Атадан балаға мұра болған үш ғасырлық қазан музейге тапсырылды
2022 ж. 31 наурыз
1534
0
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастырумен дәстүрлі "Музейге сый" акциясы өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор, құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларына қатысты жәдігерлерді кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін музейлерге тапсыруға үндеу.
"Музейге сый" акциясы барысында ғалымдар мен тарихшылар, музейге жанашыр қала тұрғындары 30-ға жуық құнды мұралар табыстады.
Олардың қатарында атақты ғалым Шайх Сулейман Жамалдың аудармасы бойынша аударылған "Тафсир" кітабы, атадан балаға мұра болған ғасырлық қазан, Темуридтер мемлекетінің Әмір Темір атымен 785-786 х.ж. (1383-1385 жж.) және
832 х.ж. (1428-1429 ж.) Бұхара ақша сарайында соғылған фулусі, Қоқан хандығының екі дана тамшы пішінді, бір дана шаршы пішінді монеталары,
XVII ғ. ұсақ сауда ісінде айналымында жүрген төртбұрыш пішінді мыс ақшалар мен Ресей патшалығының нумизматикалық жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Кәрсон Бекназарұлы Таңыбай батырдың портреті, көзешінің мөрі бар.
Таңатаровтар әулеті алып келген қоладан құйылған үш ғасырлық қазан кесенеге келушілердің қызығушылығын тудырды. Ұлдары мен немерелерін ертіп, өзі бастап келген 75 жастағы Асылбек Таңатарұлы бабаларынан жеткен қимас мұраны әрі қарай кесене музейінде тұруын жөн санапты. Береке дарыған қола қазаннан қазақтың қаншама жақсылары мен жайсаңдары дәм татқан, әрі әулеттің де ырысы мен берекесі іспеттес. Бүгінгі күні бабадан тараған ұрпақтар үлкен әулетке айналып, тамыры кеңге жайылған, білімді де білікті, иманды, елге еңбегі сіңген азаматтарға айналған. Асылбек Таңатарұлы әулеттің жәдігерін мәңгілікке көздің қарашығындай сақтау үшін музей қорына өткізіп, елге ақ батасын берді.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлға Кәрсон Бекназарұлы Таңыбай батырдың портреті де елдің ықыласын аударды.
Батыр - 1670-1755 жылдар аралығында қазақ халқы, оның киелі мекені үшін күрескен тұлға. Батырдың туғанына 350 жыл толуына орай, «Қаракесек Кәрсон Бекназарұлы Таңыбай батыр» атындағы қоғамдық қордың президенті А. Есжанов тарихи деректерге сүйене отырып суретші Сапар Хасенұлының майлы бояуымен салған портретін болашақ ұрпақ үшін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сыйға тартты.
Музейге сый ретінде берілген өзге де жәдігерлердің тарихы терең, танымдық құндылығы өзгеше.
-"Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі — халық арасында акциялар өткізіп, қолдарында жинақталған тарихи маңызы бар жәдігерлерді музей қорына сыйға тартуға шақыру. Музейлерге сый жасау әлемдегі музейлерде дәстүрлі шараға айналған құбылыс. Әлемдегі ең ірі музейлердің барлығы және қазіргі таңда қазақ жеріндегі 400-ге жуық түрлі жобадағы музейлердің қорларының басым бөлігі музейге берілген сыйлардан тұрады. Жеке азаматтардың музейлерге сыйға берген мәдени құндылықтары музей қорларын жинақтау мен толықтыру ісіндегі ең маңызды негіздердің бірі болып табылады. Қазіргі бізге келіп жеткен осындай сирек кездесетін тарихи жәдігерлер кейінгі ұрпақтар үшін аса бағалы болып табылады",-дейді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас сақтаушысы Нұржамал Әшірбекова.
Қазіргі кезде Қор сақтау және есепке алу бөлімінің қорында 24 558 дана көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған, оның 13 640 данасы негізгі қор, 10 918 данасы ғылыми көмекші қор есебінде. Олардың басым көпшілігі түпнұсқада тарихи құнды дүниелер.