КӨКІРЕК КӨЗІҢ ЖАБЫЛМАСЫН
2022 ж. 03 қазан
1483
0
Жаңа Қазақстан жағдайында отандық білімді өрістету, ғылымды дамыту, тіл саясатын өркендеу, әсіресе, «Білімді ұлт» идеясына ден қою бағытында елдің бүркітшілік өнерін әлемге паш еткен атақты саятшы Тілеуғабыл Есенбекұлының айтары аз емес.
Оқыған-тоқыған, жазған-сызған деректерінің пайдасын Мәскеуге барғанында бір көрді. Іссапармен жолы түсіп, бір айдай аялдаған. Сонда атақты Арбатта өзара гуілдескен топтарға араласып қалып жүреді. Қызу пікірталас. У-ду тартыс. Дөңгелене ұйысып алып, күнде қызылөңеш болып ой жарыстырып жатады. Қатысушылар да жасы мен жасамысы аралас, саясатқа жақын әр түрлі ұлт өкілдері. Орысы мен украины, Ресейді мекендейтін басқа да қаптаған ұлыс жұрты, өзбегі мен қырғызы бар, қазағы да жоқ емес, қолдарын сермеп, алма-кезек екілене сөйлеп, ию-қию айтысқан ел. Тақырып сан алуан. Көбінесе Евразия өміріндегі орыс ағайындардың орны, ТМД мемлекеттерін мекендеген басқа халықтардың ел дамуындағы атқаратын ролі дегендей түрлі әңгіме қозғалады.
Екі-үш күннен соң ой додасына бұл да түсе бастады. Білгішсіп көзге түсейін дегеннен емес. Екі-үш күннен кейін жиылған топ мұны ұйып тыңдай бастайды. Әр сөзін, әр дерегін мейлінше дәйекті, мейлінше дәлелді жеткізгендігінен де шығар.
Түркі халықтары деген кімдер? Олардың өркениеті қай деңгейде еді? Шығыс дүниесінен әлемге танымал қандай есімдерді атау ләзім? Заманалар ағымында Ежелгі Русь пен Ұлы Дала арасындағы қарым-қатынас қалай өрбіген? Қыпшақтар мен ойраттардың, өзге де тайпалардың орысқа қатысты тарихынан не түюге болады? Қазіргі қазағы, қырғызы, өзбегі, түркімені мен тәжігі, басқасы бар, бәрінің түп аталары, жалпы, қайдан тарайды? Кешегі немесе жаңа ғасырдағы әлемдік саясат кеңістігінде осылар алатын орын қандай?
Міне, шабыттанып, осындай негізде бірнеше мәрте көсіле сөйледі.
Бес-алты күннен кейін мейманханаға қайтып келе жатқанында соңынан қуып жеткен бір орыс жігіті небір сұрақтарын қойған. Бұдан кейін де үш-төрт рет ілесіп келіп, ұзақ әңгімелесуге ықылас танытты. Сонда:
– Сенің таным-түйсігіңде ерекше бір тартымдылық бар сияқты. Саясаттан да қара жаяу емессің. Бай тәжірибең де байқалып тұр. Біз қазіргідей жаппай түлеу үдерісіне ықпал еткіміз келеді. Мұның сендерге де тікелей қатысы бар емес пе. Сондықтан біздің топқа қосылып, қолдау көрсетсеңші! – деген тілегін айтты.
Бастапқыда кісі құрлы көре қоймаған өркеуде біреулердің енді соңыңнан қалмай жалынғаны қызық болады екен. Дегенмен, мұндайларға қазақтың кім екенін аңдатып, шерін тарқатқандай бірталай ақтарылып қайтқаны үшін өзі де кәдімгіше арқаланып, рахаттанып қалғанын сезді...
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында туып, алпыс жылдай ғана ғұмыр кешкен академик Василий Бартольд деген ғалым өтіпті. Белгілі шығыстанушы маман. Нақтырақ айтқанда, түркітанушы. Соның «Двенадцать лекции про тюрков» деген үлкен еңбегі бар. Екі-ақ рет басылыпты. Алғашқы сол он тоғызыншы жүзжылдық ішінде. Екіншісі бертінгі сексенінші жылдары болуы керек. Екеуінде де бес мыңдай ғана таралыммен шыққан екен.
