Туралықты ту еткен
2024 ж. 11 қараша
617
0
Өмірде сыйласып жүрген жаннан айырылсаң, жан дүниең ауыратыны сөзсіз. Сондай жанның бірі мен үшін Зейнолла Абажан болды. Ол өмірден өтті деген хабар ауыр тиді. Өткен жылы денсаулығына байланысты емделіп, биылғы жаздың жақсы күндерінде тәуір болдым деген сөзі қуантқан. «Амандық болса, журналистикадағы жазғандарым екі-үш кітаптай. Соны реттеймін. Жұмыс деп мойыным жар бермеді» деген. Мұны мен де құп көргенмін. Зәкеңмен таныстығым Алматыда басталды. Екеуміз КазГУ-дің журфагын 1981 жылы бірге бітіріп, аралас-құралас сыйластығымыздан басталған. Университет бітіргеннен кейін Алматыда жұмыс табу қиындығын басымыздан өткіздік. Газет-журналдардың есігін қағып, жазған материалдарымызды беріп, жұмысқа тұрудың әрекетін жасадық. Бірінші болып Зейнолла жаңадан ашылған «Алматы ақшамына» жұмысқа тұрды. Қуанышымызда шек болмады. Басылым алғашында «Вечерняя Алма-Ата» сияқты аптасына бес күн шығып, кешкі 6-ға дейін қаланың газет-журнал сататын дүңгіршектеріне түсті. Газеттің жаңа нөмірін алу үшін дүңгіршектерде кезекке тұратын оқырмандары да пайда болды. Небәрі екі тиын тұратын басылымның құдіреті Алматы қаласының бір күндік және алдағы уақытта болатын бар жаңалығын кешке қарай таратып жіберетін дәрежеге жетті. Таралымы екі-үш жылда 35-тен 42 мыңға дейін Алматы емес, республиканың түкпір-түкпіріне тарайтын сүйікті басылымға айналды. Сондағы оқырмандардың газетке деген көзқарасы мен құрметі ерекше еді. «Алматы ақшамы» не жазыпты, қалада не жаңалық барын, кинотеатрдағы қойылымдарда не жүріп жатқанын білуге құштар еді. Курстасым Зейнолланың жазған материалдары да күнделікті нөмірде жарқырап шығып, өзін көрсетті. Қаладағы зауыт, фабрика, құрылыс саласындағы жаңалықтар мен ондағы күрделенген мәселелер туралы Зекеңнің көлемді материалдары да нөмірден түспейтін. Мен де көп кешікпей еңбек жолымды «Алматы Ақшамынан» бастадым. Аптасына бес рет шығып, кешке қарай оқырмандардың қолына тиетін басылымдағы жұмыс ұжымға да оңай тимейтін. Қаладағы ертеңгі іс-шараларды кезек күттірместен нөмірге салатынбыз. Осындайда Зәкең бөлекше көрініп, өзіне берілген тапсырманы жауапкершілікпен бірден машбюрадағы қыздарға керекті деректерді ауызша айтып (диктовка жасап), күн жаңалығына қосатын. Мұндайға Қайрат Әлімбек, Кәдірбек Құныпияұлы, Раушан Имашевалар кәнігі. Көптің көкейкесті, ойсаларлық пікірлерін, ұлттық рухын көтеретін танымдық дүниелер әр нөмір сайын көрініп жататын. Белгілі тұлғалардың, ірі ғалымдардың мінбері басылымнан табылатын. Сондай-ақ қаланың өндірісі мен экономикасына қатысты материалдар да Зейнолла Абажанға жүктелетін. Оның жазудағы ұшқырлы, көтерген мәселесі көптің ойынан жол тауып жататын. Редакторымыз Ислам Бейсебаев, редактордың орынбасары Бақытжан Жиенғалиев, жауапты хатшы Қанат Қайым Зекенің осы қасиетін, журналистік ізденісімен жазудағы шеберлігін қашан да ауызға алатын. Бәріміз Зейнолланы осы еңбегін жоғары бағалап, «Зенкис, жарайсың!» деп қолпаштаушы едік. Оның бойында досқа, жолдасқа деген адалдығы, турашыл мінезі де бар еді. Әзіл-қалжыңы да бөлек. Көптің көңілін таба білетін қасиеті де көрініп тұратын. Сол жылдары Зекеңмен бірге «Алматы ақшамында» істеген жас журналистер үлкен тәжірбие жинақтап, кейін республикамыздың белді басылымдарында өздерінің орнын тапты. Соның бірі – Зейнолла. Ол өзінің қолтаңбасын «Қазақ әдебиетінде» де қалдырды. Әдебиет әлемінде бағын сынады. Алайда 90-жылдардағы елдегі ауыртпашылық оны басқа арнаға түсуге бет бұрғаны. Қаланың бір қиырындағы «Ұлжан» шағын ауданында ел есінде қалатындай еңбек еткенін кейін білдік. Өйткені ол өз ісіне мақтанбайтын. Қарапайым тілмен «аудан әкімшілігіндемін» дегені болмаса, әкіммін деп өзін көрсеткен емес. Журналистикадан алыстап, жаңа ауданның бар тіршілігін арқалапты, елдің мұң-мұқтажына жұмыс істеген. Ісінің берекесі мен көрсеткіші қазіргі ауданның келбетін заман талабына сай жасауға үлесін қосқан. Тұрғындармен қатар жүріп, ортақ іске ұйтқы болғандығы күні бүгінге дейін айтылуы соның куәсі болады. Көппен жүріп ағаш отырғызып, жол салған едік дегендер де қазір «Ұлжанда» аз емес дейді Зекеңді білетіндер.
