ҚОС ҒҰЛАМА — АХМЕТ пен ҚАНЫШ өмірде кездескен бе…
2022 ж. 21 қараша
2493
0
Алаштың көшбасшылары туралы 1918 жылы ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 25 жасында өзінің "Таныстыру" атты поэмасында суреттеген екен. Енді сол өлеңнен бір шумағын келтірсек:
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым...
Қазақтың Күні, Шолпаны мен Айы болған аймаңдай тарихи тұлғаларының, Алаш көсемдерінің болмысын барынша шынайы суреттеп халқына қайтару жолында теңдессіз қазына қалдырған, тарих беттері үшін аса құнды деректерді алғашқы болып екі томдық "Шындық шырағы" және "Алаштың сөнбес жұлдыздары" атты үш кітаптан тұратын естеліктерінде жазған Міржақып (Жақаң) Дулатұлының қызы Гүлнәр апай болатын.
Негізгі тақырыбымыз Алаштың Ахаңы мен Қазақтың Қанышы болғандықтан әрі олар кездескен бе деген сауалға жауап іздегендіктен, Гүлнәр апайдың естеліктерінің де сарыны бұл сұраққа қосымша жауап болатыны сөзсіз. Жақаңның тірі қалған жалғыз тұяғы Гүлнәр апай Қаныш ағасын былай деп еске алады: "Міржақыптан қалған жалғыз болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін. Әкем қамауға алғаннан кейін көбісі хабарласпай кетті. Алайда Қаныш Имантайұлы қарым-қатынасын үзбеді" - дейді. Бұл Қазақтың Қанышының қастерлі қасиетінің тағы бір қырына берілген баға болса керек. Міржақыптан бір мүшелден аса кіші Қаныш, Жақаңнан көрген жақсылығына адал болып, "сол заманда басыма бәле болар" деп басқа сырт айналғандардың қатарына қосылмай, жұмысының ауырлығы әрі иен даладағы Қарсақпайдан қатынап, Қызылордадағы Жақаңның отбасына көмек қолын ұсынуын, аманатқа қиянат жасамағандығын, Қаныштың адамгершілік қасиетінің темірдей берік екендігін көрсетеді.
Гүлнәр апай естелігінің тағы бір жерінде: "Әкемнің сүйіп алған жары, сенімді серігі, айнымас жұбайы Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбекова-Дулатова оның өзінен он жас кіші болатын…Ардақты анам қырық бес жасында 1940 жылы 15 сентябрь күні дүниеден өтті. Анам жиын-тойларда, кәделі кештерде би билеуді тәуір көретін. Қаныш Сәтбаев аға екеуінің мазурканы билегенін көргем-ді, бұл 1924 жылы еді" - дейді. Осы кездесуден екі жыл өткенде 1926 жылы Міржақып Дулатұлы Еңбекші қазақ (қазіргі Егемен Қазақстан) газетіне тұңғыш рет Қаныш Сәтбаев туралы жылы лебізді мақала жазады. Мұнда Қаныштың қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженері екендігін баса айтып, жас инженерге халқы үлкен үмітпен қарайтынын айшықтап мақалада көрсетеді.
Осының бәрін ой елегінен өткізсек, сонымен қатар 1924-1926 жылдар арасында Ахмет пен Міржақып Қызылордада бір үйде тұрғанын ескерсек, Қаныштың Жақаң үйінде бірнеше рет бола жүріп, бұрыннан танитын ардақты Ахаңа сәлем бермеуі мүмкін емес қой! Қаныштың Міржақыппен аралас-құралас болуының арқасында Ахмет ағасымен осы үйде кездесуі айдан анық. Ендеше, бұл екі алыптың (ойы ғана емес, бойлары да биік, Қаныштың бойы - 1 метр 96 см. болғаны белгілі, Ахаң да зор денелі бойшаң болған. Көзкөргендердің естелігіне сүйенсек, 1 метр 90 см.) ТӨРТІНШІ КЕЗДЕСУІ сол кездегі Қазақ Елінің астанасы - Қызылорда қаласында болған деп топшылаймыз.
