Министр Алматыда зиялы қауыммен кездесті
2020 ж. 30 желтоқсан
1345
0
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматының бір топ зиялы қауым өкілімен, жазушылармен, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесу өткізді.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова:
– Міне, өздеріңізбен шырайлы да шуақты Алматыда кездесудің сәті түсіп отыр. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көксеген үлкен мерекеміз Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
2020 жыл, расында да, бәрімізге де оңай тимеді. Індет салдарынан жоспарлаған істеріміздің бірқатары жүзеге аспай қалды. Кейбір ірі жобаларға бөлінген қаржы-қаражатты мемлекетке кері тапсырып, түрлі шаруаны кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Өйткені, расында, қиын кезеңде той тойлаудан гөрі ой толғаудың қажеттігі туындады. Дана бабамыз ұлы Абайдың 175 жылдығына орай белгілеген көптеген іс-шара да өтпеді. Олардың кейбірін онлайн форматында атқардық. Дегенмен, қол қусырып отырмадық. Мәдениет, әдебиет пен өнер бағытында талай іс атқарылды. Ұлы Абайға, Мұхтар Әуезовке қатысты бірқатар шаруа еңсерілді. Мәселен, қос мұражайдың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартып алдық. Тарихи ескерткіштерімізді, мәдениет орындарын ретке келтірдік. Сонымен бірге ұлы бабамыз әл Фарабидің 1150 жылдығына орай едәуір іс-шара жүзеге асты. Бұл бағыттағы инфрақұрылымдық жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Өздеріңіздің де ел мәдениетін дамытуға және насихаттауға айрықша үлес қосып, қажырлы қайрат танытып келе жатқандарыңыз көңіл марқайтады.
Тағы бір сүйінішті жәйт – әр жылы тамыз айның оны күні Абай күні деп аталатын болды. Екі жылда бір берілетін мемлекеттік сыйлықты та Абай атымен атауға шешім қабылданды. Биыл бұл лауреаттық атақ жеті адамға берілді. Бұл да – зор мақтанышымыз. Мұны мемлекеттің әдебиетшілерге деген зор қамқорлығы деп санаймыз. Бәріңіз де Әдебиеттің, Өнердің өкілісіздер, сол себепті, аталған сыйлық өздеріңізге де жұғысты болсын дегім келеді. Жазушылар үшін және бір жағдай – алдағы уақытта қаламгерлердің жарық көрген кітаптарына қаламақы төлеу мәселесі ТМД елдері арасында алғашқы болып оңды шешілгендігін хабарлауды міндетім деп санаймын.
Елімізде тоқсан жылдан аса халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан мекемелер бар. Аса қуанышты жаңалық ретінде солардың бірқатарына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілгенін атауға болады. Мысалы, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына, Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына осындай мәртебе берілді.
Бақыт Беделхан, Қазақстан ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:
– Кейінде мәдениет саласында үлкен қуаныштар болып жатыр. Ақтоты ханым жетекшілік ететін министрлік атқарған істердің біразы тарихта қалады ғой деп ойлаймын. Мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрына Ұлттық мәртебе берілуінің өзі айтарлықтай мереке. Былай алып қарағанда, бұл – елдегі алпысқа жуық театрдың арасында «Әкемтеатр» атанған алтын қазық, қара шаңырағымыз ғой. Бес бірдей мекемеге Ұлттық мәртебе берілуі – бес саусақтай бүгіліп, жұдырықтай жұмылып, бүкіл қазақ қуанатындай жаңалық. Ел дән риза. Руханиятта осындай жаңалық болғанына бек қуаныштымыз. Бір сәттен бір сәт ауысып, тарихи кезеңде тұрған кезде осындай жақсылықтардың жаңғырып жатуы заңды деп есептеймін. Жалпы, аталарымыз: «Қарағайдай қақиып тұрма, емендей қатты болма» деп отыратыны есімізде. О несі екен деп ойлаушы едік. Сөйтсек, жеміс бермейтін ағаш ешқашан иілмейді екен. Және морт сынады. Ал басында бір түйір жемісі бар ағаштың өзі маған «жеміс бергеніңе рахмет» деп тамырына иілетін көрінеді. Қазақ «отызда орда бұзар» дейді; осынау орда бұзатын шағымызда, қазіргі жағдаймызды бейнелі түрде айтсақ, бүкіл руханият оянып, ерекше бір серпіліс, жаңғыру болып, ұлттық руханиятымыз өз тамырына тәубе деп тағзым етіп тұрған сәт деп ойлаймын. Олай болса, осы тамырымыз арқылы тағдырымызды жасап, үлкен болашаққа талпынып жатқан сәтіміз тек бейтітшіліктің бесігінде ғана тербелсін деген ниеттемін. Осында отырған барлық зиялы қауым осындай өзгеріске шын жүрегімен ат салысады деп сенемін.
Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев):
– Қымбатты Ақтоты Рахметоллақызы, көтерген тақырыптар бойынша байыпты пікіріңізді ортаға салып, қолға алынып жатқан маңызды шаруалардан хабардар еткеніңіз үшін көптен-көп рахмет айтқым келеді.
Одан соң сөз беріліп қалған тұста көкейдегі бірер ұсынысымды да іркіп қалмайын.
Әлгі Жириновский, Никонов сияқты қазақ жеріне көз алартқан ресейлік оспадарсыздарға және сол сияқты алдағы уақытта әлгіндей арандатушылықтарға үзілді-кесілді тосқауыл қою үшін Қазақстан мемлекетін өзіміз 750 жылдығын тойлап жатқан кешегі Алтын Орда мемлекетінің ресми құқықтық мұрагері ретінде тану мәселесі! Бұл еліміздің болашағы үшін өте маңызды болып отыр. Әрі оған аумақтық тұрғыдан да, ұлттық тұрғыдан да біздің толық құқығымыз бар. Егер Қазақстан Алтын Орданың құқықтық мұрагері ретінде танылса орекеңдер аузын аша алмай қалады. Бұл әрі тарихи әділеттілік те болар еді.
Екінші, ХХ ғасырдың 20-шы, 30-шы, 40-шы жылдарында қуғын-сүргінге ұшыратылған 4,5 млн. адамды заң жүзінде ақтау, тіпті совет өкіметі тарапынан «банды» аталған, алайда халқын қорғаған тұлғалар есімін тірілту қажеттілігі айтылды. Бұл салада бүгінге дейін атқарылған шаруа – жұмыстың онның бір бөлігіндей ғана.
Үшінші – өзінің туған елі мен жерін басқыншылардан қорғаған Отырар қаһарманы Қайыр хан сияқты тұлғаға Түркістан қаласында, Отырар ауданында ескерткіштер орнату мәселесі. Қазіргідей еліміздің туристік әлеуетін өркендетуде әрі жас ұрпақтың патриоттық қасиеттерін ұштауда бұл да өте-мөте маңызды.
***
Кездесуде сол сияқты актер Тұңғышбай Жаманқұлов, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушылар Нұрғали Ораз, Мәдина Омар. т.б. өз ведомство жетекшісіне ойларын айтып, көпшілік көкейіндегі пікірлерін жеткізді. Министр ортаға салынғай жәйттер бойынша қолма-қол жауап беріп отырды.
Бұған қоса вице-министр Нұрғиса Дәуешев те кейінде еліміздің руханият саласындағы атқарылған игілікті істер мен, келешекте межеленген мәселелер жөнінде лебізін білдірді.
Кездесу барысында сондай-ақ Жошы хан кесенесі төңірегіндегі пікір, қаламақы айналасындағы, жазушылардың кітаптарын басып шығару мәселесі, ескерткіш, музей, тарихи жәдігерліктер туралы өзге де ұсыныстар талқыланды.
Министр кеш соңында актер, қоғам қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловқа, балалар басылымында отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қаламгер Дүйсен Мүсірәліге, жазушы-драматург Нұрғали Оразға шапан кигізіп, келіп жеткен мерейлі жастарымен құттықтады.
Ақтоты Рахметоллақызы бұған қоса бірқатар қаламгерді елдің әлеуметтік-мәдени саласында атқарған ұзақ жылғы абыройлы еңбегі мен мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Жиналған қауым министрліктің ауыз толтырарлықтай жұмыстар атқарып жатқанына ризашылық білдіріп, үлкен сүйінішпен тарады.
Кешті Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев жүргізіп отырды.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Алматы.
qazaquni.kz