Бекжігіт Сердәлі: Бизнеске айналғалы бері дұрыс ән туудан қалды
2020 ж. 20 қыркүйек
2177
0
– Бекжігіт Кенжебекұлы, асқаралы алпысқа келіпсіз. Құттықтаймыз! Осы жастың бергені жайында кең көлемде айтып берсеңіз?
– Жоғары оқу орны саласында қызмет етіп жүргенімізге биыл жиырма төртінші жыл. Осы жылдар аралығында ұзақ жылдар доцент, кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, директор орынбасары қызметтерін атқардық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кандидаттық диссертациямызды қорғадық. Бұдан өзге ғылымға қосқан еңбегіміз ескеріліп, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының және Аймақтық Менеджмент Академиясының академигі атаныппыз. 2010 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болдық. Мүйізі қарағайдай докторлардың өзі әзер басылатын индексі жоғары халықаралық импакт-факторлы журналдарда он бір мақаламыз шығыпты. Яғни, мұндай журналдарда жарық көрген мақалаңыздан әлемнің кез-келген ғалымы сілтеме алып, өз мақалаларына пайдаланып, ғалым ретіндегі хиршалық индексіңіз көтеріліп отырады деген сөз. Бұдан өзге халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарда жүзден астам ғылыми мақаламыз жарық көріпті. Үш монографиямыз, жоғары оқу орындары пайдаланып оқытып жатқан бес оқулығымыз, отыздан астам оқу-әдістемелік құралдарымыз бар екен. Міне, осыдан екі жыл бұрын ие болған профессорлығымыз осы еңбектеріміздің өтеуі. Шет елде ғылыми дәрежеден гөрі ғылыми атағы бар ғалымды ерекше құрметтейді. Өйткені оның жай қорғала салмай, тәжірибемен, еңбекпен келетінін олар жақсы біледі.
– Сіз сазгерсіз. Бүгінгі күні эстардада айтылып жүрген әндерге көңіліңіз тола ма?
– Әнде кінә жоқ. Ол әр сазгердің төл туындысы. Эстрада да кінәлі емес. Ол әуенді жеткізудің қазіргі заманғы жаңа формасы. Мәселе сол эстрадалық әндердің ұлттық нақышында. Байқайсыз ба, шет елден ән ұрлап, оған қазақша сөз жазып, арзан ұпай жинау тенденциясы қалыптасып барады. Мұндай «жиендікті» Ақылбек Жеменей мен Асқат Тарғындар бастап еді, қазір өздерін қазақ эстрадасының жарық (жай емес) жұлдыздарымыз деп жүрген барлық әншілер бірінен соң бірі жалғап жатыр. Осыдан соң қазақ әуенінде не қадір-қасиет қалады дейсің? Кейінгі жастар шығыс ырғақтары мен латын американдық әуендерге «сусындап» өсіп жатыр. Ертеңгі әуеніміздің қалай боларын бір Құдайдың өзі білсін. Енді елу жылдан кейін Біржан мен Ақандардың әнін естіген немере-шөберелеріміз галактикадан құлағымызға біз естімеген бір әуендер келіп жатыр екен деп таң қалатыны сөзсіз.
