Шетелдегі қандастарға қазақ тілін оқыту мәселелері талқыланды
2020 ж. 30 қазан
1608
0
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 28 қазанда онлайн режімде «Қазақ тілін үйрету: әлемдік және халықаралық тәжірибе» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын бастады.
АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Моңғолия, Ресей, Германия сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақ тілін оқытушы қандастарымыз тұңғыш рет бас қосқан шараны Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов ашты.
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Əділбек Қаба басталған шараның маңызы туралы ой толғады: «Қайда жүрсек те қанымыз қазақ, жанымыз қазақ. Тіл бар жерде қазақ ұлты бар. Әрбір қазақ ана тілін ардақтайды. Өйткені, елге деген махабаттың да, салт-дәстүріне деген құрметі де тілге байлаулы. Әрине, елде тұрып қазақ тілін үйренген бір бөлек, ал туған жерден алыста тұрып жатқан қандастарға тіл үйретудің жөні бір басқа. Осы тұрғыдан келгенде Сіздерге жүктелген миссия – қасиетті де жауапты».
Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ Президентінің кеңесшісі Дидар Болат «Шетелдерде қазақ тілін оқыту курстары бойынша өзекті мəселелер» төңірегінде сөз қозғап, елден тыс жерлерде тұрып жатқан қазақтар үшін қор тарапынан өткізіліп жатқан шаралармен таныстырды, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Курс бағдарламасына сәйкес «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері» тақырыбында баяндама жасап, лексикалық минимумдардың құрастырудың тарихы, оның тіл үйрету ісінде маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді.
«Тіл дегеніміз – сөз. Орыста «язык» деген нәрсе бар, «речь» деген ұғым бар. Біз әлі күнге дейін алдыңғы деңгейінде жүрміз. Жаттанды нәрсе тез ұмытылады. Негізі, тіл үйретуден – сөздік мағынасын үйретуге ауысу керек. Сөздің ұғымдық мағынасы туралы кезінде Ахмет Байтұрсынов айтып кеткен. Мұндай әдіспен үйретіп жатқан елдердің азаматы жат жұртта жылдап жүрсе де, өз ана тілін жадынан шығармайды».
Ұлыбритания Премьер-Министрі мен АҚШ Президенті адамзатқа қатер төндірген алапат соғыста кезінде екі құжатқа қол қойса: алғашқысы – екінші майдан ашу; соңғысы – ағылшын тілін дамыту туралы болыпты. Ербол Ердембекұлы қазақ тілін оқытуды әлемдік тәжірибеге сүйеніп талдады.
Германиядағы Людвиг Максимилиан атындағы Мюнхен университеті Таяу және орта шығыс институтының қызметкері, PhD докторы Гүлсім Масақова «Қазақ тілін шетелдіктерге үйрету тәжірибиесінен» дәрісінде немістерге қазақ тілін үйрету тәжірибесімен бөлісті, қатысымға құрылған, коммуникативтік ұстанымды басшылыққа ала отырып өткізетін сабақ үлгілерін көрсетті.
«Қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда сөйлесім әрекетін ұйымдастыру» тақырыбына баяндама жасаған Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Балабеков лексикалық минимумды тіл үйретудің әр деңгейіне сай ұтымды іріктеудің, сол арқылы студенттің сөйлесім әрекетін қалыптастырудың тиімді жолдарын таныстырды.
Күлимә есімді тыңдаушы: «Өз туған тіліңде ақпарат алған қандай тамаша, әрдайым қазағым жасасын!» – деп ақжолтай тілегін жолдаса, Ресей Федерациясы, Самара қаласының тұрғыны Пелагея Жәнібекқызы: «Бүгінгі дәрістер тамаша болды», – деп шаттана жазды. Бұдан барлық қатысушылардың шараны ұйымдастырушыларға, шетелдіктерге қазақ тілін оқытып, үйретіп жүрген мамандарға өз тәжірибелерімен бөліскендері үшін шынайы ризашылығын аңғаруға болады.