"Қарабалина апай келе жатыр"...
2020 ж. 08 қараша
5519
0
немесе Бауыржан Момышұлының бірінші келіні атанған белгілі қаламгер-ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева туралы ойтолғау
Ия, осы фамилияны естіген кезде жаңа ғана у-шу болып жатқан мектептің айналасы тып-тыныш бола қалатын. Ал енді екінші қабатта орналасқан кабинетінің тұсынан өтіп бара жатқан мұғалім де, оқушы да демін ішіне тартып, аяғының ұшымен жүретін. Бұған қоса Орынша апай сабақ беріп жатқан кластағы тыныштықтан шыбынның ызыңы естілетін. Барлық оқушының көздері де, құлақтары да алдарында дәріс беріп тұрған ұстаздың назарында. Сабақтың тартымды да мазмұнды өтетіні соншалық, қырық бес минуттің қалай зу ете түскенін байқамай қаласың. Және де оқушылар арасында Орынша апайдың сабағына дайындалмай келетін «жүрекжұтқандар» мүлде аз болатын. Сабаққа дайындалмай келген оқушы ұрлық жасаған бала сияқты тыпыршып кететін. Және де ұстаздық шеберлігінің мықтылығы сонша, сабақты түсінбей отырған оқушыны көзінен танитын. Сонда да ол ешкімге дауыс көтеріп, айқайламайтын. Беделін түсіріп, ешкіммен ұрсыспайтын да. Айтса шындықты бетіңе тура айта салатын. Кез-келген оқушының бет алысын бейімінен тани білетін. Сонымен қатар, бала жүрегіне үңіліп, сөйлесе де алатын. Сондықтан да мысы басқан ұстаз алдында ешкім еркелей де, еркінси де алмайтын. Сөйтіп, сол жылдардың өзінде-ақ Орынша Жолмұратқызы ұстаз бейнесі қандай болу керек деген образды қалыптастыра білді. Жалпы, кез-келген жұмыр басты пенденің тағдырының дұрыс қалыптасуы ата-ана ғана емес, білім берген ұстазының біліктілігіне де байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Кезінде ұлы қолбасшы Александар Македонскийдің өзі: «Я своему отцу обязан тем, что живу, Аристотелю обязан тем, что живу достойно» деген екен. Міне, осы тұрғыдан келген кезде ол кісінің алдында өзімнің де қарызым мен парызым жетерлік екенін тілге тиек ете кеткенді жөн санадым. Өйткені, қазіргі Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын (ол кезде қазақ экспериментальды мектеп-интернаты деп аталатын) мектеп-интернатқа 7-ші класта келуіме тікелей ықпал еткен де осы Орынша апай еді. Себебі, ол кісінің жұбайы, белгілі жазушы-журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев аға менің туған нағашым, яғни шешемнің туған бауыры болатын. Мектеп-интернатқа келген бетте маған спартан тәрбиесі сияқты қатал тәртіпке көндігу алғашында өте қиын болды. Себебі, ауылда түз тағысы сияқты еркін жүріп, еркін тұрып үйреніп қалғандықтан ба, тәртібімнің нашарлығымен көзге жиі түсіп қала бердім. Тіпті, кей қылықтарым «Менің атым Қожа» фильмінің кейіпкерінен де асып кетті десем де болады. Біраз «гладиаторлық» жекпе-жектерге қатысып, өз класымның атаманы да болдым. Сол кезде біздердің әрбір шалыс басқан қадамымыз назардан тыс қалмай, мектеп мұғалімдерінің құлағына жетіп жататынын қайдан білейік. Және де бұл мектепте кімнің кім арқылы келгені жөніндегі сөз де жерде жатпайды. Соны білетін біреулер «Қарабалина апайдың туысы ғой» деп те айтып қалады екен. Бұл сөздің ар жағында «тіреуі мықты» деген түсініктің де жатқанын аңғару қиын емес, әрине. Бір күні мектеп-интернат директоры Тұрсын Мешітбайұлы марқұм Орынша апайға: «Кластағы балалардың бәрін бұзықтыққа ұйымдастырып жүретін Бекен екен. Ана жолы менің сабағыма қатыстырмай, балаларды футболға алып кетіпті» деп арыз айтыпты. Сол кезде Орынша апай: «Егерде сіздің сабағыңыздан балаларды алып кетуге шамасы келіп жүрсе, онда ол баланың бойында бір ұйымдастырушылық қабілет болып тұр ғой. Сондықтан да оны зерттеу керек» депті. Директордың Орынша апайға менің үстімнен арыз айтқанын естігенде қатты састым. «Құрыған жерім осы шығар, ағамның бетіне қалай қараймын?» деп ойладым. Әсіресе, сөмкемді сүйретіп, ауылға қайтып бара жатқан кейпімді көз алдыма елестеткенде кіретін тесік таппай қалдым. Сол жолы мен интернаттан шығарылуым керек еді.