ДАУЫСТЫҢ ТҮСІ МЕН КҮШІ

ДАУЫСТЫҢ ТҮСІ МЕН КҮШІ

Кәрі Қаратаудың жықпылды, жартасты қойнауларын тауқұдірет дейтін құс мекендейді. Әлгі құстың үлкендігі жұдырықтай ғана. Бірақ, дауысы ерекше зор. Қалғып-мүлгіп келе жатқан жолаушы тауқұдіреттің күңірене әрі күркірей шыққан үнін естігенде бойын тез жинап ала қояды. 

Жан-жағыңызға жіті көз тастап, ширақ, сергек қалыпқа ауысқаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Әуелі тау-тасты солқ еткізіп, сонан кейін осы тау-тастың қойын қойнауындағы жанды тіршіліктің бәрін сілкіп оятып, серпілтіп жіберетін тауқұдіреттің үнінде осындай ғажап қасиет бар.

Сөзімізді неге тауқұдіреттің үнінен бастап отырмыз? Қазақ радиосының әйгілі дикторы Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы да осы тауқұдіреттің үнін еске түсіруші еді. Әнекеңнің үні де қалғып-шұлғып отырған тыңдарманды сілкіп оятып, сергітіп жіберетін. Мейлі, ол радиодан көркем әңгіме оқысын, не болмаса саяси-қоғамдық ахуалға шолу жасасын, тіпті, ауа райы туралы мәлімет айтып отырсын, еріксіз мойын бұрғызып, құлақ түргізетін. Әнуарбек ағамыздың дауысының осындай магнетизмі, сиқыры бар еді.

Мұны бір деп қойыңыз. Енді Әнекеңнің дауысына, нақтырақ айтсақ, дауысының қасиетіне қатысты бір жағдайға тоқтала кетейік.

1950-70 жылдары Қазақстанда 1500-ден астам қазақ мектебі жабылды. Әуелгіде «800-ге жуық қазақ мектебі жабылды» деген дерек шыққан-ды, сөйтсек, бұл тек солтүстік облыстарымызда жабылған мектептердің саны екен. Тұтас Қазақстан бойынша 1500-ден астам мектеп жабылыпты. Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде! 

Осыдан-ақ қазақ тілін түп-тамырымен жойып жіберуге, сөйтіп, Қазақстанды қазақсыз қалдыруға, өз тілдерімен айтқанда, «қазақсыз Қазақстан жасауға» Кремльдің жанын сала кіріскені беп-белгілі болып отыр. Және бұл мектептердің барлығы да жоғарыдан берілген астыртын нұсқау бойынша айғай-шусыз, арыз-ғұрызсыз, ың-шыңсыз жабылды. 1967 жылы дәл осылай артық айғай-шусыз, елеусіз ғана, жым-жырт жабыла салуға тиісті қазақ мектептерінің бірі, Құдай сәтін салғанда, жабылмай қалды. Қалайша?

Шымкент қаласының дәл іргесіндегі қазағы да мол, орысы да аз емес үлкен ауылда екі мектеп бар болатын: бірі – орыс, екіншісі – қазақ мектебі (Бұл ауыл 1980-жылдары қалаға қосылып кетті). 

Содан бір күні қазақ мектебінің директоры ауылдың беделді деген бетке ұстарларын, еңбек ардагерлерін, ұзын саны он шақты адамды өз кабинетіне шақырып, әңгіме өткізеді. Орыс тілінің маңызын, беделін, қажеттілігін айта келіп жиналғандарға былай дейді: 

– Жаңа оқу жылынан бастап біржолата орыс мектебіне көшсек пе деп отырмыз. Бұған мектеп мұғалімдері де, ата-аналар да, оқушылар да қарсы емес. Егер сіздер қарсы болмасаңыздар... 

– Сонда қалай, қазақ мектебі жабыла ма? 

