ХАТ ЖАЗАМЫН ЛАТЫНША...
2022 ж. 03 қазан
1396
0
Қазақ елінің латын әліпбиіне көшу қажеттігі айтылғалы талай уақыт өткені мәлім. Мұның алдында да арагідік қозғалып жүрген бұл мәселе көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Олай болатын себебі де бар. Компьютерлік технологиялар өмірімізге дендеп енген қазіргі кезде жастарымыз ғана емес, елдің көбі пернедегі латын әріптерін қазақша қалай сөйлету керектігін әбден үйренген.
Мемлекет басшысының кезіндегі нақты тапсырмаларына орай жауапты мекемелерде тиісті жұмыстар қолға алынғаны да аян, десек те, әлеуметтік желілерде қоғам тарапынан айтылып жатқан ой-пікірлерге де көңіл аударғанымыз дұрыс сияқты. Латын әліпбиін қазақ жұрты бұрын да пайдаланғаны белгілі. Алайда, бүгінгі өмірімізге көптеген технологиялық өзгерістердің енуіне байланысты бұрынғы пайдаланылған латын әліпбиіне көшудің қиындықтары мен ауыртпалықтары жиі сөз болып жатыр.
Әлеуметтік желідегі жұрттың айтуынша, бұрынғы латын әліпбиінде қазақша дыбысталатын әріп таңбаларына қосымша ноқаттар мен сызбалар қою көп кездеседі. Ол сәйкесінше, қазіргі пайдаланылып жүрген компьютер пернелеріне көп өзгерістер енгізуді талап етеді. Оның орнына пернедегі дайын әріп таңбаларын пайдалану латыншаға көшуге тез мүмкіндік берер еді.
Кейбір шет тілдеріндегі бар тәжірибені пайдаланып, қосарланған таңба жазу арқылы (sh-ш, ch-ч, ng-ң, gh-ғ, yu-ү) қазақ тіліндегі дыбыстарды беруге болады. Бұл жерде бұрынғы латын әліпбиінде көп кездесетін қосымша ноқаттар мен сызбалардың қатары да азая түседі, яғни «ә», «ө», «і» дыбыстары ғана қосымша ноқаттармен таңбаланады.
Баяғыда шешелеріміз «Қалам алып қолыма, Хат жазамын латынша» деп әндетіп отырушы еді, сол күндерден осы кезге дейін латын әліпбиін пайдаланғанда, заман көші баяғыда басқа бағытқа бұрылған болар ма еді, кім білсін. Әлі де кеш емес...
Осыдан жүз жылға жуық латын әліпбиіне көшу туралы мәселе қозғалып, ұлтымыздың зиялылары оған үлкен қарсылық танытқан болатын. Себебі, ол кездегі жағдай мүлдем басқаша болатын. Жаппай орыстандыру қолға алынып жатқан ол заманның қулығына құрық бойламайтын сайқал саясатының астарын Алаш қайраткерлері жақсы түсінген еді. Латынға көшудің соңы артынан кириллге ауыстыруға алып баратынын олар анық біліп отырды. Осыдан он екі жылдай бұрын жазылған «Алғашқы басқосу – ақырғы айқас» атты мақаламды оқырмандардың сұрауы бойынша сол күйінде қайта ұсынғанды жөн көрдім.
АЛҒАШҚЫ БАСҚОСУ – АҚЫРҒЫ АЙҚАС
1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Баку қаласында Кеңес Одағы түркiтанушыларының I конференциясы өттi. Бұл кеңестiк түркi жұрты зиялыларының iшкi жанайғайы едi. Шындығында, бұл шара пышақ алқымға тиген кездегi соңғы тұяқ серпу болатын. Ол пышақтың қайралғанына 20 жыл болған.
