ТҮСТІГІ – ОҢНАН ӨЛКЕ

ТҮСТІГІ – ОҢНАН ӨЛКЕ

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

 (Жолқарақ)

Оңтүстік деген қарапайым ғана түсінік. Алайда Оңтүстік ұғымымен қоса полюс аталамы бірге жүреді. Полюс (рolus – «ось») жағрафиялық мұқым білге түрінде байтақ жердің Көк күмбезімен қиылысқан нүктесі. Қазақтың ұланғайыр пұшпақты – дала-түземінің кіндік тұсы болуы керек. Жоңғар анықтамасы бойынша Алатаудың күн бетінен Аралға дейінгі Балқаш пен Бетпақтың түстік қойнауына құлаған Жейһұн яки Сырдария көбесінен Қызылқұмның құба шөлейтіне қарай сұлай жалғасқан жазиралы аумақ – Ұлы даланың барқат, баялышты, опыраң топырақты оң қапталы. Жер анарынан саулаған Шу мен Іле, қаймақты Қараталдың қасиетті күрентамыры кең жайылған жайылым мен берекелі ұйық – Оңтүстіктегі Қазақ аймақтары.

Көптен баруды армандағамыз, әрі-сәріде оңаты келмей опынып жүрген дүр. Көшпелі тайпаның үлек тізесі ірей тарпыған, үдерелі түздің тұлай үйегінде түйенің іздері мәңгі сүлей үн болып озандаған осы аңызды мекен туралы тек эпостардан ғана шолып өткен бізге таптырмас олжа еді. Қазан айының 11 жаңасында мамыражай мамық сары күздің сәтінде менің бұрынағы жылдардағы жорам, андасым белгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері, ана тілдің арлан азулы күрескері, тума жұрттың сүлдері жұққан тұңғыш та тұмарлы, тұғырлы Тәуелсіздіктің нағыз жанкүйері әрі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ақын Қазыбек Исаның 60 жасына арналған шараға қатысуға шақыруы келді. «Қазақ үні» газетінен бастау алған сонау бір сәттен бастап: тіл жүрген жерде қайманмен бір жүрген күмбірлен ақынның мерейіне бару парыз-ды.

БАҒЗЫ ІСПІЖАБ

Шымкент – мегаполис – көне гректік ықылымы бойынша алпауыт шәрі-кент. Көне Шымқаланың орыны ортағасырлық қорық мұрағаты Орта Азия тауыриһатындағы түгел киеге ие бағзы Баршыншәрі. Саңғырт саялы Сайрам (VІ ғ. Іспіжаб) кенті Шымқаланың түп іргесінде адырнаның жебесі жетер тұсында орналасқан. Қожа Ахмет Жассауидің ата-анасы Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы зеу зипалы Айша (Қарашаш ана) осы жерде мәңгі тыным алған. Шымқала – Қазығұрттың қасиетті самалды адыры, тасаууфтардың (сопы) тағылымы тұрған, ертедегі Қаңлылардың қамалды, қаншама уақыттарда атамекені яки одан бері де Үш жүздің басын қосқан Ордабасы осы жерде.

Үлкен кенттердің қосыла дамуы немесе aqqlomerare-лық қоңсылар ұйығы. Жан санының жалпы шоғыры шамамен 1 миллионнан асып түсуі Токио мен Шанхайға жетпесе де жер жәннәті (117 мың гектар жерге еге) мен климаттық экокөгалды жайлылық жағынан жыл бойы 300 күн шуақ, бойыңа өте тиімді шәһәр. Ауасы тозаңсыз ылғалды, саф-таза, жаппай жасыл жәзиратты, жәуһер жамылғылы мұнарлы, мұнаралы ойпатты қылаң дала. Шырайлы қала салыстырма жағынан көрші түстіктегі Қырғыздың бас астанасы Бішкек кентінен көлемділеу,үлкен, Шаш кентінен сәл кішірек демесең – Шым қаланың тауыриһаты тым тереңде дүр.