– Иә, көпшіліктің сұранысы бойынша жабылады. Біз бұл жерде көпшіліктің талабын ескеріп отырмыз, – деп жылпылдатады одан әрі мектеп директоры. – Жоғары сынып оқушылары, яғни оныншыға, тоғызыншыға, сегізіншіге көшкен оқушылар мектепті қазақ тілінде аяқтасын деп ұйғардық, жаңа оқу жылынан бастап бұлар көрші ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінде оқитын болады. Ал жетінші сыныпқа көшкендер мен одан төменгі сыныптағылар түгелдей ауылымыздағы орыс мектебіне барады. Оқу бағдарламасын толық игеріп кетеді деп сеніп отырмыз. Рас, алғашқыда қиналуы да мүмкін. Бірақ, оның есесіне ертеңгі күні әскерге барғанда, жоғары оқу орнына түскенде, қызметке тұрғанда орыс тілінен еш қиналмайтын болады. Айтпақшы, мектеп мұғалімдерінің ешқайсысы да жұмыссыз қалмайды. Мұғалімдердің біразы осындағы орыс мектебіне орналасады, ал қалғандары өз мамандықтары бойынша көршілес ауылдағы мектептерге жұмысқа тұрады. 

– Өзің ше? Өзің жұмыссыз қалып қоямын деп қорықпайсың ба?!.

Осы сұрақты мектеп директорына қойған Қаныбек Ізтілеуов қария оның жауабын күтіп жатпастан орнынан тұрады. Әрине, кезінде мұндай теперіштің неше атасын көрген, асыра сілтеудің кесірінен жазықсыз абақтыға да жабылып, сонау Сібірге дейін сабылған Қаныбек қария мұның бәрінің де жоғарыдағылардың жасырын һәм жымысқы әрекеті арқылы жасалып жатқанын, әйтпесе көлеңкесінен қорқатын мектеп директорының білдей бір қазақ мектебін жабуға батылы да жетпейтінін, шамасы да келмейтінін жақсы біліп тұр ғой.

– Ал, қарақтарым, – дейді қария айналасына асықпай көз тастап. – Араларыңдағы жасы ең үлкені мен екенмін, енді мені мұқият тыңдаңдар. «Қазақ мектебі жабылады» дейсіңдер, ал енді осы қазақ мектебі қандай зәруліктен, нендей мәжбүрліктен жабылғалы отыр? Өз басым ешқандай зәрулікті де, мәжбүрлікті де көріп тұрған жоқпын. Біздің балаларымыз жоғары оқу орнына түскенде, әскерде жүргенде орыс тілінен қиналады екен. Ендеше, оларға орыс тілін қиналмайтындай етіп үйретіңдер! Жақсылап оқытыңдар! Қазақ мектептерінде орыс тілі мен орыс әдебиеті он жыл бойы қатар оқытылады емес пе, осының өзі-ақ балаларымыздың орыс тілін еркін игеруіне толығымен жетеді. Тек орыс тілінен сабақ беретін адамның көлденең көк атты емес, өз ісінің білгірі, нағыз маман болуын қадағалаңдар! Қазақ мектебінен неге қашасыңдар? Ана тілінен неге безесіңдер? Қазақ тілі артық болмаса, ешқандай тілден кем емес. Әй, директор бала, күнде радио тыңдап жүрсің ғой, Әнуарбек Байжанбаевтың үніне тағы бір дендеп құлақ түріп көрші, қазақ тілінің ерекше әдемі, айрықша ажарлы, сонымен бірге қуатты да айбынды, сесті де сұсты екеніне көзің кәміл жетеді. Қазақ тілі – ғұмырлы тіл. Әнуарбек Байжанбаев сөйлеген осы ғұмырлы тілді көздерің қиып қалай кетпексіңдер? Ойланыңдар, қарақтарым, әлі де кеш емес.

Қойшы, не керек, Қаныбек қарияның сөзінің сыңайы, әсіресе, оның әйгілі Әнуарбек Байжанбаевтың өзін үлгі қыла сөйлегені осы істің басы-қасында жүрген мектеп директорына да, мектеп директоры арқылы бәрін естіп-біліп отырған жоғары жақтағыларға да ұнамаса керек, «қой, құрысын, шу шығып кетіп жүрер...» деген оймен олар жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырады. Сөйтіп, қазақ мектебі жабылудан аман қалды.

