ТАЙТАЛАС
2023 ж. 29 қаңтар
1179
0
Жұмабек Тәшенов туралы сыр
...Жоғарғы Кеңес мәжілісінің соңғы күндерінің бірі. Кешкі сағат ондар шамасы. Ел орынға отырған шақ екеніне қарамастан, алып империя қожайынының Кремльдегі кабинеті араның ұясындай гу-гу етеді. Арнайы шақыртылған Қонаев пен Тәшенов Хрущевтің қабылдауын күтіп отыр. Әншейінде лып еткізіп қабылдай қоятын Никита Сергеевич бұл жолы мен сендердің ғана емес, мұқым он бес республиканың басшысымын, шаруам шаш етектен деп қыр көрсеткісі келді ме, әлде зәуде бір жол түскенде барлық басшылар да Мәскеуден құр қол қайтқысы келмей, жанталасып жатыр ма, әйтеуір, төзім сынағандай ұзақ-ұзақ күттірді.
Іші пысқан Димекең сол жерден бір журнал тауып алып, парақтай бастады. Ал Сары Арқаның тағдыры толғандырып, санасы санға, ойы онға бөлініп отырған Жұмекеңнің ештеңеге зауқы соқпай, алдағы Хрущевпен болар текетіресті көз алдына елестетті. Иә, істің түйіні шырмауықтай шырмалып, шиеленісіп кетті. Қазір ел басшысының тізеге салары анық. Бұл да алған бетінен қайтпауға бекінген. Не бел кетпек, не белбеу кетпек. Ақыры не болары бір Аллаға мәлім. Әрненің басын шалып келіп, бір қараса, Кремль қожайынының таққа өрлеу жолындағы тар жол, тайғақ кешулерін ойша шолып кетіпті.
...Асылы, Хрущев – халық арасынан шыққан қарабайырлау кісі еді. Сырт көзге момындау, ақкөйлек, ақжүрек көрінгенімен, бір кісідей қулығы да, сұмдығы да бар әккі басшы болатын. Бүкіл халықты отыз жылдай қалтыратқан мұртты көсем мұрттай ұшқанда ел тізгінін ұстауға төрт-бес-ақ адам үмітті еді. Олар – айлакер де жырынды Берия, ысылған аппаратшы Маленков, Лениннің досы, бірбеткей де қыңыр Молотов, шебер орындаушы Каганович және әсіресақ Булганин. Ал шала сауаттылау Никитаны ел билейді деп ешкім есепке де алмаған болатын. Сталин көз жұмғанда Министрлер Кеңесі төрағасының мансабын «жетекші бестік» өз арасындағы ысылған аппаратшы әрі басшылыққа икемді Маленковқа ұстатты. Оның бірінші орынбасары әрі Ішкі Істер министрі болып Берия бекітілді. Булганин Қорғаныс министрі, Молотов Сыртқы Істер министрі болып тағайындалды. Ал осыған дейін әріптестері партияны ұжымдық түрде басқаруға келіскендіктен, Хрущев Орталық Комитеттің көп хатшыларының бірі ғана еді.
Бұл – өтпелі кезеңдегі көз алдау ғана болатын. Нағыз тақ үшін талас осыдан соң басталды. Таққа үміткерлердің әрқайсысы да өліспей беріспеуге, тіпті күш қолдануға дайын еді. Алайда осылардың арасында әріптестерінің әр қадамы жіпке тізілген құжаттар тіркелген папкіні уысында ұстаған, әрі күштік құрылымдарды басқаратын Берияның мүмкіндігі аса мол болатын. Қасындағылар одан кез-келгенімізді әп сәтте тұтқындайды-ау деп зәресі ұша қорқатын. Берия Мәскеу түбіне екі дивизия әкеп қойған соң қарсыластары оған қарсы күш біріктіруге кірісті. Бұл ахуалды шебер пайдаланған Хрущев Булганин мен Жуковтың көмегімен Мәскеуге екі таңдаулы танк дивизиясын кіргізіп, орталықтағы ең негізгі нүктелерді бақылауға алды. Берияны Президиумның кезекті мәжілісінде тұтқындап, үстінен дереу жабық сот өткізіп, КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен атқызып тастады. Сталин өлгенде бір қуанған әріптестері қызылкөз Берия мен оның жақтастарынан құтылған соң тағы бір терең тыныстады.