Әлгі додада осындай сүбелі дүниелерге жүгінген. Одан соң әлемдегі көрнекті мемлекет қайраткері Джавахарлар Нерудің «Письмо дочери, или взгляд на всемирную историю» деген кітабын ұстанасың. Түрмеде отырғанда қызы Индира Гандиге жазған хаттары негізінде жинақталған ойлары. Осында да Шығыс пен Батыстың күрделі тарихы талданады.
Әсілі, Шығыстың көне тарихына терең бойлап, түрлі кезеңдерді талғап, тараптарды салыстыра оқыған кезде анау Рим, Греция тарихына біртүрлі күмәнмен қарай бастайды екенсің.
Жалпы, біздің Шығыстың мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімі нақты қай межеде дамыған? Бұл кезде Батыстағы ахуал қай дәрежеде еді? Міне, әлгі Арбаттағыдай пікірталастарда осы бағыттағы басқа да ізденістеріңе арқа сүйеуге тура келеді. Теріскейге шуақтың әуел бастан күнгей тұстан барып таралатынын логикалық түрде түсіндіруге тырысасың. Мысалы, даңқты Вольфганг Гете де: «Иранда таңғажайып жеті ұлы ақын бар. Солардың ең осалының өзі менен көш ілгері!» дейді. Япырмай, немістің әлемді тамсантып, шашасына шаң жұқпаған шалқар шайырының өзін осынша бас игізген бұл кереметтер кім екен десеңіз – Физули, Фердоуси, Шәмси, Сәйхами, Сахди, Науаи, Қожа Хафиз...
Осыларды таратып айтып, одан соң өзің жақсы білетін екі-үш өлеңін шабыттанып тұрып оқып берсең, шаршы топтағы жиналған қауымның сені бірден мойындай қалмаса да: «Ойпыр-ай, біз кеудемізді кішкене ертерек қағып қойған жоқ па екенбіз?! Мынау расында тегін нәрсе емес қой!» дегендей іштей ептеп жинақтала бастайтыны күмәнсіз.
Бұған қоса Шығыс ақындары тек өлең-жырмен ғана шектелмегенін айтасың. Мысалы үшін, хорезмдік Ахмед әл-Бируни алдымен ұлы ғалым ретінде танылған тұлға. Оның, тіпті, араласпаған саласы жоқ. Бирунидің тарих, география, астрономия, математика, механика, геодезия, минерология, фармокалогия бағытындағы еңбектері күні бүгінге дейін жоғары бағаланады. Ал осыларды Батыс ғалымдары пайдаланбады дейсіз бе? Сол секілді Фердоусидің «Шаһнамасының» адамзат баласының гимні ретінде саналатыны мәлім. Қалың ел атағы жер жарған Омар Хайямның да тек ақын ғана емес, дарынды математик, астроном, онымен қоса керемет спортшы болғанын біледі.
Атағы жер жарған Гете секілді әйгілі итальяндық ақын Алигьери Данте де дүние жүзінің тарихындағы Шығыстың поэзиядағы орнын өте биік деңгейге қойып, өз шығармашылығына, әсіресе, Әбіл Хасан Рудаки сынды кемеңгердің орасан ықпал еткенін мойындайды. Иә, Хорасанның бұлбұлы атанған Рудаки тек Шығыс пен Батыстағы ғана емес, бүкіл төрткүл дүние шайырларының атасы, ақындардың ақыны саналағаны аян. Жер жүзіндегі поэзия бастауы тоғызыншы ғасырда өмір сүрген парсының осынау ұлы перзентінің рубаиларынан бастау алады деп есептеледі. Осындай жәйттерге де баса тоқталасың.