Қаныбек қария мына бертінге дейін, өзі қайтыс болған 1979 жылға дейін: «Қаз дауысты Қазыбек, нар дауысты Нарынбай, қу дауысты Құттыбай... Бұлар неге бұлай аталған? Олардың ойы мен тілі ғана жүйрік емес, дауыстарына да қасиет дарыған. Елді иіріп-үйіріп тұратын да – ең алдымен осы дауысы, дауысының тартымдылығы. Сол сияқты, Әнуарбек Байжанбаевтың дауысында да қасиет бар. Менің аузыма да Әнуарбек Байжанбаевты Құдай салды, осының арқасында мектебіміз жабылмай аман қалды. Бұл – менің еңбегім емес, Қазақ радиосының әйгілі дикторы Әнуарбек Байжанбаевтың қасиетті дауысының шарапаты!» – деп өтіпті.

***

1993 жылдың қара күзінде Қазақ радиосының мәжіліс залында марқұм Әнуарбек Байжанбаевты еске алу кеші өтті. Мен бұл кезде Қазақ радиосының бас директоры едім, жиылған көпшілікке өзіме жақсы мәлім жоғарыдагы оқиғаны айтып бердім. Содан кейін:

– Әнуарбек Байжанбаев тек бір ғана қазақ мектебін жабылудан құтқарып қалды ма? Меніңше, ол талай қазақ мектебін жабылудан құтқарды. Талай қазақ баласының орыс мектебіне емес, қазақ мектебіне баруына ықпал етті. Өйткені, ол Қазақ радиосынан сөйлеген кезде өзі оқыған әңгіме, очерк, мысал, хабар-ошармен бір мезгілде «Міне, мынау – сенің ана тілің! Қарашы, қандай сұлу, қандай әдемі! Біз мұндай сұлу, ажарлы тілді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек! Сақтай алуымыз қажет!» деген ойды да тыңдарманның санасына сіңіріп отырды. Ол өзінің құлаққа жағымды, көкейге қонымды қоңыр дауысымен жастарымыздың қазақ тіліне деген махаббатын оятты. Сондықтан да біз ешкімнен қысылып-қымтырылмай «Әнуарбек Байжанбаев – қазақ тілінің №1 насихатшысы» деп еркін айта аламыз, – деп ойымды аяқтаған едім.

***

Шерағаң, Қазақстанның халық жазушысы, ұлттық журналистикамыздың сәруары, аяулы ұстазымыз Шерхан Мұртаза республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясының президенті болып жүрген кезінде маған екі адам жөнінде ерекше пікір білдіргені әлі күнге есімде. 

– Оның бірі – әнші Зәуреш Есбергенова. «Мұхиттың «Айнамкөзін» айтады, – деді Шерағаң. – Айтқанда да ешкімге ұқсамайды, бөлекше, ерекше айтады. Дауысы да сұмдық! Ән айтқанда арқаланып, кеудесі көріктей болып көтеріліп кетеді екен. Кім біледі, бәлкім Мұхит бабамыз да «Айнамкөзді» дәл осылай айтқан шығар... Әйтеуір, осы әншіні көзден таса, назардан тыс қалдырмауға тырысуымыз керек.

Екіншісі – Қазақ радиосының дикторы Сауық Жақанова. «Сендердің радиоларыңдағы Сауық Жақанованы жарты әлем біледі. Әне, таланттың күші! Таланттың құдіреті! Қырғызстанға барсам – қырғыздар, Өзбекстанға барсам – өзбек ағайындар мен қарақалпақтар сұрайды Сауықты. «Әй, оны не істейсіңдер, құда түсесіңдер ме?» – деп мен де қалжыңдаймын. Бұлар тегіс Қазақ радиосын тыңдайды ғой, содан Сауықты да жақсы біледі. Бәрі де Сауықтың үніне ғашық, дауысына тәнті. «Жасы қаншада? Мамандығы журналист пе, жоқ актриса ма? Қай жердің қызы? Мәскеуде білім алған ба, жоқ әлде Алматыда оқыған ба?..» деген секілді сауалдарды қарша боратады. Өзінің сирек дарынымен, сүйкімді дауысымен күллі Орта Азияны тәнті еткен қазақтың талантты қызы туралы кімнің білгісі келмейді дейсіз?! Бұлардың да білгісі келеді. Сауалды қарша борататыны да содан, – деген еді Шерағаң жадырай күліп.