Сол қуаныштардың бірінде Хрущев өзін бірінші хатшылыққа ұсыну туралы идеяны Булганин арқылы Маленковтың аузына салып жібереді. Қаперіне ештеңе кіріп-шықпаған Маленков айт дегенді айта салыпты. Сөйтіп қыркүйек пленумында Хрущевтің құқұғы Министрлер Кеңесінің төрағасымен теңесіп шыға келеді. Енді елде Хрущев пен Маленковтың қос билігі орнайды. Никита ескі достарынан дереу құтылуды ойластырады. Өзінің өткен өмірі мен жасаған күналарын жатқа білетін, әсіресе, Сталиннің саяжайындағы оңаша отырыстарда мұртты көсемнің мұны атан түйеше тапыраңдатып билетіп, мазақ қылған сәттеріне куәлардың көзін құртпаса болмайтын еді.
Ол Сталиннің: «Орыс халқына өз айтқанын бұлжытпай орындататын жуан жұдырықты билеуші, қаһарлы патша керек» деген сөзін жадына мықтап сақтаған болатын. Осы деңгейге жету үшін Хрущев ең әуелі партиялық аппаратты арнайы қызметтердің бақылауынан босатты. Іле-шала Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетін құрып, оның басшылығына өзіне шын берілген генерал-полковник Серовты қойды. Бұрын Берияның қолындағы көзірдей болған барлық құжат соның қолына көшті. Серов осы құжаттармен мұқият танысып, ең қажеттілерін Хрущевқа іріктеп беріп отырды. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы ол мәліметтерге максизм-ленинизм еңбектерінен бетер мән беріп, бас алмай оқуға кірісті. Осыдан соң КСРО-дағы ең негізгі тетіктерге партиялық бақылау орнатты. Осылайша ол барлық көзір қолында отырған әккі карташыдай ойына келгенін істей бастады. Ешкіммен кеңеспей-ақ «Артур» портын Қытайға, Қырымды Украиндарға сыйлап жіберді. Бұл оның сенімінің күшейіп, жуан жұдырықты қаһарлы патшаға айнала бастағанының айғағы еді.
Осы кезде Үкімет басшысы Маленков туралы «Лениннің асыранды баласы, тіпті жиені» деген дақпырт тарады. Ол дағы қарап жүрмей, бірде колхозшылардың бұрынғы барлық қарызын кешіріп, бірде елдің салығын төмендетіп, абырой-бедел жинай бастады. Алғашқылардың бірі болып жанталаса қарулануды сынап, қорғанысқа кететін шығынның есебінен халықтың әл-ауқатын күшейтуді ұсынды. Хрущев оның бұл ұсыныстарын бастапқыда қолдады. Кейін Министрлер Кеңесі төрағасының өз сөзін өзіне қарсы айғаққа тартып, тұтқиыл шабуылға шықты. Бірінші хатшы ең әуелі қарсыласының термоядролық соғыста жеңістің болуы мүмкін емес деген сөзіне шүйлігіп, оны капиталистік елдерге тізе бүгумен парапар деп бағалады. Осы сәтте Маленков та қағынып, шен-шекпенді шенеуніктердің қосалқы ақшасын қиып тастады. Ол кезде жоғары мансапты партия қайраткерлеріне өз еңбекақысынан екі-үш, кейбіріне он шақты есе көп ақша берілетін. Онысы еш жерде тіркелмейтін, одан салық та ұсталмайтын. Маленков, міне, осыған тыйым салды. Елдің түкпір-түкпірінен Хрущевқа «осыны қайта қалпына келтіріңіз» деген хаттар ағылып келе бастады.
Осылайша Никита Сергейұлының көктен іздегені жерден табылды. Ол жергілікті жерлердегі партаппараттың осы қолдауын пайдаланып, Министрлер Кеңесінің әлгі қаулысының күшін жойды. Әрі Молотовтың қолдауымен Орталық Комитеттің Пленумында «Маленковтың көзқарастары қате, саяси сандырақ» деп сынады. Ақырында «Маленков жолдас туралы» деген арнайы баяндама жасап, ескі досының тас-талқанын шығарады. Тіпті оның әуелде Бериямен әмпей-жәмпей болғаны да қаперге салынады. Қорғаныс министрі Булганин бірінші хатшының сөзін іліп әкетіп, «Маленков – сарабдал саясаткер емес, авантюрист, қаскүнем» деп айыптайды. Төраға қатердің шындап төнгенін сезіп, ақталуға көшеді. Бірақ ол кеш қалған еді. Пленум Маленковты қызметінен босатып, орнына Булганинді бекітеді. Маленковты тақтан тайдырған соң Хрущев енді жеке-дара қожайынға айналады. Министрлер Кеңесінің төрағасы Булганин де, Қорғаныс министрі Жуков та, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің басшысы Серов та өз адамы болатын.
Иә-ә, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма?! Бірде Хрущев та ешкіммен ақылдаспай, түрлі мәлімдемелер жасап, ескі достарының да, елдің де қанын қарайтады. Әуелі ол Ленинградта ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің алдында сөз сөйлегенде ет пен сүт өндіру жағынан АҚШ-ты бес жылдың ішінде қуып жетіп, басып озу қажеттігін айтады. Көп ұзамай мұны да місе тұтпай, осыны бір-ақ жылдың ішінде орындап тастайық деп айды аспаннан бірақ шығарады. Ал айтқанын орындату үшін үкімет малын былай қойып, жеке меншіктің малына ауыз салады. Елдің қолындағы «артық» малды үкіметке өткіздіреді. Әр қазаққа бір сиыр, бес қой, бір жылқыдан артық ұстауға рұқсат бермей, халыққа біраз қысым жасайды. Мұнысын бүркемелеу үшін «Кеңес үкіметі көп ұзамай коммунизм орнатады... ол кезде жеке мал ұстаудың еш қажеті жоқ, бәрі ортақ болады, адамдар ортақ байлықтан керегінше алып тұрады, жаппай бақытқа кенелеміз» деп, тумаған сиырдың уызымен алдайды.
...Осы туралы ел арасындағы анекдот есіне түсіп, Жұмекең еріксіз мырс етті. Халықтың ішінде небір жатыпатарлар бар ғой, солар шығарса керек.
Хрущевтың АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу идеясы жалпы жұртқа жария болған кез. Сонда көмекшілерінің бірі былай деген екен:
– Никита Сергеевич, АҚШ-ты қуып жетсек, қуып жетейік, алайда Құдай үшін, басып озбай-ақ қояйықшы!
– Е, неге?! Ақыры қуып жетуге шамамыз келген екен, басып озбасақ, несіне қудық?! Басып озайық! – деп өршеленеді Хрущев түкке түсінбей.
– Болмайды ғой, Никита Сергеевич, болмайды!
– Неге болмайды. Неге? Айтсаңшы күлбілтелемей!
– Болмайды! Басып озсақ, артымыз жалаңаш, масқара болып, ұятты жеріміз көрініп қалмай ма?! – депті көмекшісі.
Иә-ә, жұртты алдай-алдай, өз өтірігіне өзі иланып, елдің бәріне күлкі болған дөкейің артының жалаңаш екенін тарс ұмытып кетсе керек.
Айтпақшы, қазақ қушыкештері де Маленков пен Хрущевтің ел басқарғандағы қылықтарын талай-талай жырға қосты емес пе!? Мәселен, соңғысының жеке меншіктің малына ауыз салғанын «Маленков берген байталды Хрущев келіп қайта алды...» деп түйрейтіні бар. Бұл екеуі де қазаққа ешқандай байтал сыйлаған жоқ. Тек Хрущев жекеменшікке бір-ақ жылқы, ал Маленков екі жылқы ұстауға рұқсат берген еді. Айтып жүргендері осы болатын.