ӨҢІРДЕГІ ӨМІР

Шымкент социализмнің ультра күлгін кезеңдерінде де өнеркәсіптік бағыттарынан жаңыла қоймаған орта. Бүгінгі таңда да қарқыны таймаған өнеркәсіптік өнімді орта туралы көп айтуға болады. Мысалы: мұнай өнімдерін өңдеу, химиялық түрлі тазарту заттары, жуу, бояу, сабын тыңайтқыштар т.с.с. электр жабдықтары, киім-кешек, тоқыма бұйымдары қатарлы азды-көпті өнімдері қоңсылас өзге өңіраралық сұраныстарға ие. Бұл бостауыш сөздерді баяғы индустриялық – инновациялық деп күрделі атау өлі ұғыммен емес тек жайлап (жайлап, құдай қаласа – шымкенттіктердің өз сөзі – РС.) мысалға ғана жүйелеп түрілте байырқалап айтсақ: жылына жүз мыңдаған санмен тонналап сұрыптайтын, қордалап доллар болатын сұрып металл өнімдерін тиек етсек жетер-ді. Расы, оны сатып алуға бүткіл Орта Азия елдері түгел сұранысын қамдайды дейік... Қант пен балбауырсақ желісі өз алдына өңге, шөл қандырар Шымкенттің бал сырасын кім жек көрген-міс!? Әйтеуір тіл күрмелетін түрлі аттары бар – «Shymkent Smelting», «Sin Yuan Steel», «Авелар Солар Технолоджи» ЖШҚ, «Шымкент май» АҚ, т.с.с. байлық пен берекеттің иглікті орындары туралы зарылап айта беру бұл жолғы шаруаға онша қатысы да шамалы. Соңыра байытармыз, құдай қаласа...

ҚЫЗҒАЛДАҚ БҮРКЕГЕН КЕНТ

Шымкент әуежайына қонатын ұшақтар да сан жағынан төрткүл ғаламнан қалыспаса керек, суыт, шәпшаң. Бізге бұйырған ұшақтың аты FlyArystan немесе ұшатын арыстан деген мағынадағы лайнер. Ине шаншар орын жоқ, лық толы ұшақтың 90 пайызы қазақшасы көп, орманшасы да аз емес қандас жолаушылар қатарлаң легі. Аспансерік стюардсселер түгел қазақ қарагөздері. Жауары салқын Сарыарқадан самалды жаққа жағыландарын баса киінген, қосқалаңын арқалаған су қара негрлер мен шолақ дамбал киген шоң танаулы ұзын сирақты нәсіл еуропоиттар көрінеді. Жиһанкездер екені даусыз. Жылына осы аймаққа келетін 200 000 жиһаншылардың күзгі легі болуы мүмкін!? Шымқала – қызғалдақтар мекені. Даланың алқызыл ләләгүлі – қызғалдақтың 34 түрі 15 күн ғана гүлдейді дейді бұл елде. Оны көруге жиһанкездер ағылатын маусым – маң көктем. Қырдағы қызғалдақ жыл құстарының тұң әуенімен көктен бұрын дестесін жаятын күн қиығындай үлбі өсін. Шымкент қаласындағы дендросаябақта 5 құлаш биіктікте гүл ұстаған қол бейнелі – «Қызғалдақ – оңтүстік мұрасы» деп аталатын инсталляция орнатылған. Шымқаланың 116 қонақ үйі, 10 саябағы, 7 мұражай, 5-6 театрлары жиһанкездерді магинтше жұлып әкетер бұларды... Ұшақтың бортында тіскебасар һәм су, сусынның бәрі сатулы, ең бергісі – «Рахат- Шым-ның» бір шағым кәмпиті де жоқ. Ешкім қабырғасын жаппайды, алайда дүркірек реактивті ұшақтың күшеніп ұшардағы күшті үнінен қос құлағың тас бітелерде малтауға керек еді,ә – сол мәмпәзиің! Әйтеуір көңілге медеуі – бортта қазақша күлдір, шүлдірең ескертулер ептеп лекіте жүріп жатыр. Астана мен Шымқала арасына 1 сағат 25 минут шамасында жол шегіледі. Таң-сәрідегі сағат 05.00-07.00 арасында шығыстың жалқын жиегіне қарап отырып ой сапырасың. Қасымдағы сапарласым соңғы кенже тума марқа буынды тарпаң өкілдерінің бірі – дарынды ақын, поэзия әлеміне әлдеқашан өзін лақтырған уақыт пен кеңістіктің шеңберіне онша бағына бермейтін жас баһадүр бекшейір Батырхан Сәрсенхан. Тәуелсіз Қазақия үн парағының жорналшысы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі есебінде. Оның телефон құлақшасынан Людвиг Бетховеннің болуы керек әлдебір заржақ сазшыдан сұңқылдата, күңгірлеу орындалған фортепианодағы махаббат серенадасы я болмаса әйдік «Ай сонатасы» секілді ме, бір күмбір үн құлықыңа сіңеді. Әуежайдағы қарсы алатын тәксишілердің үйреншікті «мейірімі» таңғы тірлік пен әлі де ояна алмай жатқан көшеде тіпті сарғая қоймаған қызалдақ текті гүлзарлы көшетті көшелермен зулап келеміз!

