Абзал азамат, ғұлама ғалым еді...
2022 ж. 12 мамыр
2949
0
Бүкіл ғұмырын ғылым жолына арнаған Әбдімұса Қуатбеков ағамыздың өмірден өткеніне де бір жылдың жүзі болыпты... Әбдімұса Мұратұлы ағамыз 1942 жылы 4 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында дүниеге келген. 1960 жылы Ташкент мемлекеттік университетін, 1968 жылы Қазақстан ҒА-ның Химия ғылымдары институтының аспирантурасын бітірген. Ол осынау ғұмырында бар өмірін білім-ғылымға арнады.Талантымен талай табысқа жетті. Химия ғылымының докторы болып, екінің бірі егелене қоймайтын П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Шымкенттегі Халықтар достығы университетнің қазығын қағып, қаз тұрғызды. Бұл оқу ордасы қазір елімізге де, шетелдерге де белгілі университет.
Әбдімұса Қуатбеков ағамыздың атақ-марапаттары туралы айтар болсақ, атан тарта алмайды. Жоғары ғылым академиясының академигі, Өзбекстан, Ресей, Нью-Йорк ғылым академиясының академигі, ҚР Жаратылыстану және Ресей педагогика және психология ғылымдары академияларының академигі. Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Сонымен бірге Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» және «А.Нобель» алтын медалінің, ОҚО сіңірген еңбегі үшін мерекелік медалінің иегері, Халықаралық Сократ комитеті Еуропалық бизнес ассамблеясының «The Name is Scinece» жүлдесінің иегері болды.
Әбдімұса ағамыз үлкенге ізетті, інілеріне ілтипатты еді. «Қазақ үні» газетіміз алғаш шыққанда университетке жаздырып алып, жәрдемін беріп жүрді.
Мен 2004 жылы Парламент депутаттығына сайлауға түскенімде Оңтүстік Қазақстан облысындағы сенімді өкілім болып, Арыс ауданына өзі ертіп барды. Өзі баяндама жасап, ағайындарға таныстырып, қамқор болып жүрген еді. Газетімізге шыққан өткір мақалаларымыз туралы, қоғамдық-саяси өмір, білім-ғылым саласында талай пікірлерін ашық айтып жүретін еді. Университетте қаншама жағдайы қиын студенттерді тегін оқытып, озат студенттерге стипендия, гранттар тағайындап жүретінін де ел жақсы біледі.
Айтулы азамат, абзал аға, жайсаң жанның жанына жақындағаннан ғұлама ғалымның, зиялы тұлғаның тартымды тартылысын, ерекше энергиясын, яғни, Қуатбековтің қуатын сезінетін едік…
Биыл 2022 жылы 26 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев бастаған бір топ ақжолдық депутаттар мен партия белсенділері Шымкентте болдық. Сонда Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті ұстаздарымен кездестік. Заман талабына сай білім алып жатқан 6 мыңға жуық студенті бар жоғары оқу ордасының ғимараты бүгінгі талапқа сай сәулетті де, еңселі. Университеттің материалдық-техникалық базасы да жеткілікті екен.
Биыл наурыз айында университет өз күшімен 280-орындық заманауи жатақхана салып, пайдалануға беріпті.
Осылардың бәрін көргенде білім-ғылым саласына зор еңбек сіңірген академик Әбдімұса Қуатбеков ағамызға іштей риза боласың. Пейіште нұры шалқи бергей деп тілейміз.
Білім жолында ел болашағын ойлап, ерекше еңбек сіңірген тарланбоз тұлғаның ұлағатты ісін жалғастырып келе жатқан университет президенті Нұрлан Әбдімұсаұлы ініміз бен ректор, ғылым докторы, академик, облыстық мәслихат депутаты Рабиға Қуатбекова қарындасымызға ризашылығымызды жеткізіп, Ақ жол тіледік.
Академик Қуатбековтің 80-жылдығына орай 13-мамырда өтетін Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да жоғары деңгейде өтеді деп білеміз.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген мақал тура Әбдімұса ағамызға айтылғандай. Жақсы да, жайсаң жан болып, ғұлама ғалым атанған асыл ағамыздың жарқын бейнесі ел есінде ұзақ сақталады.
Марқұмның жатқан жері жайлы болып, Алла алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш болғай!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
qazaquni.kz