«ҚАЗАҚТА КЕНЕКЕМЕ ЕР ЖЕТПЕЙДІ...»

«ҚАЗАҚТА КЕНЕКЕМЕ ЕР ЖЕТПЕЙДІ...»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын мақаласында дархан Қазақ елі туғызған әл-Фараби мен Яссауи, Күл¬тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы¬лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген заңғар перзенттер шоғыры туралы айта келіп, осынау ұлы тұлғалардың әде¬биет¬тегі, музыка мен театр саласындағы жә¬не бейнелеу өнеріндегі галереясын жасауды қолға алу қажеттігіне тоқталғаны мәлім.

Бүгін көпшілік назарына қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы ой-толғау ұсынылады. Келесі жылы осынау туғанына – 220, ал дүниеден өткеніне 175 жыл толады екен.

Ел азаттығы жолында бастарын ажалға тіккенімен, еңбектері ұрпақ санасына теріс сіңіріліп келген арыстарымыздың нағыз бағасы жас мемлектіміз Тәуелсіздігін жариялаған сәттен кейін айқындала бастады.

Хан Кененің де осы ұлы мүдде жолындағы жанқиярлық ерлік істерін лайықты бағалаған елі, яғни үш жүздің халқы бірігіп, 1841 жылдың қырқүйек айында оны қазақтың ханы етіп сайлаған екен. Біздіңще, Қазақ мемлекетін құрудың алғашқы нышандары дәл осы кезде басталды. Осы күнге дейін қазақ елінің тәуелсіздігінен айырылуы 1731 жылдан бері делініп келді. Бұл – қате. Қаһарман Кенесары патшалық Ресей отаршылары мен Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларына тойтарыс бере отырып, сол 1841 жылы қазақ мемлекетін құрды. Өкінішке қарай, оның өмірі қысқа болды. Мемлекет алты-ақ жыл тұрды.

Дегенмен, бұл оқиғаның тарихи мәні зор еді. Алдымен ел егемендігі туралы берік идея қалыптасты. Мемлекеттік жүйе, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату тәжірибелерінің өзі неге тұрады! Әсіресе, сол тұстардағы елін, жерін сүйген әйгілі батырларымыздың ерлік істері ұрпақ тәрбиесінде әрдайым ерекше орын алып отырмай ма.

Батыр бабаларымыздың ерлік істері ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды орын алады. Дегенмен, бұған ұзақ жылдар бойы терең мән бермей келгеніміз ащы шындық. Отаршыл идеология ықпалымен өзге жұрттың тарихын жетік білгенімізбен, төл тарихымыздан мақұрым қалуымыз жанға батады-ақ.

Біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – ұрпақ санасына халқымыздың рухани мұраларын дамытып, олардың ұлттық сана-сезімін көтеру. Ол үшін лайықты мақтан тұтатын тарихи тұлғаларымыз жетерлік. Солардың бірегейі – Кенесары хан.

Оның еліне деген сүйіспеншілігі, азаттық жолындағы табанды күресі, дербес мемлекет құруға ұмтылуы тарихымызда алтын әріптермен таңбалануға тиісті. Кенесары өз саясатында ұлттық прогесшіл, демократиялық принциптерді ұстанды, өзі жасаған тәуелсіздік идеяны басшылыққа алды. Міне, біздің дүние жүзіне Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға да отыз жылға таяды. Бұл жеңісті сақтап қалу да оңайға түспес. Ол үшін көп күш қажет. Бұл тұрғыда Кенесары жасаған саяси концепциялар еске түседі.

Кей ағайынның аузынан: «Қазақ – ала ауыз, бұлар руға, жүзге бөлінеді» деген сөзді аз естіп жүрген жоқпыз. Осы пікірде ащы да болса шындық бар. Айталық, бүгінде көпшілік ағайындардың елім деп еңіреп өткен ерлерді рулық белгілеріне қарай бөліп, олардың мерейтойларын өз жерлерінде жеке думандатып, ас беруді дәстүрге айналдырғаны жасырын ба?

Осы әдет, меніңше, өте қате. Халық батырларының мерейі бәрімізге бірдей ортақ. Сондықтан батыр бабаларымыздың мерейтойлары қалай болғанда да халықтық деңгейде, республикалық дәрежеде өткізілгені жөн. Бұрыш-бұрышқа тығылып, Абылайдың тойын Көкшетауда, Қабанбайдың тойын Талдықорғанда, яки Ақсуатта мерекелеуіміз біле білсек, ұят жағдайлар.

Өз ойымша, Кенесарыдай батырлар тәлімін насихаттау осы тұрғыда әбден тиімді құралға айналмақ. Тоталитарлық жүйе кезінде бұл бабаларымыздың тарихи ерліктері мүлдем бұрмаланып көрсетілді. Біз шәкірттер санасына азаттық үшін күрескен өз батырларымыз болмағандай, ерліктің нағыз үлгісі деп Степан Разин, Емельян Пугачевтардың көтерілістері тарихын сіңіріп бақтық. Ал озбырлыққа, халықты отарлаушылық саясатына қасқайып қарсы шыққан Кенесарыдай қаһармандарымыз күстаналанып, көлеңкеде қалдырылып келді. Кейінгі ұрпақтың немқұрайды болып қалыптасқаны да осында ма деймін, олар тарихи шындықтың бұлай еместігін сезді. Жалған уағызға сенімсіздікпен қарады.

Иә, несін айтайық, мұның бәрі әлгі соқыр догманың салдарынан болған келеңсіздіктеріміз еді. Қазір шүкір, тәуелсіздігімізді жарияладық. Енді азаттық деп арпалысқан Кенесарыдай күрескер бабалар жүргізген саяси концепциялардың ақиқатын ашатын кезіміз жетті.

Кенесары көтерілісі сипаты жағынан 1857-1858 жылғы Үндістан ұлт-азаттық қозғалысына, немесе Тайпин бас көтеруіне де ұқсап кетеді. Олардан бір айырмашылығы – Кенесары ел тәуелсіздігі үшін табандаған он жыл бойы соғысты! Бұл айтуға ғана жеңіл мерзім. Табансыз, жалтақ,ойсыз қолбасшы күні-түн ат жалында жүріп осынша күресер ме еді?!

Кенесары әскеріндегі қатаң тәртіп, жүйелі де берік тактикалық әрекеттер әлем қолбасшыларын таңдандырған. Кенекең қазақтың мемлекеттік аппаратын қалыптастырып, салық жүйесін жасап, шет елдермен дипломатиялық қатынастар орнатуға ұмтылды. Бұл істе біршама табыстарға да жетті. Біздің бірсыпыра ғалымдарымыз осы жөнінде ой-пікірлерін көпшілікке жеткізіп жүр. Солай бола тұра Кенесары концепциясының негізгі белгілері толықтай ашылды дей алмаймыз. Бұл көпшілігіміздің күні бүгінге дейін төл тарихымызды сыйламағандығымыздың жемісі деп ойлаймын. Енді сол тарихи кезеңдерге мейлінше объективті баға беретін кезіміз жетті. Кенекеңнің ерлігі сонда – ол сол қиын кезеңнің өзінде саяси концепциясын қалыптастырып, мемлекеттік құрылыс жүйесін жасап шықты. Оның бір ерекшелігі – елді азаттыққа бастаған қолбасшы мемлекеттік құрылысты монархия түрінде қалыптастыруға тырысты. Бір қарағанда, бұл санаға сыйымсыздау да болып көрінеді. Бірақ дәл сол кезде осы жүйемен дамыған Франция Еуропадағы ең ірі мемлекеттердің біріне айналған болатын. Абылай хан да осы жүйеге ұмтылған еді. Кенесарының жеке қасиеттеріне үңілсек, ол қара қылды қақ жарған әділетті қолбасшы ретінде ерекшеленген. Мұнымен қатар тұрақты әскер қалыптастырып, оны мобильді жағдайға жеткізіп, бір қолға бағындыру нағыз кемеңгер қолбасшының қолынан ғана келетін іс екендігі аян. Кенесарының дипломат ретіндегі қыры да үлкен әңгіме. Жалпы, Кенесары тарихы табанды зерттеулерді талап етеді.

Әрине, Кенесары Қасымұлының хандығы, Ресей және Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас, азаттық күресті бастағандығы қолбасшының өнері жөнінде тың деректерге сүйеніп, терең әңгіме қозғауға болар еді. Абылайдың тікелей ұрпағы және оның хандығын қалпына келтіруді мақсат еткен Кенесары көтерілісіне дем берген халықтың күші, қолдауы болса, осы қозғалыстың тегеурінді болуына себепші болған басты тірек, сөз жоқ оның саясатшылдығы мен қолбасшылық қасиеті.

Франция сияқты қуатты елді талқандап, зор күш пен қару-жараққа сүйенген Ресей отаршыларымен соғысу оңай емес-тін. Кенесарының бір кемеңгерлігі – ол алғашқыда ашық арпалысқа бармай, арадағы кикілжіңді парасатпен, келіссөзбен шешуге ұмтылды. Оның өз қарауындағы орыс әскери тұтқындарына адамгершілікпен қарауы, Герм мен Долговтың елшіліктерімен басын төмен түсірмей теңбе-тең дипломатиялық келіссөз жүргізуі де Хан Кененің ерекшеліктеріне жатады. Қырғыздармен қанды арпалысты бастағысы келмеген Кенесарының осы елдің белді манаптары Орман мен Жантайға салауат жариялауы да қазақ ханының білікті саясат жолын аяғына дейін ұстағанының бір дәлелі. Кенесарының осы қабілетті қолбасшылық, мәмлегерлік өнері туралы бірталай жазылды. Деректер көтеріліс көсемінің бұл қырлары туралы әлі де көптеген жәйттерді аша түсетіндігі сөзсіз. Ханның әскерді ұйымдастыру бағытындағы нәтижелі істерін әлі де тереңдете зерттеген жөн. ХІХ ғасырдың соңында осы көтеріліс жөнінде еңбектер жазған орыс ғалымдары Красовский, Мейер, әсіресе Середа оның ғажайып ерліктері жөнінде тамаша ойлар айтқан. Середаның айтуынша, Кенесары әскеріндегі тәртіпке кез-келген еуропалық қолбасшы таң қалар еді. Оның Кенесарыны ерте және жаңа заманның белгілі қайраткерлерімен салыстыра сипаттауы ханның биік бейнесін жарқырата түседі.

Әскерін мылтықпен, зеңбірекпен жабдықтаса да Кенесарыға бақайшағына дейін қаруланған қатал тәртіптегі тұрақты орыс әскерімен арпалысу аса қиынға соқты. Алайда ханның қолбасшылық өнері, сарабдал саясаты арқасында көтерілісшілердің отаршылармен он жыл бойы табан тіреп соғысуы шын мәніндегі үлкен ерлік. Болашақта Кенесарыға қатысты осындай мәнді-мәнді мәселелерді тереңдете зерттегеніміз жөн.

Бертіндегі ғылыми конференцияларымзға келген қырғыз ағайындарымыздың өзі мойындағандай, Кенесары өз заманының нағыз батыры, күрделі тұлғасы еді. Ол өз кезінде-ақ асқан әскери қолбасшы,саясаткер, алғыр ел басшысы ретінде танылды. Ол туралы, әсіресе, орыс басылымдарында өте қисапсыз көп зерттеулер бар. Ал архив қоймаларында жатқан деректер өз алдына. Қарап отырсақ, Кенесары көтерілісі жайында қалам тербеп жүрген біздің замандастарымыздың көпшілігі сондай мол шежірелерге жүгінбей, тарихи шындықтың бетін қалқып қана, бірден-бірге көшірме жасайтындай екен. Іздегенге ел тәуелсіздігі үшін қан төккен Кенекең өмірі туралы көптеген тың жайларды ашуға болады. Мәселен, дүние жүзі оқырмандарына белгілі, ұстанған бағытына байланысты талай-талай ғылыми дессертацияларды жариялап отырған «Вестник Европы» журналы 1870 жылдың өзінде Кенесарының ерлігіне бірнеше санын арнаған екен. Ол еңбектердің авторы – атақты тарихшы Никита Середа. Кенесары тағдырына әйгілі Жюль Верннің де қызыққаны жөнінде деректер бар. Ол сайын сахарада жатқан халықты бір кісідей еркіндік жолындағы күреске көтерген қолбасшы қандай ер болды екен деп қатты таңданыпты. Тіпті, ол таңданып қана қоймай, бұл мәселені бірталай шұқшия зерттесе де керек.

Сол сияқты таяуда бір ғалым жігіттерден сұрасам, Кенесарыдай қолбасшылардың тарихына арналған «Түркістан аймағы» деген еңбек орыс тілінде Ташкентте елу том болып жарияланған көрінеді.

Өкінішке орай, сол еңбектің ең болмағанда бес томы біздің ұлттық Академиядан таба алмаймыз. Бұл, біле білсек, үлкен ұят жағдай емес пе? Төл тарихымызға қашанғы осылайша немқұрайды қарай береміз?

Әрине, бұл тақырыптарда жиналған материалдар мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Академиямыздың қорында біршама дүниелер жатыр. Мәселен, Әлкей Марғұлан ағамыздың археологиялық экспедицияларға шыққан кездерінде ел аузынан жинаған төрт томдық еңбегі сол қалпында тұр. Осы тұста мен бұл жайды бірінші болып көтерген әдебиетшілеріміз екенін атап айтқым келеді. Кейінде естігенімдей, Кенесарыға байланысты көлемі отыз баспа табақтай еңбек те тиісті орындарға тапсырылыпты.

Демек, қолдағы қазынаны тиімді пайдаланып, тарихты бұрмаламай, ұрпақ қолына тигізуіміз қажет. Және бір айтылатын жайт – біз Кенесары қозғалысын еске алғанда оның әскері құрамында кімдер болды деген мәселені аттап өте береміз. Кенесары қолы, әрине, негізінен қазақ халқынан құралды. Мұнымен бірге осы Ресей отыршылдығына қарсы күрестегі әскер құрамында өзге ұлттың өкілдері, мәселен, орыстар, башқұрттар. Татарлар, поляктар да көп болған. Әлгінде профессор Жанұзақ Қасымбаев айтқандай, Кенесары қолға түскен тұтқындарды құлдықта ұстамаған. Оларды қолдарынан келетін кәсіптеріне қарай саралап, тиімді істерге пайдаланған. Демек, сол ұлт-азаттық көтерілісіне жан-жақты талдау жасап, елге бкймәлім жайларды әдеби, тарихи тұрғыдан аша түсуіміз қажет. Сөйтіп ұрпақты ұлт-жандылыққа, Отанды сүю тәрбиесіне пайдаланғанымыз дұрыс. Кезінде әйгілі, Мағжан ақын жырлағаныдай, «Арқада Бурабайға жер жетпесе, Қазақта Кенекеме ер жетпейді» деген бекер сөз емес.

Кәкен ЖҰМАШ,

Қарағанды облысы.