АЛАШТЫҢ АҚСЕЛЕУІ АРДАҚТАЛДЫ

АЛАШТЫҢ АҚСЕЛЕУІ АРДАҚТАЛДЫ

Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алтын көмбесі, өнер мен руханиятымыздың тамыршысы, жазушы, этнограф-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің туғанына биыл 80 жыл. Тұғырлы тұлғаның тойы өткен сенбі күні туған жері Жаңаарқадан басталды. Алайда бұл тойдың даңқы кең байтақ Қазақстанға тағылымымен емес, жөнге де, жобаға да келмейтін ескерткішімен тарады.

Мерейтойлық шаралар шымылдығы ескерткіштің ашылуымен түрілгенде жиналған жұрт абдырап қалды. Ақселеудің інісі Асылхан Сейдімбек жасатқан мүсін көрер көзге қораш болып шыққаны қарапайым адамдарға да түсінікті болды. Әулет қаржысына соғылған ескерткіш тиісті комиссиядан өтпеген, облыс, аудан басшылары да жұмысты басынан аяғына дейін бақыламаған. Ескірткіштің жабындысы сыпырылғанда ғана Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекхожин мен Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали бір ағат іс болғанын түсінді. Артынша ресми түрде сапасыз ескерткіш бұзылып, орнына басқасы орнатылатынын хабарлады.


«Ақселеу Сейдімбек және көшпенділер мәдениеті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияны Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашып берді. Оқу-ағарту министрінің орынбасары Ғани Бейсембаев Ақселеу Сейдімбектің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қайта құрылып, институттан академияға айналуындағы еңбегін атап өтті. Вице-министр сол кезде осы мекеменің директоры болған Ақселеу Сланұлының шәкірті екенін айта келіп, министр Асхат Аймағамбетовтің құттықтауын оқып берді.

Ақселеудің жан досы, жазушы, тарихшы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы Ақселеумен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары танысып, табысқанын айтып, бірге жүрген күндерді еске алды.

- Ардақтыларымызды танып, мерейтойларын өткізу, ескерткіштерін орнату, елдімекенге атын беру – жақсы. Бірақ бұл құрметтеудің сырт көрінісі ғана. Келер ұрпақ үшін сол адамның ішкі мазмұнын көрсету керек. Жаңаарқа топырағында өмірге келген бір бала Сланның баласы болмай, әйтпесе өсірген Аманбек әкесінің баласы болмай, бүкіл Алаштың баласы болды. Осы жерде Алаштың Ақселеуі деп айтылып жатыр, - деді Қойшығара Салғараұлы.

Тарихшы қос Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мен Ақселеу Сейдімбек арасында параллель жүргізіп, екеуінің ұлтқа сіңірген еңбегі туралы айтты.

- Ақселеу тамтығы қалғанша, ешбір жалтақсыз еңбек етті. Соңғы жазған шығармаларын алып қараңыздаршы, бәрі қазақ туралы: «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың күйлері», «Қазақтың шешендік сөздері», «Қазақтың қара өлеңі»... Осылай кете береді. Марқұм «Біздің қазақтың жалғыз сабақ жібін далада қалдыруға болмайды, соның бәрін ұрпаққа жеткізу керек» деп айтатын. Ақселеуді Ақселеу қылған не? Соны тап басу керек. Сонда біздің заманның Ақселеулері шығады. Жас ұрпақты тәрбиелеу үшін Ахаңның істегін ісін, Ақселеу дегізбей Ахаң дегізген құдіретті ашу керек. Бұл құдірет – халқына деген шексіз махаббат, халқына деген сүйіспеншілік. Ол перзенттік борыштың жауапкершілігін сезінген адам. Ондай адамдар болмайтынды болдырады, - деді ғалым.

Физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев Ақселеу Сейдімбектің өзіне әсері туралы тебіренді.

