Сая Қасымбек: Ұлт келбетін сақтап қалатын өнерге неге миллиардтар салынбай жатыр?!
2021 ж. 06 желтоқсан
2004
0
Әлқисса... «Ойбай, 247 млн. теңге бөлінді» деп елді дүрліктірген Д.Исабеков ағамыздың «Бөрте» тарихи драмасын көзіммен көрмеген соң, «сонша қаржыға татырлық дүние ме екен?..» деген күмәнді ой, менің де көкейімде жүретін. «Биылғы жылдың соңғы қойылымы» деген соң, Таңшолпан қызымның шақыруымен қойылымды көру нәсіп болды. Түркістанда салынған жаңа театр ғимаратына алғаш баруым.
Ең бірінші ұнағаны - Театр басшысы Айнұр Көпбасарова ханым, келген көрерменін өзі күтіп алады екен. Бұрынғы, Түркістан сазды–драма театрында басшылық еткен жылдарымда өзімнің де солай, келген әр көрерменмен амандасып, күтіп алатыным есіме түсті. Кабинетінде видеомен бақылап отырмай, көрерменге өзі шыққаны – маңызды мәселе. Білгенге – жоғары мәдениет.
Екінші ұнағаны – саханада заманауи жоғары деңгейдегі техниканы қолданғаны! Құдай–ау, еліміздегі қаншама театрлар ХХІ ғасырда отырып, жыртыйған оншақты прожектормен спектакль қойып жүр десеңізші?! «Әп...» дегеннен заманауи технологиямен ұшырасқанда, деміңді ішіңе тарта қалады екенсің. Шілтертордағы бейнемузыка оқиға басталмас бұрын көрерменді қойылымның өзегіне қарай жетеледі.
Жаңа технологиялық жылжымалы лентамен актерлер бейне мүсін секілді жылжый шыққанда, тарих қойнауынан оқиғалар легі шығып келе жатқандай әсер берді. «Апыр-ай, замана жаңалығы қазақ саханасына да жетіпті-ау?..» деген ойдан, қуаныштан жүрегің лүпілдейді.
Үшінші ұнағаны – пьеса авторы Дулат ағамыздың «Аналар галереясын»: төрткүлдүниені жаулаған Шыңғыс ханның анасы Уәлін Әжін мен «төрт бөрінің анасы» Бөртенің образдарын ірілете алып шыққаны болды. Жасыратыны жоқ, театр сахнасы болсын, кинода болсын Ана образы кемшін. Тіпті, жоқ десек те болады. Ұлттың ұлы – Ананың жатырынан шығатынын елесек, «Ана» образын көбірек сахналайтын кезден кешігіп жатқанымызды ескеруіміз керек. Автор, «Әйел. Ана. Ене.» образы тайпадан асып – Империяға ұласу жолында жиһангерге жойқын ықпалы барына тереңінен мән бергені ұнады. Қандай да бір ұлы қолбасшы, не, билеушінің артында сүйеуі һәм тіреуі Әйел екенін мықты көрсеткен.
Бөртенің әкесі Дай шешеннің \ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бекайдаров\ қызын ұзатудан басталған сахна, үкілеп ұзатқан қызының – «Империя Анасына» айналатынын білді ме екен?..
Дешті–Қыпшақты билеген Жошыны, Мәуераннахр, Жетісу мен Шығыс Түркістанды билеген Шағатайды, өзі бастап, ұрпағы жалғастырып Иранды, Моңғол мен Қытайды билеген Төлені туған Бөртені \актриса Айя Шарип\ олай деуге толықтай болады деп ойлаймын.
Әйтсе де, Дулат ағамыздың жүздеген тегеуріні мықты түрк тайпасын құрап "Мың қол" болған атауын алмай, "моңғол" сөзін жиі қолданғаны қынжылтып, іштей "әттеген-ай?!"-латқанын жасырмаймын.
Сахнаға өмір беретін актер. Бір өзі сахнаны толтырып жіберетін артистер болады. Ұлына қалыңдығын әкетуге келген Уәлін Әжін \ҚР халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Алмахан Кенжебекова\ шыға келгенде, «Болашақ Империяның» мызғымас іргетасы Уәлін Әжінің тамырынан тарағанына сенесің. Уәлін Әжіндей кемеңгер Ененің қолына түскен жас келіннің болашағына аналық мейіріммен тәрбиелегені өз жемісін соңында бергенін көріп, «Алып – анадан туғанға» сенесің. Бөртені жұбатады. Маңдайынан сипайды. Тіптен, өзін де Есугейдің жолай барымталап алғанын да мысалға келтіре жас келінді болашақ ауыр жолға қайрайды. Қайрап отырған Ененің алғашқы әйел сезімін оятқан күйеуіне деген сезімі жүрегінде сақталып қалғанына, шеберлігіне риза болғаннан мырс еткенімді жасырмаймын. Өткен ғұмырындағы сағыныш табын жеткізе білу – рольді сомдаған Алмахан апайымыздың актерлік шеберлігінің толысқандығында боп тұр.
Автордың пьесаға тарих тарапынан жаңа қыр берген тұстары көп екен. Мәселен, Жамұқаның Бөртеге деген сезімінің соңы қызғанышқа ұласып, бала күнгі досы Тимучинге қарсы шапқаны... Бұған дейін мансапқа талас ретінде қарап жүрген линияның – махаббат тартысына айналғаны өзіме ұнады. Әлемде тартыстың түбі – махаббаттан туатынын аттап кетіп, бәсеке мен қызғаныштан туатына көбірек тоқталатынымыз рас.
Дұшпаны мықтының серпілісі де мықты болатыныдайын, Шыңғыс ханның «іштен шыққан жауы» Жамұқаның \Жамұқа – Ержан Нұрымбет\ өлім алдында Бөртеге деген махаббатын көргенде, Шыңғыс ханның тарихындағы «қара даққа» жаның ашиды. Актер Е.Нұрымбетов, көрерменін «аяу деңгейіне» жетелеп, жеткізе білді.
Автор, Кейқуат кемпір \ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек\ арқылы алмағайып заманға жорамал жасата отырып, кейіпкерлердің тағдырын таразыға салады. Көрерменін болашақ қақтығыстан «не болар екен, орындалар ма екен?..» деп ынтықтырып отырады.
Әсіресе, «адам жанының осалдығын» дәлелдейтін: мың жерден «Хан» болса да, оның ең алдымен «пенде» екенін дәлелдейтін сахна – Шыңғыс ханның \ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов\ желсөзге еріп, тұңғышы Жошыны өлім жазасына кесер алдында жүрегінде мерезге айналған күмәнімен арпалысқаны, күйзелгені сенімді шықты. Даңықты қолбасшыны ірі тұлғалы етіп көретініміз қалыпты жайт. Бітімі шағын актер Н.Өтеуіловтің бірінші бөлімдегі актерлік ойынында... Шыңғыс ханды Жамұқа актерлік ірілігімен басым түсіп кетіп жатқаны «қап-ай?!.» дегізіп еді, екінші бөлімдегі қартайған кезіндегі ойыны лайықты орнына түсті. Актердің табиғатында мінезі жұмсақ білем, жаһангерге лайық сұстылық жетпей жатты. Тұлабойы тұңғышын күңірене тұра ажал қаптырғаны, автор мен режиссердің трактовкасынан: Жошыны өлтіру арқылы – кезінде өз анасын барымталап алған Есугейден «Өзіне түскен көлеңкенің» тамырын шапқысы келгені деп қабылдадым. Актер Н Өтеуілов солай сенгізе білді.
Бір қарағанда әдемі әсер қалдыратын Бөртенің \Айя Шарип\ шеберлігі сахнада ысылмағаны, қартайған кезінде де «Арыстандар Анасы» образына көше алмай, «жас Бөрте» боп қалғанынан көрініп тұр. Бәлкім, Шыңғыс ханның «қартаймайды» деген сөзіне лайық болғысы келген болар?.. Қартайған кезіндегі ауыздан шыққан лебізінде психалогиялық өзгеріс пен "даңқты ұлдардың Анасына" лайық салмақ тұрса, Бөрте тереңдей түсер еді. Ол болмай, финалда Бөртеге лайықты нүкте қоймағанынан саханада ысылмағаны қатты білінді. Әлі жас, ойнай келе толысады деп сенемін. Әлбетте, оны жалпы көремен емес біздер, театр мамандары ғана байқасақ керек.
