НАУРЫЗҒА АБАЙ АРА ТҮСКЕН
2021 ж. 21 наурыз
2480
0
1988 жылдың наурыз айында қазақ халқының әбден езiлiп-жаншылған ой-санасы мен iшкi жан-дүниесiнде сөзбен айтып жеткiзiп болмас үлкен төңкерiс болды. Алматыдағы Максим Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында жүз мыңнан астам адам жиналып, Кеңес Одағы кезiнде қасақана тиылып тасталған Наурыз мейрамын атап өттi. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейiн, негiзiнен, бiрыңғай қазақтардың мұншалықты деңгейде өткен үлкен басқосуы болған емес едi.
Күн нұры төгiлген көгiлдiр көктемдегi барша жұртты таң-тамаша қалдырған той елдiң рухын зеңгiр көкке бiр көтерiп тастады. Себебi, басқа мейрамдармен салыстыруға болмайтын Наурыз тойының тойланбай қалғанына алпыс жылдан асқан болатын.
– 1925 жылдан кейiн Наурыз мейрамы тойланбай қалған едi. Қарап отырсаңыз, сол кездегi Голощекинның келуiмен сәйкес келедi екен. 1925-1933 жылдар арасында жүргiзiлген саясат бiздiң ұлттық негiзiмiздi жойып үлгердi. Әсiресе, елдiң байлығына айналып отырған малды тәркiлеу, соның кесiрiнен болған ашаршылық халқымыз үшiн, тiптi, қиынға түстi. Өзiнiң салт-дәстүрiнен айырылып қалған жұрт халықтық негiзiн жойып, жай ғана тобырға айналып қалғандай болды. Салт-дәстүрдi бұзудың үлкен қасiрет екенiн осыдан-ақ байқауға болады. Қоғамда болып жатқан түрлi жағдайларға байланысты заңдар өзгеруi мүмкiн, ал дәстүрдiң өзгеруi өте қиынға түседi. Өйткенi, ол миллиондаған жылдардан берi қарай келе жатқан, дәуiрлердi жалғастырып келе жатқан нәрсе. Бер жағын айтқанның өзiнде, наурыз туралы Омар Хайямның, Берунидiң еңбектерiнде бар. Оның ислам, христиан дiндерiне ешқандай байланысы жоқ. Кезiнде осындай шалағай ұғымның кесiрiнен одан айырылып қалғанбыз ғой, – дедi ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигi Рахманқұл Бердiбай.
1986 жылғы Желтоқсан ереуiлiнен кейiн кеңестiк жүйенiң тоқпақтай таяғы тиген ел бiр сәт есеңгiреп қалған болатын. Жалпы, мұсылман жұртының мерекесiне айналып кеткен барша Шығыс халқына ортақ Жаңа жыл тойы арада екі жыл уақыт өтер-өтпесте аталып өтер деп ешкiм ойлаған жоқ. Коммунистiк идеологияның әбден санаға сiңiрiп тастағаны сонша, қарапайым жаратылыс заңы айғақтап тұрған бүкiлхалықтық мерекеге Ислам дiнiнiң сарқыншағы ретiнде терiс көзқарас қалыптасып үлгерген болатын.
1988 жылдың наурызында, содан ба, сағына қауышқан көктем мерекесiн ел-жұрт шын ықыласпен тойлады. Ақ сандықтай ақтарылған ақ тiлектер мен құттықтауларда шек болған жоқ. Ертеден кешке дейiн асқар шыңдарымен айбарланған сол кездегі Алатаулы астанамыз Алматының аспанын ән-жыр кернеп, жүректердi ерекше сезiм билеген. Ай мен күннiң аманында адасқандай күй кешкен ағайын өзiнiң дағдылы даңғылына қайта аяқ артқандай болды. Досты да, дұшпанды да тамсандырып, таңғалдырған тойға құлақтанған ел топ-тобымен шақырусыз-ақ келiп жатты. Алайда, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн жағымсыз кейiпте қалған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Геннадий Колбинның Наурыз тойына ұрланып келгенiн той тамашасына елiккен елдiң ешқайсысы бiле қоймады.
– Сол жиын өтiп жатқанда бiреу ел арасында Колбин тұр дедi. Алдында ғана шақырып барғанда, қолым тимейдi деп едi. Қасына жетiп бардым, жанында екi жiгiтi бар екен, бiреуi – өзiнiң көмекшiсi. Мен ол кiсiнiң де келгенiн ел бiлсiн деген ниетпен оған арнап азғантай жылы сөз айтып, өзiңiз үлкен қолғабыс жасадыңыз, сахнаға шығыңыз дедiм. Оны ол кiсi құп көрмедi, өздерiң өткiзе берiңдер, мен танысайын, көрейiн деп келiп едiм дедi. Артынша, iле-шала кетiп қалды, – деп еске алады белгiлi ақынымыз, сол уақыттағы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Мұхтар Шаханов.
Арқаланған елдi аузына қаратқан ақын Мұхтар Шаханов ол кезде де әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журнал – «Жалынның» бас редакторы-тын. Наурыз мерекесiн көруге қызыққан Колбинге барып жолығуының сыры бар еді. Елгезек ақын, алдында, ақпан айында Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысына арнайы хат жазған болатын. Онда Наурыз туралы айтып, оны өмiрге қайта әкелу жайында әңгiме қозғаған. Геннадий Васильевич он екі сағат күн, он екі сағат түн болар сәт – Ай мен Күннiң, Күн мен Түннiң теңелер уақытындағы Ұлыстың ұлы күнiне арналған мейрамға алғашында бiртүрлi сезiкпен қарайды. Алайда, заман көшiнiң iлгерi қарай басып бара жатқаны бұл кезде айқын аңғарыла бастаған. Бәрiнен бұрын, Желтоқсан оқиғасынан соң, қоғамдық сана дүр сiлкiнiп, аракiдiк болса да, қазақ зиялылары ұлт туралы жан-жақты батыл ой-пiкiр бiлдiрiп жатты. 1988 жылғы наурыз айының басында Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысына арналған үлкен жиында белгiлi зерттеушi-ғалым Рахманқұл Бердiбай осындай бiр өзектi мәселе көтерген-дi.
– 1988 жылғы наурыз айының басында Жазушылар одағында үлкен жиын болды. Дәстүрлi әдеби жыл қорытындысы едi, мен сөзiмнiң аяғында үлкен ұсыныс айттым. Басқа елдерде Наурыз мейрамы жыл сайын тойланып жатады, бiзге бұл жақсы дәстүрiмiз қашан келедi деп сұрақ қойдым. Бұл жиынға Өзбекәлi Жәнiбеков пен Алматы облыстық партия комитетiнiң хатшысы Зәуре Қадырова қатысып отырған болатын. Өзбекәлi Жәнiбеков ұсынысты қолдайтынын айтып, Қадыроваға қарап: «Биыл қолға алайық, Алматы облысынан бастасақ қайтедi?» дедi. Ол кезде партия комитетi айтқан нәрсе жерде қалмайтын, мен бiрақ сол жылы үлгере ме, үлгермей ме деп ойлағанмын. Бiрақ, қызу дайындықтың арқасында сол жылы Алматы облысының төрт ауданында Наурыз аталып өттi. Бәрiнен Алматыда, Медеу ауданындағы Наурыздың орны ерекше болды. Бүкiлхалықтық мереке деген осы ғой, бiр Құдайдың берген, қайта оралған олжасы болды, – деп еді академик Рахманқұл Бердiбай марқұм.
Оның алдында республикалық жастар газетi – «Лениншiл жастың» бетiнде оқырмандармен сыр бөлiскен қазақтың аузын айға бiлеген айтулы ақыны Мұхтар Шаханов «Наурызды қайта әкелер кез келдi» деген ой айтқан-ды. Бiреулер қолдады, бiреулер әлiптiң артын бақты. Алайда бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы болған адамдар да кездестi. Мұхтар Шаханов iле-шала Колбинге хат жазғанда, бiрiншi хатшы бұл ұсынысты бюро мүшелерiнiң талқысына салды. Терiс сипат пен керi мағынаға ие болған «ұлтшыл» деген сөз жалтақтыққа салдырған көп адам Наурыз мейрамын атап өту мәселесiне үн қоса қоймаған. Бюро мүшелерiнiң iшiнен оған екі адам ғана қолдау бiлдiрдi. Оның бiрiншiсi – Өзбекәлi Жәнiбеков те, екiншiсi – бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
Шаханов жазған хат Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бөлiм меңгерушiлерi арасында да талқыға түстi. Мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi Камал Смайылов бастаған үш бiрдей жетекшi бөлiмнiң меңгерушiлерi Наурызды қолдап жауап хат жазады. Онда Наурыз мейрамының Шымкент, Қызылорда облысы сияқты оңтүстiк аймақтарда ел арасында үзiлмей тойланып, бiраз үрдiстiң сақталып келе жатқанын айтқан. Сондай-ақ, жауап хатта жергiлiктi партия, кеңес орындары осыларды негiзге ала отырып, Наурызды тойлауда халыққа қолдау көрсететiнiн жазған. Сөйтiп, үш бөлiм меңгерушiсi iске кiрiседi. Бәрiнен бұрын бұл жерде Наурыздан бейхабар Колбинның көзiн жеткiзу оңайға түспеген.
– Колбинмен әңгiме барысында мен «Наурыз ислам дiнiнен бұрын болған» деген Абайдың ғақлия қара сөзiн көрсеттiм. Абайдың ғақлия қара сөздерiнде «Наурыз қазақ даласына ислам дiнiнен бұрын келген» деген пiкiр бар екен. Сол пiкiр керемет пайдаға асты. Сол тұста Наурызды тiрiлтуге Абай өзiнiң қара сөзiмен үлкен жәрдем бердi, – дейдi ақын Мұхтар Шаханов.
Кезiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевты орнынан алып тастап, ол қызметке айдаладағы Колбинды әкелген Мәскеудiң қателiгi, бiр жағынан, талай iстiң iлгерi жылжуына да түрткi болған-ды. Арты қуыс бiрiншi хатшы қазақ халқының бетiн өзiне бұрғызу мақсатында бiраз iс-шаралар атқаруға тырысты. Наурыз мейрамы жайында әңгiме көтерiлген тұста да ол осындай ойдан ада емес едi. Алайда, өзiне беймәлiм мерекенiң дiнге қатысы жоқ па деген күдiгi болғаны рас. Бұл тұста ол да амалсыздан Абайға бас иген.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Алматы
qazaquni.kz