Асылы, бұл кісінің ел басқару тәсілі өз ізашарыныкіне мүлдем кереғар еді. Сталин отыз жыл билегенде екі-ақ рет қана шетелге шықса, Хрущев таққа отырған жеті-ақ жылда отыз шақты елді аралап үлгерген еді. Иосиф Виссарионұлы елді бүкіл әлемнен оқшаулап, темір пердемен құрсауласа, бұл темір құрсаудың быт-шытын шығарып, әлемге есікті де, терезені де айқара ашып тастады. Мұртты көсем елдің бәрін түрмеге тықса, Никита Сергейұлы соның көбін бостандыққа шығарды. Алайда айналасын жиі-жиі тазалап, алды-артын аршып отыру жағынан бұл ұстазынан асып түспесе, ешбір кем түскен жоқ. Ол мақсатын жүзеге асырарда кешегі досы, әріптесі, мүдделесі атаулының бірде-бірін аяған емес. Осындай азуы алты қарыс Хрущевқа енді қазақтың арыстан жүректі азаматы Жұмабек Ахметұлы қарсы шығып, қазақ жері үшін өліспей беріспеуге белді бекем буған еді.
...Билікке әбден орныққан соң Хрущев қазақ жерін бөлшектеуге белсене кіріскен болатын. Бар желеуі – Қазақстанның аумағы тым-тым көлемді, осы күйі басқару мүмкін емес. Мұны естіген Ниязов Хрущевпен бірге оқығанын пайдаланып, қазақтың недәуір шұрайлы жерін өзбектерге қаратып алды.
Ойындағысын орындатпай тынбайтын Хрущев мұнымен де тоқтамай, енді терістіктегі Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сынды 5 облысты біріктіріп, «Тың өлкесі» деген аймақ құрып тастады. Ақмоланы орталық қылып, Тың өлкесін көп ұзатпай Ресейге қосуды көздеп отыр. Өлкенің басшылығына орталықтан Т.И.Соколовты жіберді. Оның еркінсігені сонша қазақ басшыларына бағынудан бас тарта бастады. Мұндай бассыздыққа төзе алмаған Жұмекең Соколовты да, оның бірінші орынбасары Козловты да тәубасына түсіріп, кешірім сұратып еді. Мұның бәрі ең әуелі Мәскеудегі басшының құлағына тиетіні бесенеден белгілі. Өзі жіберген өкілдерді Тәшеновтің заңмен бұғаулап, партия жарғысымен құрсаулап, тырп еткізбей жатқаны оның қанын қарайтары тағы анық. Алайда ол ашуланады екен деп, айқасқа бел буған Жұмекең де алған бетінен қайта қоймады.
...Бұрын жылы шыраймен қарсы алатын Хрущев бүгін қабағын қарс жауып алыпты. Бұлар отырар-отырмастан-ақ ол үнемі әлденеге асығып жүретін әдетімен төпелеп ала жөнелді:
– Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының жан-жақты дәрежеге жетуінің негізгі себебі – үкімет пен партиямыздың көрегендік саясатының арқасы. Осыны басқалар білсе де, әлі күнге дейін соған онша мән бермейтіндер де бар көрінеді. Саяси бюрода Қазақстанның саяси-экономикалық тұрғыдан алға басуына кедергі келтіріп отырған түрлі себептерді анықтадық,– деді ол. – Солардың ең бастысы – республиканы басқарып отырған кадрлардың заманауи талапқа сай келмейтіндігі, өзге республикаларға қарағанда жер аумағының өте көлемділігі және өндіріс салаларының тым-тым көптігі... Осы кедергілерді дереу шешпейінше республика алға жылжи алмайды. Кадр мәселесін кейінірек қарастырармыз, қазір кезектегі және шұғыл шешетін мәселе – республиканың жер көлемі. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алысқанбыз. Бұл пікірімізді олар қолдады. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп шақырып отырмын!
Мәймөңкені білмейтін Жұмабек Ахметұлы сөзбұйдаға салмай, бірден төтесіне көшті:
– Никита Сергеевич, сіздің меңзеп отырғаныңыз Тың өлкесінің Ресейге қосылу мәселесі ғой. Мен дұрыс түсіндім бе?
– Айна-қатесіз, дөп бастыңыз!
Хрущев енді не дер екенсің дегендей, көзін сығырайта сынай қарады.
– Тың өлкесі туралы пікірім мынау: мен өзім Ақмолада туып-өстім. Он екі жыл Солтүстік Қазақстан облысында қызмет еттім. Осынау қасиетті мекенде ата-анамның, ата-бабамның жандары жай тапқан. Енді бұл жерді Қазақстанның құрамынан алып, Ресейге қоспақсыздар! Мұндаймен бірде-бір қазақ келіспейді! – дей беріп еді, Одақ басшысы сөзін бөліп:
– Қалайша «бірде-бір қазақ келіспейді» дейсің, қасыңдағы Қонаев келісіп отыр ғой! – деді мысқыл аралас мырс етіп. Ол сізден сенге қалай көшкенін байқамай қалды.
– Қонаевтың жөні басқа! Ал мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын! Айтқаным айтқан: Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді!
Мұны естігенде Хрущевтің беті қызарып, көзі аларып, екеуіне кезектесе жалтақтап отырып қалды. Май мұрнының сол жағындағы меңі бадырайып, оның үстіне өскен екі қылтанақ тікірейіп кетті. Аузына сөз түспей, тұтығып қалды. Сәлден соң есін жиып:
– Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің, біз саған сенім білдіріп, республиканың үкімет басшысына дейін көтердік, ал сенің айтып отырғаның – мынау. Әрі-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Кеңес Одағы – біртұтас мемлекет, қай жерді қай республиканың меншігіне беру – КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі,– деп, өз артықшылығын сездіріп, шабынып шыға келді.
Алайда реңінен алғашқы ашуынан қайтып, сабасына түсе бастағаны білінді. Сонысын пайдаланған Жұмекең қазақтың «шешінген судан тайынбас» дегені есіне түсіп:
– Никита Сергеевич! Егер КСРО Жоғарғы Кеңесі әр республиканың жерін жергілікті органдардың келісімінсіз шеше берсе, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын мүлдем жою керек! Өйткені ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға, тіпті, одақтан шығуға құқығы бар деп жазылған. Республиканың келісімінсіз, шекарасын өзгертуге ешкімнің, ешбір органның, тіпті Саяси Бюроның да, Жоғарғы Советтің де хақысы жоқ!
Қонаев Тәшеновке бұрылып:
– Жұмабек Ахметович, қатты кетпеңіз, сабыр сақтаңыз!– деді орысшалап. «Қызым, саған айтам, келінім сен де тыңда!» деген емеурін жатқандай. Оны екеуі де елең қылған жоқ.
– Жолдас, Тәшенов, есіңізде болсын! Егер бар мәселе Конституцияға тіреліп тұрса, оны өзгерте саламыз! Қолда тұрған нәрсе!
– Өзгерте алмайсыз, Никита Сергеевич!
– Неге?! Сен не деп тұрсың? Менің құзіретіме шәк келтіргің келе ме?!– Хрущев тағы да қызарақтап, алқымы ісіп, қаны басына теуіп шыға келді.
– Никита Сергеевич! Сіз БҰҰ-ның мәжілісінде де, биылғы қарашада Мәскеуде өткен дүние жүзі жұмысшы және коммунистік партиялары өкілдерінің мәжілісінде де «ұлт республикаларының құқығын күннен-күнге кеңейтіп келеміз, кеңейте де бермекпіз» деп мәлімдедіңіз! Өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығасыз ба?
– Сен менің сөзіме жармаспа, білдің бе!
– Ал өз сөзіңізді өзіңіз мансұқтап, Конституциямен санаспасаңыз, онда біз БҰҰ-ның Халықаралық ұйымдарына, Гаагадағы Халықаралық соттарға шағым беруден тайынбаймыз!– деді Жұмабек Ахметұлы қасарысып. Туа бітті қайсар жанның ештеңеден тайынбайтыны бүкіл болмысынан байқалып тұр еді.
Одақ басшысы қапелімде қисынды уәж таппай орнынан атып тұрып:
– Әй, сен өзіңді ана Молотов, Каганович, Маленков, Шепилевтерден артықпын деп тұрмысың? Солар сияқты сенің де көзіңді оп-оңай құрта саламын, біліп қой,...– деп, орыстың былапыт сөзімен боқтап жіберді. Мұны күтпеген Жұмекең де дәл өзіндей қылып қарымта қайтарды.
Хрущевтің көзі алақтап, қылқына жаздап, айғайға басты. Көмекшісі емен есікті ашып:
– Никита Сергеевич! Не істейін? Қандай көмек керек! – деп, кабинетке жүгіріп кірді. Қонаев та көзі бақырайып, қапелімде не істерін білмей апалақтап: «Никита Сергеевич! Никита Сергеевич!» деп құрақ ұшып жүр.
– Пошел, вон! – Кет, жоғал! Жап есікті! – деді Хрущев көмекшісіне.
Жұтындыра киінген, сыптығырдай сары жігіт табалдырыққа сүріне-қабына кері шықты да, есікті жапты. Никита Сергейұлы сонда ғана есін жиып, жөткірініп:
– Бұл әңгіме осымен аяқталсын! Ақыры келісе алмайды екенбіз, басқа жолын қарастырамыз! Орыстың «Кешкі ойдан таңғы тағылым артық» дейтін нақыл сөзі бар, қалғанын кейін көрерміз... – деп, асығыс-үсігіс тұра жөнелді. Соңынан Қазақстанның қос басшысы да ілесе шықты.
Былай шыға бере шартпа-шұрт мінезді екі тентектің арасынан аман қалғанына қуанған биязы мінезді Қонаев:
– Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау, еш қаймықпай қарсы шаптың! Есемізді де жібермедің,– деп сүйсінгенде Жұмекең жайбарақат қана:
– Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын,– деп, қонақ үйге қарай тарта берді. Кенет тоқтап, өкшелеп келе жатқан жолдасына қарап:
– Әлгінде «есеміз» деп қалдыңыз! Әй, Димеке-ай, екеуміз бірлесе қимылдасақ, ешқашан ешкімге есемізді жібермес едік-ау! Бірақ ондай қайда-а-а...
Жұмекең ырқынан тыс күрсініп жіберді.
– Иә, оның рас! Бұл туралы талай рет өзара айтыстық та, тартыстық та ғой! Екеуміздің мінезіміз де, көзқарасымыз да, жұмыс тәсіліміз де екі бөлек болып шықты емес пе,– деді Димекең де қамығып.
– Енді мүлдем екіге бөлінетін болдық. Көп ұзамай Хрущев Сізге хабарласып, мені орнымнан алып таста дейді.
– Алып таста десе, алмағанда қайда барамыз? Бас амандығына тәуба дейсің. Басқа амал бар ма?
Барлық мәселенің беті ашылған соң екеуі елге екі бөлек қайтты. Арада екі апта өтпей, Тәшеновтің мәселесі майшаммен қаралды.
***
«Ух, бітті-ау, әйтеуір...» деп ойлады Тәшенов «бұйраланып» шыққан соң. «Ал керек болса?! Алар сыйыңды алдың ба?! Бұл – әлі бастамасы ғана. Көресіңді әлі көресің... Көресіңді көрмей, көрге кірмессің, сірә...» деді ішінен бір дауыс. Осылай боларын білдің ғой?! Әрине, білдің. Әйтпесе Димаш Ахметұлы: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау»,– дегенде: «...Ел мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын», деп бекерден бекер айттың ба?! Өзіңе де керегі осы емес пе еді...
Жұмабек Ахметұлы кабинетіне келсе, телефоны үздіксіз безектеп тұр екен. Көңілін аулағысы келген тілеулестер ме, әлде табалағысы келген біреулер ме, деп, екіұдай халде сөйлескісі келмей, сәл кідіріп барып, тұтқаны көтерді. Мәскеуде іссапармен жүрген Сағындық Кенжебаев екен.
– Естіп жатырмын, Жұмабек Ахметович! Сіздің көңіліңізді көтерейін, Сізден сүйінші сұрайын деп, әдейі хабарласып отырмын! Сіз жеңдіңіз! Айтқаныңыз келді! Ол Сізді орныңыздан алғанымен, Тың өлкесін Ресейге қосу идеясынан бас тартыпты!
Жұмабек Ахметұлының жанары жарқ ете түсті.
– Сақыш-ау, шын айтамысың? Анық солай ма?
– Иә, иә! Анық солай! Тек әзірше... дымыңыз ішіңізде болсын! Жаңа ғана өзіміздің Леонид Ильичтен естідім.
– Япырай, мынауың керемет жаңалық екен! Сары Арқаны сақтап қалсақ, Төрағаның орынтағы сөз бе екен, тәйірі! Рахмет, Сақыш! Сүйіншіңе не сұрасаң да берем! Тек қалауыңды айт!
– Жо-ға, Жұмабек Ахметович! Ештеңе керек емес! – Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы жөпелдемеде сөз таппай сәл кідірді де:
– Менде не қалау болсын, Жұмеке?! Қалауым – Сіздей мәрт мінезді жақсы ағаның көңіліне кірбің түспей, жарқылдап жүргені ғой!– деп, риясыз шаттана күлді.
– Рахмет, Сақыш, рахмет! Төбемді көкке жеткіздің! Бірақ саған комсомолдық тапсырма: екеуміз жолыққанда қалауыңды айт! Басқа сылтау естімейтін болайын! Жақсы ма!?
– Жақсы, Жұмеке, жақсы!
Жұмекең тұтқаны орнына қойып, толқығаннан ширақ адымдап ерсілі-қарсылы жүре бастады. Жайшылықта шапшаң адамның қазіргі қимылына көз ілеспейді. «Сары Арқаны сақтап қалсақ, Төрағаның орынтағы деген сөз бе, тәйірі! Ол Сары Арқадан садаға кетсін! Өйткені мансап – көкпардың лағы, бүгін сенің тақымыңа бұйырса, ертең басқа біреудің қанжығасында кетеді. Ал жер – ата-бабаңның аманаты, халықтың алтынға айырбастамас асыл құндылығы. Сен қазақ жерін қасық қаның қалғанша қорғауға, көзіңнің қарашығындай сақтап, өзіңнен кейінгі ұрпаққа табыстауға міндеттісің. Олар келесіге, одан кейінгілер келесі ұрпаққа... осылайша ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, жалғаса бермек. Талайыңа бұйырған тақ пен бақты ұлттың игілігіне жұмсау, сын сәтте ұлт қамы үшін құрбандыққа шалу – ердің ерінің ғана еншісіне бұйырмақ,– деп қояды өз-өзін қайрап. – Қара бастың қамын халқыңа тапсыр: асыл болсаң, аршып алар, жасық болсаң, күресінге тастар... Асылы, тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар. Түптің түбінде сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады».
Иә-ә, дәл солай! «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп, жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» дегенде Абай атамыз нені мегзеді екен... Қыран мен жылан. Халық үшін осының қайсысы пайдалырақ? Қыранша оқтай атылып, аз ғана уақытта көп іс тындырғаның абзал ма, әлде жыланша жер бауырлап, асықпай арбамен қоян алып, біреуді алдап, біреуді арбап жүріп, ұзақ-ұзақ ел билегенің бе? Халық үшін де, өзің үшін де осының қайсысы пайдалырақ? Қайсысы қайырлырақ?.. Әрине, алғашқысы. Оған талас бар ма?! Халық үшін осы пайдалы, ал қара басыңа ше?! Өзіңе қайсы пайдалы?..
Ол терезеден алыстағы көкжиекке көз жүгіртті. Күн жарықтық батыс жақты қызыл жалқынға бояп, қабаржып батып барады екен...
Әбділдабек САЛЫҚАЙ, жазушы
qazaquni.kz