БІЗ АБАЙДЫ ТОЛЫҚ ТАНЫП, БІЛДІК ПЕ?
2021 ж. 20 тамыз
6022
0
Өмірде тосын жағдай көп қой. Мен атыраулық жігіт ағасы Жәлел Нұрекешевпен кездейсоқ ұшырасып, сырласып қалдым. Оның ойшылдығы, алғырлығы, жан дүниесінің тазалығы мені еріксіз қызықтырып, Жәлелді балық шаруашылығының маманы емес, тағлымы мол тәлімгер, ойшыл ғалым ретінде қабылдап, Абай атамыздың шығармалары туралы ой-толғамын қалың оқырманның талғам-таразысына ұсынуды жөн көрдім.
***
– Жәлел балам, өзіңе ерекше риза болғаным, сен ойшыл екенсің. Ойшыл болу оңай емес, ол әркімге бұйыра бермейтін асыл қасиет.
¬– Мендегі ойлар Абай атамның шығармаларын оқығаннан кейін туған ойлар. Мысалы, нотаны білсеңіз, сіз өзіңіз кез келген музыканы орындай аласыз. Абай атамыздың «Қара сөзіне» маңдай тіресеңіз, сізде де міндетті түрде күтпеген ойлар пайда болатынына күмәнсізбін.
– Алғаш Абай атамыздың шығармаларымен қалай таныстың?
– 1995 жылы Атырау облысы Балықшы ауданына әкім болып тағайындайлып, алғы шепте алқынып жүрген кезім. Алматыға сапарлап барған жолдас жігітімнің туысқаны келесі жылы Абай атамыздың туғанына 150 жыл толуы қарасаңында жарық көрген «Қара сөз, поэмалар» деп аталған кітабын маған сәлемдеме ретінде беріп жіберіпті. Қуанғаным – кітапта «Қара сөздің» орысша нұсқасы қоса жарияланыпты. Оны қазақша нұсқасымен салыстырып, қайта-қайта оқыдым. Қазақ тіліндегі кейбір түсінбеген сөздерімнің мағынасын мұғалім жеңгемнен сұрап, білуге талпынып бақтым.
Алғашқы күндері заңға томпақ, теріс жағдайлар килігіп, не істерімді білмей, кәдімгідей қиналған сәттерімде Абай атамның «Қара сөзі» маған көмекке келді. Тұлабойымдағы мінімді көріп, «әлсіздік адамзаттың бәрінде кездеседі екен» деген тұжырыммен көңілім тынышталып, әділет жолынан таймадым.
Талмай ізденіп, «Қара сөздің» мағынасын түсініп, біліп алуыма мұғалім жеңгемнің көмегімен бірге Абай атамның «Көзімнің қарасы» өлеңінің де көмегі тиді. Ә дегенде жеңгем:
– Абай атамыз бұл өлеңді бір қызға арнап жазған. Мектептегі мұғаліміміз бізге осылай түсіндірген болатын, – деді. Әрине, махаббат деген жақсы. Алайда Абай атамыз қызға:
– Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын, –
демейді ғой. Ер азаматтың «ағызып көз майын» жылаймын дегені қалай? Осы сұрақ төңірегінде көп ойландым. Ер азамат қызға деген махаббат үшін көз майын ағызып жыламайды. Абай атамыз қыз үшін жылаған жоқ, «тауысып көз майын» халқы, қарапайым қазағы үшін жылады.
– ¬ Көзімнің қарасы,
Көңлімнің санасы,
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы, –
деуі маған Абай атамның «көзімнің қарасын көңілімнің өмірге қалай қарайтыным арқылы білдіремін» дегені сияқты сезілді.
Қанша айтқанмен халқына ғашық болған адамның жүрегі басқаша лүпілдейді ғой. Жанын сыздатқан жарадан ол тыныштық таба алмайды. Өмірге басқаша қарайды. Ана қырына, мына қырына көз салып, өмірді бұрынғыдан да жақсы көре түседі. Жақсы көргенімен жүрегіндегі кішкене сызат еріксіз ойлантып-толғантады. Сондықтан көңілінде тыныштық болмайды.
Жан-дүниесінің соншалықты кеңдігінен, өмірді басқаша көре білген ерекшелігінен Абай атамыздың да жан дүниесі тыныштық таба алмаған тәрізді. Маған «Қара сөзін» ол кісі сол жан-дүниесінің тыныштық таба алмағанынан жазғандай сезіледі.
– Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы,
Бар демес сендей бір
Адамның баласы,–
дегені жайдан-жай емес-ау. Абай атамыздың заманында жасы үлкен адамның айтқаны заң болды. Кейде:
Сен көп білсең де, бізден аттауға хақың жоқ, – деп ренжіген ағалары да кездесті. Олар өздерін дұрыс жолға бастап, есейіткісі келген ол кісінің ізгі ойын түсінбеді. Содан Абай атамыз, амал жоқ, «ағайын бек көп, айтамын ептеп» деп өзін іркіп ұстауға мәжбүр болды.
– Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын
Өзі де білмей ме
Көп сөйлеп созбайын. –
дегенде, «сені жақсы болсын дедім. Мені түсінбедің-ау, халқым» деп қайғырды.
Абай атамыздың халқыма демей «қалқама» деуі ағаларын шошытып алмаудан туған шешім тәрізді. Оның үстіне үлкен кісілер ұлға да қалқам деп сөйлеген. Қазір де әжелердің, аталардың жас жігітке «қалқам, жолың болсын» дегенін естіп жүрміз.
Бүгін заман басқа, қоғам, тәртіп басқа десек те, Абай атама ұқсап, мен де күнім үшін емес, халқым, қарапайым қазағым үшін «көзімнің майын ағызып» жылаймын, қажет жағдайда қолбаласы болуға да дайынмын. Ағайыныма, жекжат-жұратыма, дос-жарандарыма, яғни қарапайым қазағыма «жүректен қозғап, әдепті сақтап» айтар сөз менде де бар. Өйткені ер азаматпын,қазақпын.
Туған халқына қамқор болу, сол жолда кездескен қиындыққа төзу ¬әр ер азаматқа – сын, алған бағытынан айнымай күресу адамгершіліктің ең биік шыңы, ел қамын жеу – азаптың азабы екенін Абай атамыздың «ағызып көз майын» деген бір ауыз сөзінен-ақ аңғару қиын емес.
Менің жеке ойым ¬– «Көзімнің қарасы» Абай атамыздың «Қара сөзіне» енгізер кілт, жігерімізді жанитын қайрақ тәрізді. Ал «Қара сөз» әр азаматтың ақылгөй қымбатына айналуы керек сияқты. Бір мәселенің шешіміін таппай қиналған сәттерінде оның бетін ашқан азамат, іздегенін таба алады деп ойлаймын.
¬¬– Жәлел, біраз алға озыңқырап кеттік. Әуелі өз өмір жолың туралы айтшы? – дедім мен оның ойға шомып, үнсіз қалған сәтін пайдаланып.
– Менің атым Жәлел, фамилиям Нұрекешев. Мен Ресейдің Астрахань қаласы маңындағы кішкене ауылда, қарапайым балықшы отбасында ержеттім. Орыс мектебінде оқыдым, техникумда да, иниститутта да дәрісті орыс тілінде тыңдадым. Қазақ әдебиетінен хабардар болмадым.
Балықшы әулетіненмін. Астрахань балық шаруашылығы және өнеркәсіп иниститутын бітіріп, арнайы жолдамамен Атырау облысы, Балық шаруашылығының басқармасына жұмысқа келдім. Қайтсем абыройға ие болам деп уақытпен санаспай жұмыс істедім. Көзге түссем керек, 1995 жылы Балықшы ауданына әкім болып тағайындалдым. Үлкен өмірге осылай араластым.
Абай атамыз қазақтың кемшілігін жанымызға батырып айтты. Кешіріңіз, кемшілігін емес, олай дегенімнің ұғымы бұлдырлау. Қалай десем екен? Өткен жолы сіз қорқақ деген сөздің орнына қорқыныш деген сөзді дәл тауып айттыңыз. «Қорқақ адам дегеннен гөрі, адамда қорқыныш болады дегеніміз дұрыс» дедіңіз. Кемшілік сөзі де әлсіз ұғым. Оны басқаша айтқан жөн сияқты. Абай атамыз өзін өзі әлі толық сезіне алмай жүрген қазақтың көзін ашқысы, дұрыс жол көрсеткісі келді дегеніміз дұрысырақ тәрізді ме, қалай?
– Меніңше, қазақтың болмысын сөз етті деген дұрыстау секілді.
– Бұлай дегеніміз аздап көңіліне тиеді. Мен кейде ұлымның жанына бататындай сөздер айтып жіберем. Соңынан «бекер қаталдық таныттым ба, неге бұлай еттім» деп ойланам. Шүкір ететінім, ұлым ешқандай ренжімей, менің сөздерімді байсалды қабылдайды. Басқаның баласына ешқашан олай деп айта алмаймын, қанша ашуланып тұрсам да, әр сөзімді жұмсартып, сыпайылап жеткізгім келеді.
Жұбайым кейде:
– Ұлыңа қатты айтып жібердің ғой, – дейді.
– Қатты айтуға хақым бар. Ол өзімнің балам, мен оның әкесімін. Абай атам да өзім деп туған халқына қатты айтқан шығар? Ол кісінің де жанымызға батырып айтуға хақысы бар тәрізді.
– Бір адамдар сөйлеген сөздерінде, Абай: «Қыз бала оқымау керек. Келін болып түсті ме, ол үйден ешқайда кетуге хақысы жоқ. Жұмыс істесе, отбасын ойламайды, қара басын ойлайды дегені» жайлы қандай ойың бар?
– Бұл Абайдың ойын көпе-көрнеу бұрмалау. Өмір шындығы олай емес қой. Жоғары білімі, отбасы бар қаншама қазақ қыздары қалада да, ауылда да еңбек етіп жүр. Мысалға, Абай атамыздың заманынан бері өткен 176 жылды есепке алмай-ақ, соңғы 20 жылға ғана зер салалықшы. Бұған дейін ұялы телефон, интернет, компьютор деген атымен болған жоқ. Тіпті, бір жыл бұрын басталған пандемия әлегінен онлайн бойынша үйде отырып жұмыс істеуге көштік. Халықтың тамағы тоқ, киімі бүтін. Күнделікті өмірімізде өзгеріс көп. Сондықтан жастарымызға Абай атамыздың «Қара сөзін» сол заман ерекшелігімен үйлестіре қарастырып, бүгінгі күн талабына бейімдеп түсіндіргеніміз дұрыс секілді.
Өз басым қыздардың білім алуын екі қолымды бірдей көтеріп қолдаймын. Неге десеңіз, қыздар болашақ аналар, олар білімді болуы керек. Оның пайдасы үлкен екенін өз анамның тәжірибесінен білем. Анамыз мектептен келген біздің сабағымызды тексеріп, сұрайтын. Білмегенімізді білдіретін.
– Анаң жоғары білімді кісі ме еді?
– Жоқ. Анамыз өмірбойы үй шаруасымен айналысты. Тек мектепте жақсы оқыған екен.
Қазақтар «баланың жақсы болуы нағашысынан» дейді. Бұл сөзді жиі естимін. Нағашысының хал-жағдайы жақсы болса, жиен де жақсы болады дейтіндер бар. Мен баланың жақсы болуы нағашысынан деудің себебі, нағашысының білімді, тәрбиелі, мейірімді болғанына байланысты деген ойдамын. Ол балаларына жөнді білім, тәрбие бере алған. Оның қамқорлығында, бақылауында өскен қыз ертең әкесі берген білімді, тәрбиені өз балаларының бойына басынан сипап, емізіп отырып еккен. Күн, сағат сайын:
– Айналайын, ақымақ болма, ақылды бол. Ағаңды, әпкеңді, іні-қарындастарыңды сыйла, – ¬деген тәрізді тілегін айтудан жалықпаған. Біреулер:
– Қыздар темекі тартады, арақ ішеді, жеңіл жүріспен табыс табады. Оған кінәлі өздері, – ¬дейді. Мен:
– Қыздар қалайша кінәлі? Кінәлі біз ер азаматтармыз, – десем:
– Ата-аналар кінәлі, –¬ дейді.
– Ата-аналар да кінәлі емес. Біз өзімізді қазақпыз, қазақтың ер азаматымыз десек, бәріміз ана жеңіл жүрістілерге бармауымыз керек. Бармай қойсақ, сұраныс болмайды. Мысалы, көптеген дамыған елдерде аңның терісінен тон, тымақ кию ұят саналады. Олардың талабы бойынша адамдар жасанды теріден киім киюі керек. Себебі, сұраныс болмаса ол аңдарды қажетсіз өлтірмейді.
Жақында «ең жақсы патша, халықтың соңынан жүрген патша» деген жақсы сөзді оқыдым. Мұны халықтың соңынан жүріп, шаруаны сабырмен реттеу керек деген өмір талабы деп білдім.
Жастарымызға «Абай атамыз өстіп айтты, бәрің солай істеңдер» деуге болмайды. Олай дегеніміз – қате. Керісінше, жастардың соңынан жүріп, оларды сабырмен тәрбиелеуіміз керек. Абай атамыздың «Қара сөзінің» мағынасын бүгінгі күн талабы ерекшелігімен үйлестіріп, ең бастысы – шығармалар жаз деп ешкім ол кісіге тапсырыс бермегенін, ұрпағының айтулы азамат болып жетілуін көксеп, өз еркімен халқына жаны ашып жазғанын түсіндіргеніміз ұтымды. Соны айтсам, жұбайым маған:
– Бұған басыңды ауыртып қайтесің? Шүкір, тұрмысымыз жақсы. Ешкімге жаманшылық ойлап жүрген жоқсың. Жұрттың бәрі жақсы болса екен дейсің. Өтінем, Абай шығармалары туралы ойыңды ешкімге айтпай-ақ қойшы? – дейді.
– Жақсы, мен айтпайын. Онда не үшін өмір сүріп жүрмін? Мен оймен өмір сүрем. Оны Алла тағала, әлде ата-анам берді ме, білмеймін. Өмірдің мән-мағынасы да, қызығы да менің ойлай білуімде. Барым да ¬– сол. Ойымды соңымдағы балаларыма, немере-шөберелеріме қалдырып кетпесем, не үшін өмірге келдім, не үшін өмір сүрдім? Үй, машина сатып алдым, жақсы атаққа ие болдым, өмірге осы үшін келдім деймін бе? Мен ойымды о дүниеге кебін сияқты өзіммен бірге алып кеткенім жөн бе? Жо-оқ, мен өмірге ойларымды ұрпағыма айтып кетейін деп келдім. Маған Абай атам соны меңзеп, құлағыма: «Жақсы ойың болса, жазып кет. Ұрпағың оқыр, оқымас. Ол екінші мәселе. Бірінші мәселе, сен ұрпағыңның жүрегіне жол сал, із қалдыр», – деп сыбырлап тұр.
Мұны сізге айтып отырған себебім, Абай атамның ой бесігінде көп жылдан бері тербеліп келемін. Ешқандай ағайындық жақындығы жоқ аралас- інілерім бар. Бірі – шаштаразышы, екіншісі – той басқаратын асаба, үшіншісі – қарапайым мұнайшы, төртіншісі – электрмен дәнекерлеуші, бесіншісі – мұғалім, т. б. Әңгімелескенімде олардың бірі:
– Аға, Абай атамыздың «Қара сөзін» қалай түсіну, қалай қабылдау жөніндегі ой-пікіріңіз маған дұрыс бағыт берді. Мен үйіме барып ойланып, одан көп күш-қуат алдым. Енді ізденісімді ары қарай жалғастырам, – деді. Мұндай лебізге қалай қуанбассың?!
Сізге шынымды айтайын, кейде маған «еңбектен қашып, жеңіл жолмен жүрсем қалай болады? Денсаулығым жақсы, жағдайым шүкіршілік, балаларым аяқтанды, өз табыстары бар. Өзімді-өзім күтіп, үйімде шалқамнан жатуыма болады емес пе? Үкімет балық шаруашылығын дамыту керек, өндіріске бет бұр деп жатыр. Оның маған қатысы қанша?» деген де ой келеді. Сондай сәтте Абай атамның «Қара сөзін» оқып, аяқ-қолымды жинап ала қоямын. «Мына жұмысты мен істмегенде кім істейді?» деймін.
– Өзіңмен өзің сөйледі екенсің ғой? – дедім мен таңырқап.
– Иә. Сөйлесіп отырып: «Әй, сені жалқаулыққа тартып отырған не нәрсе? Жағдайың, денсаулығың бар. Неге балық өсіріп, жастарға үлгі-өнеге көрсетпейсің?» – деймін өзіме.
– Жалқауланбаңдар, жеңіл жұмыстан қашыңдар. Жеңіл жұмыстың пайдасы қысқа, маңдайың терлеп еткен еңбектің пайдасы ұзақ, баянды болады. Еңбеккер жанның қажыр-қайратынан үлгі ал, үйрен. Жаныңды қинап, тер төксең, олқылықтарыңды көресің, оны жою жолында шеберленесің. Миың қозғалып, жұмыс істей бастайды. Ісің бүгін, ертең үйлеспегенмен, бүрсүгіні үйлеседі. Сөйтіп тәжірибе жинайсың. Оны сенен ешкім тартып ала алмайды. Ол тек сенде ғана болады. Сондықтан сен әрдайым жұртқа қажетсің деген үміт пен сенім сыйлаған Абай атамыздың «Қара сөзін» әрқайсымыз талдап оқып, Темірқазық ретінде ұстануымыз керек сияқты. Ол кісі қазақты жазғырғалы емес, керек адам керегін тауып алар деген оймен жаны ашып, көзімен көргендерін, сезіп, білгендерін ғана жазды. Сондықтан әрбір адам оны біреу үшін емес, өзі үшін оқуы керек деп ойлаймын.
– Ұшқын шашқан ойың тамаша. Ұшқыннан жалын лаулайды деген сенімдемін.
– Мен бұл ойымды кезінде екі-үш кісіге жайлап айтқанымда, түсінбеді ме, мән бермеді. Дәмді тамақ ішсек, жақсы киім кисек, сүйсініп, жақсы екен дейміз ғой. Сол сияқты көңілі жақын жандарыңмен кездесіп, пікірлессең, ұйықтап жатқан ойың оянып, дами түседі. Күш-қуатың артып, өмір сүруге құштарланып, бір жасап қалдым дейсің. Абай атамның «Қара сөзін» оқығанда мен сондай көңіл күйде боламын. «Шіркін, жастарға, ұрпаққа менің де пайдам тисе, өмірге бекер келмеген екем» дер едім деймін көңілденіп...
– Мына ойларың да ешкім айтпаған ойлар. Жарайсың, Жәлел балам. Абай атамыздың, сенің барыңа шексіз ризамын. Өркенің өссін, – дедім қолын құшырлана қысып.
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.