Өйткені, Тұрсын Мешітбайұлы өте қатал адам болатын және менің басқа да шалыс басқан қылықтарымды жіпке тізгендей етіп жинап қойыпты. Бағыма қарай, мектеп басшысының осы жолғы қаһары мені жанап қана өтті. Директордың кабинетінен тиісті «сыбағам» мен «соңғы ескертуімді» алып болған соң, басым салбыраған күйде Орынша апайдың кабинетіне қарай бет алдым. Мектептен не үшін шығарылмай қалғанымды сонда ғана түсіндім. Көрген бетте бас салып ұрса ма деп ойлаған едім. Жоқ, олай болмады. Бетіме тіктеп қарады да: «Есіңде болсын. Біріншіден, ешқашан біреуге арқа сүйеп өмір сүруге болмайтынын есіңнен шығарма. Екіншіден, ағаңның атына кір келтіресің. Үшіншіден, байқаймын, сен бұл мектептің қадірін білмей жүрген сияқтысың. Талайлардың бұл мектепте оқымақ түгілі, есігінен сығалай алмай жүргенін ұмытпа, өз тағдырыңа балта шауып алма...» деді. Жүйесімен айтылған осы сөз менің санамда мәңгілікке жатталып қалды десем де болады. Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас...» деп айтқанындай, сол күннен бастап әр қадамымды абайлап баса бастадым. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. «Жауқазын» атты жас тілшілер үйірмесіне қатысып, газет-журналдарға мақалалар жазып тұрдым. Спорт саласынан самбомен және стендті мылтық атумен де айналыстым. Ақырында кластағы балаларға сөзім өтетін болғандықтан кластың старостасы болдым. Сөйтіп, менің күреске толы үлкен өмір жолындағы сәтті қадамым осылай басталды. Құдайға шүкір, қызмет барысында қатардағы инспектордан кеден бастығы, қатардағы лейтенанттан полковник дәрежесіне дейінгі жолдан өттім. Мектеп қабырғасында жүргеннен серік еткен қаламымды тастамай, кеден саласы бойынша екі оқу құралының және екі прозалық кітаптың авторы атандым. Мемлекеттік мараптақа де ие болып, Қазақстан Журналистер одағының С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаттығына да қол жетті. Әрине, бұл дегеніңіз қанатымызды қатайтып, биікке самғатқан мектебіміздің және аяулы ұстаздарымыздың арқасы. Сонымен қатар, Орынша апай мен Кәкімжан аға болмағанда кім болатынымызды бір Алла тағала ғана білетін еді. Міне, содан бері біздердің де мектепті бітіргенімізге қырық жылдан асыпты. Алайда, қаншалықты ер жеттік, есейдік десек те, мысы басқан ұстаз алдында өзімізді әлі күнге дейін оқушы сияқты сезініп, кібіртіктеп қалатын жайымыз бар. Тек қана ұстазымызға деген құрметіміздің белгісі ретінде қолымыздағы гүлімізді ұсынып, бетінен сүйеміз. Ұстаз бізді құшағына басады. Иә, кезінде көлеңкесін көргенде дір ете түсетін ұстаздың құшағына ену қандай бақыт. Реті келіп тұрғанда емін-жарқын әңгімелесіп қаламыз. Сол кезде ол да қуанып, өз еңбегінің жемісін көргеніне шаттанады. Біздерді қойшы, біздің мектепті бітірген талай министрлер мен генералдардың өзі ол кісінің алдын қиып өтуге дәрмендері жетпейді. Ол әрине, қорыққандықтан емес, ұстазға деген ерекше құрметтің белгісі екендігі түсінікті. Және де бұл көріністің ар жағында ұстаз берген сапалы білім мен саналы тәрбиенің жатқандығы да белгілі. Оған мысал ретінде мына жағдайды айта кеткенді жөн көрдім. Бірде өзіміз оқыған мектеп-интернатта Абай ескерткішінің салтанатты ашылуына жиналдық. Сол шараға аталмыш мектептің түлегі, кезінде еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов ағамыз да келді. Өзіміз ерекше құрметтейтін және аға деп арқа тұтатын Әділ ағамызбен әңгімелесіп тұрған едім. Жанымызға мектеп директоры Мұхтар Ботабайұлы келді де, қазір Орынша апай да келіп қалатынын айтты. Сол кезде Әділ аға маған қарап: «Бекен,жүр, Орынша апайды алдынан тосып алайық» деді. Осы сөзді естігенде ерекше толқып кеттім. Адамның лауазымы қаншалықты жоғары болса, қарапайымдылығы мен мәдениеттілігі де соншалықты жарасып тұрады екен. Кейіннен Әділ ағамыздың Орынша апайға деген құрметінің талай мәрте куәсі де болдым. Қонаққа шақырса, әрдайым төріне жайғастырады. Ауруханаға түсіп қалса, халін білуге барады. Тіпті, сексен жасқа толған мерейтойын да өзі өткізіп берді. Бұндай шәкірт тәрбиелеген ұстазда арман бар ма. Иә, Орынша Жолмұратқызын педагогтардың ішіндегі тұлға дәрежесіндегі деңгейге көтерілген ұстаз десек, артық айтқандық емес. Және де осы айтқанымыздың ар жағында тынымсыз еңбектің ғана емес, тектіліктің де тамыры тереңде жатқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан да бұл сөзіміздің дәлелі ретінде нақтылы мысалдарға жүгінейік. Жалпы, біздің кейіпкеріміздің өмір тарихы «Құрыш қалай шынықты» романының кейіпкерімен пара-пар десек, артық айтқандық емес. Себебі, жоқшылықты да, теперішті де, қуғын-сүргінді де, әділетсіздікті де бір адамдай-ақ көрді. Әрине, тар жол, тайғақ кешудің не екенін оны бастан өткізген адам ғана біледі. Ал енді жақсылық жағына келер болсақ, көргені де, оқығаны да, араласқан зиялы ортасы да мықты адамның бірі және бірегейі осы Орынша Жолмұратқызы. Өйткені, әкесі Ұзақбай Құлымбетов 22-30-шы жылдары еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Орталық атқару комитетінің төрағасы болған адам. 1937 жылғы репрессия құрбандарының қатарында «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілген. Ол кезде Орынша апай бар-жоғы бес-ақ жаста екен. Сол жылдары көрген қуғын-сүргіні мен қиыншылығын ешбір жауына да тілемейді. Жалпы, Ұзақбай Құлымбетов жайлы терең білгісі келген адам «Ұзақбай Құлымбетов» атты материалдар мен құжаттардан тұратын кітапты («Қазақ энциклопедиясы», 2017) оқуларына болады. Ал енді әкеден ерте айырылса да, институтты бітіріп, тұрмысқа шыққаннан кейін Орынша апайдың өмірдегі екінші қамқоршы әкесі біртуар батырымыз Бауыржан Момышұлы болды. Алғаш рет келін болып, сол шаңыраққа түсті. Бауыржан атамыз Орынша апайға келін емес, қызындай қарады. Орынша апай өзінің «Баукеңнің үйінде» атты естелігінде былай деп жазыпты: «Баукеңнің біздің үйге келіп-кетуі, қамқорлығы біздер үшін үлкен бақыт еді. Бір күні Жәкеңнің үйіне (Б.Момышұлының бәйбішесі) келе жатқанда жаңбырдың астында қалдық. Әсіресе, мен суға түсіп шыққан тауықтай сүмірейіп әрі үстімдегі киімім жұпыны болып көрінген болуы керек, Баукең: «Ана қытайдың макинтошы қанша тұрады?» деді Жәкеңе. «100 сом» деді Жәкең. Қалтасынан 100 сом алып маған берді. «Жаңбыр басылған соң макинтош алып ки» деді. Баукең алып берген макинтошты мен көлеңдетіп бірнеше жыл кидім». Міне, осы көріністің өзінен-ақ біртуар батырымыздың Орынша апайға қандай дәрежеде қамқор болғанын аңғару қиын емес. Осы орайда, тарихта Бауыржан Момышұлының үйіне келін болып түскен үш-ақ адам бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ол туралы да айта кетсек, артық болмас. Біріншісі – Орынша апай, екіншісі – Шерхан Мұртаза ағамыздың жолдасы, марқұм Мәриям апай, үшіншісі – Бақытжан Момышұлы ағамыздың жолдасы, есімі елімізге белгілі жазушы және «қазақтың келіні» деген құрметті атаққа ие болған Зейнеп Ахметова апамыз. Зейнеп Ахметова апамыз әлі күнге дейін Орынша апайдың жолын кесіп отпей, алдында басын иіп жүреді. Туған апалы-сіңілілердей сыйласады. Бұған қоса, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев ағамыз да Орынша апайды жақсы сыйлағаны соншалық, туған келініндей алақанында ұстады. Бұлай болатын себебі, Орынша апайдың өмірлік серігі Кәкімжан Қазыбаев Бауыржан Момышұлының үйінде тұрып, батырымыздың «қара баласы» атанған. Ал өз баласы Бақытжан Момышұлын «сары бала» деп атапты. Кәкімжан ағаның Рақымжан Қошқарбаевпен танысуына да себепкер болған Бауыржан Момышұлы батырымыз. Кейіннен Кәкімжан аға Рақымжан Қошқарбаев туралы «Кернеген кек» атты повесті жазып, батырдың беймәлім ерлігін бүкіл әлемге паш етті. Ол кісі белгілі жазушы-журналист қана емес, өмір жолында қатардағы журналистен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы дәрежесіне дейін көтерілген бірінші қаламгер. Орынша апай Кәкімжан аға орталық комитетте бюро мүшесі әрі хатшылық қызметте жүрген кезінде Д.Қонаев, Б.Әшімов, Н.Назарбаев сияқты тұлғалармен дастархандас болып қана қоймай, Димаш Ахметұлы Қонаев пен Бәйкен Әшімұлының да батасын алған адам. Міне, Орынша апайдың кез-келген адамды мысы басып тұратын болмысының және оқығаны мен тоқығандығының, көпті көргендігінің, зиялылығының тамыры осындайда жатыр. Бір қарасаң, екінің бірінің маңдайына жазылмайтын қызықты да қияметті тағдыр, қайталанбас тарих. Сондықтан да кейіпкеріміздің тағдыры қызықтырып, қалам тербейтін адам болса, Орынша Жолмұратқызының бастан кешкен өмірбаяны бір романның ауқымына сыймайды. Бәлкім, тектілік дегеннің теоремасы осындайдан шығатын шығар. Өз басым Орынша апай сияқты ізденгіш, өте еңбекқор, мамандығына жан-тәнімен берілген және шәкірттерінің шексіз сүйіспеншілігіне бөленген адамды көрген емеспін. Себебі, Орынша апайдың педагогикалық еңбек өтілі 57 жыл. 77 жасқа келгенше еңбектен қол үзген жоқ. Ол дегенің материалдық жағынан мәжбүрліктен емес, мамандығына деген адалдығының және еңбекқорлығының нәтижесі. Бүгінгі күні жасы 88-ге толса да, қолынан қаламы мен газет-журналы және кітабы түспейді. Орынша апайдың үйіне барған сайын жазу столында архивтерін ақтарып, бірдеңелерді жазып немесе оқып отырғанын көргенде өзімнің жалқау тартып кететін сәттерім есіме түсіп, бойымды лезде жинап аламын да, ішімнен: «Жасы тоқсанға тақап қалған Орынша апай шарашамай жүргенде, маған не көрінді?» деп қоямын өз-өзіме. Әлі күнге дейін газет беттерінде шығып жататын мақалаларын оқығанда ойының сергектігі мен қаламының ұшқырлығына таң қаламын. Сондай кездерде маған мотивация беріп, бойыма жігер құятын адамның бірі және бірегейі осы Орынша апай. Иә, Орынша апайдың жан дүниесін, ұшан-теңіз білімін, көргені мен көңілге түйгендерін білу үшін ол кісінің «Ұстаз жүгі қашанда ауыр», «Ұстаз бақыты», «Тағдыр», «Жүрек сыры» сияқты кітаптарын оқу керек. Бұған қоса «Ұстаз жүгі: ауыр, қиын, қызық» атты кітабы «Атамұра» баспасының өндірісінде жатыр. Жыл аяғына дейін оқырмандардың қолына тиіп қалуы да мүмкін. Және де кез-келген оқу орнының беделі ұстаздар қауымының мықтылығымен қалыптасатыны ақиқат. Сондықтан да Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің беделін осы дәрежеге көтерген де Орынша Қарабалина, Сара Масина, Нағима Бекмағамбетова, Венера Қуанышбаева, Аршагүл Пралиева, Гүлжаһан Жексембина, Жәдігер Аманжолов,Самат Абдразақов, Сапа Ысқақов, т.б. сияқты ұстаздар. Сонымен қатар, жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай атындағы аталмыш мектептің оқу базасын нығайту керектігі жөнінде нақтылы тапсырмалар бергенін естігенде төбеміз көкке екі елі ғана жетпей қалды. Әуелі, әлі күнге дейін өзімнің қай мектепте оқығанымды білген таныстарым: «А, а, Қарабалина апай сабақ берген мектепті бітірген екенсің ғой» деп қызыға қарайды. Бұл айтқанымызға қоса,өмірден ерте кеткен талантты журналист Жолдасбек Дуанабай марқұм Орынша апай туралы жазған бір мақаласының тақырыбын «Қарашаңырақ Қарабалинамен мақтанады» деп қойыпты. Шынымен де солай. Жасыратыны жоқ, Орынша апай қатардағы мұғалім болса да, беделі мектеп директорынан жоғары тұратын. Сол мектепті басқарған директорлардың барлығы да алдын қиып өтпей, қатты сыйлайтын. Себебі, мектептің мәртебесі үшін оқу ордасында бұндай мұғалімдердің жүргені үлкен абырой екені түсінікті. Сонымен қатар, Орынша апай сияқты беделді ұстаздар жүрген кезде мектеп-инернатқа жөн-жосықсыз тексерулер де көп келмейтін. Алайда, тоқсаныншы жылдардың басында мектеп-интернатқа директор болып келген С. есімді азамат (белгілі себептермен беделін түсіріп, аты-жөнін айтпағанды жөн көрдім) келген бетте тамыр-таныстыққа және заңсыздықтарға жол беріп, ұжымда моральдық-психологиялық ахуал нашарлай бастайды. Және де басшы ретіндегі жіберген ең үлкен кемшілігі – мектептің беделін көтеруге еңбектері сіңген, ұстаздық тәжірибелері мықты және ел алдында беделі жоғары ұстаздарды қудалаудан бастайды. Бұндай әділетсіздікке шыдамайтын Орынша апай жиналыстарда көзі шалған кемшіліктерді ешкімнің бет-жүзіне қарамай, тіке айтып та қалады. Бұл әрине, жаңа басшыға қалай ұнасын. Сонымен қатар, басқа мұғалімдер сияқты басшының алдында құрдай жорғаламайды. Мысының басып тұратыны соншалық, ешкімнің де дәті шыдап, бетіне қарсы келе алмайды. Сондықтан да беделі өзінен асып бара жатқандығын байқаған директор бұндай мұғалімнен тезірек құтылудың жолын ойластырады. Бірақ та мұғалім ретінде жеке басына да, ұстаздық шеберлігіне де қояр кінараты жоқ. Содан бір күні өзінің былыққа белшеден батып отырғанына қарамастан, Орынша апайға зейнеткерлік демалысқа кетуі керектігі жөнінде ұсыныс айтады. Алайда,«Аязби – әліңді біл, құмырсқа – жолыңды біл» деген сияқты, сол сәттемектеп-интернат директоры өзіне-өзі ор қазып отырғанын білмеген еді. Небәрі айналдырған бір-ақ аптаның ішінде абыройы айрандай төгіліп, қызметтен қалай қуылып кеткенін байқамай қалады. Ақырында ол Орынша апайды таниды-ау деген беделді адамдарға телефон шалдырып, кешірім беруін өтінсе керек. Орынша апай болса өмірде әділетсіздіктерді көп көргендіктен, кешірім жасамайды. Кешірмеген себебі, өзінің жеке басының өкпесі емес, білім ордасының болашағын ойлағандықтан еді. Қазіргі уақытта Орынша апайдың алдынан дәріс алу бақытына ие болған шәкірттерінің ішінде билік басында, саясатта, ғылымда, дипломатияда, құқық қорғау саласында, өнер мен шығармашылық жағында, т.б. жүргендер жетерлік. Атап айтсақ, бүгінгі күні Парламенттің Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, генерал-лейтенанттар Әділ Шаяхметов пен марқұм Мәлік Сапаров, генерал-майор Елемес Жаңабергенов, оқу министрі болған Талғат Мамашев, «Егемен Қазақстан» АҚ төрағасы Дархан Қыдырәлі, сол газеттің бас редакторы Айбын Шағалақов, Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай, белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев, Нұржан Өкембаев, Қанат Құдайберген, өнер саласында жүрген марқұм Кеңес Дүйсекеев және Тамара Асар, Ақбота Керімбекова, Тоқтар Серіков, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, т.б. Орынша апайдың шәкірттері. Осылайша, есімі республикаға танымал біздің мектептің бренді осындай мықты ұстаздармен және осындай талантты шәкірттерімен қалыптасты. Қорыта айтқанда, ұстаз мәртебесі шәкіртінің биігімен шарықтаса, жақсы бағбанның жұмысы жайқалған бағымен және шырынды жемісімен бағаланады.Сондықтан да біз педагогиканың бағбаны атанған осындай ғажап адамның бақшасында бапталып өскенімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Бекен Нұрахметов, Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты, кеден қызметінің полковнигі qazaquni.kz