ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫБЕГІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫБЕГІ

Қаламгер құрмет биігінде

Оңтүстік жұртының мінезі – жайдарман табиғаты сынды жылы жүзді, меймандос тілекті болып келеді. Шексіз аспан мен қиямет таңында тірілген адамдардай қаз қатар тізілген жусан шоғыры әлденені еске салып, естеліктер қазынасын оятады. Шардара қаласына барар жолда қызыл жыңғылдар қаулай өсіп, ауада әлсін-әлсін діріл білінеді. Сірә, ақын жырының мәйегі тұмса табиғат ортасында ұғынықтырақ, көңілге жақын тартқандай.    


Ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның  60 жасқа толуына орай туған жері Шардара мен Түркістан, Шымкент қалаларында мерейтойы аталып өтті. Ақынның Шардара қаласында өткен шығармашылық кешіне белгілі ғалым, әдебиетші, академик Құлбек Ергөбек, мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, «Ақ жол» партиясы қаржылық-ревизиялық комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, Моңғолия елінің еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сұраған Рахмет, ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын, тележурналист Нұрлан Әбдібек, Жетісу облысы Текелі қаласы мәслихаты депутаты, кәсіпкер Абзалбек Сағымбекұлы, «Ақ жол» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасы, кәсіпкер, полковник Әлімхан ӘБЖАНОВ сынды біршама зиялы қауым өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.

Кеш аудандық мәдениет үйінің алдында орналасқан Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Сондай-ақ, кешке қатысушылар Қазыбек Иса шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Іс-шара барысында жерлестері ақынға құрмет көрсетіп, ақбоз ат мінгізді. Сонымен қатар, кешке келген ел ағалары мен арқалы ақындар құттықтау сөз сөйлеп, естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқыды. 

Кеште сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай:  

–Қазақ тілінің мәртебесін көтеру бойынша атқарылып отырған жұмыстарыңызды халық көріп, бақылап отыр. Қазір Парламент Мәжілісінде атқарып отырған жұмыстарыңызды ел-жұртыңыз шын жүректен қолдайды деп білемін. Еліміздің өсіп-өркендеуі, рухани түлеу, қазақ тілінің мәртебесі көтеру жолындағы қадамдарыңыз алға баса берсін. Ел алғысына бөлене беріңіз,–деп ақжарма тілегін білдірді.  


Қалың көпшіліктің жүзінен туған топырағынан түлеп ұшқан ақынға деген ақжарма сезім, ақ адал ықылас байқалады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, “Қазақтың Қазыбегі” аталған шығармашылық кеш құрылымы шынайы, әсерлі өтті. Кеш ортасында есімі қаламгер құрметіне Қазыбек деп қойылған он шақты бала шығып, ақын жырын жатқа оқыды. Мынадай асаси құрметке арқасы қозып, көңілі тебіренген Қазыбек ақын өзі де балалардың ортасында тұрып жыр оқыды. 


-Бұралаңдау бұл өмірдің жолдары,

Алла қорғап, ата аруағы қолдады.

Қазыбек деп әкем босқа қоймаған

Атымды осы ақтай алсам болғаны!- деген жырдың қорытынды шумағы барлық Қазыбектердің үніндей қабылданды.

Шіркін-ай, адам табиғаты, жүрегі, сезімі, ниеті дегенді қойсаңшы. Одан асқан қандай күш, қандай құндылық болуы мүмкін? Атақ сатып алсаң да құрмет сатып ала алмайсың. Шардара халқының ақынға деген құрметі кісі көңілін толқытып, ойға қалдырды.  

Мұнан соң ұзына созылған мерекелік шеру жолға шығып, Қазыбек Жарылқасынұлының туған ауылы Қызылқұмға бет алды. Жолай Ұзын ата кесенесіне бас бұрып, қасиетті бабамыздың, кесене маңындағы қазақ үшін қан қасап замандарда тер төккен батырларымыздың рухына және осы қорымда жерленген Қазыбек ағамыздың әке-шешесінің рухына құран бағышталды. Қызылқұм ауылындағы Қазыбек Иса білім алған орта мектепте оқушылар шұрқырай қарсы алып, ақын атындағы сыныпта, “Қазыбек Иса кабинетінде” өлең оқылды. Қанатын қомдап, қияға ұшқан перзентін ұлықтаған білім ордасы сәруар сөз сөйлеп, алғысын жеткізді. 