Гүлнәр апайдың естелігіне қайта оралсақ: "Менің әкем мен Қаныш аға тумаса да туғандай болып кеткен жандар еді. Әкемді ұстап әкеткенде бізге хабарласуға дәті барып, қарайласқан аз адамның бірі Қаныш аға болды. Қарсақпайдан Қызылордаға келген сайын жағдайымызды біліп кететін. Мен мектеп бітіргенде анамыз Қаныш ағаның ақыл-кеңесі бойынша Томск медициналық институтына түсірді. Сондағы Қаныш ағаның айтқаны: "Гүлнәр, әкең Бутырька абақтысында жатқаны үшін қиындық туады деп алаңдама. Сібірліктер ашық-жарқын келеді. Олар да қудалауды көп көрген халық. Әкеңнің сәтсіздігі үшін аяғыңнан шала қоймас деп жігер беретін" - деп еске алады. Бұны Гүлнәр апайдың баласы Ерлан Сатыбалдиев растай түседі: "Халық жауының" фамилиясымен Қазақстанда оқи алмайсың деген Қаныш Сәтбаевтың кеңесінен кейін Томск қаласына кетіп, университеттің медицина факультетіне оқуға түскен". Кейіннен жарты ғасырдай дәрігер-дерматолог болып Алматыда апай қызмет жасаған. Мамандығы дәрігер болғанымен әкесінің табиғи таланты Гүлнәр апайдың бойынан табылып, қаламгерлік қабілетін аша түскен.
Тұтас бір дәуірдің куәгері ретінде Гүлнәр апай сол заманды бүгінгі ұрпаққа жалғастырған алғашқы алтын көпір екендігін талай белгілі жазушылар да жазған болатын. Соның бірі әрі бірегейі, бүгінгі классик жазушымыз Мұхтар Мағауин былай деп баға береді: «Гүлнәр Дулатованың естелік байып тұрғысындағы үш кітабы – қазақ руханиятындағы өзгеше бір қазына дер едім. Асырып айтылған сөз емес. Ахаңның маңдайына бітпеген, Мағжанның жастай кеткен, Әлекеңнің көктей қиылған балалары қайтып келіп әңгіме айта алмайды. Гүлнәр апамның қолынан шыққан кітаптар – қаншама тарынса да, тамырымызды біржола құрта алмаған зұлмат заманнан өтіп, бізге жеткен күтпеген бір олжа».
Ал, белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді: «Алаштық буыннан көз жазып қалған кейінгі ұрпақты Алаш арыстарына жақындатуға, тануға көмектескен тұлға Гүлнәр Міржақыпқызы еді. Өйткені, бұл кісі Алаш арыстарының көзін көрді. Бөкейханов дейсің бе, Байтұрсынұлы дейсің бе – бәрі де Міржақыптың үйінде болған кісілер. Алаш арыстарының ақталғанын көзімен көріп, құлағымен естіп кетті. Өзі осы ақталу процесінде жұмыс жасады. Жазған естеліктерінің тарихи құндылығы өте жоғары, деректі маңызы зор» - деп байыпты бағасын береді.
"Мәңгі есімнен шықпайтын күнім - әкемді соңғы рет көрген 1929 жылғы маусымның жиырма төрті" болатын деген Гүлнәр Міржақыпқызы 2013 жылдың 18 ақпанында 98 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Гүлнәр апайдың естелігінде Алаштың рухани көсемінің жұбайы Бадрисафаны әжеке деп, Ахметті атеке деп атағанын жазады. Ал, Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкейханды былай суреттейді: «Әкем Міржақып ағасы Әлиханды өзі «Әлеке» дейтін де, менің тілім шыққаннан бері «Атеке» дегізген. Туған күннен есейгенімше бауыр басып, орталарында өстім, әкелеріміздің қарым-қатынасы өле-өлгенше бірде-бір үзілген емес" - деп жазады.
Әлиханның ұлы Үгедей (Сергей) Жезқазғанның Қарсақпайындағы қызмет атқарып жатқан Қаныш Сәтбаевтың үйінде тұрғаны туралы көп жазылды да әрі "Ахмет. Ұлт ұстазы" атты 6-сериялы телехикаяда былтырғы жылы көрсетілгенін де білеміз.