Әнуарбек Байжанбаевтың аса дарынды, ізденімпаз, еңбекқор шәкірттерінің бірі Сауық Жақанованың бүгінде егделік жасқа дендеп енген кезі. Ә.Байжанбаевтың мектебінен өтіп қана қойған жоқ, өзі де үлкен дикторлық мектеп қалыптастырды. Ізбасар шәкірт тәрбиеледі.

«Дикторлық мектеп» дегенімізден келіп шығады, Қазақ радиосында көркем әңгіме оқудан Сауық Жақанова алдына жан салмаушы еді ғой. Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңырын» қалай оқыды десеңізші! Жалпы, Тәкен Әлімқұлов – ел ішіндегі сирек сөздерді, көпшілік біле бермейтін сөз тіркестері мен таңсық мақал-мәтелдерді жиі қолданатын жазушы. Оның үстіне ғажап стилист, бір сөзін бұрмалауға, бір сөзіңіз не, бір әріпіне тиюге, өзгертуге болмайды. Ал өзгертсеңіз ше? Онда стиль бұзылады. Әңгіменің әуезі өзгереді, жазушының осы әуез арқылы оқырманға жеткізейін деп отырған ойы көмескі тартады. Тәкен Әлімқұловтың ойлы, сырлы сезімге толы күрделі әңгімесін Сауық Жақанова мұртын бұзбай, реңкін өзгертпей, нәшіне келтіре оқып шыққанда, дарынды диктордың өнеріне баршамыздың, әсіресе, жазушылар қауымының риза болғаны да есімізде.

Мархабат Байғұтқа сенсек, «дауыстың да түсі болады екен» (Оның «Дауыстың түсі» деп аталатын әңгімесі де бар). Егер дауыстың түсі бар болса, онда Сауық Жақанованың дауысының түсі – сан алуан. Парсының даңқы әлемге жайылған әйгілі кілеміндей сан бояулы.

Рас, «Сауық Жақанованың дауысы – интимді дауыс» дейтін де пікір бар. Біздіңше, интимділік – С.Жақанованың дауысының тек бір қыры ғана. Әсіресе, көркем әңгіме оқыған кезінде Сауықтың дауысына зер салыңызшы, қырық құбылып, қырық құлпырады. Әңгіменің ауанына қарай дауыстың тембрі де түрленіп отырады: біресе жайма-шуақтанады, біресе бұрқ-сарқ ете қалады, енді бірде өксиді, тағы бірде сақ-сақ күледі...

Сауық Жақанова тілдің тазалығы мен табиғилығына, тіл мәдениетіне айрықша мән береді. «Тілдің тазалығы мен табиғилығы» дегенімізден шығады, қайбір жылы ауылға барғам. Туған ауылыма. Сыныптас досым жағдай сұрасқаннан кейін: 

– Биыл қыстан қиналмай шығамыз ғой деп отырмын. Үш тонна қара алтын түсіріп алдым, – дейді бетіме қарап жымың-жымың етіп. 

– «Қара алтыны» несі? 

– Ей, жазғыштар, сендер солай жазасыңдар ғой! Көмірді – «қара алтын», қызылшаны – «тәтті тамыр», дәрігерді – «ақ халатты абзал жан» деп жазатын мен бе, сендер ме?! Дәрігерді дәрігер десеңдер қолдарыңнан қаламдарың түсіп қала ма. «Дәрігер» деп жаз, бітті, оның қара халат емес, ақ халат киетінін, ауру адамға қолынан келгенінше жәрдем жасайтынын менің өзім-ақ біліп, ұғып тұрмын емес пе. Өйтіп көпсітудің кімге керегі бар? Қызылшаны қызылша де, болды, қызылшаның тамыр салатынын, оның тәтті болатынын, Құдай-ау, кім білмейді...

