ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҮЛКЕН ӨНЕР ЕКЕНІН ҰМЫТПА!
2022 ж. 04 сәуір
1747
0
Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, ақын, журналист Болат Үсенбайдың ой-толғамына үңілгенде.
¬– Университет қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз «макет жасауды, газет-журналдың ішкі лабораториясын жақсы білген адам ешқашан жұмыссыз қалмайды. Кез келген басылымға қиналмай орналасады» дегенді жиі айтатын. Оған кезінде мән бере қоймаппыз. Өз басым балаң қиялмен «мен ең алдымен журналист емес, ақын боламын» деген ойды санама сіңіріп алғандықтан бірталайға дейін адасыңқырап келіппін. Бірақ кейінірек пайымдап қарасам, бұдан да ұтқаным аз болмай шықты. Себебі, өз әдебиетімізді де, шет ел классиктерінің шығармаларын да бірталай қаузаған екенбіз. Кейін еңбек жолын әйгілі «Лениншіл жаста» бастаудың бақыты бұйырды. Дегенмен, бұл бір жұмақ тіршілікке, бас айналатын рахат өмірге күмп ете түстік деген сөз емес. Газетке келген бойда басшылар хатқа жекті. Хат қорыту деген де жас тілшілерге үйретері көп өзіндік мектеп. Хат көбінесе ауылдан келеді. Нешеқилы тағдыр иелерінің жан сырына үңілесің немесе белгілі бір шаруашылықта шешімін таппай жатқан мұқтаждықтар мәніне қанығасың. Қысқасы, халықтың тыныс-тіршілігіне дендей түсесің. Және ең бастысы – сол хат иелерінің көпшілікке жеткізсем деген ойын әдеби өңдеп, жұп-жұмыр етіп ұсынуға дағдыланасың. Одан соң қаламгер ағайындар жақсы біледі, «ЛЖ»-ның мектебінен өту деген, расында да, әлі күнге дейін зор мәртебе саналса керек. Онда мүйіздері қарағайдай небір білікті журналистермен тізе қосып еңбек еттік. Мейлінше ысылдық. Кәсіптің қыр-сырына бойладық.
Алғашқы жетекшім – бүгінгі танымал қаламгер Жанболат Аупбай. Бұ кісі өте көп оқитын, көп ізденетін маман екен. (Қазір қарап отырсам, сонда бізге ересек көрінетін Жәкең отыздың о жақ, бұ жағында ғана көрінеді). Әр қалтасында бір-бір қойын дәптер жүретін еді десем, артық емес. Міне, осындай ағалардың арқасында іске мейлінше төселе түстік. Хатпен жұмыс істеуге үйрендік, түрлі күрделі салаларды зерттеп, қалам тербеуге машықтандық. Жалпы, газет-журналда не болатынын біле түстік.
О кезде газет-журналдың қорғасынмен басылатын кезі. Талай ауыртпалықтар болды. Негізі, журналистиканы айрықша өнер екені мәлім, екіншіден, мұны қиындығы мен қызығы қатар жүретін қара жұмыс десек те қателеспеспіз. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман, міне, осындай «университеттен» де өтуге міндетті.