- Мен төрт-бес жас үлкенмін. Бірақ рухани жағынан мені қазақ еткен осы Ақселеу. Қазақ екенімді, ұлтыммен мақтану дегенді Ақселеуден үйрендім, ол менің рухани ұстазым болды. Мамандығымды білесіздер ғой, физика деген ғылым адамға ақыл бермейді. Ақселеумен әр сөйлескен сайын мен рухани өсіп, өзімнің қазақ екенімді таныдым. Әр кездескен сайын ой-өрісім өсе берді, - деді Темірғали Көкетаев.

Ақселеу Сейдімбек өмірінің соңғы он жылында астанада тұрып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болды. Осы оқу орны атынан сөз сөйлеген түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өзінің Моңғолиядан Қазақстан астанасына қоныс аударуына Ақселеу Сейдімбектің тікелей ықпалы болғанын жеткізді.

- Қазақтың жаны Ахаңның жүрегіне сіңіп кетіп еді. Осыны ол тірі жүргенде көрсетті. Ахаңның бір арманы болған екен: біздің көне тарихымыз үзіліп қалды, осыны жалғайтын кісі керек. Менің мамандығым – түркітанушы. 20 кітабым шықты. Соның бәрі Ахаңның арқасы, - деді ғалым.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Бұл - елдің рухын көтеріп жатқан үлкен шара. Елдің рухын жаңғыртатын осындай шаралар көп болсын» дей келе, Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып берді.

- Ақселеу ағамыз туған халқын, кең байтақ даласын бар жан-тәнімен сүйген нағыз нар тұлға, таутұлға еді. «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың қара сөзі» сияқты құнды еңбектері жазылды. Бұл еңбектердің барлығында да Ахаңның қазаққа деген махаббаты мен құрметі жатқанын аңғару қиын емес. Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасы» мен «Дәурен-айы» кешегі сал-серілердің жұрнағы, солардың көзі екенін дәлелдей түседі. Ағамыздың қаламынан туған көркем шығармалар мен публицистикалық жазбалар да ұлттық әдебиет пен журналистиканың төрінен орын алды. Ақселеу Сейдімбек не жазса да, ұлтының жоғалғанын түгендеп, ескіргенін жаңғыртуды көздеді. Кеңестік кезеңнің өзінде осы жолдан тайған жоқ, айныған жоқ. Сондықтан Ақселеу Сейдімбек есімі қашанда қазақ руханиятының ұлылалары мен алыптарының алдыңғы легінде аталатыны сөзсіз. Ақселеу Сейдімбек ағамыздың аударма саласындағы өз қолтаңбасы да ерекше. Гомердің «Иллиада», «Одиссея» дастандарын тұңғыш рет қазақша сөйлетті. Өмірлік ұстанымынан таймаған, рухы биік болған мол мұрасымен бірге өнегелі өмірін дәріптеу бәріміздің азаматтық парызымыз, - делінген Сенат төрағасының құттықтауында.

Нұртөре Жүсіп өз тарапынан «Қазақтың алтын көмбесінің қоламтасын ашып, халқымызға беріп кеткен абыз адам, аңыз адам Ақселеу есімін қалай ардақтаса да жарасады. Көш деген – қимыл, көш деген – қозғалыс. Көш деген – өмір. Көш деген – тайталас. Көш деген - қазақтың бүкіл өмірлік философиясы. Көш деген сөзді кері оқитын болсақ, «шөк». Шөк деген – отыр. Біз де отырықшылыққа келдік те отырған қалпымызда көшпелі қимылдан, қайраттан, жігерден, намыстан айырылып қалдық. Ақселеу ағамыз бүкіл еңбегінде кері кетіп бара жатқанымызды айтып, бізге аманаттап кетті» деді сенатор.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Ақселеу Сейдімбектің тойын Жаңаарқада ғана емес, бүкіл Қазақстанда өткізу керектігін, ұлт, жаңа ұрпақ жаңғыру үшін «Ақселеу оқуларын» өткізуді қолға алу қажеттігін айтты. Оның ескерткіштерін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында орнатуды, тарихи-мәдени нысандарға есімін беруді ұсынды.

- Найзағайдың отына нан пісіріп жатқан осындай кезеңдерде, кітаптан алыстаған жас замандастарымызға Ақселеу сынды тұлғалар қажет. Сондықтан Ақселеу ағамыздың тойы тек қана ас ішіп, аяқ босату мақсатында емес, үлкен идеологиялық құралға айналуы керек. Қазір бізге барлық салада көш бастайтын Ақселеулер керек. Саясатта да, мәдениетте де, спортта да, экономикада да, әлеуметте де, - деді Жанарбек Әшімжан.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Бұқар жыраудың «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөзін еске ала отырып, Ақселеу Сейдімбіктің сан қырына тоқталды. Өзі тағайындаған Ақселеу Сейдімбек және оның досы Еламан Шаханов атындағы стипендияларды Жаңаарқадағы аталмыш тұлғаның атындағы үздік мектеп оқушыларына тапсырды.

Жазушы, журналист Несіп Жүнісбайұлы Ақселеу тұлғасына сағынышты сөзін арнады.

- Енді Ахаңның мұрасын қалай жалғастыруымыз керек, қалай орнықтыруымыз керек, қалай болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек, соны айтуымыз керек. Адам алыстаған сайын тау биіктейді ғой. Сол секілді мұрасы зерттелген сайын ол адам халыққа жақындай береді. Халыққа еңбегі сіңген адамды елдің, мемлекеттің, халықтың жадында қалдыру үшін екі нәрсе керек. Біреуі – ескерткіш. Бірақ негізгі ескерткіш еш уақытта тас ескерткіш емес. Ол халықтың жүрегінде орнаған ескерткіш. Сол үшін Ахаңның барлық мұрасын зерттеп, шығарып, жеткізуіміз керек, - деді жазушы.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Ақселеу Сейдімбек пен осы оқу орнының байланысы жайында айта келіп, Жаңаарқадағы Ақселеу Сейдімбек атындағы мектепке кітаптарды тарту етті.

Жазушы-этнограф Төрехан Майбас «Біздің ұлт көсеміміз бар. Біздің ұлт ұстазымыз бар. Біздің ұлт жоқшымыз да бар. Ол – Ақселеу Сейдімбек» дей келе, сол төңіректе сөзін сабақтады.

Белгілі күйші Мұхаметжан Тілеухан өзі тартатын Сайдалы Сары Тоқаның күйлерінің шығу тарихын Ақселеу Сейдімбектен білгенін, соның ішінде «Бозайғыр» күйінің шығу төркінін әңгімелеп, осы күйді тартып берді. Белгілі әнші Сәуле Жанпейісова Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай» әнін салды. Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай арнау өлеңін оқыды. Конференция соңында Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арналған жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Ақселеу Сейдімбек жер бесікке бөленген, жұрт Ақселеу биігі атап кеткен Қарауылтөбеде рухына құран бағышталды. Оның айналасына тігілген киіз үйлерде ас берілді. Театрландырылған қойылым көрсетіліп, мерекелік концерт өтті. «Жаңаарқа елі – жыр елі» І аймақтық фестиваль қорытындыланып, қазақша күрес, аламан бәйге ұйымдастырылды.

P.S. Бұл – тойдың басы ғана деп білеміз. Ақселеу Сейдімбектің туған күні 12 желтоқсанда. Сол уақытқа қарай Нұр-Сұлтан қаласында да мерейтойлық шаралар өтеді деп сенеміз. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конференция өткізіп, «Астана» немесе «Қазақстан» концерт залдарында Ақселеу Сейдімбектің ән-күйлерінен концерт берілсе, дұрыс болар еді. Себебі, әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Айтбек Нығызбаевтың айтуынша, Ақселеудің ән мұрасы «Сарыарқа» мен «Дәурен-аймен» шектелмейді. Басқа да әндері және күйлері бар. Әнші олардың басын қосып, кітап та шығармақ. Қарағанды да қарап қалмауы керек. Естуімізше, Қарағанды қаласында Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш орнату жоспарланған. Жаңаарқадағы олқылықтың орнын осымен толтыру керек. Тиісті пәрмен берілген соң, сапасыз ескерткіш бұзылды. Оның орнында да нағыз Ақселеуді көргіміз келеді.

                                                                    Аманғали ҚАЛЖАНОВ