Қазақтың қыран ұлы

Қазақтың қыран ұлы

                                                          Тоқтар Әубәкіров туралы сыр

Ауылдан алысқа ұзап шықпаған­мен, Қарқаралы аймағына аты мәшһүр Әубәкір есімді темірден түйін түйген қапсағай ұста жігіт болған дейді. Қапиядан келген кесапат-қылтанақ – көкірегі өзі күнде құлашын жазып жүрген көріктей кең алпамса жігітті аяқ астынан алып ұрады. Сол Әубәкір ұста ұлы Тоқтар жеті айға жаңа толғанда дүниеден өтті...

Сәби сол күні тұңғыш рет жер бауырлап, алға талпынып, еңбектей бастапты. Айықпас дерттен төсек тартып жатқан Әубәкір жалғыз ұлының алғашқы аяқ алысына сүйсіне жатып, көз жұмған екен. Рухым жебеп жүрсін дегені ме, әйтеуір, баласының басынан сипап үлгеріпті.


***

Соғыстан соңғы жылдар. Ертелі-кеш колхоздың қара жұмысымен қажып жүрген анасының қабағына қарап өскен қамкөңіл балаң жігіт он беске толар-толмас шағында ойламаған жерден өзі шешім жасайды. Аудандық милиция бастығының есігін ашып бөлмесіне кіріп барғаны өз алдына бір қызық оқиға.

Есіктен енген бойда «әй-шәйға» қарамай, әңгіменің тоқ етерін айтқан ғой Әубәкірдің қайсар ұлы.

– Не маған паспорт бересіздер, не менің анамды асырайсыздар!

Соғыстан кейін елдің еңсесін көтеріп, бой жаза бастаған кезі. Теміртау қалалық милициясының бастығы өмірдің ащысын да, тұщы­сын да көрген жан болды шамасы. Есіктің аузында жанары жалын шашып, намыстың буы қысып тұрған жігітті өзіне жақын шақырады.

***

– Жақсы, жақсы... балам, кәне, сен өзің мында келіп отыра қойшы. Содан кейін маған әңгімені жайлап, сабырмен түсіндіріп бер...

Судай жаңа сол құжаттың ересек адамдардікіне қарағанда айырмашылығы – түсі қызыл емес болатын. Бірақ, бұл паспорт бала Тоқтарды алғаш рет еңбекке ересектердей араласуына құқық әперді. Кез-келген мекеме бастығы бұл құжаттың иесін жұмысқа ауырсынбай алатын құдіреті бар болып шықты. Қуана-қуана жүріп құжатқа ол аты-жөнінің Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров болып жазылғанын да аңғармай қалыпты. Шын мәнінде Оңғарбай ақсақал Тоқтардың атасы болатын.

***

...Армавирдегі әскери ұш­қыштар даярлайтын учили­щесіне түскен сәтте ол үшін бар ауыртпалық артта қалғандай сезінетін. Тек қана анасын аңсайтын. «Менің жақсылығымды асыл анам, анашым көрсе!» деген ақ ниет, арман жүрегін әр кез шым еткізетін.

Қайсарлығына қабілеті қосыл­ған қара бала әскери оқу орнының озатына айналды. Бір ғажабы, біреулерге қара аспандай көрінетін математика ілімі дегенде бала Тоқтар алдына жан салмайтын. Қандай да бір есепті шығара салып, оны әріптестерінің түсіне алмай тұрғанына қатты таңданушы еді. Бойына біткен бұла күшпен бірге дарынды қабылетін әрбір жасқа тән көретін азаматтың аппақ көңілмен аңтарылып қалатыны да сондықтан еді. Көп кешікпей қабылет пен қайсарлыққа Намыс деген ұлы ұғым келіп қосылды... Ұлтының, елінің намысын өзінің мүддесінен әлдеқайда жоғары қойды…

– Келіңдер, төрлетіңдер!

– Аға, біздер қазақтармыз!.. – деді жігіттердің пысықтауы.

– О-о... көріп тұрмын! Жақсы, жақсы, бауырлар...