ТӨРТ ЖОЛДЫҢ ТҮЙІМІНДЕ


Шымкенттің төрт бұрышынан 5 жол шартарапқа қарай бастайды. Бізді қаланың шығаберісінде осы жолдың себепкері 60 жастың табалдырығында тұрған атасы Исаның төл немересі Қазыбек Жарылқасынұлы оның жұбайы Жанат Ботайқызы күтіп тұрды. Жанат осы әулеттің керімсал келіндерінің бірегейі. Шағын ғана жанашыр достары мен жарасымы келіскен әрқайсысы қорғасыннан салмақты ел ағаларымен дейік, мемлекет және қоғам қайраткері айбары мен сұсы басым Ислам Әбіш ағасы және шетін жүрген біз үшін тысы мен сыртынан да ішкі әлемінен зиялылықтың (интеллектуалды) айнасы, белгілі тұлға академик, Түркістанның құрметтісі, ардақты Құлбек Ергөбек аға да осында екен. Қазыбектің өзінің үзеңгілес серігі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев, Жетісу облысынан жеткен кәсіпкер һәм сол Текелінің «тентегі» әрі қауым елдің қалаулы азаматы Абзалбек Сағымбек т.с.с. шағын топ атқосшы, қазақы шашбаушылылар. Сәлем бердік, табыстық, үйірге келген жылқыдай шұрқырастық. Құттықтадық, сәттілік, абыройлы ақ жол болсын тілестік. Уақыт тығыз, алдымызда шаралар тізбегі тұр. Қазыбектің туған жері – Шардараға қарай тарттық...

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ОЙЫМ

Шымқалаға ең жақын орналасқан ТМД мемлекеттерінің бірі Өзбекстан шамамен 80 шақырымдай ғана бір белестің жиегіндегі іргелес Ел.Тарихтан бері атақонысы жалғасқан, бір өңірдегі егейін жұрт, ескі Сейһұннан су ішкен тамырлас тілдес, тіндес, ауылы аралас ағайын. Өзбекстанда қандастар саны 800 мыңнан 1.5 млн.дейді белгілі ғалым Гүлнәр Меңдіқұлова (Мендикулова Г.М. Казахская диаспора: Истроия в современность. – Алматы: Реиз, 2006. – 343б. (7). Қобландин Қ.И., Меңдіқұлова Г.М. Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы. – Алматы: ДҚҚ, 2009. – 296 б.(3). Енді бүгінгі ХХІ ғ. ширегіне дейін қанаттаса, жарыса дамыған мемлекеттердің үдермелі үлкен әртекті тәжірибелерін неге керектенбеске!? Шымқала экономикалық әлеуетіне орай Батыс Қытай, Батыс Еуропа дәлізі арқылы төтенше тәуменді де ең қарқынды егдемді аймаққа айналуына болады. Жер жағдайы да инфрақұрылымы да оңтайлы, іш пен тысқа есе қолайлы макроауқым, микродеңгейдегі өңірлік, халықаралық керемет жобаларды игеруге де. Күн астындағы бүгінгі Қытайдың реформаторы Дэн Сяопин (Дың Шяупин) экономикалық аймақ деп Ашық қақпа тұжырымын ұсынғаны бар. Бұны «бір тырнағын ішке бүккен» саясат әлемдік геоэкономикалық Дэн Сяопин тәсілі деп те жүр... Оның нәтижесі кешегі елеусіз арал бүгінгі Гонконгіні жасады емес пе!? Елдімекендердің де өзіндік ерекшеліктері бар. Жол сорабын жағалай Шарбұлақ, Ащыбұлақ, Айнатас ауылдары және бастауы Қазығұрттан Келес өзені көбесі малға жайлы, егістікке ежелден қолайлы, шұрайлы. Шарбұлақ ежелгі қазақы қойдың өрісіне арналған өлке секілді. Фермерлік су жаңа 1 мыңға жуық шаруашылыққа құдай берген түңкелі аумақ. Бүгін қой деген семіздікті көтере алатын шопанатаның еті, жүнінен тыс демін де ідеп жүрген жеткен ғылыми іздеулі соны технологиялар көп. Дүниедегі ең сапалы қой Аустралияның қойы, жүні мен терісінің бағасы ғаламдық базарда атақты бренд, тауар есебінде. Қазақта таяу төрт бес (2025-2028 жылдары шамамен) жылда 1 млн ірі қара, жылқы мен сиыр, 4-5 млн ұсақ мал, 200 000-250 000 мың түйе өссе деген үміт бар. Түйенің жері негізі қазақта ғана. Оны сақтау керек. Мавритания түйесін құртты. Алжирдегі түйенің саны ХХ ғасырда 250 000 мыңға жетіп еді, енді күрт азайды. Бұдан өзге Мақтарал, Сарығаш, Шардараның ауқымынан жиналатын орта есеппен 1 млн тонна мақта, 1 млн тонна бидай, 400-500 тонна күріш өнімін алса ше!? Бір тонна мақтаның құнын Ұлыбританияның 1841 жылдан басталған әйгілі Ливерпуль биржасы (Liverpool cotton association) анықтайды. Тек шамамен ғана осы күнгі 1 тонна мақтаның құны 180 000 – 190 000 теңгенің о жақ, бұ жағында болмақ. Бұдан да үстем кетуі де ғажап емес. Күріштің сортына қарай бағасы недәуір қымбат. Осы ақ күріштің астанасы Вьетнам болған тауыриһатта. Хоабинде осыдан 4000 жыл бұрынғы күріш алаңы табылған! Хош! Қаржантаудан Қазығұртты шарлап Шардара бөгетіне 240 шақырым жол шегетін, өріске ылғал беретін ең тұщы сулы өзен. Іштен бастау алып шетке боса қашпайтын өз өрең-өзен-тамырың. Қазақ елінде болашақта тұщы су мәселесі туындауы туралы айтылып жүр. Өткен жылы талантты ғалым Елдес Орда есімді інішек «Қазақстанда су тәуелсіздігі» декларациясы суыт жариялануы керек: күндердің бір күнінде судың құны мұнайдан қымбат болады деген старатегиялық аса маңызды түренін көтерген. Бұған әліге шейін ешкім назар аудармағаны да солай!? Су туралы аңызды бұрқырата жөнелетін бір кезеңде Қазақ су ресустарына геосараптама жасап, өзі бір таршын кезеңде «су иесі Сүлеймен» болған сұңғыла аға тірі энциклопедист Ислам Әбіш бұл туралы тарқата жатар. Қазығұрттың аңызына сәйкес төрт түлік яки төрт түліктің ең сабазы мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір дейтін киелі жер секілді. «Қазығұрт қойы» деген жаңа атау бренд жасауға лайық! Бұл өлке бидайықты, бозжусанды, бөзкөделі, бозселеулі, көкшалғынды, еркешепті т.т. емдік түмен түрлі еміне екшеуілді егінді өрісті көріп, таңдана қарай береміз. Долана мен жабайы алмасы, қызыл шиесі мен бадана қарқаты, қойбүлдіргені асып төгіліп жататын ұйық – дүниежүзінде өте сирек шығар!? Сол үшін жиделі байсын, жемісті жердің үстінде отырған жекен жұрт – мұндағы қазекем. Сарығаштың минералды шипалы арасаны әлемде алғашқы ондықтан түспеуі де мүмкін! Ат үстінде жүріп ризығын бүтін қалдырған бүткіл атабаба руһтарына мың алғыс!

ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА


Шардара Қазыбек Исаның туған жері, киелі ұйығы, сағымды сағынышы, құлыншақ шағы, бозбала дәурені өткен, өскен жері. Шағалалы Шардара – тауырихта «Төрт кент» атауымен ұласқан атау. ХХ ғ. 1959 жылға дейін «Сырдария кенті» деген тағы бір соймен жалғасты. Алайда 1963 жылдары Қызылқұмның негізінде Шардара пайда болған деседі. Жоғарыда біз таңдай қағып таңданған «Азия жолбарысы» Гонконгдан он сесе үлкен жері бар кент. Мұндағы Шардараның төлқұжаты – «Шардара су электр станциясы» АҚ. Суыт жүріп, жолай жан-жаққа жалтақтап, тамсанып жортқан біздер «Мақтарал»-дан дәм таттық. Кеңестік жүйенің тұсында Мақтаралдың мақтасының қадірін білетін бірден бір ел болса ол – Моңғолия еді. Біз Мақтаралдың мақталы (көбенте) шапанды киіп, жылы көрпесін жамылып, кешегі қызыл дөңсе деп аталатын темекіні кәзитке орап бұрқыратып өскен елміз! Мақта демекші мақтаны ғаламдық стандартпен өңдейтін орынды енді Шардараға әкелуі керек. Келуін жеделдетпесе уақыттан кешеуілдеуі сөзсіз. Үлбірек ұлпа мақтаны бағзыда – үлпілмәлік деп атаса керек. Осы үлпіл мақтаның 1 тоннасының құны шамамен 7 мың АҚШ долларына тең. Бұл осы Шардара секілді аймақтың құнарлы топырағында ыстық қуатты күннің алтын шуағынан нәр жыртып алып, көкке тырмысып өсетін доллар яки қазыналық ақ алтын! Дүниежүзі, жер шарында ма мақта егетін жүзге жуық елдер болса – Шардара, Мақтарал солардың көш қатарында Қазақ Елі. Бір кезде күріш пен мақта туралы насихат пішіндегі салтанатты әндер де туған-ды. «Ақ мақта» әні әйгілі сазгер Мұқан Төлебаевтікі сөзі адуын ақын Нұтфолла Шәкеновтікі еді.

Жан едім көп сенімін, серт ақтаған,

Сый алып келіп тұрмын ақ мақтадан.

Мен де бір ауылымның жұлдызымын,

Сүйсіне өнеріме ел мақтаған.

Еңбегіңмен ер боп ақта,

Еліміздің үмітін.

Алтын мақта біздің жақта,

Кел ауылға, жігітім!

