем. Ұнаған кітаптарды екі рет, үш рет оқимын. Жалпы кітапты қонымды, саралап оқыған дұрыс.
Карантин кезінде бәрі үйде отырды ғой. Сол кезде маған осы ой келді. Содан 2021-ші жылы ағаларымызбен, достарымызбен ақылдаса отырып, үлкен жоба жасайық деп, карантинде бастағанбыз.
Басында азғантай қаражатпен бастадық. Өте қызық, тез арада біз елу мың, алпыс мың оқырман жинап алдық. Жазылып, тастап кетушілер де болды. Қызығушылықты қалай оятамыз? Ол кезде мектеп оқушылары, студент және ересектер деп бөлдік. Ал қазір бөлмейміз. Бір ата-ананың баласы бесінші сыныпта біздің жобаға қатысып, бес жылда жүзге тарта кітапты оқып тастапты. Бір студент 2021 жылы қатысып, екінші ме, үшінші ме орын алған. Ол қазір 200-ге тарта кітап оқыпты. Осындай жастардың зейінін ашқан сайын қалай қуанбайсыз?
Содан біз бұл жобаны үлкейте берсек деген шешімге келдік. 2023 жылы қатысушы 126 мың адамға жетті. Бір қызығы, осы жылы бас жүлдеге бір бөлмелі пәтер қойғанбыз. Екінші ұйымдастырған жылы да пәтер қойдық. Сол пәтерді Сарыағашта бір тәте ұтып алған. Бір отбасыдан бес-алты адам қатысыпты. Ол кісі айфон ұтып алмақ оймен қатысқан екен, бірақ пәтер ұтып алды.
Бірінші, екінші ұйымдастырған кезде көбіне кәсіби кітап оқитындар ұтты. Бәйгеге жалпы қатысушылардың қызығушылығы азая бастады. Содан ережені өзгерттік. Бірінші кітаптан 50 балл, екінші кітаптан 60 балл, үшінші кітаптан 60 баллдан жоғары оқығанын дәлелдейтін болса, солардың ортасынан біз бір бөлмелі пәтер қойдық. Сол кезде ол рандом арқылы шешілетін болды. Бірақ бірден 50, екіден 40 алса, ол адамдарды жібермейміз. Өйткені, оқымады деп санадық.
Сөйтіп, кітап оқу жобасын жан-жақты зерттедік. Қазір он қатысушыға он түрлі сұрақ келеді. Сондықтан тестіні бірге отырып жасайтындай мүмкіншілік жоқ. Тексеруге қазір 16 минут беріп жатырмыз. Бұрын 20 минут беретінбіз. Қазір әлем дамуына байланысты ChatGPT бар, гипсик бар. Соларға кітаптың көшірмесін салса, 100 сұрақтың жауабын 20-дан 22 минутта тауып беріп жатыр. Ал жауапты 16 минутта тауып бере алмайды. Сондықтан біз қандайда бір қулық айламен ұтып кетпесін деп, өзі оқып тапсырсыншы деп, 16 минутқа түсірдік. Бірақ, тестіні жауып, қайта ашатын болса, сұрақтар өзгеріп кетеді. Мәселені жан-жақты қарастырдық.
Кітап оқыған адам мен оқымаған адамды қатар қоятын болсақ, кітап оқыған адам екі адым алда тұрады. Неге? Ойы жүйрік болады, тез шешім қабылдай алады, есте сақтау қабілеті мықты болады.
-Сырымбек Тауұлы, қандай бәйге болса да, қоғамның қызығушылығын оятатын стимул қажет. Биылғы бәйгенің жүлде қоры қандай?
-Биыл жобаға 25 млн. теңге қаражат бөлгенбіз. Соның 15 млн. теңгесі тікелей жүлде қоры. Бір ғана демеуші - өзімнің компаниям. Ары қарай да шамамыз келсе, жалғасын табады. Онсыз да екі жылдай жобаны тоқтатып алдық.
Бас жүлде бізде 5 млн. теңге. Ол рандом арқылы анықталады. Ал бірінші орынға 2 млн теңге, екінші орынға 1 млн теңге. Осылай 10 орынға жүлде береміз.
Одан кейін рандомда 10 жүлде бар. Бірінші кітаптан 50 балл, екіншіде 60 балл, үшіншіде 60-тан жоғары алса, біз үш кітапты да оқыды деп санаймыз. Сол адамдарды іріктеп алып, сол адамдардың ортасынан рандом жүйесін қоямыз.
Неге? Тағы да айтам, кәсіби тұрғыда кітап оқитындар бірінші орынды ұтып алса жақсы, басқа адамдарға да мүмкіндік беруіміз керек. Кітап оқуға қызықтыруымыз керек. «Кітап оқып, қаражат ұтып алдым» деген сияқты.
Қазір көптеген компаниялар бізге хабарласты. Келесіде бірігіп ұйымдастырсақ, келесі де бізде қосылсақ деп. Бұйырса, алдағы жылдары бұл жобаны үлкейтіп, бас жүлдеге бастапқыдағыдай пәтер тігеміз.
-Биылғы жылы бәйгені неге Рамазан айында бастадыңыздар?
-Қазір түскі ас уақытында боспыз. Ораза тұтып жүрген адамдарға берекелі ай ғой. Уақытымыз көбірек болады. Әр күні 20 минуттан оқыса, осы кітапты толық жаттап шығады. Сондықтан осыны да ойластырдық. Бірінші кітапты Рамазанда бастасақ, екінші кітабымыз сәуірде, мамырда үшінші кітапты бітіреміз. Ары қарай екі ай каникул беріп, қайтадан сабақ басталғанда немесе тамыз айында тағы бастаймыз.
Сондықтан менің ойым, жаппай қоғам қашан кітап оқиды? Біздің санамыз әлеуметтік желіге телмірді. Онда ғайбат сөздер, жалған сөздер, жағымсыз сөздерді айтатын аға-бауыр, қарындастарымыз өте көп болып кетті.Бұл соларға қарсы жоба десем де болады. Кітап оқысақ, біз бейпіл сөзден аулақ боламыз.
-Жалпы бәйге 19 ақпанда басталды. Қорытындысы қай кезде шығарылады?
-Үш кітап береміз: наурызда бір кітап, сәуірде бір кітап, мамырда бір кітап. Бірінші жоспар осымен аяқталады. Үш кітаптан әр кітаптың өзінің тестісі болады. Мысалы, наурызда берген “Майқы би дала данышпаны” кітабына 31-ші наурыз күні кешкі сағат 20.00-де онлайн тестін ашамыз. 16 минутта кім дұрыс жауап үлгереді, сол адамдарға сыйлықтар беріле бастайды. Үш кітаптың нәтижесімен үлкен сыйлықтар беріледі, бірінші кітаптың нәтижесімен кіші сыйлықтар беріледі.
-Яғни, бұл жоба өзі біраз уақытқа созылады екен ғой?
-Бұрын біз қатысушылар санын 126 000 мың адамға жеткіздік. Қазірдің өзінде 40 000 мыңнан асып тұр. Менің ойымша, биылғы жылдың аяғына дейін 126 000-ға жетіп қаламыз. Кітап оқушы елдерді анықтайтын әлемдік статистика бойынша 96-шы не 98-ші орынға кетіп қалдық. Бірақ, мен бұл статистикамен келіспеймін. Неліктен? Ол статистикада Қазақстанда оқитын адам саны сәл аз көрсеткен. Біз биыл сол статистиканы бұзамыз деп ойлаймын. 2027 жылы, мүмкін 2028 жылы 50 елдің қатарына кіретін жоспарымыз бар. Кітап оқып, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің сапына кірсек, дағды қалыптасады, саналы hәм сапалы ұлт болып ұйысамыз.
- Осы жоба аясында оқуға ұсынылатын кітаптар қалай таңдалады?
- Жиырма шақты кітапың ішінен таңдап аламыз. Жобада отыз сарапшы жұмыс істейді. Айталық, оқуға ұсынылған “Ақбоз үй” романының ішінде жастар оқуға болмайтын дүниелер кездескендіктен алып тастадық. Тағы бір кітап 18+ талабына сай келмеді. Сондықтан бұл оңай шаруа емес. Жиырма кітапты саралап барып, ішінен төртінші сыныптан бастап, ересекке дейін оқитын кітапты табу қиындау.