ҚАСИЕТТІ ӨҢІРГЕ ҚҰРМЕТ

Ізін ала Арыстанбаб кесенесіне тәу еткен делегация киелі Түркістан қаласында болып, кеш жалғасын тапты. Алдымен келген қонақтар кітап көрмесін тамашалап, Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті. Одан соң мерейтой иесіне арналған «Тәуелсіздік тарландары» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Ақынның туған жері шағалалы Шардарадан бастау алып, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда жалғасын тапқан кешті ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, ақынға құрмет көрсетті. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихаты хатшысы Қайрат Балабиев ақеділ тілегін жеткізіп: «Қазыбек Исаны 40 жасынан бері білемін, сол кезде-ақ белгілі ақын, тіл күрескері еді. Ақынды Түркістан облысының Құрметті азаматы атағына ұсынып жатырмыз. Ол алдағы сессияда қаралады”-деді. Бұдан әрі Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері Қазыбек Исаның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Мерейтой иесінің әріптестері мен қанаттас халық ұлдары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ақжарма тілектерін арнады. Кештің модераторы Құлбек Ергөбек өз сөзінде: «Қазыбек Иса – суреткер ақын. Дәл Қазыбек Исадай суретпен алымды-шалымды ойды, ұлттың тағдырын толғай жырлаған, поэзия мен азаматтық екеуін егіз қатар ұштастырып, сәтімен жырлап келе жатқан ақын бізде сирек. Сондықтан бәрін былай қойып, бір ғана Түркістанға арналған жырына қатысты айтсам, Қазыбек Исаның ақындық палитрасы ашыла түседі. Қазыбек Иса болатын болса, Түркістанның қазақтың рухани қайнар бұлағынан күллі түркі халықтарының рухани астанасына айналып, түрленіп, түлеп келе жатқан сәтін әдемі жырлады деп ойлаймын. Оның тақырыптары сан алуан. Ол Сыр бойының маужыраған табиғатын жырлаудан бастап, табиғатты тарихқа ұластырып, Түркістанның арғы-бергі тарихын мейілінше суреткерлікпен, ойшылдықпен өзара байланыстырып, өзара сабақтастырып, әдемі поэтикалық образ жасаған» –деген ойын жеткізді.

Түркістан топырағы жаңаша түлеп, болашақтың зәулім биігіне қанат қаққандай. Ақын жырымен рухтанған алқалы көрермен кеш соңында бірінен соң бірі азаматымен қауышып, дауылды жырмен шөл қандырды. 

Бұл халық – кешегі қарт Түркістан тұрғындарының ұрпақтары, болашақ түрленген Түркістанның ата-бабалары. Сөз сәулесі кеудесіне қонған әрбір жан айдарлы, нұрлы, жарқын көрінеді.   

Делегация қасиетті Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етіп, Ахмет Яссауи бабамыз бен осы қасиетті жерде жерленген Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр бастаған хан-сұлтандар мен билердің, ақындар мен батырлар мен ақындардың рухына бағыштап құран оқыды. 

ШЫМШАҺАРДАҒЫ ШЫРАЙЛЫ ЖЫР КЕШІ

Мұнан соң мерейтой шырайлы Шымкент қаласында жалғасын тапты. Кеш тізгінін алған ҚР Жазушылар Одағы төрағасы орынбасары, ақын, ҚР Ұлттық академиясының корреспондент мүшесі Бауыржан Жақып қонақтарды таныстырып, мерейтой иесіне жүрек жарды арнау жырын оқыды. Түркістан сарайы көрерменге лық толып, ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Мәдениет басқармасы басшылары «залға сыймай қалған көрермендерді кері қайтардық» деп, кеш ауқымын баяндап жатты. Дүбірлі кешке елордадан арнайы ат шалдырып келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев ақынның ұлт үшін жасаған алуан ерліктерін жіпке тізіп, рух сардарының бұдан ары да әділет үшін қажымай күрес жүргізетініне кәміл сенім білдірді. Сондай-ақ Алаштың хан апасы атанған Ханбибі Есенқарақызы: «Шымкенттің «Түркістан»  сарайында екі мың адам толып, аншлаг болып отырғанын кейінгі кезде осы ақын Қазыбек Иса бауырымның  кешінде көріп, көңіліміз толып отыр» –деп, ақын інісіне ақ тілегін айтты.

Кеште аты Алашқа белгілі ақындар, Моңғолиядан келген Сұраған Рахметұлы, Алмас Ахметбекұлы, Нұрлан Әбдібек, Батырхан Сәрсенхан және академик, ғалым, сыншы Құлбек Ергөбекұлы Қазыбек Иса туралы жүрекжарды тілектерін айтып, арнаулы жырларын оқыды.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Серік Ерубаев: “Мәжілістегі 107 депутаттың ішінде ақын Қазыбек Иса ағамның жанында жүріп, елін көріп, мерейтойын бірге өткізу маған бұйырғанына шексіз қуаныштымын, бұл мен үшін зор құрмет” деп, ақынның парламенттегі ұлттық мүддені қорғаудағы зор қайрат-қарымына алғысын жеткізді.

Қазыбек Исаның бірнеше өлеңдеріне ән жазған белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі қаламгердің кісілік келбетін ашып, ана сүтімен дарыған абзал қасиеттерін баян етті. 

“Қазыбек Исаға парламент керек болмауы мүмкін, бірақ парламентке Қазыбек Исадай қайраткер керек!”-деді ол.

Кеш барысында сахнаға Шымкенттегі Қарттар үйі мекемесі басшысы Шәрбат Шырынбекова мен қарт блогер Мәмбет Құрманбаев бастаған бірнеше адам шығып, ақынның Қарттар үйіне жақында ғана газ кіргізіп берген қамқорлығына телегей алғыс айтып, сөз алған ақсақал қария мен ақжаулықты әже ақ батасын берді. 

Кеш соңы ақынның жаңа өлеңін оқуымен қорытындыланды.

Ақындық – тылсыммен астасқан аспани әлем. Шын таланттың іргестасы әділет пен еркіндік, ар мен ұят, адамдық пен ынсап арқылы қаланбақ. «Ақын болу өз еркің, азамат болу міндетің» дегендей, Қазыбек Иса әділет үшін күресіп, ұлт құндылықтарын түгендеп жүрген ақын. Ақын жолы – кешегі сарғайып атып сәскеде сөнген Алаш арыстарының жолы, ардың жолы. Елім деп еміренген ағыл-тегіл бұл жүрек – туған жерінің түнгі оттарындай ұлт шаңырағына сәулесін түсіре берері талассыз ақиқат.


Батырхан СӘРСЕНХАН, 

ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері.