Университет – жаңаша ойлау алаңы
2023 ж. 22 мамыр
5506
0
Университет – қоғамның, мемлекеттің ашық алаңы. Университетке елдің ең қабілетті жастары таңдалып, сұрыпталып қабылданады. Оларға заманның көрнекті ғалымдары және тәжірибелі ұстаздар дәріс оқып, білім береді.
Оқудың
құрылымы, формасы және жоспарлау жұмыстарымен арнайы мамандар қызмет атқарады.
Сонымен университет дегеніміз – елдің ең таңдаулы ғалым, ұстаздарының тоғысқан
жері. Қазіргі университет өркениеттік интеграцияның және ғылымдар үрдісінің
қарқындап жетілетін және сол үрдістерден пайда болған нәтижелерді интернет арқылы сұрыптап, білім алушыларға жеткізетін –
ғылыми орталық.
Бүгінгі
университеттің бифуркациялар нүктесінде болуы табиғи жағдай. Бифуркациялар
нүктесі синергетиканың нәтижесі. Синергетиканың тұрақты нүктесін дөп басып табу
аса қиын шаруа. Себебі, университет тек қана зайырлы оқу орны емес, ол сонымен
бірге сакралды мағынадағы мекеме. Себебі ғылым қай заманда болмасын, сакралды
болған. Сондықтан да алғашқы білімді адамдар, абыздар, діни адамдар болғаны
түсінікті.
Университет
зайырлы оқу орны болғанымен, оның әлемдегі әлденеше қабатқа оранған
синергетикалық дүниетанымдардан тыс бола алмайды. Бір сөзбен айтқанда,
жаратылыс, Жаратушыға қатысты барлық сауалдарға университет жауап беруі керек.
***
Университетсіз
мемлекет болмайды. Университет – мемлекеттің тірегі. Қоғамдағы алдыңғы қатарлы
ойлар легі, негізінен, университеттерде қалыптасып, сол университетте
сұрыпталып, белгілі арналарға, нәтижелерге түсіп, мемлекеттің игілігіне
айналады. Мемлекеттің қуаты, оның университеттерінің сапасына тікелей қатысты.
***
Лев
Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекетіміздің
мақтанышы. Еліміздегі университеттердің көшбасшысы. Мұнда мыңдаған аса
қабілетті студенттер және жүздеген ұстаздар қауымы қызмет атқаруда.
Университетіміздің атақ, даңқы әлемге кең таралуда. Көптеген мемлекеттің
университеттерімен тікелей байланыстарымыз, келісім-шарттарымыз бар.
Қазіргі
заманда университетке ауыр салмақ түсуде. Заман, қоғам, әлем үздіксіз өзгерісте.
Жаңалықтар легін қабылдап, сұрыптап алып, студенттерге жеткізу және ғылыми
орталарда талқылау осал шаруа емес. Осындай жұмыстар университеттің Философия
кафедрасында жүргізілуде.
Заманның
үрдісіне қарай, оқу жоспарларында оқытылатын пәндерді жыл сайын сұрыптап отыру
табиғи жағдай. Осындай үрдістерді ескере отырып, кафедрада жаңа пәндер
енгіздік. Олардың бірнешеуін атап өтейін. «МӘҢГІЛІК
ЕЛ» Бағдарламасына сай жеті пән енгіздік.
1. Дәулет философиясы
2. Іскерлік философиясы
3. Сабақтастық философиясы
4. “Қазақ қызы” идеясы
5. Дәстүр философиясы
6. Жаңаша және инновациялық ойлау философиясы
7. Жақсы қазақ идеясы және философиясы
***
Осы
пәндерді дәріс ретінде оқып, семинарларда талқылау, қазіргі қазақ қоғамының
санасына жаңа түсінік-ұғымдарды енгізумен анықталды. Өкінішке орай, басын ашып
айтпасақ болмайды. Біздің қоғам және қоғамдық сана, оның психологиясы және
идеологиясы кешегі социалистік қоғамның психологиясы мен идеологиясынан,
санасынан, тіптен, саясатанынан арылмай отырғананын мойындамасқа болмайды.
Осы
тұста бір мәселе бой көрсетуде. Ол ұстаздар мен шәкірттер арасындағы
қарым-қатынас. Байқаймын, кейбір жағдайларда, кейбір ұстаздардың ойлау жүйесі
әлемді қабылдау рефлексиясы, ғылыми ізденісі, дүниетанымдық талғамы
шәкірттерімізден төмен жатқанын мойындамасқа болмайды. Демек, өзгеріс қажет.
Оны қазіргі университет басшылығы біледі және осы бағытта игілікті жұмыстар
атқаруда.
***
Жоғарыда
аталған екі пәннің екеуін «Жаңаша және инновациялық ойлау», «Жақсы қазақ идеясы
және философиясы» пәндерін магистранттарға қатарынан үш оқу жылында оқыдым,
олармен сұхбаттастым.
Сондағы
байқағаным, жаңаша ойлау дегенді қабылдау – мәселе. Ал, инновациялық ойлау
дегенді түсіну – мәселенің мәселесі. Себебі, инновация еш жерде қайталанбайтын
жаңашылдық. Еш жерде қайталанбайтын жаңашылдықты түсіну және ашу биік сапаны
қажет етеді.
Ұлттық
идея дегеніміз – сапа. Тек қана сапалы жастар бүгін мен ертеңге батыл қадам
жасай алмақ. «Жақсы қазақ идеясы және философиясы» деген пәнді оқыған кезде,
мен қазақ деген, қазақ болу деген не деген мәселелерді көтердім. Қазіргі
егеменді заманға тек жақсы қазақ керек. Ол сапалы қазақ. Оған қалай жетудің
жолдарын, мүмкіндіктерін дәріс оқу кезінде магистранттармен жан-жақты
талқыладық.
Сонда
бір мәселенің басы көрінді. Ол университет зайырлы оқу орны. Оған талас жоқ,
бірақ адам-зат баласы қалыптасқаннан бері ешқашанда оның болмысынан жойылып
кетпеген бір сакралды құбылыс бар. Ол – дін, діни сезім, діни сана, қажет
десеңіз, осы дінді және діндерді идеологияға, саясатқа айналдырушылық.
Сөйтіп,
жастардың санасына бөгде ой-саналар қалыптастырмақ. Бұл үрдістің бетін жауып
қойсақ, оны білмесек, оның барлығын өмірде мойындамасақ, біздің университеттік
біліміміздің сапасына нұқсан келмек.
***
Осы
мәселеге тереңірек үңілген кезде, университет дегеннің өзі неден және қай кезде
қалыптасты деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ол үшін қолымыздағы мәліметтерге
сүйнесек, алғашқы университет – Тунисте 737 жылы аз-Зейтун университеті өз жұмысын
бастаған. ЮНЕСКО-дағы дерек бойынша, күні бүгінге дейін қызмет атқарып келе
жатқан ең алғашқы университет. Гиннес рекордтар кітабына енген тағы бір
университет Мароккодағы Фес қаласында 859 жылы ашылған Аль-Карауин
университеті.
Университеттің
негізін қалаған Фатима Мұхаммед әл-Фихри бегім. Ол кісі Тунистің бай саудагері
Мұхаммед Бек Абдала әл-Фихридің қызы (Бұлардың туған жері – Карауин).
Университеттің әл-Карауин аталуы содан.
Әкелері
дүниеден өткен соң, Фатима мен оның сіңілсі Мариам мол байлықтың мұрагерлері болғандықтан,
олар алдымен мешіт салады. Мешітті Фатима әкесі туған жерінің құрметіне
әл-Карауин деп атады. Алғашқыда дін мен Құранды уағыздайтын орыннан бірте-бірте
мешіт өз қызметін кеңейте берді. Мұнда араб грамматикасы, математика,
астрономия, химия оқытыла бастады. Сонымен бірге ислам құқы, музыка, өнертану
және саяси сұхбаттар да орын алды.
***
Оныншы
ғасырда мұсылман әлеміндегі ең беделді – Аль-Асхар университеті ашылды.
Бағдатта
Аль-Мамун халиф кезінде (814-834) «Ғылымдар академиясы» немесе «Данышпандар
үйі» деп аталатын «Бейт аль-хикам» (827-830 ж) қызмет атқарды. Мақсат – сол
замандағы грек, сирия, үнді, персид, парсы тілдеріндегі барлық қолжазбаларды,
кітаптарды арабшаға аудару және талқылау. Сөйтіп, Мұсылман ренессансы деген
ұғым дүниеге енді. Мұнда қызмет атқарғандар – аль-Кинди, аль-ДЖаухари,
аль-Ферғани, аль-Хорезми. Байқап отырсыздар, бұлар Орта Азиядан шыққан
ғалымдар. Аль-Хорезми осы «Ғылым Академиясын» 813-830 жылға дейін басқарды.
***
Осындай
ғылыми, рухани, пассионарлық серпіліс заманында дүниеге мұсылман әлемінің
екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби келді. Ол туралы әңгіме арнайы болмақ.
Байқап
отырсыздар, алғашқы университеттер мұсылман әлемінде қалыптасты. Карауин
универсиетінің негізін қалаған Фатима аль-Фихриди бегім алғашқыда мешіт салып,
одан кейін мешіттегі уағыз айтатын мінберді университеттің мінберіне айналдырды
(яғни «кафедра»). Мінбер кейін грекше «кафедра» деп аталып кетті. Мінбер тарихы
мынадай, Алла тағаладан өзіне Құран түскен пайғамбар, Құранды насихаттағанда
алдында мінбер болған. Қазіргі тілде – кафедра. Сол мінбер мешіттің атрибутына
айналып, келе-келе дербестеніп, Фатима оны арнайы ғылым, білім тарататын орынға
айналдырған. Ол орын – университет. Сонда университет дегеніміз қайдан, қалай
шығып тұр? Ойланайық.
Студенттер
университетті қысқаша – универ дейді. Бұл мінбер деген сөздің мағынасы.
***
Осы
университеттердің тарихына тоқталғанда, бір мәселе туралы арнайы сөз айтуымыз
керек. Біз «Ильич лампасы» деген түсінікпен өсіп-өнген ұрпақпыз. Бізге айтқан
дін – апиын. Ғылым мен дін бір-бірімен үйлесім таппайтын феномендер. Ал
университет тарихына қарап отырсақ, университет дегеннің өзі діннен өсіп шыққан
феномен. Анығын айтқанда, Мұхаммед пайғамбардың мінберінен бастау алған.
Алғашқы университеттің негізін салушылар дін мен ғылымның ара-жігін ашып, бірақ
оларды бір-біріне қарсы қоймаған. Біз болсақ, зайырлылық, секулиризация деген
үрдістермен дінді ғылымнан аластаттық. Осынымыз дұрыс па еді, тағы да ойланатын
мәселе.
***
Әрине,
Еуропаның білімін, ғылымын жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі кезде технология
саласында олардың жетісіктері аса мол, бірақ салыстыруға болады. Болонь
университеті 1088 жылы, Оксфорд 111 жылы ашылған. Бұған дейін мен айтқан мұсылман
әлемінің университеттерінде адам-заттың мықты-мықты ғалымдары діндеріне, нәсілдеріне,
жынысына қарамастан бірге оқыған.
***
Университетіміз
25 жасқа келді. Бұл қазіргі заманда аз мерзім емес, осы жылдар ішінде
университет жетістіктері айтарлықтай.
Менің
айтпақ ойларым, тек қана гуманитарлық ғылымдарға қатысты. Университеттің
келешегі, оның құрамында қандай ірі-ірі ғалымдардың қыхмет етуінде. Ірі ғалым
болса, оның мектебі болады. Мектеп – аса қажеттілік. Ол ғалым мен шәкірттердің
араласатын білім, ғылымның сабақтастығын іске асыратын алаң. Сондықтан,
университеттің келешегі ондағы ғылыми мектептердің болуында.
Осы
тұста аса маңызды мәселе, гуманитарлық пәндер жыл сайын сапалық өзгеріске түсіп
отыру керек. Интернет, цифрлық технология заманында бұрынғыдай дәрістер оқудың
еш қажеттілігі жоқ.
Ақпараттар
легін шәкірттердің өздері қабылдай алады, бірақ сол ақпараттардың мазмұнын
талқылап, оны ғылыми жобаға айналдырып немесе терістеп жаңашалдық,
инновациялық, кретативтік жобалар жасау
ғалым мен шәкірттің жұмысы.
Ғаламдардың
дәрістері тек қана авторлық болуы керек. Еш жерден көшірілмеген, аударылмаған
болуы тиіс. Бұл тәсіл келмеске кеткен. Университет еркін ойлаудың, жаңаша
ойлаудың алаңы, креативтік алаң, яғни бұл мәселе университетті басқарудың
тәсілдерін қажет етеді. Авторитаризм
кезінде ешқандай универистет, оқу орны гүлденіп кетпейді. Авторитаризмнен
университет мүлдем айырылуы тиіс. Университеттік басқару университеттің өзінің
шаруасы. Университетті әкімшілік жолмен жоғары жақтан басқару – ескі тәсіл. Бұл
мәселеде жаңалық ашып отырғанымыз шамалы. Бұл Еуролада, шет елде шешілген
мәселе. Бізде қоғамдағы авторитаризмнің көріністері университет болмысынан
аңғарылып қалуда. Бұл – болашаққа бастаудағы кедергілер. Сөзімнің соңында
айтамын, университет еркін, жаңаша ойлаудың алаңы. Университет – азаматтық алаң. Университет – адам бойындағы қабілет
пен қасиетті ұштастыратын ғылыми, дүниетанымдық орталық.
Ғарифолла Есім
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
«Құрметті кафедра меңгеушісі», профессор