Екіншіден, ол кітапқа біз 200 тест жасауымыз керек. Оны араластырып беруіміз керек. Ол да қиын. Сондықтан тест жасайтын жеке адамдар бар. Сұраққа жауап беріп отыратын және де әлеуметтік желіні жүргізетін, тіркеуден өткізетін мамандар тағы бар.
-Бәйгеге қатысушылар оқитын кітаптардың барлығы әдеби кітаптар ма?
-Әрқалай. Кезінде “Ай мен Айшаны” оқыттық. Бұл кітапты көбіне әйелдер оқыды. Шынымды айтайын, “Ай мен Айшаны” оқыған әрбір қарындас, әпкелеріміз сабырлыққа келді, төзімділікке келді, шешім шығаруда ойланатын болды. Өйткені, сондағы Айшаның өмірбаяны, Айшаның тағдыры қанша қиын болғанын түсінді. Қазір біз жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүрген жоқпыз ба? – деген ойға шомды.
“Кітап оқып, тұлға болам” жобасында көркем шығармамен қатар, адами құндылықты дәріптейтін кітаптарды да береміз. “Қызыл жебені” оқыттық, “Ұлпанды” оқыттық. Мысалы, “Сүлеймен қарақшы” деген кітапты ересектерге ұсындық. Қайсар мінезін жоғалтып алған жігіттер көп қазір. “Сүлеймен қарақшы” сол қайсар мінезді оятты десек болады.
Иә, кітапты таңдау оңай емес. Әр автормен келісу керек, автордың құқығы бар, ол автордың құқығын алуымыз керек. Кітапты қазіргі қоғамда кең таралған кітап екен деп оқыта салуға да болмайды. Сондықтан әр кітапты саралаймыз. Негізгі мақсатымыз – адамның ой-өрісін дамыту.
-Осы уақытқа дейін сіздердің жоба бойынша қанша кітап оқытылды?
-Бүгінгі жобаға дейін 12 кітап оқытылды. Кезінде “Ұлпанды” оқытып жатқанда бір қызық жағыдай болды. «Биылғы ҰБТ-ны “Ұлпаннан” тапсырады екен» деген қауесет кетті де, дүкендерде “Ұлпан” кітабы табылмай қалды. Кей адамдар онлайн оқығысы келмейді, қағаз кітапты ұстап оқығысы келеді. “Қызыл жебені” оқытып жатқанда, аталған кітаптқа сұраныс болғаны сонша, бүкіл Қазақстанның дүкендеріндегі “Қызыл жебе” сатылып кетті. Қазір бұл мәселе бойынша ірі кітап дүкендеріне ескертіп айтатын болдық. Негізі біздің жасап жатқан жұмысымыз кітапханашылардың жұмысы. Кітапханашылар осылай жасау керек еді. Бұрын біз кезінде кітапханашылармен де біріктік. Ең көп оқырман тіркеген кітапханашыға да сыйлық бердік. 2028-ші жылы 300 мың адамға кітап оқытсақ, ол деген ең үлкен жетістігіміз болар еді.
- Сырымбек Тауұлы, баланы жастан дегендей, бүгінгі жас ұрпақты кітап оқуға қалай баулыған, тәрбиелеген дұрыс деп ойлайсыз?
- Егер әке мен шеше кітап оқыса, бала кітап оқиды. Ал егер әке мен шеше кітап оқымаса, бала да кітап оқымайды. Сондықтан ұрпағымыз дұрыс болсын, ұрпағымызды дұрыс тәрбиелейік десек, әке мен шеше кітап оқуы керек. Сол үшін біз жалықпай, үлкендерге бірінші кітап оқытқымыз келеді. Соңғы екі жылда қазақ кітабының сатылымы 37 пайызға өскен, бұрын 13 пайыз еді. Ол деген қазақша кітап оқитын адамдар саны көбейді деген сөз.
Сұхбаттасқан Б. Төлепберген
Қазақ үні