Кезінде Қаныш Сәтбаев 20-жылдардың соңындағы қыс айларын Мәскеуде өткізеді. Сол кезде Әлихан Бөкейханмен жиі ұшырасып жүреді. Алғашқы академиктің 1929 жылдың 25 желтоқсанында жұбайы Таисия Алексеевна Сәтбаеваға жазған хатында мынадай жолдар бар: "Большевиктер Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салған Әлихан Бөкейханов Мәскеу тау-кен академиясының түлегі, ұлы Үгедейді менің қасыма, Қарсақпайға баруға көндірді" - деп жазады. Мұны академиктің қызы Ханиса Сәтбаева өз естелігінде Үгедей Бөкейхановтың Қарсақпайға келген кезін былай деп суреттейді: "Бөкейханов Қарсақпайға келген соң біздің үйге орналасты. Оны бәрі Сергей Әлиханович деп атайтын. Біз қоржын үйдің бір жағында тұрып жатқанбыз. Екінші жағы геологиялық барлау кеңсесі болатын. Сергей Әлиханович үйленген кезде ығысып, үш бөлменің бірін жас жұбайларға босатып бердік. Кейін зауыт басшылығы оларға жеке пәтер берді".
Бұл жазылған естеліктерден байқайтынымыз, Қаныш Имантайұлы Алаш көшбасшыларының отбасы мүшелеріне қолдан келген көмегін аямағаны өз алдына бір бөлек, Әлихан және Міржақып ағаларымен бірнеше рет кездескендігіне көзіміз жетеді. Сонымен қатар, Алаштың үш тұғыры аталған - Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен немере ағасы әрі ұстазы Әбікей Сәтбаевтың ара қатынастағы достығын сыйлап қана емес, әрі қарай жалғастыруға тырысқаны - Қаныштың қадірін арттырмаса кемітпегені айдан анық. Бұл сабақтастықты Ұлылардың ұрпақтары да жалғастырғанының куәсі біздер де болдық. Төменде берілген тағы бір тарихи сурет соның айғағы. Мұнда Әлихан Бөкейханның қызы - Мария, Ахмет Байтұрсынұлының қызы - Шолпан, Міржақып Дулатұлының қызы - Гүлнар, Қаныш Сәтбаевтың қызы - Шәмшиябану бейнеленген. Осы тарихи сәтті, төрт ғұламаның қыздарын екі жағына алған, ортадағы белгілі ғалым, атақты алаштанушы Баянауылдық апайымыз Үшкілтай Субханбердина апайларына деген ізеттілікпен, мақтанышты көңілмен тұрғаны қандай жарасымды.
Гүлнәр апай естелік кітаптарында Алаш қайраткерлерін жан-жақты суреттесе, Қаныштың қызы - Шәмшиябану апайымыз (Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы) сол жолды сәтті жалғастырған ғалым. Алаш қайраткері, көрнекті педагог Әбікей Сәтбаевты, жалпы Сәтбай әулетін жан-жақты зерттеп, әкесі Қаныштың айтқандарын қағаз бетіне түсірген. Алаш ізбасарлары, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов пен ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның да мектептерінен өткен аяулы жан. Олардың еңбегі мен адамгершілік қасиеттерін құйма құлақтай есте сақтап, кейіннен қағаз бетіне түсірген де Шәмшиябану апайымыз. Естелік әңгімелерді жүйелеп, қыруар қызмет жасаған, ауызбен айтып толтыра алмайтын, бағасы өлшеусіз құнды мұра қалдырған Шәмшиябану Сәтбаева. Бұл туралы келесі постта толығырақ жазамын деп отырмын. Әзірге айтарым, Шәмшиябану апайдың үйіне кезекті рет барғанымда біздің отбасымызға сыйлаған "Сәулелі әулет" атты кітабын мынадай тілекпен ұсыныпты: "Алтынбек, Әтіркүл, Әсем! Бақытты болуларыңа тілектес Шәмшиябану, 1999 ж." Сол кітаппен бірге Ахмет атамыздың алғашқы кітабы - "Ахмет Байтұрсынов шығармалары" деген туындыны да сыйлап еді. Бұл кітаптың алғысөзін дайындап жазған Шәмшиябану апайдың өзі болатын. 320 беттік кітаптың 20 беттік алғысөзінде Ахаң шығармасына терең сараптау жүргізіп, маңызды ойларды ортаға салған. Бұл - әкесі Қаныштың заман қыспағына қарай Ахаң туралы айта алмай кеткен арманын - қызы Шәмшиябану Сәтбаеваның толығынан орындап шыққанын да көреміз. Жан-жақты терең талдау жасай отырып, мынадай жолдар да жазады: "...көрнекті ғалым, әдебиетші қасірет кездің құрбаны болып кете барды. Оның атына, еңбектеріне ұзақ жылдар бойы тыйым салынды. Бүгін елімізде іске асып жатқан жаңару, қайта құру, жариялылық заманында ғана Ахмет Байтұрсыновтың аты қайта аталып, оның қоғамдық қызметі, ғылыми, әдеби мұрасы халқымыздың рухани қазынасына қайта қосылып отыр".