Сыныптас досымның осы ескертуі жөнінде сол кезде де, артынан да көп ойландым. Жалпы, біздер, журналистер қауымы біліп жүруге тиісті басы ашық бір жайт, күпсіме, орынсыз асқақ, жалтырақ, жасанды сөзді халық қабылдамайды екен. Осыны, әсіресе, сөзбен, мәтінмен жұмыс жасайтын Сауық Жақанова ерекше сезінуші еді. Оның күпсіме, жалтырақ, жасанды сөздерді («ақ халатты абзал жан» және т.т.) өзі оқитын мәтіннен редакторға айтып алдырып тастағанына талай рет куә де болдық.

Қазақ радиосымен біте қайнасып, бірге жасап келе жатқан Сауық Жақанованың Өзі де, оның дауысы да – біздің байлығымыз, рухани қазынамыз. Енді тек осы байлықтың бағасын білейік, қасиетін таниық, қадіріне жетейік. 

Әмірхан Меңдеке, 

әдебиет сыншысы

Сөзсырға

«ТЕЛЕАРНАДА ЖҰМЫС ІСТЕМЕГЕНІМ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ БОЛҒАН…»

Сауық Жақанованың естелігінен

– О тұста ауа-райы хабарлары таңғы сағат 6.50-де берілетін. Мұны әрбір диктор кезектесіп оқиды. Тағы бір ерекшелік – бізге орыс тілінде ұсынылатын мәтінді өзіміз қазақшалап оқуға тиіс едік. Үйім жұмысқа жақын болғандықтан кешігу деген де болмайтын. 

Бірақ бір жолы қатты шаршаған болуым керек, ұйықтап қалыппын. Жаз мезгілі болғандықтан, үстіме бір көйлекті іле салып жұмысқа қарай ұштым. Негізінен, ауа-райы хабарының қазақшасы бірінші берілуі керек-ті. Эфир уақыты таяп тұрғандықтан, алдымен орысшасын өткізіп жібердік. Осы аралықта мәтінді апыл-ғұпыл аудардым да, қазақшасын оқып шықтым. Біткен бетім сол еді, орыс редакциясының дикторы маған қарап, қарқылдап күлгені…

Сөйтсем, көйлегімді теріс киіп алыппын. Қатты ұялдым. «Телеарнада жұмыс істемегенім қандай жақсы болған!» деп қоямын өзіме-өзім…

Жазып алған Құлан САҒАТҰЛЫ.

Жыр-шашу

ӨЛЕҢДІ САУЫҚ ОҚЫСЫН!..

Аспанға әуен қалықтап,

Жұмақтан жұпар аңқытып, 

Шалқытып, бойды балқытып – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Сырнайдай дауысын сызылтып, 

Тырнадай үнін үзілтіп,

Кірпікке моншақ тізілтіп – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Сазына елтіп сайран бақ,

Жанары жаздай жайраңдап,

Өмірге мынау қайран ғап – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Балқып та шалқып, баптанып, 

Жанары жана шоқтанып,

Ұшуға көкке шақ қалып,

Кеудесін кере шаттанып,

Көмбесін көре шаттанып,

Көмбесін көне ақтарып – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Өзекті өрттей жандырып,

Көңілдің шөлін қандырып, 

Ақылдан, естен тандырып, 

Жамырай жеткен жал толқын, 

Жағаны жұтып, жарға ұрып, 

Жадыңда үні жаңғырып – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Мақаммен мамық мақпалдай, 

Аптыққан ару ақ майдай, 

Шаттықтан шарап татқандай, 

Көрінбей көзге бұлдырап 

Көш ұзап бара жатқандай 

Алдыңнан кәусар бір бұлақ, 

Сылдырап күліп аққандай – 

Өлеңді Сауық оқысын!

Исраил Сапарбай, 

ақын