1906 жылдың 11 наурызында II Николай патшаның арнайы кеңесiнде үлкен мәселе болып қаралып, түркi халықтарын орыс әлiпбиiне – кириллицаға көшiру туралы шешiм қабылданады. 1905 жылдан басталған ел iшiндегi әртүрлi толқуларға байланысты бұл мәселе уақытша тоқтатыла тұрған едi. Алайда, соның өзiнде екiарадағы астыртын арпалыс сырт көзге бiлiнбей жүрiп жатты. 1926 жылғы Бакудегi басқосу ашық алаңдағы айқаспен бiр болды. Себебi, түркiтанушылардың бұл конференциясында отаршылдық саясаттың тағы бiр бетпердесi сыпырылған болатын.
– ХIХ ғасырда түркi халықтарын орыс қарпi – кирилге көшiру мәселесiн зерттеген көптеген ғалымдар болды. Олардың арасындағы Остроумов, Алекторов, Ильминский, Бартольд, Радловтарды ерекше бөлiп айтуға болады. Бұлар арнайы тапсырмалар бойынша үлкен бағдарламамен жұмыс iстедi. Әрi ғалым, әрi миссионер болған бұл топтағылар түркi халықтарының тарихы мен тiлдерiн терең зерттеп, олардың бiрлiгiн ыдырату, жiктерге бөлу мәселелерiн қолға алды. 1926 жылғы I конференцияда көтерiлген мәселе – түркi халықтарын кирилге көшiру алдындағы латынға өту шарасы едi, – дейдi тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шiлдебай.
Қазақ жерiнен алқалы жиынға Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ қатысқан. Отаршылдық жүйенiң түпкi мақсатын бұрыннан бiлетiн Байтұрсынұлы бұл басқосудың да өту себебiн жақсы түсiнген. Әртүрлi айла-шарғымен қарқын алып үлгерген орыстандыру саясатына ашық қарсы тұра алмасын сезiп, өзiнiң дәлел-дәйектемелерiн ғылыми тұрғыдан қарсы қойды.
Латын қарпiне көшу мәселесiн әзірбайжандық ғалымдар жақтаған. Олардың өйтпеске лажы жоқ болатын. Латын қарпiне көшу туралы ғана емес, ғалымдар бұл жиында термин сөздер төңiрегiнде де үлкен айтысқа түстi. Оны филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкеева кезiнде жақсы зерттеп жазды.
– Ахмет Байтұрсынұлы бұл сьезде пән сөздерi – термин туралы үлкен баяндама жасады. Мұнда да ол бүгiнгi таңдағы қажет деген мәселелердi жан-жақты түсiндiрiп бередi. Ғылыми атаулардың пән сөздерiн табу керек деген мәселе қояды. Бұл орайда Байтұрсынұлы қазақ тiлiн сарқа пайдалану керектiгiне тоқталады. Яғни, қазақ тiлiнде бұрыннан бар сөздердi жаңғыртып, жаңа мағынада дұрыс қолданысқа кiргiзу қажеттiгiн айтқан. Тiптi, болмаған жағдайда туыстас түркi сөздерiн пайдалану керек, себебi, оларда бәрiмiзге ортақ түбiрлер бар деп орынды мәселе көтередi, – дейдi Жамал Манкеева
Жалпы, түркi халықтарының патша отаршылдығына қарсы күресiнiң басталғанына көп болған едi. Соның бiрi осы жазуды өзгертуге деген наразылығы болатын. Олар жазудың өзгеруi бүкiл сананы жаулаудың басы екендiгiн анық бiлдi. Зиялы қауым өкiлдерi сол үшiн жанталасып бақты. Бұл орайда татар ғалымы Исмайыл Гаспыралының еңбегi ерекше едi. Ол түркi жұртына арналған «Тәржiман» деген газет шығарған. Мұхтар Әуезовтiң айтуынша, оны кезiнде Абай алып оқып тұрған.
