Жамбыл Артықбаев: Тарихпен тарихшылар айналыссын
2021 ж. 25 қаңтар
2851
1
Мен былтырғы жылы «Тарихи саужой» деп тарих ғылымы туралы бір циклды әңгімелерді бастаған едім. Кейін басқа шаруалар қолды байлады, уақытты жеді, біраз үзіліс болды. Енді сол циклды жалғастырсам ба деймін. Жалпы тақырыбын өздеріңіз қойсаңыздар дұрыс болар еді. Әзірше «Тарихпен тарихшылар айналыссын !» деп бастай берейік. Жақында ғана Президенттің аузынан шыққан сөз, кім айтса сол айтсын, өте дұрыс сөз, Ақ Ордада жүрген азаматтардың бірі аузына салған болар. Бірақ мәселе сол тарихшылардың өзі ала құла болып тұрғандығында ма деймін. Шынына келсек бір тіл, бір дін, бір діл жоқ уақытта халықтың басын қосатын да тарих. Сол себепті де тарих ғылымының жауаптылығы күшті және оның деңгейін бағалайтын бәріне ортақ бір критерилер керек-ақ. Мүмкін біздің әңгімелеріміз осы шаруаға мұрындық болар. Біз қазақ тарихын көне заманнан бастап қазіргі күнге дейін әңгімелейтін боламыз, әр әңгімені өзіңізге көшіріп, пікір білдіріп отырсаңыз болар еді. Тарихтың баянын бастамас бұрын біз деректану деген тақырыпта бір-екі шағын этюдты ұсынамыз. Қандай да бір тарих дерексіз жазылмайтынын сіз білесіз. Болашақта да тарихтың жалпы сұлбасына қатысы жоқ осындай этюдтарды жазып отырмақпыз.
Деректану ережесі
Қазақ тарих ғылымы да өзге ғылым салалары сияқты, оның да өз негіздемесі, зерттеу әдістері, дәлелдеу жүйесі, есеп-қисаптары бар. Олардың ішінде ең бастысы тарихи дерек деп ұсынылып отырған жазба, не ауызша материалға (архив, қолжазба, аңыз, құжат т.б.) сыни қарау, яғни күмәнге тексеру. Тарихшы күмәнденуден басталады. Содан гипотеза құрады, содан дерек іздейді. Деректану ұстанымдары мен әдістерін игермеген талапкерді асқа талғамсыз адаммен салыстыруға болады. Біреу жеймін деген тамағын, оны жейтін ыдыс-аяғын таңдайды, жақсы кафе, ресторан іздейді, біреу көшеде, базар маңында сатып жатқан сырты күйіп кеткен, шикілеу пирожкиді жеп жүре береді. Қазіргі күні, міне, саған дерек деп асыл тамақтың орнына боқ сияқты бірдемені ұсына қоятын қулар көп, талғамсыз тарихшының оны сүйсініп жеп жүргенін көресің. Біздің әуесқой тарихшылар, тарих факультетін бітірген түлектер, тіпті кандидат, докторлар да осындай қулардың жемі болып жатады. Неге ? Бірінші себеп- студент кезінде деректану пәнін дұрыстап оқымаған, лекцияда ұйықтап отырған, не шолақ белсенді (комсомол, профсоюз т.б.) болып жүрген, дерекпен жұмыс істеу тәжірибесінен өтпеген. Екінші себеп- үйретуші ұстаз нашар болған, өзі дерекпен жұмыс істеп көрмеген, өмірінде бір деректі талдап көрмеген оқытушылар болады. Бізде тіпті тарихнамалық, не деректанулық зертеулерді библиграфиялық шолумен шатастыратын көп.
Гильгамеш
Менің студент кезде кәсіби тарихты игерудегі алғашқы қадамым деректанудан басталды. Бірінші курстағы алғашқы сабақ «Гильгамеш» поэмасын талдаудан басталды. «Ежелгі заман тарихы» (История древнего мира) пән, ұстазымыз ұмытпасам Коновалов, жасы үлкен, таяқпен жүреді, бәрімізде «Ежелгі заман тарихы» хрестоматиясы болуын талап етті. Кітапханадан алып келдік. «Гильгамеш» поэмасы - Шумер-Аккад әлемі, біздің жыл санауымызға дейінгі 4-3 мыңжылдық. Самуэл Крэмердің «Тарих Шумерден басталады» дейтін сөзі тегін емес. Өкінішке орай біздің ғалымдардан Гильгамеш тақырыбында жазған Мұрат Әуезовтен басқа кісіні білмейді екенмін. Оның Гильшамеш пен Энкиду қарым-қатысына арнап жазған дүниесі біздің тарихтануымыз үшін әлі бой жетпейтін биік деңгей. Гильгамешті «Бильгемеш» деп түсіндірген бір жазбаны ертеде көріп едім, одан қандай нәтиже шықты білмеймін.
Сондықтан да сіз тарихшыны бағалау үшін одан Гилгамеш туралы сұраңыз.
БТ
Студент кезімізде осындай лақап аты бар бір ұстазымыз болды. Мінезі тіктеу, жылдам болғанымен, білімі мықты, айтқаны мірдің оғындай еді. Ол кезде тарих факультетіндегі оқу орысша, «Источниковедение» пәнінен негізгі маман сол кісі. Жалпы пәннің негізгі айтары бір –ақ ауыз сөзге сияды: «Любой источник подлежит критическому анализу». Ұстаздың барлық міндеті осыны әртүрлі дәлелдермен студент санасына кіргізу. Ол үшін мысалдың көпшілігі көне және ортағасырлардан, кей жағдайда жаңа заман тарихынан алынады. Біз БТ- дан аман-есен өттік, басқа тіршілік басталып кетті, кейін жұмыстан кеткенін естідім. Тарих факультетіне ол кезде студенттің 90-95 пайызы комсомол, партия қызметіне барамын деп түседі. Сол себептен қоғамдық жұмысқа жанын салып кірісетін белсенді курстар болады, қанша түрлі қызмет болса (партия, комсомол т.б.) соны таласып атқарады. Естігенім, БТ сондай белсенді курсқа өзінің сүйікті «Любой источник подлежит критическому анализу» дегенін бастаған кезде, біреуі «А решения, постановления, резолюции съездов КПСС также подлежат критическому анализу ?» деген, оған БТ «Без исключения !» деп жауап берген. Бұл сұрақты студент өз ойымен айтты ма, әлде КГБ айтқызды ма, оны білмедім. Ақыры БТ жұмыстан қуылған.
Арада тағы біраз жылдар өтті. Кандидаттықты қорғадық. КарГУ-ге жұмысқа қайта келдім. 1993 жылы Бұқар жыраудың мерей тойын Қарағанды облысы атап өтпек болды. Мен өзімнің алғашқы ғылыми-көркем кітабым «Бұқар жырау: он екі тарихты» жаздым. Кітапты жазу барысында толып жатқан дерек ақтардым, жыраудың әр толғауын, әр сөзін талдадым (соның пайдасын әлі де көріп жүрмін, елге де керекті сан түрлі дүние алып шықтым, мысалы Бұқардың Абылайға айтатын «Көтеріп қазға салармын» деген сөзінен Қазыбек бидің неге «қаз дауысты» атанғанын анықтау сияқты). Кітаптың ішінде бір ғана дүдәмәл дүние бар еді. Ол: Көкшетаудан салдырған,
Қара үңгір жолдары,
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла,
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып шеті барды, ойла,- деп басталатын толғау. Кітапқа маған дейінгілер де Бұқар мұрасынан қалдырмай жүрген соң қосуын қостым, бірақ дәлелі онша шықпады. Оны қарап жатқан жұрт бар ма, барлығы мақтап жатыр, көңіл марқайып қалады. Бір күні универден шығып әлде бір шаруамен Аврора кинотеатры жанындағы базарға соқтым. Ол кезде аяқ бассаң базар еді ғой, жұрттың бәрі қолына түскенін алып көшеге шығып кеткен. Жайбарақат жүр едім, «Ей, Жамбул» деген қатқыл дауыс естілді. Сөйтсем БТ ұстазымыз сантехника құралдары, трубалары толған сөренің ар жағынан маған қарап тұр. Амандастық, хал сұрасып жатырмыз. «Я прочитал твою книгу о Бухар жырау» деді. Бір жағынан қуанып, бір жағынан мынадай жерде жүріп оқыдым дегеніне таң қалып тұрсам «Почему ты включил в книгу сомнительный материал, по контексту этот стих ему не принадлежит, позднее творение ?!» дейді. Айтып тұрғаны жаңағы менің дүдәмал дүнием. Жаман жерге кірердей болдым, қосқанда сәуегейлік түрінде қосуға болар еді. Мен БТ-ның қаншама жыл өтсе де, универден баяғыда қол үзсе де өз ісінің маманы болып қалғанына таң қалдым.
Бүгінгі күні жасыратын несі бар, тарих ғылымына партия, комсомол мектебінен шыққан тарихшылардың әсері күшті. Әуел бастан оларға деректі талдауға партия рұқсат етпеуші еді ғой, «Алға комсомол, и баста» !. Содан да болар тарих ғылымы нашарлап қалды. Не көрсе соны жұтып жібереді. Оның үстіне орысша өскендері шежіре сөзін түсінбейді, қария сөздің астарын аңламайды, ол енді басқа проблема, оған да келерміз.
Жамбыл Артықбаев,
Қазақ үні