Осы «жұлдыз» деген атауды, мадақ па, мақтан ба, әйтеуір, әншілердің иеленіп алғанына қайранмын. Шетелде әнімен әлемге танылған, дүйім ел ауызынан суы құри тыңдайтын Уитни Хьюстон, Джо Дассен, Патрисия Каас, Кэти Перри, Таркан, Мұстафа Сандал, Энрике, Ализе сияқты небір айтулы әншілер бар. Өзіміздің Бибігүлді, Ескендірді, Нұрғалиды алыңыз. Бұған Димашты қосыңыз. Бірақ олар, неге екенін білмеймін, өздерін жұлдыз санамайды. «Жұлдыз аспанда болмай ма?» деп күледі. Ал, біздегі әншілер сахнаға «жұлдыз» деп шақырмасаң, біртүрлі бұртиып қалатын болып жүр. Өзін «ұлы дала баласымын» деп дәріптейтін әншілер де бар. Кейде телевизиялық таңғы шоу бағдарламаларда жүргізушінің есінен шыға бастаса, «мәселен, біз сияқты жұлдыздар» деп есіне салып отыратын әншілер де кездеседі. Сонда бұл не? Қолдан танымалдылық жасау ма? Оның ар жағында той-бизнесіне деген бәсекелестіктің құлағы қылтиып тұр. Қазір тоқтап тұр ғой, әйтпесе тойдың әншілер үшін баюдың негізгі көзі бол¬ғаны қашан. Бұрын ата-әжелеріміз «әртіс деген не, тәйірі... қаңғып көшеде қаласың ғой» деп ұрсушы еді, енді әншіден бай адам жоқ. Байшкештер мақтан үшін сол «жұлдыздардың» әрқайсысын өз тойларына бір пәтердің бағасына жалдап жүр. Сондағы айтатындары 3-4 ән ғана. Әр әні 3 мың доллар, яғни, миллион теңге. Сонда не ұттық? Оның үстіне «жұлдыздар» қатысқан мұндай той соткасын ұстап әншінің соңынан жүгірген тойшылардың фотосессиясына айналады. Құда да, қонақ та жайында қалады. Бас құда – сол әнші! Бұл не? «Ешкі көрсе қуалап жүріп өлтіретін» қала қазағының менталитеті ме?
– Сазгер қандай болуы керек?
– Сазгердің атақ-даңқ қумағаны жөн. Ән оның ішкі толғанысының әуен түрінде құйылған иірімі ғана. «Сұмдық ән жаздым» деп тыңдағысы келмейтін тыңдарманға әндерін тықпыштап жүретін сазгерлер болады. Әннің қандай болмағы алғашқы ноталарынан-ақ белгілі емес пе? 12-14 куплеттік ән жазатын сазгерлерді де білемін. Қысқасы, әннің тыңдарманды мезі етпей, рахатқа бөлегенін қалаймын. Өз басым әлдебiреулер сияқты алдын-ала жоспарлап, тапсырмамен ән жазған емеспiн. «Сүйіктіме», «Ғашығыма» деп ән жаза беретiндер көп ғой. Ән жоспарсыз, жүрек әмiрiмен тууы тиiс. Ал жүректiң ән туғызуы өте сирек. Содан да болар, менде ән аз. Осы «менiң пәлен жүз әнiм бар» дейтiндерге таң қаламын. Ел айтпаған ән – ән емес. Кейде менен «қанша әнiңiз бар?» деп сұрайды. Мен ел iшiнде айтылып жүрген әндерiмдi ғана есепке алып, сонша әнiм бар деп жауап беремiн.
– Журналистикаға жастарды дайындап жүрген маман ретінде мына сұраққа жауап беріңізші. Жалпы бүгінде елімізде журналистика саласында жастарды арнайы университетте оқытудың қажеті жоқ деген пікір айтылып жүр. Бұған қалай қарайсыз?
– Мұндай пікірді шығарып жүргендер – телеарналардан түспейтін өнер адамдары. Олар егер жоғарыдан «бүгіннен бастап әркім өзінің базалық білімімен ғана жұмыс істесін» деген пәрмен түссе, журналистер жұмысымызды тартып алып, жұмыссыз қаламыз ба деп қорқады. Қайран көрермен... сол телеарналарда жылтырып отырғандардың әртістер екенін, олар екі сөздің басын құрай алмайтын болғандықтан, журналистер дайындап берген мәтіндерді суфлерлерден ежіктеп оқып отыратынын білмейді-ау деп ойлайсың кейде. Журналистиканың синкретті, көп салалы ғылым болғаны қай заман. Оны университеттерде төрт жылда оқытып тауыса алмайсың. Ал бұлар екі айлық курстармен маман журналист дайындағысы келеді. Парадокс!
– Соңғы кезде не жазып жүрсіз?
– Жақында әлеуметтік желілердегі жазған-сызғандарымыды жиып, «Сөз айттым, құлақ ассаң...» деген кітапты баспаға бердім, шығып қалар. Енді «Медиа меридианы» деген әлгіндей журналистиканың қыр-сырын тани алмай жүргендерге арналған арнайы құрал жазуды бастадым. Келер жылы шығып қалар деген үміттемін.
– Ел ішінде өнер адамы болу үшін Алматыда тұру керек деген бір қағида бар. Түркістанда жүріп талантыңызда таныта алмай жүрген жоқсыз ба?
– «Өнер – өріс таңдамайды» деген тәмсіл бар. Жұрт сияқты «Алматы, Астана» деп арман қумай, ауылда – туған жерімізде қарапайым тірлік кешіп жатырмыз. Дегенмен, үлкен қалалардағыдай емес, мұнда сені ешкім елемейді екен. Алматы мен Астанада – басқаша. Мәдениеттің тұтқасын ұстап отырғандардың өздері айтулы даталарды жоспарға енгізіп, сенімен байланысып, әйтеуір атаусыз қалдырмауға тырысады. Содан ба, ондағы өнер адамдарының шабыты ерек. Көңіл бөлініп жатқан соң, тіршілік жасауға асығады. Кейде «ауыл елемеді ғой, үлкен ауыл қалай екен?» деп Алматы жаққа көз тіксең, онда да ат төбеліндей белгілі бір топтың өнер тізгінін мықтап ұстап отырғанын байқайсың. Сахна да, телеарна да солардың шылбырында. Барғаныңмен бос әурешілік, олардың «худ-советі» тек таныстарына ғана жұмыс істейтін сияқты.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Мендегі жоспар Алланың қалауымен болады. Ойда көп нәрсе бар, тек уақыт керек.
– Әндеріңіз әлемнің көптеген тілдеріне аударылып орындалып жүр. Авторлық құқық немесе қаламақы талап етпейсіз бе?
– Ән сату – өнерді сатумен бірдей деп ойлаймын. Байқайсыз ба, ән бизнеске айналғалы жөні түзу ән туудан қалды. Өйткені әнге тапсырыс берген әнші оның ұлттық болмысынан гөрі ырғақтылығына, биге ыңғайлылығына, шығыстық иіріміне ғана көңіл бөледі. Ал мен әннің ұлттық нақышын бірінші кезекке қоятын адаммын. «Бесік», «Текемет», «Аман жүрші, ауылдың адамдары», «Шашбаулым», «Әкем-Анам» сияқты әндер сол мүддеден туған. Қазір шоу-бизнесті (дұрысы, той-бизнесті) желеу етіп байып жатқан әншісымақтар көп. Ал оларға ақша жылдам келу үшін иық жұлып жер мағынасыз әндер тиімді. Осы кезге дейін ән сатқан да, әншілерді қуалап ән берген де адам емеспін. Өздері қалап алып жатса тегін бере салғанды жөн көремін. Авторлық құқық қоғамына мүшемін. Бірақ, жоғарыда айттым ғой, әншілер әр әнін миллион теңгеге пұлдайтын болса, сол әндерді жазған біздердің үлесімізге тиетіні – сол әнші айтатын өз әнімізді ақы төлеп өңдеп беру, клип түсіріп беру, сахнадан шығуы үшін продюсерлермен сөйлесіп, қаламақысын төлеп отыру... Ал авторлар қоғамының бір әніміздің орындалғаны үшін беретін қаламақысы – 200 теңге ғана.
– Әлеуметтік желі, ғаламтор шыққалы елдегі газет-журнал, кітап оқу ісі кенжелеп келеді? Болашақ журналистерді дайындап жүрген маман ретінде газет, журнал, кітап болашағын қалай бағалайсыз?
– Жастардың кітап оқымайтыны рас. Кезінде Абай атамыз: «Барлық білім – кітапта» деген еді, қазіргі жастар «барлық білім – интернетте» дейтін сияқты. Фейсбук, ВК, Инстаграмм дегендер кітап оқуға жұмсалатын алтын уақытты қисапсыз жеп жатыр. Жылтырақ экраннан көзі домбығып іскен жастар кітап оқымақ түгілі, басы мең-зең болып, үй шаруасына да зауқы жоқ. Бұл таяу арада экология, нашақорлық, лаңкестік сияқты жаһандық қауіптермен қатар айтылар проблемаға айналуы әбден мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қайрат Зайнышев.
Кентау қаласы.
qazaquni.kz