- Исмайыл Гаспыралы үлкен реформа жасады. Ол альфабитке тiкелей қатысты болды. И.Гаспыралы араб графикасының негiзiнде бүкiл түркi халықтарына ортақ жазу қалыптастырды. 1883 жылы пайда болған бұл жазу төте жазу деген атпен белгiлi болды. «Тәржiман» газетi осы жазумен шығып тұрды, ол арқылы бүкiл түркiлердiң басын бiрiктiру саясаты жүргiзiлiп отырған. Бұл бағытты кейiн Ахмет Байтұрсынұлы жалғастырды, – дейдi Сәбит Шiлдебай.
Негiзi, әзірбайжан халқын латын әлiпбиiне көшiру туралы мұның алдында талай сөз болған. Оған башқұрттан шыққан көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi, түркiтанушы ғалым Ахмет Зәки Уәлидидiң 1923 жылы ақпанда Ленинге жазған хаты айғақ бола алады. Онда түркi халқы орыс әлiпбиiне көшсе, оның соңы христиандықтың енуiне әкелетiнi туралы, сондай-ақ, әзірбайжан халқының латын әлiпбиiне көшуi туралы мәлiметтер бар. Бұрыннан қозғалып келе жатқан таласты мәселе түркiтанушылардың екiге бөлiнуiне әкелiп соқты.
Исмайыл Гаспыралының жәдитше, яғни жаңаша бағытын Ахмет Байтұрсынұлы ары қарай жалғастыра түседi. Ол 1912 жылы қазақ тiлiнiң дыбыс үндестiгiне лайықтап, жаңа әлiпби жасап шыққан. Бұл бүкiл түркi жұрты үшiн қолайлы әлiпби болатын. Сондықтан, түркiтанушылардың I конференциясында мұны қолдаушылар аз болған жоқ. Зерттеушi-ғалым Жамал Манкееваның айтуынша, бүкiл түркi әлемiндегi түркiтанушы ғалымдардың алғашқы бұл басқосуында үлкен айтыс болып, ғалымдардың өзi екiге жарылған. Латын жазуына көшудi қолдағандар бiр топ, араб жазуы негiзiнде жасалған Байтұрсынұлының әлiпбиiн пайдалану қажет деушiлер екiншi топ болып, екi топ арасында талас болады. Шындығын айтсақ, Кеңес үкiметi түркi жұртының бас бiрiктiрiп кетуiнен қатты қорықты. Сондықтан, оған түркiшiлдiк идеясы деп, қолдан келгенше қарсы күресiп отырған. Ал, шын мәнiнде, түркiшiлдiк деген сөздiң өзi отаршылдыққа қарсы жүргiзiлген күрес болатын. Зиялы қауым өкiлдерi түркi жұртының басы қосылмайынша отаршылдық бұғаудан құтыла алмасын жақсы бiлдi.
Бакудегi түркiтанушылардың I конференциясы латын қарпiне көшуге орай әдейi ұйымдастырылғандықтан да әзірбайжан ғалымдары оны жақтап шығуға тиiс болды. Кезiнде патша үкiметiнiң жүргiзген миссионерлiк саясатын оның орнына келген Кеңес үкiметi де империялық негiзде жалғастыра түстi. Жаңа үкiметтiң ашық жүргiзе бастаған отаршылдық саясатына тура қарсы тұра алмасын сезген Ахмет Байтұрсынұлы өз идеясын ғылыми тұрғыдан қарсы қойған едi. Ол латын әлiпбиiне көшу орыс қарпiн пайдалану алдындағы әзiрлiк екенiн жақсы түсiндi. Шынында да, бұл тактикалық айналыстың бiр түрi болатын.
Тарих тереңiнде қалған түркiтанушылардың тұңғыш басқосуы олардың ақырғы айқасы едi. Одан кейiн көп ұзамай, 1928 жылдың 20 қарашасында елiмiздiң Орталық Атқару комитетi латын әлiпбиiне көшу туралы қаулы қабылдады.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
журналист
Алматы