Зейнолла он жылдай «Ұлжан» шағын ауданында қажырлы еңбек етіп, жұрттың алғысына бөленген. Жаңа ауданның іргетасын қалаған. Сол бір қиын жұмысты артқа тастап, өзінің сүйікті мамандығына оралғанда бәріміз қуандық. «Дала мен қала» газетіне бас редактордың орынбасары қызметіне келгеннен кейін жазудағы ұшқырлығын көрсетті. Жастарға жазудың үлгісін көрсетіп, керемет материалдар жазуға ықпалын тигізген. Өзі де қоғамның өзекті тақырыптарына байланысты өткір материалдар жазды. Бұдан соң «Қазақ үні» газетінің бас редакторының орынбасары болған жылдарда қоғамдағы не бір келеңсіз жағдайларды сын көзбен жазып, пікірін де білдіріп отырды. Шындыққа тура қарап, әділ шешімдер үшін күресті. Үкіметтегі дұрыс емес шешімдер мен пайдаға аспайтын жобаларды да қатты сынға алды. Өз пікірін ашық айтып, таразылай білді. Зекең қай тақырып болсын еркін игерген журналист еді. Саясат, экономика, өнеркәсіп, қоғамдық-әлеуметтік және мәдениет пен әдебиет тақырыбына да көсіліп жазғаны білімділігі мен ізденісі екенін танытқан. Мұндай қабілеттілік кез-келген журналистің бойында табыла бермейтін қасиет десек, әріптестері туралы жазған эсселерін де көркем тілмен жазатын. Жақсы дүниені оқығанда шебер жазушының шығармасын оқығандай боласың.
Міне, Зейнолла Абажан қазақ журналистикасында өзіндік ізденіс шеберлігімен ерекшеленетін. Жазар дүниесін зерттеп, саралап жазатын. Шындыққа жаны ашып, әділетсіз істердің бетін ашатын. Қоғамның келеңсіз жайына бей-жай қарамайтын мінезі де бар еді. Жан дүниесінде адамгершілік пен қайырымдылықтың, парасаттылық пен ізгіліктің ізі жататын. Тура істі ту етіп, адалдықтың ақ жолына үн қосады. Зейнолла республикалық ірі басылымдар – «Алматы ақшамы», «Дала мен қала» және «Қазақ үнінің» іргетасын қалауға өзіндік үлесін қосқан журналистің бірі десе артық емес. Әсіресе оның «Қазақ үні» газетінде ел мүддесі үшін жазған материалдары Үкімет назарына жетіп жатты. Сондықтан болар, Зекеңнің батыл, турашыл, намысшыл шыншылдық қасиетін әріптестері «Абаданға айналған Абажан» деуі тегін емес. Мұндай теңеу журналистика саласында екінің біріне айтыла бермейді. Зекең бұл атқа лайық. Лайық болып өмірден өтті. Уақытта зымырап өтер, жылдар да жылжиды. Бірақ сарғайған газет тігінділерінен оның қандай журналист болғандығын әріптестері мен оқырмандары қашан да ұмытпайтыны анық.
Жексен Алпартегі,
журналист