Шығыс пен Батыс тарихы, негізінде, ерте замандардан өзара шайнасып, мидай араласып жатқан шытырман тарих. Өте күрделі дүние. Сондықтан, біз де кейде әлгіндей қазақ-қазақ деп көктен түсе қалғандай асқақтай жөнелуге асықпай, іске неғұрлым салауат-парық биігінен қарағанымыздың жөн болатыны осындайда. Әйтпесе, анда-санда өзге жұртты өзімізден кем санап таяздық танытып, біреулерге тиіскіміз келіп тұратыны да бар ғой. Иә, хакім Абай айтқандайын, жаман сасыр бас орыс ойына келгенін істейді деп орысты, ноқай деп татарды, адаммен бетпе-бет келгенде әке-үке деп асты-үстіңе түсіп, көз тая берсе сыртыңнан боқтайтын сарт-сұрт деп өзбекті ұнатпайтынымыз жасырын емес. Әркім сыйлағанның құлы дейді, жақсылығын көріп, құрметтеп, қадірлеп тұрсаң, өзіңнің мықтылығыңды ісіңмен дәлелдеп шықсаң, бұлар да сөз жоқ, саған да оң қабақпен қарар ма еді. Ал әлгіндей деп қыжырта берсең, осылар сенің өзіңді де жетістіре қоймайды-ау...
Анау Арбаттағы жиында сол «өз ағам» өзбек ағайындардың сирек өкілдері ел алдында мұны да төмендетіп, қол сілтеп: «Ой, бұлардан не қайыр дейсің?! Кілең жатып ішер жалқау және өздері мұндайда өте сөзшең халық қой!» деп қақпайлауға әрекеттенді. Бірақ сол сәт бұған әбден иланып, мойынсұнып үлгерген көпшілік о сөзге мән бере қойған жоқ-ты.
Осы «ала шапанды» ағайынның да қашаннан қазақты менсіне қоймайтыны рас. Олар біздің шығу тегіміздің өзін теріс түсіндіріп, ұдайы кемсітуге тырысады. Бұлардың пайымдауынша, біздің түбіміз «қашақ» деген ұғымға байланысты екен. Яғни, ылғи қашып жүретін жұрттың ұрпағымыз. Күлкілі емес пе. Оттаған екенсіңдер дегің келеді ондайда амалсыздан. Енді? Басқа не айтуға болады. Әмбе бұлар Шығыстың күллі жақсысын тек өздеріне телиді. Рудаки де, Фердоуси де «өзбектікі». Осыларға сенсеңіз, әлемге Авиценна атымен танылған ұлы философ, ұлы дәрігер Ибн Сина да «өзбек» көрінеді.
Әрине, жақсыға таласу ниеті дұрыс-ақ қой. Бірақ долбарды да қисынға келетіндей мөлшерлеген жөн шығар.
Әдетте, Шығыс елі тұрандықтар мен ирандықтар деп бөлінетіні мәлім. Тұрандықтары – бізбіз. Ирандықтар – парсылар. Ендеше, әлгі шайырлардың дені парсы ақындары болып шығады. Шынтуайтына келгенде, Ибн Сина да нағыз парсылық. Бірақ өзбек бауырлардың осының бәрін өзімдікі, ал қазақта ештеңе болмаған деп, бізді төменгі сортты халық санайтындардың табанына салып бергісі келіп тұратыны кішкене қабаржытпай қоймаған...
Әлгіндей әңгіменің бәрін жөн-жөнімен түсіндіріп, расында біз кімбіз, ортақ тұлғаларымыз қандай, олардың адамзат баласының даму тарихындағы үлес салмағы қанша; міне, осыны тайға таңба басқандай түсіндіріп айта білсең – арқаңда тірегің бар. Және теперішті көп көрген туған елінің абыройын асқақтата алған адамда арман кем; нақты деректерге сүйене отырып, халқыңның жүріп өткен даңқты жолына бір сәт сарабдал санамен қарап, міне, көрдіңдер ме менің жұртымның қандай екенін деп айдарыңнан жел есіп отырса, өзің де қанаттанып, біртіндеп заңғар биікке көтеріле бастағандай ерекше күй кешпейсің бе. Ал бос дақпыртпен қолма-қол ұятқа қалатының өз-өзінен түсінікті.
Әрине, сонша бір оқымысты болып кеткен де дәнеңесі жоқ. Мұның бәрі сонау балбөбек балғын шақтан Жаңылдық әжесі ашып берген жаһан дүниесінің жұмбақтарын шешуге деген талпыныстың жалғасы болуы да мүмкін. Толғантқан сан алуан сауалдың жауабын өзің іздеп табудың да өзіндік артықшылығы бар. Тарих парақтарындағы оқиғалар тізбегін тамыршыдай дәл басып, дәуірлер толқынында алмасқан жағдайларды өзің көргендей жіті сезініп отырасың. Ол үшін, сөз жоқ, айрықша түйсік те керек.