Осылайша Шардараға жеттік. Қайран да қайда да ақпейіл, бауырмал жұрт ауданның орынбасар уәлиі Бауыржан Шомпиев бастаған топ еңкілдей құрақ ұшып, елпілдей құшақ жая алдымыздан қарсы алды. Қазақ тілінің мерейін көтеріп жүрген тіл күрескері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбектей ақын ұлын, ер жігітін етене кеуіл кең салтанатпен ақ шәрбәт сүт, боз тағам, үлкен жоралғымен құшып жатты. Қарапайым туған елдің қабағат мейірі құйқылжыған күйдің құдыретті ырғағымен күллі өңірге тарап бара жатты. Шардараның Мәдениет сарайында болған ұлы жиында тұмарлы аманат ретінде тұрманды ақбоз ат мінгізіп, Тәуелсіз Елдің тұғырындағы қалаулы ұлдарын аянбай ұлықтады. Кекілінен зеңнің иісі, кеудесінен тердің иісі, тоқымынан ердің иісі, құйрығынан желдің иісі, шашасынан жердің иісі аңқыған ақбоз Шығыс Түркістанның азулы ақ арыстаны Оспан батырдың ақбоз аты секілді есік пен төрдей тұрықты, құйма тұяқты тұлпар ауыздыған қарш-қарш шайнайды! Бұл ауылда Қазыбек есімді өспірімдер көп екен. Ақын Қазыбектің өлеңдерін жатқа оқыған он санды өрімдей жас талантты Қазыбектердің жырларымен шағалалы Шардараның ақ шарбылы толқыны ақтарыла аунағандай еді.

Беу, осы шәрағати Шардарадағы «Armsport Shardara» Армрестлинг спорт кешені бір ғана Арман Романұлы Қарсыбаев есімді кәсіпкердің демеушілігімен ғаламға жол ашқан. Қолдары сом темірдей Мағжан Шәмиев, Ердәулет Сарыбай, Меруерт Айдарбекқызы бастаған 91 әлем чемпиондары да осы ауылдан туған! Қол күресі спорты елімізде айрықша дамыған аймақтың бірі – Шардара қаласы. 2001 жылы негізі қаланған «Shardara Arm» спорт кешенінен бүгінге дейін 72 әлем чемпионы, 26 әлем кубогы иегері, 209 Азия чемпионы, 50 Азия кубогы иегері, 359 ҚР чемпионы шыққан.

Есіктің қасбетінде Ұлы Тәуелсіздіктің куәсі – Көк байрақ желбірейді. Осы жерде «Көк тудың желбірегені...» әннің авторы ақын Алмас Ахметбек тебірене сөйлеп тұрды. Керемет туынды фонда! Менің көз алдыма осы әннің сазын жазған Ермұрат Зейіпхан марқұмның қоңырқай бейнесі елестегендей болды! Қайран дүние! Шардарадағы әдебиет фенклубі секілді «Қазыбек Иса атындағы әдеби бірлестік»-те болған жыршуақты жақсы мезеттегі ақжарма балаң пейілді ақын іні қарындастарға шоң алғыс!

Шардарада «ақ» көп, әйтеуір! Ақ мақта, ақ сазан, ақ нан, ақ күріш... Оларды: «Шардара мақта» АҚ, «Шардара нан» АҚ, «Шардара балық» АҚ, секілді ұжымдар made in Shardara деп жөткейді. Жер көлемі жағынан аз емес ақсауытты Шардара 13 000 км2, ал алпауытты Гонконг 1.104 км2 мөлшерде-міс. Қуып жетеді Сянганды да құдай қаласа! Қызықтысы Сянганда көк тіреген нешеме қабатты биік үйлер болса: Шардарада екі қабатты үйлерді табудың өзі қиын!?

Шардараның ақ теңгедей толған айының астында ақын Батырхан екеуіміз аяңдап, аздап аңқытып келеміз. Баһадүрқағанның құлақшырышында бұ жолы Иоганн Себастьян Бахтың «Ұлы месса» деген ұзына озанды әуені «ұлып» тұрған еді!

ҰЗЫНАТА

Бұ түстікте ата мен анаға құрмет көп. Елдімекендердің ішінде ғимарат маңдайшасына жазулы «Қалдықыз ана», «Қадырбай ата» т.т осындай орындар аз емес. Енді Шардарадан шығып Ұзыната кесенесіне қарай тарттық. Әмір Темірдің пәрменімен XIV ғасырдың соңында күйдірілген қыш кірпіштен қаланған. Іргесінде кірпіш соққан ошақтың табы қалған көне кесене. Ұлы қолбасшы Ақсақ Темірдің бас уәзірі, әулие... Ұзын ата күмбезінің маңдайшасына араб қарпімен Шер Мұхаммед Хәлім Дүрманұлы 1377 жылы қайтыс болып, осында жерленгендігі айтылған. Шырақшылары жылан-кие туралы аңызды ағытады. Кеңестік жылдарда мал қорасына айналып тозығы жеткенде ақылман ақсақалдар ара түсіп аман алып қалған құдыретті зияратхана. Мұндағы қорымға жерлеген Қазыбектің әке-шешесіне дұға қайырдық. Қорыс-қопалы алақандай қонысты аумаққа қондырылған бұ жерге алыс, жақыннан келетіндер саны да мелжемді. Айналасы толған ырысты, күрішті қоңыр ұйықта бүткіл құпиясын өз қойынындағы киелі құдыққа сақтап – Ұзыната әулие яки ауызша тауыриһаттағы Шырмұхамбет Халипа жатыр жарықтық!

ҚЫЗЫЛҚҰМДАҒЫ АУЫЛ

Құм мінезін бағзыда Ораштан (Оралхан Бөкей) оқып, таңғалып едік. Шағын ауылдың жүзімдей түйімі Қызылқұмның сырма шетіне сексеуіл, құмқияқ, бұйырғын, қызыл жыңғыл, қыңыр жантақ, топшеңгел, тораңғыға жастана орнапты. «Қызыл жыңғыл» деп кітабын ұсынған Қазыбек ақынның ашалы иекті адал бақанды, Жарылқасынның жаратқан жақтаған қарашаңырағы, қазақтың бір бақуатты қоңыр үйі осында екен. Күреңкі мұнарлы түнде күріш жамылып ұйықтап, маусымның майдасамал қылаңды таңында мақтасырап оянатын марғау маң дала, мауытылы майсаң түздегі шәкене ауыл. Кезінде белгілі киногер Нұрлан Әбдібектің Қызылқұм турасындағы деректі филімі осы жерде түсірілген дейді. Марғасқалар мекен еткен құланиен ұлан-байтақ өлкенің бір шеті – Қызылқұм оқұрығы (округі). Қызыл құм орта мектептебіндгі «Қазыбек Иса кабинеті» - мен танысып, жас оқырман оқушылардың жұлдызды пәк жырларымен сусындаудың сәті де бір ғажайып! Қарашаңырақтың кескін сүгіреті ерекше шіркін! Қара ошақ, қара қазан, қара самауырын, қараласырмақ, қара қобди, ала-қара текемет, көз қимайтын бей бегірелер. Қайран ананың әріден ұласып, қолының табы қалған жәдігерлер! Құйттай ғана құдыретті ауылдың сәні – бидай өңдес ағайын, үлкен ата, ақ әже, баршындап қалған аға, баяғы сұлу жеңгелер, атанжілікті азамат, үкілі келін, теңдессіз түрлі қимыл, абыр-сабырлы сарқын саңырақтағы ақ дастарқандағы ақеспе ежелі тілектер, тектілік һәм тентек ұлдардың ойнақы жүздері! Қызылқұмда өсетін Күн түсті қауынның дәміне сөз жетпейді. Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі деген тәмсіл осыдан шықса керек!? Баяғы Көксерке, Ұлы Бөктерде кейін қалған өз сүгіреттерімдей әзиз!

ШӘУІЛДІР. АРЫСТАН – БАБ


Аңыздағы тауы – Шәміл – Дүр. Бүгінге жеткені жалпы атауы – Шәуілдір. Ұлы Шыңғыс қаған жорығынан қалған іздер Шүүдэр (Жәудір шық), Шивэр, Жұбыр, Шөвдөр деген атаулардың қай-қайсысы да Шәуілдірге ұқсас!? Бұл енді өңге кеп... Көне оғыздардың атақонысы дүр. Берітіндегі Саттар Ерубаев есімді новеллист ақынмен құрдас өңір Шәуілдір (1934)... Арыстың көбесіне тақау кең өткелдегі Фарабтың (Отырардың) жұртына қоңсы кент. Мұндағы Арыстан-Баб кесенесі өзгеше дарсана, бейсаналық түрдегі дара мұра. Баб – қақпа мағыналы атау. Аңыз бойынша Арыстан-Баб қабірханасының үстіне тегіннен мінәжаттық көрхананың іргесі қаланған. Бастапқысы ХІV-XV ғ. сәулетімен сұлбаланып, торғын сілемінде іргесі бек бекіген теңдессіз баспанақұрылғы, сазбалшықпен бапталған бағзы кешен. Заман өтті, кетті. Бүгінгі тұмарлы Тарбан, Тұрардың құнарлы топырағының тумалары – атақты академик сыншы, фольклоршы Рахманқұл Бердібай марқұм жүрді, көрнекті сықақшы Көпен Әмірбектің көзі тірі. Әулиелерге зиярат жасап, сағым тұнған далаға таңданып қойып киелі Тұркістанға қарай тура тарттық. Әлемнің екінші Ұлы ғұлама хакімі Абу́ Наср Муха́ммед ибн Муха́ммед аль-Фараби́ әулиеге қарай. Жасауи мен Баб-аралық алты жолақты қыш тас жол төселіп жатыр.

...Түркістанда түмен бап,

Сайрамда бар сансыз бап,

Отырарда отыз бап,

Бабалардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені Арыста- Баб...

Арыстан-Баб ғаламдық мың қат мұраның қазіргі келбеті керемет жаңғырған. Қырмызы гүлзарлар мен қыш жымдар, құтханалар, зияпатханалар салынған. Өте сәтті сәнді шешімдерде мән-мағына мол. Кітапханалары да ерте ғасырдан ұласып, ортағасырға осызаманауи үлгіде жабдықталған. Дүниенің ескі есігінен төріне шейін ағылған жұрттың легі қалың.

ТҮРІКТІҢ ТҮБІ ТҮРКІСТАН

Түркістан қаласы түрленген, түгел түгенделген. Бұрынағы жадаулау қаланың жаңа жаңғыруы көзге де көңілге де жарасты. Көшелер мен көшеттер, түптағаны сәнмен бекіген әсем ғимараттар өз алдына бір әңгіме. Қазыбектің 60 жасы осы киелі ортада өткізілді. Атақты сарайдағы алқаулы жиын, барша жұрттың бай пейілі дейік. Топырағы алтыннан құнды кенттің тұрғындары керемет бауырмал екен. Тізгінді тең ұстаған, аузымен құс тістеген қара сөздің қайығы Құлбек Ергөбек ағаның жетегіндегі жиын айтулы болды. Көрген түстей осы бір күн зымырап өте шықты! Киелі Түркістанды қалған тапшы сағаттарда шарпылай шолып шықтық, асығыс ат үсті ғана.

...Ертегідегі Жасы, VII – VIII ғасырдағы Шәуқара (Жәуһар шәрі) ХІІ ғасыр ширегіндегі Әмір Темірдің қолтабы қалған ескі жұрт. Сейқұн мен Сығанақтың көбесінде Шығай ханның ұлы Еңсегей бойлы ер Есім ханның ескі жолымен (1598) Орта Азияның әз ұя кентіне айналған екінші Мекке, ежелгі керегеоты. Түркістанға келгендегі бір белгі кесененің төбесіндегі қанжырға көз түседі. Еріксіз қиялға берілесің!? Оның дұрыс па, бұрыс па тәңірдің еншісіндегі шаруа... ХІІІ ғасырда көшпелілер даласына сапар шеккен итальяндық кезбе Жиованни дел Плано Карпини (1182-1252) жазбаларында ұшырасатын бір белгі – оққа ұшып өлген жауынгердің басына шаншитын айбалта секілді тотем (герб). Көрге қадалған жарқыраған айбалта секілді отбелгі қанжыр деп аталуы керек содан сөнеу ежелден. Бүгіндері қазақ бейіттерінің түгелінде шаншулы тұратын айбалта секілді отбелгінің (айбалта белгі) аңызын мүмкін болса іздеу мақсат еді. Алайда Тұран даласындағы үлкенді, кішілі далақтарының кен құпиясы күні бүгінге шейін толық ашыла берген жоқ. Ендігі кезекте ғаламдық аса құнды мұралар тізіміне енгізілген, толық мың жылдықты еншілеген тұтас Түркістанға жыл сайын келетін жиһанкездердің саны жарты жарымнан бүтін миллионға жетері даусыз. Ендіше тағы да бір ерекшелік – қазақ ханымдарының ғалам патшайымдарымен иықтаса түсетін бір ғайыпи дүние мұрасы мұнда жатыр. Ол, жұлдызды Көктің жұмбағы – құс жолына ұмтылған ұлы астроном, ғұлама ғалым Ұлықбек (толық есімі Мұхаммед Тарағай бин Шахрух) (1394-1449) дүр. Сол Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, Рәбия Сұлтан бегім осы ғұламаның өз кіндігінен туған төл өрен қызы, Әмір Темір әулие сәуелінің немересі көшпенді жұрттың ерен үлкен тұлғасы Әбілқайыр ханның жары еді. Мінеки енді осылай да осылай: тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары және ортағасырлық «Шығыс моншалары» секілді өте құнды тарихи нысандарды тамашалауға ағылатын жиһанкездер көп болмақ.

