Ана тілі үшін күрес ешқашан да тоқтамайды
2021 ж. 23 ақпан
3764
1
Жарық дүниеге 1948 жылы Орынбор облысының Егінсай ауылында келіппін. Мұндағы алпыс үйдің қырығы – қазақ, қалғандары украин, орыс үйелмендері еді. Қазақ кластары жабылғаннан кейін үшінші сыныптан бастап орысша оқуға мәжбүр болдық. Бесінші класты түгескен соң, өзге елдімекендердегі интернаттарға кеттік. Одан Ресей жеріндегі институт қабырғасы, армия қатары дегендей, елу жылдан аса орысша ойлап, орысша сөйлеуге дағдыланыппыз. Бірақ кішкентайымнан ұлтымды сүйіп өстім, әке-шешем, әжемнің тәрбиесі осыған баулығандай. (Атам майдан даласынан оралмапты).
1989 жылдан бастап он сегіз жыл Орынбордың Ақбұлақ ауданында қазақ-татар ұлттық ұйымының төрағасы болдым, облыстық басқарма мүшесі, орынбасары, қосалқы төрағасы міндеттерін атқардым. Жұмысты коммунистік партия комитеттері тұсында бастадық. Аудандық газеттің экономика бөлімінің меңгерушісі болған кезімде өңіріміздегі қазақ оқушылары көп мектептерде қазақ тілін пән ретінде оқыту қажеттігі туралы мәселе көтеріп, екі мақала жаздым.
Редакторымыз Василий Семенович Куксин бұрын теңіз-флотының офицері болған кісі еді, мені кабинетіне шақырып: «Ты уверен, что надо это публиковать?!» деп сұрады. «Әлбетте!» дедім. Редактор бетіме бір қарап алып, қолын қойды. Дегенмен, арада екі сағат өткенде баспаханаға барып, әлгі мақаланы алғызып тастапты. Одан маған келді де, өзі қол қойған қағазды жыртып-жыртып алдыма қойып: «Больше не пиши такой национализм!» деді. Мақаламның басылып бара жатқанын байқап қалған әлдекімнің дереу аудандық партия комитетіне қоңырау шалғанын, ондағылардың жетекшімізге зіркілдеп ұрысқанын түсіндім.
Алайда, алған бағытымнан қайтпадым. Сол 1987 жылдың күзінде аудандық партия комитетінің өзіне бағыттап: «Аупартком, аудандық атқару комитеті, т.б. мекемелердің бастықтарының төрттен бірі тиісті үлес салмағына сай қазақ болуы керек! Міне, сонау 1937 жылғы репрессиядан кейінгі аралықта елу жыл өтсе де, әлі күнге дейін аудан басшылары арасында бірде-бір қазақ жоқ!» деп тағы жаздым.
Жақсылық Лұқпанов досым редактордың орынбасары еді, жазғанымды оқып: «Тамаша жазыпсың!» деп қолын қойып, материалды өндіріске жіберді. Әйткенмен, апта өтпей Орынбор КГБ бастығының қатысуымен аудандық партактив жиналды. Жақсылықты: «Сені колхозға жіберу керек!» деп сөгіс жариялап, қызметінен түсірді. Менің сазайымды беру үшін редакцияға аупарткомның екі бірдей хатшысы келіпті. Күн сенбі еді, жиын үш-төрт сағатқа созылды. 1986 жылғы Алматыда өткен желтоқсан оқиғасынан кейін «Казахский национализм» деген жалған ұранның өршіп тұрған кезі ғой!
(Кейінірек Жақсылық Қазақ еліне көшіп кетті. Бірнеше жыл Ақтөбеде теміржол газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Авт.)...
Иә, сол редакциялық жиындағы көтерілген жәйттің бірі «Қазиевтың ұлтшылдығы» деген мәселе екені түсінікті. Өзіммен қатар істейтін әріптесімнің хаты оқылды, мұнда ол мені алты рет «ұлтшыл» деп айыптапты! Аупартком басшылары «Қазиев партиялық тәртіпті бұзды, партиялық жазаға тартылуы керек» деп Жақсылықты да орнынан көтерді, мені кінәмді мойындатып, «тәубеме» түсіру мақсатымен өздері де сөйледі. Мінберге шыққан басқа да қызметкерлер аз болған жоқ. Ақыр аяғында өзіме сөз берілді.