Одан соң тасқа басылған нәрсенің бәрі бірдей Құран сөзі емес, оқуың мен тоқуыңның арқасында, кейде, шүбәсіз сеніп, қатты құрметтейтін көрнекті ғалымдардың өздерінің қайсыбір еңбектеріндегі жаңылыс басқан тұстарын да аңдай қоясың.
Міне, осының өзі-ақ үлкен бір ғылым төріне шығармағанымен, талай нәрсеге жоғарыдан қарап, сарабдал ой қорытуға жетіп жатады. Одан соң білген-түйгені арқылы көп дүниеге биіктен көз сала алатын адам өзін қаңғып жүрген бұралқы иттей көргісі келетін кейбір өркөкірек ағайынды әлгіндегіше райынан қайтарып, сабасына тез түсірмей ме. Әр нәрседен хабардарлық ел тарихына қызыққан төңірегіңдегі құрбы-құрдас пен жастарға сыр ақтарып, жан-жақты ой бөлісуге де жақсы.
Байқап отырсаң, бүгінде көпшілік ғалымдар күллі мәдениетті Греция тарихымен сабақтастырады. Немесе бүкіл адамзат өркениеті Византиядан басталатын секілді. Ал, анығында, Византияның өркендеуінде Шығыстың тигізген ықпалы орасан еді. Оның ішінде парсылардың әдебиеті, мәдениеті, ғылымы біртіндеп дарып, бұл аймақты дүниеге қайта туғызғандай дүр сілкіндіріп, зеңгір биікке көтеріп жібереді. Сөйтіп күндей жарқыраған Византия мәдениеті шуағы жер жүзін ғасырлар бойы нұрландырған. Ал мұнда астрономия, математика, химия, биология дейсіз бе, барлық жаратылыстану мен техникалық ғылым салалары әуелде Шығыстан келгенін ескеріп те жатқан көп ешкім жоқ. Демек, бажайлап, салыстырып қарап көрер болсаңыз, бұлармен тереземіз тең екеніне көз жете түседі. Әр-беріден кейін біздің орнымыз тарихта біршама биіктеу, тіпті. Өйткені, негіз біз жақта жатыр...
Жалпы, Византияның өзі Византия ретінде Константиннен басталатыны әлімсақтан мәлім. Бірақ бұлар да он бесінші ғасырға келгенде күйреп тынды. Осман түріктері барып басып алды.
Тарих көрсеткеніндей, осындай айбарлы мемлекетің де күндердің күнінде азып-тозуы әуелі моральдық тоқыраудан басталған екен. Яғни, әбден тойынған ел мәдениет пен өнерді, әдебиетті, білімді былай ысыра тұрып, тек салтанатты тұрмысқа ден қойып кеткен. Былайша айтқанда, өзара бақталасқан көпшілік қу дүниеге құнығып, даңғаза-дақпырт, арзан атақ-мансаптың соңына түседі. Қашаннан мұндай тіршілікке қырсыз, дәрменсіз келетін дарынды оқымыстылар мен өнер адамдары қасақана сыртқа тебіліп, жемқор обырлар мен аңқау елді алдап-арбауға бейім зымыстан пысықайлардың заманы туады.
Иә, бұл өзі, бір қарағанда, ізгілік, адамгершілік мұраттарды мүлде ұмытып, материалдық құндылықтарды алдыңғы қатарға шығарған қазіргі біздің де кейбір жағдайларымызды еске түсірмей қалмайды-ау.
Сөйтіп, византиялық қауымда бір кезең тек ішіп-жеу, үлде мен бүлде, дүниеқоңыздыққа салынып, көздің құрты – алтын мен жақұт, қымбат жиһаз, жайлы көлікке қызығу үрдісі белең алады. Міне, ондағы кері кетірген тоғышарлық дәуірі осылай басталған екен. Лев Гумилев бір еңбегінде: «Ғылым-білімнен алшақтау фазасында регенерация шектеулі сипатқа ие болады. Мұны, әсіресе, Византия мысалынан анық көреміз. Империяның жиырма миллиондық тұрғыны ХІ ғасырдың өзінде интеллектуалдық мәселелермен айналысуды доғарған-тын. Көпшілік рухани мұраттарды естен шығарып, сол кезеңдегі ең бай қала Константинопольдегі жарқылдап, шалқып-тасыған, мән-мағынасыз салтанатты өмірге ден қойды. Византия халқы елді қорғамақ түгілі, османдар Константинопольге басып кіргенге дейін-ақ өздері де ерік-жігерден айрылып, әбден азғындап, шамасыз күйге түсіп, құрып-бітіп отырған еді» деп жазады.