Кезінде өзім қызмет еткен «Ақ желкен» журналына тәжірибе жинақтауға талпынған студенттер келіп жататын. Солардың біраз кемшіліктерін көріп қынжылушы едім. Олар дені қазақ басылымдарын оқымайды екен. Ал журналист немесе жазушы боламын деп талпынған адам ең алдымен өзінің ана тіліндегі басылымдарын қадағалап оқып, соған зер салмай ма! Жалпы, кез келген жас қоғамнан тысқары қалмауы керек. Еліміздің тыныс-тіршілігі, тәуелсіз мемлекетіміздің алға қойған міндеттері, жастардың да ой-арманы, болашақ мақсаттары туралы ақпаратты сол газет-журналдардан табасың. Ал журналистиканы таңдаған көпшілік жастарымыз сол басылымдарды қадағалап отыруға, мамандық сырын игеруге аса ынталы емес. Кейбір іні-қарындастарымыз қаламсапты қолына ала салып, ешбір дайындықсыз-ақ тек қиял дүниесінде журналист болып кеткісі келетіндей әсер қалдырады. Және жастардың көпшілігі жалқау. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ кітапханаға бару, басылымдарды пайдалану ісінен хабарсыз. Айталық, кітапханада каталог деген болады, түрлі энциклопедиялар бар, солармен жұмыс істей білу шарт. Журналистика мамандығын игеру тек қана көркем шығармалардан тұрмайды ғой! Сан алуан танымдық әдебиеттер бар, таңдаған кәсібінің қыр-сырын терең игеруге ұмтылған адам соларды білуі қажет. Белгілі бір дүниелерді талмай зерттеп, білімін жетілдіріп, ой- қиялын ұштап отыруы тиіс. Журналист бір бағытпен танысып қана қоймай, кез келген өзге де саланы білуге міндетті. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің, негізінен, әдебиет пен өнерді қаузайтыны секілді елдегі экономикалық, әлеуметтік, көлік-коммуникация, отын-энергетика сияқты толып жатқан салаларға арналған көптеген басылымдар бар. Мұндайда болашақ тілшілер ойға салса төске озған хас жүйріктей кез келген бағытта қаламы жүрдек болса деген тілек туындайды.
Осы орайда айта кетейін, жастарымыз «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас қазақ» сынды кәәсіби деңгейі биік газеттерді көбірек оқыса, үйренсе дейсің. Үйрену деген, әрине, бір жерден көшіріп алу емес, белгілі бір басылымдағы тақырыптың ашылуы, талдануы, соған анализ жасау мәселелеріне де жіті назар аударса деп ойлаймын. Сол сияқты жастарымыз жастар басылымына белсенді араласса өздеріне пайдалы. Жазуды «Ұлан» газеті, «Ақ желкен» журналдарында бастаса сол арқылы ойы, дүниетанымы да есейеді ғой. Тағы бір аңғарғаным – көпшілік студенттер хабар жаза алмайды. Ал қиялы аспандап, жерге түсе алмай тұрады. Кеуделері аяқ қаптай. Оның бір себебі, жоғарыда айтылғанындай, әдеби кітаптарды пайдаланбайды. Тілі кедей. Ойын нақтылап жеткізе алмайды. Онан кейін бүгінгі қоғамда болып жатқан құбылыстардан кенже қалып жатады. Соның бәрі оқымаудың кесірі.
Меніңше, жалпы, журналистикаға талаптанған адам жігерлі, күш-қуаты мол болуы керек. Ең көп жазатын кез жастық шақ емес пе. Кейін денсаулық жағдайы алдыдан шығып, өзге де шаруалар көбейіп, мұрша болмай кетуі мүмкін. Сондықтан жастар қаламды ертеден-ақ күні-түні шыңдаса зиян шекпейді. Бірақ көп жазу деген көпіртіп бос жазу деген сөз емес. Ойланып, зерттеп, біліп жазып, халыққа қажетті дүниені біліктілікпен ұсына білген жөн. Ал айтарыңыз болмаса журналисттікке талаптану орынсыз деп ойлаймын..
Орайы келгенде айтып қалайын, осы салада шәкірт баулитын жоғары оқу орындарындағы ұстаздарға да ептеген ренішім бар. Болашақ журналистерді тәжірибеден өткізу, оларды шыңдау, қыр-сыры мол күрделі кәсіпке талмай бейімдеу жағы ақсап жатады. Ұстаздар тарапынан шәкірттері жазып жүр ме, жазбай жүр ме, жазса, қалай жазады, ертеңгі күні жұмысқа барған кезінде ұятқа қалдырмай ма деген жанашырлықты онша байқамаймын. Басылымдарға үшінші немесе төртінші курста оқимыз деп келетін жастардың дұрыс бір сөйлем құра алмайтынын көріп қынжылмасқа лажың жоқ.
Бұл, әрине, жас журналистердің бәрінен бірдей түңілгенім емес. Талапты, қабілетті жастар баршылық. Дегенмен, бұл салаға келген адамның таңдаған кәсібінің үлкен өнер екенін ұмытпағаны жөн дер едім.
Жазып алған Құлан САҒАТҰЛЫ.