Осы кітапты апайдың қолынан алғанда, Қаныш аға Ахмет атамен кездескен екен бе? - деген сұрақты неге қоймадым екен деп ойлаймын... Сол жылы 20 жыл жастығымыз өткен ару Алматыдан, асқақ Астанаға қызмет бабымен ауысып көшіп келдік. 2-3 жылдан кейін ойламаған жерден Шәмшиябану апайда өмірден озды.
Шәмшиябану және Гүлнәр апайлардың қаламдарынан туған құнды дүниелер Алаш қайраткерлері мен олардың ізбасарларының Қазақ Елінің тәуелсіздігіне жету жолындағы жалынды күрестерін ғана емес, білімі мен ғылымын, әдебиеті мен мәдениетін, жалпы руханиятын жаңа деңгейге көтеруде сіңірген бағасы өлшеусіз ерен еңбектерін айшықтағанын аңғарамыз. Өмірлерінің соңғы жылдары азапты әрі аяусыздықта болса да Алаш қайраткерлері алған бағыттарынан ешқашан айнымағанының тағы бір куәсі болып, Алаштың Әлиханы түрмеден Ахмет пен Міржақыпқа арнап, күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер дей отырып, мынадай мәтінде хат жазыпты: "Сендердің таңдаған жолдарың - абақты жолы... азапты жол... бірақ бір нәрсені түсініңдер. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққуды балтырдан алып: "Әй, аққу! Сен күн бар дейсің. Сол күнді мен неғып көрмеймін?" - дейді. Сонда аққу: "Әй, доңыз! Сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен аспандағы күнді көрмейсің!" - депті. Алда күнді көре білетін ұрпақ келеді. Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. БІЗДІ РИЗАШЫЛЫҚПЕН, ҮЛКЕН ҚҰРМЕТПЕН ЕСКЕ АЛАТЫН БОЛАДЫ!". Бұл әулиелік сөздер тәуелсіздігін алған бүгінгі ұрпақ алдында ақиқатқа айналды. Рас, жарқыраған күнді көрген жаңа ұрпақ шексіз ризашылықпен, үлкен құрметпен Алаш Арыстарын еске алып жатқандығы да ақиқат. Бүкіл әлемдік деңгейде ЮНЕСКО көлемінде алты жыл бұрын Әлихан Бөкейханның, биылғы жыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойларын атап өтіп жатыр. Енді, бір мүшел жылдардан соң, Құдай қаласа, Міржақып Дулатұлының 150 жылдығын осы тұрғыдан тойлауға дайындалатын боламыз. Алла Қазақ жеріне тыныштық беріп, Еліміздің гүлденуіне нәсіп етсін! Сол атты күнге аман-есен жетейік!
P.S. Гүлнар апай Дулатованың 73 жас мүшелден шыққан туған күнінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының әкесі Міржақыппен бірнеше алаштықтарды ақтау шешімінің 1988 жылғы 4 қараша күні қаулысы қабылданыпты. "Маған арналған сыйлықтай дәл туған күніме сәйкес, тура келуін қараңызшы" - деп, өзі де қатты қуанған екен. Міне, бүгін сол ақталған күнге тура 34 жыл толып отыр.