Ал, енді сол «ақшаны жеп қойды» дабылына келейін. Әлқиссамның басында 247 млн.-ға алыста жүріп өзімнің де таңырқағанымды айтқанмын. Қойылымда қолданылған заманауи техниканы көріп отырып мынадайын ойға келдім: кеңес дәіріндегі 70 жыл мен соңғы 30 жылда «кедейлік сана» миымызға дендегені сонша, жақсылыққа жұмсалған қаржыны «ұрлықы» деп қабылдау қалыптасып кетіпті. Ол ойға Түркістан облыс әкімі Ө.Шөкеев «Бөрте»-мен түбегейлі тойтарыс берді деп қабылдаймын Неге?.. Біз неге Өнерге құйылған қаржыға сонша өшіктік?
Біріншіден: Еуропаның басын қатырмастан көрші ресейдегі «мықтылардың басын қосу» тәсілін мысалға алсақ, ол тәсіл біздің саханамызда да жүзеге асыпты. Мәселен, Уәлін Әжіннің ролін - Талдықорған театрының ҚР халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Алмахан Кенжебекова ойнаса, Шыңғыс хан мен Жамұқаны Астанадағы Қуанышбаев театрының артистері Н.Өтеуілов пен Е.Нұрымбетов ойнап жүр. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған артистердің бір-біріне деген сахна шеберлігіне ықпалы, көрерменге берері молдығына күмәнің қалмайды. Керісінше, осындай - өзге театр актерлерімен бірлестікте ойнау тәсілін барлық театр қолданса, "қан айналу, жаңару" процессі жүрер еді.
Соңғы технологиямен жабдықталған экран оқиға желісіне орай құбылғанда, мәселен - соғыс кезіндегі экрандағы орманның өртінен кино көріп отырғандай әсер алып, артистің жанды ойыны мен кино әлемінің әдемі астасқанына сүйсінесің.
Үшінші, ең бастысы: Кезінде, Шымкент Опера және балет театры «Домалақ Ана»-ны италяндық режиссерге қойдырған болатын. Қойылымды көріп отырып, шетел режиссерінің қазақтың сал-дәстүрінен мақрұмдығына күйінішімді фейсбук парақшама жазған да болатынмын.
«Бөртені» қойып жатқан италян режиссері Д. Ливермор дегенді естігенде, «өз қазағымнан режиссер таппайтыны не масқара?» деп, іштей ренжулі жүрдім. Сол күмәнмен барғанымды жасырмаймын. Қойылым барысында Д.Ливемордың кезеңіне сай тарихты зерттегені, тамырын көне түрктен тартқан қазақ үшін «ер қанаты - пырағы» жылқыны сахнаға алып шыққаны, қойылым барысында дәстүрге қайшы өрескел қателіктерге жол бермегені қуантты. /Бөртеге Жошының өлімін естіртетін сахнада, қара арқан керілгені т.с.с./
Қанатын кеңге жайған қойылымды көріп отырып: «Бір қойылымға сонша қаржы неге бөлді» деп емес - «Еліміздегі күллі театрларында қойылатын спектакльдерге сонша қаржы неге бөлінбейді" деп дауыс көтеретін кезге жеттік деген ойға келдім.
Шынында, барлық театрларды бір жанын алып – мың жанын салатын драматургтен бастап режиссер мен артистердің, сценографтың еңбегі бағаланатындай, жарқырайтындай әр қойылымға 247 млн.-нан неге бөлінбейді?!
«Бөрте» қойылымынан соң, осы сұрақты әр облыс, қала әкімдері, Мәдениет министрлігі мен Мәдениет басқармаларына қойғым келеді. Құдай-ау, жылда бір салған жерін кемі он рет бұзып салатын жол жөндеуге 91млрд. бөлінеді екен. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап жатқанымызда қаламақысын аламай қор болатын драматургті айтпағанда \Табанға тапталумен келе жатқан қазақ драматургтерінің қайыршы күйін жазуға ұяламын\– Театрдың жанын кіргізетін режиссер мен сценографқа, артистерге қомақты қаржы неге бөлінбейді?! Ұлт келбетін сақтап қалатын Өнерге неге млрд.тар салынбай жатыр?!
Біздер, өнер адамдары Түркістан әкімі «Бөрте»-ге бөлген, «өнерге қиған қаржы төңкерісіне» қуанып, өзге аймақтың әкім-қаралары да үлгі алса екен деп тілейік!
Сая Қасымбек,
Қазақ үні