Қазір: «Біз проваславие дінін Византиядан сіңіргенбіз» деп кеуде қағатын қауым бар. Бір себептен, мұнысы дұрыс та. Әркімнің өз тарихымен мақтануы айып емес. Дегенмен, істің алғашқы бастау бұлақ жағына да үңілу бөгет жасамас еді. Негізінде, төртінші ғасырға дейін христиан діні тек Римде ғана болғаны да белгілі. Сол төңіректі жағалай жайлаған бүгінгі неміс, француз секілді халықтардың германдықтар, нормандықтар, фловендіктер сияқты түп аталарының «жабайы жұрт» деп аталғаны да аян. Әсілі, бұлар да бүгінгі қазақ пен өзбек секілді арғы тегі, түп тамыры бір өзара туысқан халықтар. Келе-келе, он бірінші он екінші, ғасырларда ғана ұлт-ұлтқа жіктеліп, біртіндеп бөліне бастаса керек...
Әлдебір әдебиетте: «VІІІ ғасырда бүкіл Еуропаның халі өте мүшкіл еді. Бұларды ылғи түртпектеп, жан-жақтан тепкіге салып келген барлық көршілерінің де тілегені осы болатын. Латынтілді елдердің көпшілігі германдықтарды ежелден тұрпайы, надан, маскүнем деп сонша жек көрді. Жеңіске жеткен германдықар – франктер, бургундтар, готтар да өз қарауындағы латынтілділерге кілең қорқақ, жағымпаз, алаяқ деп жиіркене қарады. Мұндай жағдайда, әрине, бұл аймақта ешбір ауызбіршіліктің болуы мүмкін емес еді» делініпті. Иә, біреулер ойлайтындай, ғасырлар тезінде тағдыр теперішін тек Орта Азия халықтары ғана емес, Батыс Еуропа да көріп баққан сияқты. Тарих беттерін аударыстырсаң, бұлардың да шекелері ұдайы шылқып отырмағанын байқайсың. Бір ғана мысал – Испаниямен арада 1648 жылы басталып, үздіксіз отыз жылға созылған соғыста Германия өз тұрғындарының 75 пайызынан айырылады. Яғни, осы кезең аралығында 16 миллион адамынан 4 миллион ғана қалған.
Осындай басараздық пен тоғышарлықтың, менмендіктің салдарынан біздің өз елдеріміздің де бір-біріне жем болған сәттері жиі екен. Мәселен, біз өзіміз тікелей ұрпағы, қара шаңырағы болып отырған сонау Алтын Орда тұсында да бақ таласы, тақ таласы жолында қаншама қан төгілгенін көресіз.
Алтын Орданың баяғы ғұндар секілді ат тұяғы жеткен жерге дейін игеріп, ұлы көшпенділер мемлекетін құру мақсаты біршама деңгейде іске асқан да еді ғой. Талай уақыт абыройы асып, жарты әлемді тітіреткен осы алпауыт елдің іргесі көш басындағы ағайындар арасындағы тойымсыздықтың, мансапқорлықтың кесірінен біртіндеп сөгіліп, кетеуі кете бастайды. Билік бөлісу деген де тып-тыныш басталып, оңай аяқтала қалатын нәрсе емес; ең өкініштісі, бұл қақтығыстарда көбінесе бейбіт елдің құрбандыққа шалынып, бұқара халықтың берекесі қашып жататыны және мәлім. Мұндайда алдымен қаймана жұрттың соры қайнайды.
Одан соң тақ таласы кезінде талғам-таразы, ақыл-парасат, қисын-жүйе деген орнықты, әділ өлшемдерге орын қала бермейтіні де белгілі. Һәм алды-артқа қарамай ызалана тістеніп, өршеленіп өрге ұмтылған сәтте көпшілік жандайшап уәзірлердің «қалайда алу керек, қыру керек, жою керек» деп қойт-қойттап, отқа май құя түсетіні қандай. Шайтан түртті деген де, бәлкім, дәл осындайда айтылар ма екен.