Жуырда Елімізге белгілі азамат, "Хабар" Агенттігінің Басқарма төрағасы Берік Уәлимен жақынырақ танысып, ойларыммен бөлісуге мүмкіндік болды. Қоштасарда сыйға тартқан "Алаш жылнамасы" атты кітабын оқып шықтым. Жылнама деген атына сай мәліметтер хронологиялық ретімен жүйеленіп (мақала жазу барысында көмегін көріп жатырмын), Алаш қайраткерлері туралы тартымды ойлар жазылған екен. Мен үшін Алаш қайраткерлері ақталған 1988 жылдың 4 қараша күні тарихи күн! Осы күннен дәл 70 жыл бұрын 1918 жылы Бүкілресейлік уақытша үкімет жарлығымен Алашорда үкіметі таратылыпты. Ал, келесі 1919 жылғы 4 қарашада Әлихан Бөкейхан шақырған кеңесте Алашорданың кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданыпты. 1932 жылдың 4-ші қарашасында Ахмет Байтұрсынұлы мерзімінен бұрын босатылып, үш жылдық жер аударуын өтеу үшін Батыс Сібір аймағына жіберіліпті.
Сонымен қатар, бұл мақаланы жазу барысында көмегін көрсеткен Ұлылар оқыған ұстаздар ұясы — Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаеваға ризашылығымызды білдіре отырып, мемлекеттік марапат иесі болуға әбден лайықты тұлға деп өткен бөлімде жазған тілегіміздің, періштенің құлағына шалынып, Республика күнінде Ақордада Президент қолынан алған II дәрежелі "Барыс" орденіне шын жүректен балаша қуандық. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін Шағангүл Алдамжарқызы! Осындай көмегін көрсеткен тағы бір тұлға — ол Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ахметтанушы Райхан Имаханбет. Ахаң өмірі мен ғылыми мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап қана қоймай, 30 жылға жуық өмірін осы салаға арнап, көптеген кітаптар, энциклопедия мен анықтамалық-көрсеткіштер, фотоальбомдарды басып шығарған. Өткен жылы "Ахмет. Ұлт ұстазы" телехикаясының басты кеңесшісі болса, жуырда жарық көрген 12 томдық Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық жинағының жауапты редакторы. Ахаңның Музей-үйінің нағыз "шырақшысы" һәм рухани жанашыры болып табылады. Қазан айында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Ахаңның 150 жылдық мерейтойын өткізу делегациясының мүшесі болды, 3 күн бұрын Түркияға барған делегация құрамында өзінің "Ғасыр саңлағы" атты кеңкөлемді әдеби туындысының түрік тіліндегі нұсқасының тұсаукесерін өткізді. Райхан Сахыбекқызының "Ғасыр саңлағы" кітабына маған да пікір білдіру мүмкіндігі болып, ол "Алматы ақшамы" газетінде жарияланды. Міне, Ахмет атамыздың мерейтой жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік марапатқа ие болатын лайық тұлғалардың бірі.
Райхан Сахыбекқызының шыр-пыр болып жүгіріп жүрген тағы бір ісі — Алматы қаласында қойылатын Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің еңселі әрі сапалы болып шығуы. Ахаң атындағы көшеде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы есімімен аталатын саябаққа арнайы қаракөк граниттен белгітас та орнатқызған болатын. Енді, міне, осы саябақтың ортасынан осы қараша айының ортасында Ахаң ескерткіші бой көтермекші. Ескерткіш Астана қаласында қоладан құйылып жатқандықтан, осындағы жанашыр топ болып, біздер барып көрдік. Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов екеуімен танысып, ескерткішті көріп, көңіліміз толды деуге болады. Аздаған сын-ескертуіміз бен өтінішімізді оларда қабыл алды. "Біздің жұмысымызда Ахаңның барлық болмысын, бейнесін нақ жеткізуге тырыстық. Киімі классикалық үлгідегі костюм, плащ. Қолында серігі болған таяғы орта жасты еңсерген кезі екенін баяндайды. Мүсін қоладан - 3,5 метр, тұғыры граниттен - 1,5 метр" - деп баяндап берді Айдос Бүркітбаев.
Алматыдағы Ахаң ескерткіші халықтың көзқуанышы болып, рухты көтерер еңселі ескерткіш болатынына күмән жоқ!
Алтынбек НУХҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.