Әлгі пысықтау дегені сөз бас­тады. Оның жанындағы басы салбырап, әңгімеге араласа алмай қысылыңқырап тұрған жігіттің басына іс түсіпті. Әскерде жүріп, жырақта жүріп... ал, керек болса!

Төрт солдат, солардың бірі – Арман, демалыс күні әскери коменданттың рұқсатымен қалаға серуенге шығады. Жастар амалын тауып арақ ішеді. Арақ жүрген жерде әзәзіл жүрмеуші ме еді! Оның ақыры шиеленіспен бітеді. Яғни, кім екені қазір белгісіз, бірақ, жігіттердің бірі орта жастағы неміс азаматының қол сағатын күштеп тартып алған...

Міне, мынау алдында отырған сол басбұзардың бірі – Арман! Енді Арманға төрт жылға бас бостандығынан айырылып, әскери тәртіп батальонында жазасын өтеуге тура келіп тұр. Екі-үш күннен соң сот болады! Жазасын өтеген соң, әскерден қалған тағы бір жыл бойы керзі етік сүйретуге мәжбүр.

– Ата-анаң біле ме? – деді Тоқтар бірден.

– Жоқ... – деді Арман мұрнының астынан.

Қанша жерден қатал болса да, онсыз да әбден жүдеп-жүнжіп отырған бауырына ол дауыс көтергенді жөн санамады.

– Жарайды, болары болған екен! Басшыларың тілімді алса сөйлесіп көрейін, – деді қысқа ғана қайырып.

Жастар қол беріп қоштасып, артық ауыз сөз айтпай казармаларына қайтты.

Жігіттер шығысымен батыр ой үстінде қалды.

Әңгіме барысынан ұққаны: немістің қолды болған қол сағаты туралы Арманның өзі екінші күні естіпті. Қызу топтың тәжікелескенін жоққа шығарып та тұрған жоқ бала! 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі Орталық Комитеттің құйтырқы нұсқауына сәйкес күллі Одақ бойынша, арысы шетелдегі қазақ ұлтының өкілдерін «тәрбиелеу» науқанының шарпуы осында да жеткені ме, сонда? Саяси ұйымдар там-тұмдап болса да Орталыққа адал «атқарып жатқан» қызметі туралы анықтама-есеп жазуы керек! Ал ондай саяси жемісті жұмыс түу «Горбидің» өзінің құлағына дейін жететіні ақиқат! Иә, иә... бар пәле сол Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін осындай реңк алып отырғанына Тоқтардың еш күмәні жоқ. «Құланның қашуына, мылтықтың басуының» дәлме-дәл келе қалуын қарай гөр! Бейшара баланың ұрынғанын-ай а, қап-п... не деген оңбағандық! Тұрған бойында ол дәл қазір дивизия коман­диріне кіріп барып, «Мына бассыз­дықты тоқтат!» десе, ежелгі досы­ның мұның сөзін жықпайтыны мәлім.


Тоқтар олай етпеді.

...Дивизия қолбасшысы бастап барлық лауазымды деген үлкен-кіші офицерлер түгел жиналыпты. Қолдарына папкі ұстағандарына қарағанда алдыңғы қатардағы мына екі офицер әскери сот пен прокуратураның өкілдері болды. Командирдің оң иығын ала қатар отырған Совет Одағының Батыры, даңқты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров бірден сөз алды. Ол әңгімесін дүние жүзінде жер көлемі үлкен болғанмен, халқының саны жағынан өте аз қазақ деген өр халықтың бар екендігінен бастады...

Қалшиып отырған он-сан офицер батырдың сөзіне ұйығандай-ақ сыңай танытып отыр, бірақ, әңгіменің түп-төркінін түсіне алмай дал.

– Бұл халықтың жастығы сондайлық, іргелес қоңсы отырған орыстармен ілесіп, ең құрығанда арақ та іше алмайды. Іше қалса, орыстар секілді көтере алмайды, – дегенде, офицерлер жаппай күліп жіберді.

– Мысалды тіпті алыстан іздемей-ақ қояйық, мынау сіздер өздеріңіз тәрбиелеп отырған Арман Сейсенбаевты алайықшы. Құрметпен берілген бір күндік демалысын оңтайлы пайдалана алмай, оңбағандармен ұйымдасып, арақ ішіп, басына іс түсіпті. Ол елден жырақ, ата-анасынан алыс жүрген соң ғана сондай адам нанғысыз қылық жасаған. Үйінде сол бала арақ ішпек түгілі оның атын айтар ма екен?!

Өйткені, біздің түкпірдегі елдегі тәрбие басқа, таным басқа, көзқарас басқа. Кеше менің алдыма келген бозбаланың көзінен мен соны байқадым. Сондықтан да мен оған кепіл бола аламын. Бүгін шалыс басқан бозөкпенің ендігәрі ондай ата-бабасына, үрім-бұтағына лайықсыз қылық жасамайтынына мен тағы да кепілдік берер ем. Өйткені, мен өзім де елден алыс жүрсем де, қандастарымның мінезін жақсы білемін, бір рет қателескен жанның өмір-бақи ендігәрі қателеспеске іштей ант-су ішіп жүретінін де білемін!..


Алдыңғы қатарда отырған капитан орнына қалай тұрып кеткенін сезбей қалды. Бір бөлімнің саяси жетекшісі екен.

– Сіздің мынадай мазмұнды сөздеріңізді барша жауынгерлер естісе құба-құп болар еді. Осындай ақылман кісілердің айтқандары жастарымызға зор тәрбие ғой...

– Мосқалдау подполковник:

– Айтып тұрғаныздың барлығы да құлаққа кіреді... біз бұл баланы жазалау арқылы өзге солдаттарға зор сабақ болсын деген ойымыз болатын! – деп кібіртіктей берді.

– Жарайды, мен жазатайым сүрінген қандасым үшін әлгі неміс азаматының үйіне барып, өзімнің атымнан, артымда тұрған халқымның атынан кешірім сұрауға әзірмін. Бірақ өздеріңіз ойлаңыздаршы, Отан соғысы жылдары опат болган жиырма миллион жерлесіміз үшін осы күнге дейін бізден ешкім кешірім сұраған жоқ қой!.. Сондықтан, офицер жолдас­тар, ағайындар! Мынау жаза басқан жігіттің болашағын ойлай отырып, қолданатын жазаларыңыздың сәл де болса жеңілдетулеріңізді сұрай­мын! Бар болғаны осы. Мен біттім!

Атақ-даңқы дүрілдеп тұрған сынақшы-ұшқыштың мынандай мәнерлі сөзі ешкімді де бей-жай қалдырмады. Сол бүйірінде отырған құрама командирінен бас­тап, барлығы орындарынан тұрып, құрметпен шапалақ ұрды.

...Ғарыштан оралған соң, Мәскеуден арнайы Алматыға шақырылып, астананың ең сәнді қонақ үйінде отбасымен демалып жатқан.

Күтуші әйел кіріп:

– Тоқтар Оңғарбайұлы, сыртта бір жігіт Сізбен жолыққысы келеді, – деді күліп. – «Ол кісі мені таниды...» – деп қоймайды.

– Кірсін, кірсін...

Орта бойлы, жылы жүзді, ибалы жігіт есіктен кірген бойда тосылып тұрып қалды.

– Ассалаумағалейкүм, аға, мен Арманмын ғой...

– Жақсы... Арман, жақсы! Кел, кел!..

Бірақ, ғарышкер жас жігітті жыға танымай-ақ тұр. Ол да мұны сезгендей:

– Аға, мен екі-үш рет хат жазғанмын...

Бұл аң-таң. Бірақ, сыр бермеді.

– Иә, иә... жазған хатыңа көп рахмет, інім! Тоқтар аға, 1989 жылы Германияда болған кезіңізді есіңізге түсіріңізші!..

– Ә-ә, түсінікті, түсінікті... Әң­гімені ә дегеннен солай баста­майсың ба, Арман?!