ТҮРКІСТАННАН – «ТҮРКІСТАНҒА»

«Зытып келем, зытып келем.... Артыма қарай-қарай зытам...(Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы). Артымызда Арыстанды есік, ескі, жаңа Түркістан қалды. Кешкісін Шымқаладағы «Түкістан» сарайында қорытынды шараның соңы. Бұрынағы қалааралық күре жол 220 шақырым болыпты, қазігісі 190 шақырымға жетер-жетпес. Даңғыл дайырлы жол – тақтайдай. Баяғыдай реңді жолақты жолдар тек Жапонияда ғана болады дейтін еді. Жанармай салыстырмалы үнемді, шамалы қолжетімді, газ тіпті арзан – Қазақ. Күн сәулесімен істейтін мәшинелер де келе бастаған мұнда. Құдайдың күн көзінің қуат-энергиясын шетінен жыртып алуға Венгерия, Швейцар, Аустралия алғашқылар қатарында бастаған-ды. Енді құдайдың жаратқан жел қуатын Қытайдай пайдаға жарата алатын ел қанша екен!? Жанармайдан өзін толық азат еткен арал Филиппин тағы бар. Мұрт жастығы (шпал) құрыштан, релсі магниттен жасалатын жойқын қарқынды пойыздар да келер құдай қаласа Қазаққа! Қиялда шек жоқ! Әпсәтте Темірлан һәм күш иесі Қажымұқан Мұңайтпас ауылынан да ән әуезіндей бұла сыңғыр, бұлаңытты көбе Арыс жағалауынан да асығыс өттік.

ШЫМҚАЛАНЫҢ ЖЫРЛЫ КЕШІ

«Аудитория» (1984) «Тоғыз перне» (1988) атты ұжымдық жинақтарға енген. 1996 жылы «Керімсал» деген жеке кітабы, 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы, 2008 жылы «Тәтті шөл», 2009 жылы «Сырымды айтам далаға» жыр кітабы жарық көрген ақын Қазыбек Исаның төл шаһардағы кеші поэзия шырайымен жалғаса берді. Салтанатты жиынның қос тізгінін тең ұстаған Қазақстан Жазушылар Одағы Төрағасының орынбасары белгілі ақын Бауыржан Жақып теңшеп, басқарып отырды. Ақын апасы Ханбибі Есенқарақызының лебізімен залдағы лық толы жұрттың қожеметі ерекше жауып тұрды! Екі-үш күндік жолсапар шегіне жетті. Ақынның 60 жасы келер 70-ке қарай аял тартқан уақыт санала бастапты... Ертеңгі ұшаққа дейін Шымқаланың төріндегі мәуелі бақшада ақындармен жолығуға мұрсат керек!

ҚАЗЫБЕКТІҢ АҚЫНДАРЫ АЛАМАН

Менің аяулы алтын талантты інілерім ақын Бегзат Смадияр, жазушы Досхан Жылқыбай да осы кенттің төл тумалары. Олар Алматы мен Анкарада жүр. Мұнда да жойқын-жойқын үндері үдеп келе жатқан кейбір ақын інілерімен де жолықтық. Бұ ретте өлеңін өрген өңшең еңкіл ақындардың өңі мен бояуы қаныққан өлеңдерінен тыңдаудың сәті түскен-ді. Ақынның кешінде сол аққу қиқулы ақындарды іздеу, оларды қапелімде «қолға түсіру» де машақат болды! Сүндет Сейіт деген ақынның «Ұмытпас» жыр жинағы бар екен. «Қаңғыған жебе емес-ау, аңдыған жебе секілді, елестер өлген секілді...деп келетін түйдек күңгірт жолдары өңгеше сезілді т.т. Дәурен Айманбеттің «Аялдама» жинағындағы «Сары жапырақ – сарғайған жүрек...» өлеңі де жас оқырманның көкірегінде ұзақ өмір сүретін ұстаралы пейзажи сүгірет... Адуын ақын Әлімжан Әлішердің «Мені құшақта» жыр жинағында «...көрінбейтін ұстаған қолға сырнай...» секілді тыңтүрен тылсыми шумақтарға толы. «Лаура» өлеңі де... Нұркен Нұрғазының Шексіздікке серпілген сезімді сөз ұстандары сирек кездесер бөрі сүрлеуіндей. Арайлым Мұратәлиеванің «Айзер» жыр дестесіндегі «...Аспан саған өлең оқып берейін, өлеңімде адамзаттың мұңы бар...» дейтін даланың сарғыш бояуы сіңген нәзік назым сүгіреттері үнсіз мұң шақырады. Ақбота Бейбітбектің «Көңіл күйсандығы» кітабы қолыңызға түссе мүмкін: «adelе» синдромдарын оқуға болатындай... Салтанат Мадиярқызының «Шахмат» жинағындағы «Шахмат» жыр көшегі де қызықты. Сезім Мергенбайдың «Жыласам құдайды еске алам» немесе «...зәрезеп болған жанарымды аяп... Сен де бір жылашы...» дейтін өте тосын іздері сан құбылмалы. Мінеки, көбелектің көлеңкесіндей ғана бейсаналар елесі, іңір мен таңның, шуақ пен күңгірттің арасынан жыр жәуһерін жинап жүрген жас перілердің тұманды ойлы жырларымен бір түнді де бастан кештік.

Шымқала, Шардара, Қызылқұм, Шәуілдір, Түркістан 2022 жыл қазанның 11-14 жаңасы