Мен орнымнан тұрып, қалтамнан партия Жарғысын шығарып, жиналғандарға ондағы: «Коммунистің тәртібі саналы түрде өмір шындығымен өзектес болу керек» дегендей мағынадағы пунктін оқып бердім. Бұдан соң:
– Кеше осында обкомның баспа секторының меңгерушісі Юрий Николаевич Ушаков келіп, менімен сұхбат құрды. Сонда одан: «Жолдас Ушаков, қатардағы коммунистің жоғарғы органдарға халықтың ұсынысын жеткізуге хақы бар ма?» деп сұрақ қойдым. Сонда Юрий Николаевич біраз ойланып отырды да: «Әрине, хақы бар!» деп жауап берді, – дедім.
Редакторымыз да басын шұлғып:
– Да, так и было, здесь же в этом кабинете, – деп, сөзімді мақұлдады.
Осыны естіген аупартком хатшылары мен әріптестерімнің өңінің өзгеріп сала бергенін көрсеңіз! Бұларға өздерінен жоғарыдағылардың айтқаны бұлжымас заң ғой! Біраз үнсіздіктен соң секретарьлардың бірі:
– Да, товарищ Казиев показал себя опытным партийцем! – деп басқаша сайрауға кірісті.
Бұны мен айтып отырғаным, қазақ кадрларын билікке араластыру туралы бірнеше жыл тоқтатпаған күресіміз нәтижесін берді. 1991 жылы Ақбұлақ ауданының әкімі болып қандасымыз Латып Базылов тағайындалып, онда тоғыз жыл істеді. Сол сияқты аудан әкімінің орынбасарларының арасында да біртіндеп қазақ азаматтары пайда бола бастады. Күрессіз, еңбексіз ештеңе алға жылжымайды екен. Халқыңның жарқын болашағы жолында тек үнемі күреспен, іспен ғана ашыла бастайтын көрінеді...
Ал 1989 жылы ауданымыздың үш мектебінде қазақ тілін жеке пән ретінде аптасына төрт сабақтан өткізетін жағдайға қол жеткізгенбіз. Бір жылдан кейін мұндай мүмкіндік ауқымын он мектепке дейін ұлғайттық. Рас, кей жерде факультатив түрінде өткізілетін болды.
1992 жылы наурыз айында Ақбұлақта мешіт аштық...
Осы орайда көкейдегі бір түйткілге арнайы тоқталмасам болмас. Кей-кейде газет-сайттардан «орысша сөйлейтіндер өз ұлтын сүймейді» дегендей пікірлерді оқып қаламын. Бұл – қате және ұлтымызды бөлшектейтін зиянды ұстаным. Халқымыз өзге тілді Құдайдан сұрап алған жоқ, ауыр тарихи тағдыр сондай болды. Мен бұны өз басынан өткерген жан ретінде жақсы білемін. Ал бүгінде ана тілі үшін күресушілерді бек қолдаймын! Алдағы уақытта бұл бағыттағы түрлі тығырықтан шығу жолдары туралы ойларымды ортаға салып, кеңінен толғасам деген ниетім де жоқ емес.
Еске түсетін тағы бір жағдай – 1989-1990 жылы ма екен, алпыс жылғы тыйымнан кейін ауданымызда бірінші болып Наурыз мерекесін өткіздік. Аупартком секретарлары, совхоз директорлары мен колхоз төрағалары тиісті мекемелерге Наурыз өткізуге ешқандай көмек көрсетпеңдер деп нұсқау беріпті. Алайда «Мичурин» колхозының басшысы Жұмабай Аргупов, «Киров» колхозының төрағасы Ізберген Жукусов, «Советский» совхозының директоры Қадырғали Халниязов, «Агропромтранс» мекемесінің жетекшісі Сейілхан Аманжүров, «Агропромхимия» мекемесінің бастығы Михаил Голота ол нұсқауға қарамастан, халықтық мерекені биік деңгейде өткізуге қаржылай да, заттай көмек қолдарын созды. Совхоздардың кейбір шопандары жекеменшік малдарын ортаға салды. Аудандық тұтынушылар одағының басшысы Петр Андреевич Чернышев әр алуан сайыс жеңімпаздарына сый-сияпат үшін деп қоймасынан қат тауарларын шығарып, жәрдем жасады. Осылайша аудандық Мәдениет үйі мен сол ғимараттың саябағы ішінде үш мыңдай адам Наурызды тойлады. Сонда ауыл қарияларының: «Осынша қазақтың бір жерге жиналғанын өмірімізде бірінші рет көрдік!» деп таңданғанына куә болдық. Құттықтаулар, концерттерден бөлек балуан күресі, аударыспақ, теңге ілу, аламан бәйге дегендей ұлттық ойындар талай жылдардан кейін қайта тірілді. Шіркін, делебені қоздырған домбыраның дүбірі-ай! Покровка орта мектебінің директоры Қонақбай Біржанұлы Рамаданов қазақ шәкірттерімен қатар орыс және украин балаларын қазақ тіліне баулыған мұғалім еді. Өз оқушылары мен ұстаздарды қосып, алғаш рет керемет қазақ хорын ұйымдастырды. Осы хор ұжымы кейін облысты концерттермен аралағанда, аймақтағы музыка саласының білгірлерінің бірі: «Разве у казахов может быть такой хор?!» деп қайран қалыпты.
Ия, сол хор дирижері Жұматай Елемесовтің басқаруындағы ұжым «Менің Қазақстаным» әнін шырқап бергенде, Мәдениет үйі залы мен фойедегі, саябақтағы үш мың адам дүр сілініп, қатты толқығанын өз көзімізбен көрдік! Борамбай Сүюбаев ауданымызда домбыра өнерін жаңғыртқан адам еді, сол сияқты ұлттық өнерді тірілткен Бақтыбай Елғондиев, Мұхтар Медетов, Сәния Рахматуллина, Сансызбай Дәулетов, Закир Даминов, Салтанат Мырзағалиева, Гаухар Тілегенова, т.б. белсенділеріміз туралы жазу – жоспарда.
2008 жылы қалың ел Қазақстанымызға көшіп, саяжай алып, үй салуға кірістім. Сонда ағаш, кірпіш тасып жүріп «Қобыланды» жырын қоса оқимын. Оқуды алдында қазақ газеттерін парақтаудан бастаған едім, тілі қабылдауға ауыр тиіп, құм жегендей қатты қиналғаным бар. Бір күні газеттен «Қазақ өкпесі» деген шағын мақаланы көрдім, сөйтсем, авторы – Ахмет Байтұрсынов. «Мұнда барлық сөз егінсайдікі екен, түсінікті!» деп, со күннен бастап біртіндеп «Қобыландыға» көштім. Миымның «егінсай» алаңдарында қазақи майдан «алқабы» кеңейе бастағандай болды! Тіл механизмін миыңда жасау үшін күн сайын бір сағат болса да жаттығу керек екен! Сөйтіп, екі жаққа сөздік қойып, кітап оқуға кірістім.
Алты жыл өткен соң көпшілік алдында ана тілімде алғашқы сөйлей бастадым. Онда алпыс бес жаста едім. Қазір жетпіс екіге келдім. Енді ел назарына осы жаста ана тілінде жазған алғашқы өлеңімді ұсынып отырмын. Өмірінде өлең жазбаған, ана тілде жарты ғасырдан ұзақ сөйлемеген адамнан ақындық деңгей күтуге келмес. Бірақ ой жеткізу құралы ретінде, артқа қалдыруға болмайтын істерге көпшілік көңілін аударуға жол іздеу ретінде ұсынамын...
Бұл дүнием халқымыздың батыр қызы Сапура Мәтенқызына арналған. Сапура – жиырма екі жасында 1775-1776 жылдарындағы Көрінбес қозғалысын бастаған тарихи тұлға. 1775 жылдың қыркүйек айында Сапура бастаған көтеріліс Атыраудан Ор өзеніне дейін күш алған. Ертіс бойына жеткен.
Сол 1775 жылдың жазында Пугачевті қолдағандарды жазалау сылтауымен патша жазалау отрядтары көптеген қазақ ауылдарын да шапқан екен, қашып үлгергендер шөлейт аймақтарға ауған. Енді Еділ, Жайықты ұмытыңыз, Каспийдің солтүстік жағалауына жақындамаңыз депті жазалаушылар. Көтерілісшілердің арманы сол туған жерге оралу болды. Сапураның ордасы Ұлы Қобда сағасында орналасыпты, Қобыланды моласына жақын.
Тарих ғылымдарының докторы Наиля Ермұханқызы Бекмаханова «Легенда о Невидимке. Участие казахов в Крестьянской войне под руководством Пугачева в 1773-1775 годах» кітабында: «…произошли бои по всей Оренбургской линии укреплений от Гурьев-городка до крепости Красногорской… большие отряды до 10 тысяч человек в верховье Большой Хобды… намеряются идти к Саратову» (из донесения Чернореченского коменданта)»… деп жазады.
Барлық оқиғаларға тоқталмай айтатыным: көтерісшілердің басты талаптары орындалыпты – қазақ туған жерін қорғады, Жайығына, Жайық – Еділ арасына, Каспийдің солтүстік жағалауына оралды.
Туған жерді қорғаған Сапура Мәтенқызы
Ұлы Далам тарихында не көрмедік?!
Атам Қазақ биігінде көп өрледік.
Неге осы бізден бақыт жалт етеді?
Мың өлсек те бүгінге тірі келдік.
Апат атса, неге хандар тығылады?
Шешен билер, ауыздарың жұмылады.
Батырлар-ай, көсем таппай, жығылады-ай,
Абыздарым, кеңес бермей, жоғалады-ай!..
Қиын кезде қасыңда ағаң табылмайды-ау,
Әрқайсысы өз інінен сығалайды-ау.
Жікке бөлер тұтас ұлтты, ақымақтар:
«Өз үйім тек байып кетсе, со жарайды-ау!»...
Замандарда арамыздан біреу шығар,
Жүрегі от, қолы болат, мінез болар.
Шашыраған батырларды біріктіріп,
Бас кескен апаттарға төтеп беріп...
Жаулар сонда көзін ашар, сені біліп!
Ай, күшіңді білмейсің сен, қайран қазақ!
Қуатыңды қайрамайсың неге, қазақ?
Таланттарды туа беред аналарың –
Соларды неге қолдамайсың, ұлы қазақ?
Біреуі со таланттың Сапура еді,
Сақтады Жайық, Елек, Қобда, Ор өзендерді.
Қазақта Каспий, Еділ жағалары –
Атыраудан Орға дейін қол бастаған
Неге жоқ Сапураның көшелері?
Сыйлайық аруақты, туған жерді,
Қазаққа жер Құдай берді, сақтасын деп,
Айтарым, бақытты мен, Елім де деп,
Ескерткішке, Сапураның, апара алсам – гүлдерімді!
Қыздарың Сапурадай аман болсын!
Отан қорғап, ұрпақтарын жая берсін!
Келесі елу жылда елу миллион болсақ –
Ұлтымыз мықтылармен қатар жүрсін!
Өспеген өлер алпауыттар арасында,
Туған жерін сақтамаған өлер тірісінде,
Ойлан, қазақ!
Абайлап, жылжыта бер –
Қасиетті жұмысыңды!
Қалғыма, тумам, қалғыма-ай!..
Қасыңда апат жатқандай,
Бүгін де заман – қу заман,
Есінен кеткен әлемде – әлсіздері қанауда-ай!..
Мықты бол-ай, Қазақ, жаным!
Мәңгі болсын Қазақстаным!
Төреғали ҚАЗИЕВ, жазушы, зерттеуші
qazaquni.kz