Сол жолы Батыр ағасы Арманды кездейсоқ бір пәлекеттен сақтапты... Әскери борышын аман-есен атқарып, ауылға оралған жас жігіт болған бар оқиғаны ата-анасына, бас қосқан барлық ағайын-жақындарына баян­дап береді ғой. Бейбіт заманның өзінде кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан қазақ азаматының Германияда өзін жазадан алып қалғанын таусылмастай жыр етіп айта бастаса, «Бейбіт заманда Батыр атанса, ондай қазақты біз неге білмейміз?!» деушілер де табылған.

– Сіз ғарышқа ұшып, бейнеңізді баспасөз бен теледидардан көрсете бастағанда: «Мені құтқарған ағамыз осы кісі!» – деп, жүрегім жарылардай болды. Қатты қуандым, аға!..

Арманның жанары ойлы... Батыр ағасы оның келбетінен осыны байқады. Шын мәнінде, жастық шағында басынан кешкен бір ағаттық жас жігіттің болмысына өзгерістер көп септігін тигізген-ау!

– Тоқтар аға, әкем сіздің суретіңізді көрген сайын: «Бұл жігіттің қайырымы мен мейірімі мынау жылы жүзінен көрініп тұр ғой...» деп, ылғи қайталайды да отырады, – деді Арман күлімсіреп. – Сіздің Алматыда жүргеніңізді естігелі бері ол кісіде де, менде де маза жоқ. Мынау қаланың иығы тиіп тұрған жерде, Есік қаласында тұрамыз. Сізді қонаққа шақырып келдім, үйде әкем, бүкіл туыстарым мен жақындарым күтіп отыр...

– Айналайын Арман, сені дәл осылай көргеніме қуаныштымын! Ақсақалға сәлем айт. Көңілдеріңізге көптен-көп рахмет! Уақыт болып жатса, кәне... бірақ, біздің әрбір сағатымыз есептеліп, жазылып-сызылып қойылған. Қысқасы, біздің бұл жерде басымызда еркіміз жоқ, – деп, күлімсіреген ғарышкер Арманды есік алдына дейін шығарып салып, қолын қысты.

Жас жігіт Батыр ағасымен қимай қоштасты.

Тоқтар жас жігіттің жанарында жылт еткен мөлдір шықтай жас тамшысын байқап қалды...

***

Совет Одағы отандық авиация­дағы әрбір жетістігін дүние жүзіне жарияламас бұрын, Коммунистік партияның Саяси бюросында оны алдын-ала мұқият талқылап, нобайын келтіріп, жобасын бекітіп алып отырған. Қалыптасқан мемлекеттік тәртіп солай-ды. 80-інші жылдар... КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының сондай бір кезекті жабық мәжілісі өтіп жатады.

Бас хатшы Михаил Горбачев:

– Ростислав Апполосович, сіз бен біз осы қазір орыс әуе флотының тарихын жазып жатыр емеспіз бе... Солай ма, жолдастар?! Ертең әлемдік авиацияда тұңғыш рет әскери кемеге ұшақ қондырып, ұшырайын деп жатырсыздар. Мен бұл әрекеттеріңізді өте құптаймын. Бірақ та айтыңызшы, сол «МиГ» фирмасы сынақшыларының арасынан осынау аса жауапты міндетті орындайтын қалайша ғана бір орыс фамилия табылмады?

Бас конструктор Ростислав Беляков:

– Құрметті Михаил Сергеевич! Қымбатты Саяси Бюроның мүшелері, егер, біз орыстың әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, бұл ұшақты крейсерге 1-ші класты сынақшы-ұшқыш Тоқ­тар Әубәкіров қондыруы тиіс. Менің бұған басқа алып-қосарым жоқ!

Ақиқатында, теңіз айдындағы тентек желдің өтінде жүрген алып аралдай крейсерге дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты ұлпадай «үлп» еткізіп қондырып, жемтігін ілген лашын құстай жеңіл көтеріп әкету тек қана сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің қолынан келер іс еді. Баптауы жетпеген өзге сынақшының бес қаруы бойындағы ұшақты кеменің палубасына ұрындырары, сөйтіп күллі аймақты алапат от құшағында қалдырары тым кәдік. Бас конструктордың тарихты «қанмен жазу» деп меңзегені де сол болатын. Шекесі торсықтай Бас хатшы Саяси Бюро мүшелерінің алдында сол жолы бірінші рет тілін тістеп, сөз таба алмай үн-түнсіз қалған екен дейді!..

***

Алматыдағы Желтоқсан оқи­ғасынан кейін иісі қазақ Горбачевке лағынет айтты. Жылтыңдаған түрінен-ақ оның бойында үлкен бір тұрақсыздықтың белгісі бары ә дегеннен-ақ маңдайын жарқыратып көрсетіп қалған!

***

2004 жылдың сәуірі. СССР экс-президенті Горбачев енді Грузияға меймандап қайтпақ ой танытыпты. Сол-сол-ақ екен, ол елдің Адам құқығын қорғау жөніндегі қауымдастық мүшелері «аттандап» Горбачевтің табаны Тбилисидің әуежайына аяғы тиген жерден қамауға алу керектігін талап етті. Қауымдастық төрағасы Георгий Кервалишвили Тбилисидің Руставели даңғылында 1989 жылы 6 сәуірде болған қан төгіске тікелей Горбачевті кінәлады. Өйткені, сол күні Тбилисидің орталығьнда Кеңес әскерінің бөлімшелері грузиннің ұлт-азаттық қозғалысының мүшелеріне қарсы оқ атты. Жиырма адам қаза тапты.

Горбачевтің кезекті сапары туралы әлгі ақпараттың біздің ұлт өкілдерінің «қотырын қасығаны» сөзсіз. Қазақтардың Желтоқсан оқиғасын есіне алып, іші ашып, ызадан бір булыға қалғаны да айдан-анық. Өзекті өртеген ол өкініш халықтың санасынан жуық арада өше қояр ма екен!?

Әттең, әйтсе де Әубәкіровтей ұландарының 91-дің күзінде Кремльдің қақ төрінде Горбачевті қақ маңдайдан ұрғандай етіп, сөзбен сілейткенін қазағым қайдан білсін?! Ұлтының намысын жыртқан жасындай ұл басына төнеді-ау деген қауіп-қатерден қаймықпапты сол жолы. Кеңес Одағының ақырғы билеушісінің лауазымы мен бет-жүзіне қарамай, ойындағысын айтып салған!

Бірде қызық болды, мен оған: «Шыныңызды айтыңызшы, Тоқтар аға, қайрандап қалған Кеңес Одағы үшін жаныңыздың ауырған кездері болды ма?» деп төтеннен сұрақ қойдым. Ондағы ойым, Совет Одағы дүние жүзінде аса қуатты мемлекет болды десек, сондай мемлекеттің ең қуатты әскери ұшақтарын қорғаныс саласына өз қолыңыздан сұрыптап, өткізіп беріп отырдыңыз ғой дегенім еді. Елу ұшақ, оңай ма... аз емес!. Оныма бірден жауап алдым.

– Ол туралы мен СССР-дің сол кездегі Президенті Горбачевтің өзіне айтқан болатынмын, – деп Тоқаң күліп алды. Күліп алды да былай деді.

– Мен оған: «Ғылымнан бір тиынын аяған мемлекет түбінде күйрейді, Жер бетінен жоғалады» – дедім. Ол, сірә, менен мұндай оқыс мінез күтпеген болса керек, бетіме аңтарылып, қарап қалыпты. «Менің байқауымша, Сіз мемлекетті құлатуға ынтығып жүрсіз, Сіздің ғылымға қазіргі көзқарасыңыз сондай пиғылды танытады» – деп, есін жидырмай тағы бір қайырдым. Горбачев түкірігіне шашалып қалды... Әшейінде ауыз жаппай сөйлейтін Бас хатшының көзі жыпылықтап, ләм деп аузын аша алсайшы. Айнала тізіліп, оқтау жұтқандай қақиып тұрған нөкерлері де сазарып, жақ ашпады.

Бір уақытта басын кегжең еткізіп:

– Вот ты какой, Аубакиров!? – деп үш рет қайталады да, алды-артына қарамай кілт бұрылып, залды тастап шықты да кетті.

Совет Одағының сол кездегі Қорғаныс министрі Шапош­никовтың Горбачевтің қолынан маршал жұлдызын алғанына онша көп бола қоймаған кезі еді, менің мынандай сөз қайыруларымды естіп, оның да екі көзі атыздай болды. Өз басым онымен етене жақын жолдас болмағанмен де, авиациядағы әріптес ретінде жолыққан жерлерде қатты сыйласып тұратынбыз. Әріптесімнің «балағаттап» сөйлейтін әдеті бар еді. Сонысына басып, жақсылап бір ішін босатып алды да: «Сенің барлық наградаларыңды жұрдай қылып, алдырып тастаса қайтеміз, ойбай...» – деді. Басқа сөз түспеді аузына, мен де сасқан жоқпын: «Жолдас маршал, Президентке мен бар болғаны шындықты айттым» – дедім. Ол сол бойы үндемеді. Не керек, Горбачевтің мемлекет пен халық алдындағы зор қылмысын бетіне басқан «могиканның соңғы тұяғы» мен екенмін, айтқаным айдай келді, көп кешікпей алып мемлекет тарап кетті...

– Шынында қызық екен, – дедім, таң-тамаша қалған мен әңгімешіме ұмсына түсіп. – Сіз мұны қай жерде, қандай жағдайда айтып жүрсіз?

– Кәдімгі Кремльдің Александров залында... Ғарышқа барып қайтқан соң, бір айдан кейін, Ұлы қараша мейрамының қарсаңында СССР Президенті Горбачев бізге салтанатты жағдайда награда тапсырды емес пе?! Салтанат үстінде ол «Жолдастар, кім сөйлейді?» деді маңғазданып. Сол кезде мен алға бір қадам аттап шығып: «Мен сөйлеймін!» – дедім.

– Награда үшін рахмет, бірақ менің айтпағым басқа мәселелер, – дедім де, бастадым ғой, әлгіндей деп. Көп кешікпестен Беловежьеде «үштіктің» жасырын кездесуі өтті. Ал, ары қарай оқиғаның қалай өрбігенін өзің де жақсы білесің.

Генерал маған сынай қараған­дай болып, жымиып қойды. Сөйтті де, Горбачевке қатысты тағы бір әңгіменің шетін шығарды.

...1988 жыл. Кремльдің Александров залы. Патша сарайының ішіндегі көрсетілген барша қошемет пен кеудеге жаңадан ғана тағылған Алтын жұлдыздың шапағы мен шаттығы жас қазақтың бойын одан бетер тіктей түсті. Ресми марапаттау аяқталар тұста ғой, Тоқтарға жақындап келген СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Хатшысы Н.Т.Ментешашвили жадырап, қолын қысты.

– Тоқтар Оңғарбайұлы, сіз үшін мен өте қуаныштымын.

Орта жастан асқан, бурыл тартқан селдір шашты грузин азаматының манадан бері жылыұшырай күлімсіреп, бұл қалай қозғалса да көзін алмай назарында ұстап тұрғанын Тоқтар әлдеқашан байқаған. Енді міне, тіпті жақыннан келіп Батырдың қолын құшырлана қайта қысты. «Сыйға сый, сыраға бал» деген, Тоқтар да ризашылығын білдіріп жатыр:

– Рахмет, Сізге, көп рахмет!

СССР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының Хатшысы бұлай ықылас танытып, жатырқамай жақындасып жатса, несі айып?! Әсілі, өзі таби­ғатынан бауырмал жан болса керек. Екеуара оқшауланып қалған екен, кенет Президиум Хатшысы Тоқтардың өз басы бұрын-соңды естімеген бір сырдың шетін қылтитып шығарды.

– Мен шын мәнінде Сіздің жанкүйеріңіз болдым десем артық айтпас едім?! – деген Ментешашвили Тоқтардың таңырқай түскенін байқап, айтар ойын одан ары күлбілтелендірмей жайып салды.

– Сіз білесіз бе, Сізді марапаттауға ұсынған құжатты осы өткен екі жылдың ішінде Михаил Сергеевичтің алдына он рет алып кірдім емес пе, он рет! Содан сол оныншы рет дегенде ғана қол қойдырып шықтым емес пе?

– Шын айтасыз ба, мен ол жайынан хабарсыз екенмін, – деді Тоқ­тар қипақтағандай кейіп танытып.

– Шын айтам, солай болды ғой...

1987 жылдың 23 ақпаны күні кеңес Армиясының туған күніне орай қорғаныс өнеркәсібінің лайықты үш қызметкеріне Совет Одағының Батыры атағын беру туралы құжат Горбачевтің алдына түседі.

Екі құжатқа ойланбай қол қойып қайтарған Бас хатшы Тоқтар Әубәкіровтың аты жазыл­ған құжатты оң қолымен үстелдің ше­тіне ысырады. Президиум Хат­шысы Ментешашвили бұл оқиғаға қатты таң қалады. Соншама лауазымды азаматтардың сүз­гісінен өтіп, Бас хатшының алдына тас-түйін күйінде жеткен құжатқа Горбачевтің қырын қабақ таныт­қанын түсіне алмаған. Әдетте, бұл бөлмеге әкелінген құжаттың бәріне де кідіріссіз қол қойылар еді...

Арада үш ай өтті.

Тағы да сол көрініс қайталана берді...

Бір жолы тіпті, өзі саусақпен санарлық құжатты аударыстыра бастаған Михаил Горбачевті аяқ астынан түлен түртті. Бет-аузы түнеріп, қап-қара болып түтігіп сала берді. Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Бас хатшы Қазақстан, қазақ халқы десе осындай күйгелек күйге түсетін болып алған-ды. Қолына құжатты жалма-жан алған бойда айқайға басып:

– Менің алдыма мұндай... қазақтардың аты жазылған құжатты бұдан былай алып келмеңіз деген жоқпын ба! – деп, босағаға қарай лақтырып жібергенде, Хатшы Ментешашвили сөз таппай дағдарып қалды. Сондай елгезек әрі мейірбан жандай көрінетін Бас хатшының тым оспадар мына қылығы оны түс көргендей етті. Амалының жоқтығынан бүгжеңдеп барып, қожырап жатқан құжатты емен есіктің табалдырығынан көтеріп алуға мәжбүр болады.

Ментешашвили көрген-білген, өзі куә болған бар оқиғаны Тоқтар­дың алдында бүкпесіз баяндады.

– Бұл өзі бір адамның қолынан шығатын дүние емес қой, – деді Хатшы бір уақытта, – ол құжат Михаил Сергеевичтің алдына жеткенше де нешеме құзырлы адамдардың алдынан сұрыпталып өтеді. Бас хатшының соншама қасарысып қалған жайын түсіне алмадым. Сіздің есіміңіз жазылған құжат қолыма қайталай тигенде, екі ұдай ойда жүрдім. Біріншіден, Бас хатшыдан тағы да өткендегідей оқыс қылық күткенім рас, жасырмаймын. Екіншіден, құжаттың қайта оралып келгені көкірегімде үміт отын маздатты. Бақытыма орай бұл жолы ол тіпті түк болмағандай, қол қойды да жіберді, көрдіңіз бе?!.

Президиум Хатшысымен өмі­рінде бірінші әрі соңғы рет жолығу үстінде ол өз құлағымен осындай әңгіме естіді. Қатты ойға батты. Ендеше, соншама қитығып жүрген «Горбидің» тоң мойнын тұқыртқан қандай күш, сонда? Жұмбақ!?. Алайда, оның сыры да араға екі-үш жыл салып ашылды.

***

Бас конструктордың бөлмесі. Екеуден-екеу. Кішіпейілдігі мен кірпияздығы қатар жүретін Ростислав Апполосович, әдеттегідей, Тоқтарға орындық ұсынды. Бастығының көңілі шыныменен-ақ босағанын Тоқтар кешегі күні-ақ байқаған. Әлдене жоғалтқан жандай көңілі алабұртып, беймаза күй кешіп жүрді.

– Ал, Ростислав Апполосович, сый-сияпаттарыңызға мың да бір рахмет, әсіресе, өзіңізді қия алмай тұрмын, амал қанша, қоштасуға тура келеді, – деген Тоқтар орнынан тұрмақ ыңғай танытып еді, бастығы ишара жасап, кідіруін талап етті.

– Аз болсын, көп болсын бір мүдде үшін қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Ісімізді адал атқардық. Қайда болма, қайда жүрме сен менің жүрегімдесің, соншалықты бауыр басып кеткендігімізден де шығар. Әлгінде, жігіттердің көңіл ауанын байқадың ғой, ешқайсысының да, тіпті, сені қиғысы жоқ...

– Көрдім, сезгенмін де, – деді Тоқтар да толқи түсіп.

– Тоқтар, мен саған бір сыр ашайын...– деген Беляков сәл мүдіріп барып сөзін жалғады. – Екеуіміздің де ар-ұятымыз таза, бірақ, бұл әңгімені сен білуге тиіссің, мен оны саған қалайда айтуға тиіспін!

Тоқтар аң-таң. Өзін бір кісідей танимын, бар сырын білемін деген бастығының бұдан осынша жыл жасырған құпиясы болғаны ма?! Дәу де болса өз басы шет жағынан хабардар «Горбидің саясатына» қатысты әңгіме болар деп түйген. Ойлағандай болды.

...«МиГ» фирмасы Горбачевтан ең үздік сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке Совет Одағының Батыры атағын беруді талап етуін қоймайды. СССР әуе қорғанысы бір леппен қуаттанып, нығаю үстінде, оған үлес қосқан адамды марапаттау керек емес пе?! Өзі жөні солай. Горбачев еш илікпейді: елдің қорғаныс қуатының артқанын мақтаныш тұтады, бірақ, қазақ халқының өкілінің батыр атанғанын ашық түрде қаламайды, қызық! Өйткені, «Қазақтар –желтоқсаншылар!..».

Мәскеу қаласының бірінші хатшысы В.В.Гришин КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болатын. Оны кезінде күллі еліміздің коммунистері Мәскеудегі «кіші саяси бюроның» көсемі санаған. Фирманың Бас конструкторы Беляков тура сол «кіші саяси бюроның» жетекшісіне бір-ақ барады да, «бұл не деген масқара?» деп мәселені төтесінен қояды. Кездесу барысында Гришин де Горбачевтің қолдан жасап отырған мұндай әділетсіздігіне төзбейтінін бірден байқатады...

Сөйтеді де, Мәскеу партия ұйымының бірінші хатшысы дереу «кіші саяси бюроның» кезектен тыс мәжілісін шақырады. Шақырады да, күн тәртібіне қойылған төтенше мәселеге байланысты Горбачевтің өзін «бюроға» салады. Сол мәжілістің үстінде Гришин бастаған «кіші саяси бюро» мүшелері Бас хатшы Горбачевтің жеке басының қиянатшыл әрекетін бетіне басады. Мәжіліс көпке созылмайды. Компартия серкелері Мәскеу партия ұйымының мүшесі, атақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке Совет Одағының Батыры атағын беру туралы жарлыққа Горбачевке сол мәжілістің үстінде қол қойдыртады....

Ал даңқты сынақшы ол кезде бұл жайдан мүлдем бейхабар, күнделікті қызметін атқарып жүріп жатқан.

Бақса, қырандарын жан-тәні­мен қызғыштай қорғап жүретін бас бапкер, бас конструктор – қайсар жігіттің көңіліне қаяу түсірмеудің қамымен бар сырды ішіне сақтауға мәжбүр болған екен... Тоқтар үшін Беляков жалыны қатты құйтырқы саясаттың шарпуына өз кеудесін тосыпты.

Тоқтар орнынан тұрып, ұстазын айқара құшақтап, бауырына басты...

Олар үн-түнсіз ұғысты.

Талғат СҮЙІНБАЙ, жазушы

qazaquni.kz