Ашқарақтықтың, көрсеқызарлық пен асыра сілтеушіліктің араласатыны да тура осы тұста. Сөйтіп, билік жолында ішінен іріген елдің кешегі бір-бірімен дос балалары бүгін бітіспес қас болып кете бастайды. Алтын Орданың арғы дәуірін қоя тұрып, бертінгі күндеріне көз жүгіртсеңіз, анау Ақсақ Темір мен Тоқтамыс, Едіге тарихынан да опық жегізіп, бармақ шайнатқан тұстарды байқайсыз. Қазақша айтқанда, біздің де алып тұлғаларымыздың боқ басында мерт болып кеткен жағдайлары баршылық екен.
Сол Гумилев осындай әңгімеге қатысты бір ойын: «Бедный Тохтамыш! Сев на престол Золотой орды, он оказался на должности выше уровня его компетентности. При этом он не представлял себе всех трудностей, с которыми было связано управление полиэтничной страной, и не отдовал себе отчета в том, что ему грозит и что ему необходимо для спасения... Тохтамышу крайне навредил его воинствующий провенциализм, вследствие которого он, выйдя за пределы Западной Сибири, наделал столько глупостей, что в конце концов потерял и власть, и жизнь» деп білдіреді.
Иә, Тоқтамыс барды. Темірге... Темір оны аспанға көтерді. Көмектесті. Таққа отырғызды. Сол Тоқтамыс өз жебеушісі парсыға аттанған шақта жынды адамдай барып соның жеріне шабуыл жасады. Ал Темір қайта оралып келіп, Тоқтамысты жайратты.
Шынтуайтында, «жігіттің асып кетсе мейманасы, ақырда түспей қалмас тәубесіне» демекші, дәл сол кезде Темірге қарағанда Тоқтамыстың асығы алшысынан иіріліп, абыройы асқақтап тұрғаны рас-тын. Беделі биік еді. Москваны да қайта-қайта барып жаулаған ерен. Екеуі бір халықтың перзенттері. Бірақ амал не...
Бұл тұста, әрине, оқиғаның шым-шытырық, бұралаң нәзік қалтарыстары көп. Тек үзеңгілес екі дос неге түсінісе алмады, не жетіспеді осыларға деп толғанасың. Күллі орыс жері қол астында. Таяу Шығыс – уыста. Үндістаның тең жартысы қарауында. Анау Ауғанстан, Пәкістан сияқты өзге өңірлерді есептемегеннің өзінде, барлық өркениетті мемлекет қолда. Иран да, Ирак та, яғни, мәдениеттің өркендеген, ғылымның дамыған жерлері Бағдат пен Дамаск де өздерінде еді. Бұлар Самарқан мен Бұқара сияқты қалаларды да гүлдендіріп қойды. Мына жақта Сарайшық, Берке Сарай тұр. Анда Қазан хандығы, Астрахан хандығы құрылған. Қырым хандығы ол бой көтерді. Ауқымды, бақуатты елдер. Бірімен-бірі құда болып, ащы ішектей араласып жатады. Жарқылы бет шарпып, көз шағылыстырған алтын мен күміс, гауһар мен ақық, мыңғырған мал, қисапсыз аң терісі, қолаңшаш, қарақат көз сұлулардың бәрі осылардыкі...
Сөйтіп жүріп, келе-келе өзара жауласып, біріне-бірі жауыздық жасап, ақыры бірін-бірі жеп тынды. Осының бәрі алауыздықтың салдары да. Ең жаманы, сол дүрдараздық, сол өшпенділік бұлардың ұрпақтарына ауысты. Атадан балаға өтіп, қанға сіңіп кетті.
Кейде ойлайсың, осыларды өкпе-қолқасын сілкілеп, сана-сезімі мен жан әлемін әбден тазартып шығару үшін қырық жыл шөл далаға айдап салып, анау еврейлер кешкен бейнетті бастан өткізу керек пе еді? Екі буын ұрпақ ауысқанша олай-бұлай сенделтіп жүргізіп қою керек пе еді?..
Негізінде, адам баласын аздыратын көбінесе аста-төк, ырғын молшылық екені де аз айтылмайды. Байлық бұларды да бұзды. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Не ішем, не кием деген жоқ. Қажет нәрсесінің бәрін берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алып отырды.
Әлбетте, әділетті де мүлдем естен шығарып жібермегені рас. Мысалы, қазіргі тілмен айтса, Алтын Орда орыстарға өте демократиялықпен қарады. Іргелі Русьті қалыптастырып, өркендету ісінде Бату ханның ұлы Сартақтың ықпалы да ересен. Оның досы Александр Невскийді Батудың өкіл бала қылып алуы да жарасымды емес пе.
Александр ноян 1251 жылы Алтын Ордаға ат басын тіреген сәтте жалақтаған неміс әскері Новгород пен Псковты бөріше түтіп жеуге асығып, жан-жақтан анталап отырған-ды. Бату қол кіргізбегенде жағдай, расында да, өте мүшкіл еді. Тосыннан жер қайыстырып пайда бола кетіп, ақырын ғана екі қалаға бөлініп кірген жұмбақ атты әскердің сұсынан сескенген қалың неміс қатты аңтарылып, дереу кері серпілді. Сөйтіп бұлар бір кезең орысты осылайша Батыстың қан шеңгелінен құтқарып қалған еді.
Сосын, олардан түсетін тиісті салықтарды ешбір қыпшақ та, қият та, қазақ та барып тартып алып отырған жоқ-ты. Қалыптасқан тәртіп, белгілі жүйе бойынша орталық қазынаға баскактардың өздері жинап әкеліп тұрды.
Осылайша, тікелей қыпшақтардың демеуі арқылы да жан-жақтағы елдерді ығында ұстап, екі жүз қырық жылдай салтанатты ғұмыр кешкен Алтын Орда, Ақ пен Көк Ордалар уақыт өте келе ақырындап пышырай бастайды. Іштен іріп-шіріткен шимай-шату жағдайлар көп еді. Бұл арада небір күрделі тарихи өзгерістер белең алды. Түрлі қырғындар бастан өтті. Реформалар жүрді. Дін ауысты. Дегенмен, азып-тозудың ең негізгі себебі құлжаның сақасындай ел серкелерінің біртіндеп қадірі қашып, ақылмен қимылдайтын ірі тұлғалардың азайып, майдаланып кетуіне байланысты сияқты. «Балық басынан шіриді» демекші, үлкен елдік мұраттар мен қарапайым халықтың мұңын естен шығарған көшбасшылар өзара қырқысып, қара бастың қамындағы ұсақ тірлікті күйттей берген соң көпшілік бұқара да оларға біртіндеп сенуді доғарып, бет-бетіне жайыла бастаған тәрізді. Өстіп, «балапан – басына, тұрымтай тұсына», әркім жік-жікке бөлініп білгенін істеп, қасиеттен ажырайды.
***
Осы сәтте Тілеуғабылдың ойына, неге екені белгісіз, Мысырда он жеті жыл билік құрған әйгілі Бейбарыс сұлтан оралады. Ұзақ уақыт алып аймақты уысында ұстап, бүкіл мұсылман елдеріне қорған болған ер екен. Құлдықта жүріп кейін Мәмлүк мемлекетінің билеушісі дәрежесіне көтерілген Бейбарыстың түпкі тегі төңірегінде түрлі дау бар; әйтеуір, кім не десе де, оның Дешті Қыпшақтан шыққан айбарлы ұл екені анық еді. Қазіргі қазақ сақарасынан өсіп-өнген сол өреннің талай уақыт сырт жұртта сұлтан болып, өз еліне де септігін тигізуі, расында, ойландырмай қоймайды. Қыран ғұмыр деген, бәлкім, осы ма екен.
Одан арыстандай айбатты ұландардың келе-келе азғындап, бақа-шаянға айналғаны туралы Абылай ханның түсін ойлайды. Иә, заманалар тезінде баяғы абыройы асқан айбынды Алтын Орда ұрпақтарының талай биік адамгершілік қасиеттерден айрылғаны өтірік емес. Әсіресе, бір атаның балаларының өзара бақталастығы, тақталастығы деген әдеті күні бүгінге дейін, тіпті, халықтың қаны емес, сүйегіне сіңіп кеткендей екен-ау. Қазір де соның көрінісін айнадан көргендей күнде көріп отырасың. Мәселен, біреу өсіп бара жатса, екінші немере інісі соның етегінен жармасады. «Өй, мынау оңбаған қайда кетіп барады мен тұрғанда! Иттің баласын тезірек сүріндіріп жіберейін» деп. Сүйекке түскен құрт ауруы секілді бір сырқат...
Ылғи от басы, ошақ қасында отырып күңкілдеп, бастықтарымызды жамандаймыз. Ал кеңседе кездесіп қалсақ, манада Бауыржан батыр айтқандай, жағымпазданғаннан сол жетекшінің асты-үстіне түсіп, өліп қала жаздайтынымыз тағы бар.
Тілеуғабыл кейде, базбір ағайынның тағылығын көргенде, жас балаша таңырқап бас шайқайды. Несібесін өмір бойы өкіметтен тауып, қаншама майшелпекке оранып, мемлекеттік қызмет істеп жүрсе де, қараулығын бір қоймайды-ей сондайлар! Көпшілігі өзі қатарлы адамдар. Ғұмыры жоғары лауазымды қызмет атқарған; оған қоса алпауыт өндіріс орындарында әжептәуір акцияға ие. Үйді де, күйді де қос-қостан осы жүйе арқылы алған кісі. Бір баласы шет елде жұмыс істейді. Үкіметтің қаражатымен әйгілі Батыс университетін тәмәмдаған екінші ұлы да сырт мемлекетте тұрады. Өзінің де, өзге ұлттың қыздарына үйленген сол балаларының да, бәрін берген Отанға тигізген зәредей көмегі де жоқ. Сөйтіп жүріп қашан жолықсаң да, кіжініп, билікті балағаттап отырғанын көресің.
Қайтіп түсінесің осыларды. Баяғы заманда жабылып Хрущевті жамандаушы еді. Қош, ол, бәлкім, сондайға лайық та болған шығар. Қазақтың малын тартып алды, кейін осы елді ақырындап орыстандырып, солтүстік өңірдегі жер-суын иемдену пиғылымен славян ағайындарды үйіп-төкті. Ал бертінде осы халыққа көп қарайласып, жақсылық жасаса да Брежневті де жетістірмеп едік. Одан ас үйде отырып, Дінмұхамед Қонаевты кінәлайтынбыз. Сол әдет, міне, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Жарайды, бұл қызмет сатысымен онша көп өсе алмады. Ол үшін ешкімді сөгуге қақысы жоқ. Бәрі де өз пешенесінен. Бәлкім ынжықтығы болған шығар. Білімі жетпеуі ықтимал. Ал әлгіндейлер білік-зердесі жетті, бағы жанып өсіп-өнді, адам болды, мемлекеттік шенеунік деңгейіне көтерілді. Алатынын артығымен алды. Әлі де қармап-қарпып, асап жеп отыр. Тойды. Тоғайды. Енді сол орында тиісті ісін атқарып отырып мемлекетті жамандайды. Басшыны күстаналайды.
Неге олай екен, су ішкен құдығына түкірді деген осы ма деп ошарыласың. Баяғы екінші сорт деп кемсітетін жүйе тараған. Дербестік, еркіндік бар. Енді әлемдік кеңістікке көз тігіп, жағдай түзесек, өзге елдермен иық теңестірсек, мұңы басым елімізбен бірге біртіндеп жоғарырақ көтерілсек деп тырмысып жүрміз. Осы жолда не істеймін десең де қолыңнан қағып жатқан ешкім жоқ. Қайта, үкімет өркендеймін деген жанға мүмкіндігін туғызып жатыр. Әлде бұлар баяғыдай қарап отырып-ақ тағы да ала түссем дей ме екен. Елдің ертеңіне шын алаңдаса, соры қалың халқының тағдырына жәрдемдесуге ниеттенсе, өз Отанын, өзінің кір жуып-кіндік кескен туған жерін, суын ішіп, дәмін-тұзын татып отырған атамекенін, осы жұртты қатарға қоссам деп тырбанған көшбасшысын жазғыруға неліктен құмар екен деп қиялданады.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы.