Атамекен аңызы мен ақиқаты
2020 ж. 24 тамыз
2502
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» дегені мәлім. Оқырман назарына ұсынылатын төмендегі дүние сол қастерлі туған жер тақырыбына арналады.
Мақтаныш пен мақтаншақтық
Бір кездесуде атақты Асқар Сүлейменовтен залда отырған бір қыз «Ағай, сіз Шымкент облысынансыз ба?» деп сұрапты. Асекең жұлып алғандай: «Жоқ, мен Созақтанмын!» дейді. Сонда әлгі қыз: «Дұрыс қой, Созақ Шымкентке қарамай ма?» десе, «Жоқ, Шымкент Созаққа қарайды» деген екен. Бұл сөз ел арасында әртүрлі формада әрқилы айтылып жүр. Қалай десек те, мұндай сөздің Асекеңнен басқа адамның аузынан шығуы неғайбіл. Әйтпесе, осындай әңгіменің талай рет орайы келген тұста мен неге айтпадым мұндай сөзді? Басқалар неге айтпады?
«Мен» деп өзімді ерекшелеп, әдейі көрсетіп тұруымның басқалай себебі бар. Студент кезде бір-бірімізбен танысудың басы «Сен қай жақтансың?» деген сұрақтан басталатын еді ғой, сонда бірі: «Хан емессің, қасқырсың!..» деп зуылдатып өлең оқып барып, «Сол өлең айтылған жер – Ордаданмын!» дейтін. Екінші бірі болса: «Қарасаз, қара шалғын – өлеңде өстім...» деп бастайтын. Бұйығылау жүретін мен болсам, әдеттегі қарапайымдылығымнан танбай, жай ғана «Сығанақтанмын» дейтінмін. Міндетті түрде «Ол қай жер?» деп сұрайтынын білемін. Тіпті, ішімнен солай сұраса екен деп тұратынмын да. Мақтанған соң, дұрыстап тұрып мақтанып қалайын деген ой шығар ішімдегі. Сондағы өзімнің білетінім де көп нәрсе емес еді. «Қазақтың алғашқы астанасы болған жер» деймін, немесе тани қоймас деген дүдәмалдау оймен «Әл-Фараби сияқты әл-Сығанақи ақын шыққан жер деймін».
Басқа облыстарда өндірістік тәжірибе жұмыстарында жүргенде, мақаламның соңына «Әл-Сығанақи» деп жазып, жариялап та жүрдім. Ауылым жайында өзім де аса көп дүние біле бермейтінмін, өйткені тарихта бұл жайында көп айтылған емес. Бар білетінім ауылдағы көргені көп, білгені көп кісілердің аузынан естіген, сосын Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов сияқты үлкен жазушылардың кітаптарынан оқыған детальдарым ғана еді. Дегенмен, сол кезде оның өзі де бірталай дүние сияқты көрінетін. Тарихта көп айтылмаған, жазылмаған жерде, мұның өзі жоқтан жақсы ғой. Тыңдайды-ау дегендерге жыр ғып айтып беретіндей сөзім бар болатын. Ол кезде жоқты бардай, барды нардай етіп көрсетіп, мақтануға бейім тұратын мақтаншақтығымыз басым еді ғой. Дегенмен, көбірек іздене келе, мақтаншақтықтан арыла бастадық, оның орнын мақтаныш сезімі билей түсті. Енді ше, қазақтың алғашқы мыңдығы жасақталып, ту көтерген жері Сығанақ болса, қалайша мақтаныш етпейін! Жастау кезімізде осындай көңілде жүретініміз рас еді. Ал қазір нақты істің заманы болған соң, атқарылып жатқан шаруалар ғана мазалайтын болған. Бүгінде мені ғана емес, көп жұртты Қазақстанның тарихына қатысты мәселелер, тарихи жәдігерлер, сондай-ақ елдік, ұлттық тұрғыда атқарылып жатқан ауқымды істер көбірек қызықтыра бастады. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты атап өту шаралары қолға алынғалы бері көпшіліктің көңілі бір жасап қалғандай болды. «Баяғы қойымызға қайта оралайықшы» деген сөз бар еді ғой, қазақтың алғашқы астанасы атанған Сығанақ қаласы туралы зерттеуші тарихшыларымыздан, оқыған тарихи мәліметтерден алынған деректерге сүйеніп, бүгінгі әңгімемізді өрбітіп көрейік.
Археологтар арпалысып жүр...
Кейінгі кезеңдерде Сығанақ қаласы мен әл-Сығанақи тарихына дендеп көңіл бөліне бастады. Құм жұтқан қалалардың бірі болып ұзақ жатқан шаһардың қазір, тіпті, топырағы аршылып, алғашқы бет-бейнесі қалпына келтіріліп жатыр. Бұл орайда қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің басшысы болып жүрген кезінде ұйымдастырып, Сығанаққа арнайы археологиялық зерттеулер жасатуы жақсы жалғасын тауып келеді. Барлық істің бастауына бір адам түрткі болуы керек қой.
Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде ашылған Археологиялық орталықтың жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев қызу кірісіп, Трояны іздеген Шлиман секілді дала кезіп, жер қазып, көне қаланың сарқыншақтарын жер бетіне шығара бастаған. Біраз дүние қайта қалына келіп те жатыр. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та Сығанақтың басына арнайы барып, Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынған бұл іске үлкен көңіл бөліп келеді.
«Болса тәңірім екінші өмір қиғандай,
Сығанақта көз жұмар еш қиналмай», –
деп Һысамиддин әл-Сығанақи (ХІІ-ХІІІ ғғ. аралығында) жырлағандай күйге жету үшін әлі ерте, әрине. Белгілі шығыстанушы ғалым, көне жазба жәдігерлердің білгірі Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз жазғандай, «Бұл арман ғалымның Сығанақ қаласының ХІІ-ХІІІ ғасыр басында қандай гүлденген қала екендігін көрсетіп тұр. Үзінді келтірілген еңбекте Сығанақ қаласының атақты қала екендігі, бұдан Дешті Қыпшаққа қарай жол шығатындығы, одан қалаға қымбат бағалы бұйымдар келетіндігі, не келсе де алдымен осы қалаға келетіндігі жырланады. Ал қаланың Түркістан қаласы мен Дешті Қыпшақ арасында орналасқан, шекаралық қала екендігі, тұрғындарының тыныштықта қауіпсіз бейбіт өмір сүріп жатқандығы суреттеледі. Қала ғұлама ғалымдар тұратын ғылым ордасы еді деп Һысамиддин армандайды».
Бұл қала Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылынан 1,5 шақырым батыста орналасқан, оның оңтүстік жағынан Түркістан-Қызылорда тас жолы жанап өтеді (қазіргі Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы). Бұл жол баяғы Ұлы Жібек жолының ізімен салынған. Міне, осындай тоғыз жолдың торабында жатқан Сығанақ қаласының ғұмыры сонау орта ғасырдан басталған. Қала ғұмырының дәл қай ғасырда басталғандығын дөп басып айту қиын. Өйткені, оған археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген, тек үстінен теріп алынған көзелердің сынықтарына қарап V-VІ ғасырларда өмір басталған деген жорамал айтылып жүр. Қала тарихына қатысты зерттеушілер дерегі осылай қысқа ғана қайырылып тұр әзірге.
Былтырғы еңбек демалысы кезінде ауылыма барып, Сығанақтың айналасын асықпай аралап, басында жұмыс істеп жүрген археологтармен әңгімелесіп қайттым. Жұмыс баяулау жүріп жатқандай көрінді. Оның да өзіндік себеп-салдарлары бар. Дегенмен, сол археологтардың өздері жасаған мәліметтерге сүйеніп, не атқарылды, не нәрсе кешеуілдеп жатыр деген сауалдарды қозғап көрейік.
«Қалаға жүргізілген қазба жұмысына байланысты оның шығыс жағындағы қақпасының алдындағы зерттелген мешіт-медресе, сағанаға жеке тоқталуды жөн көрдік. Біздің алғаш Сунақ ата мешіті ме? деп жүрген мешітімізді археолог Е.Смағұлов «мүрдехана» деп отыр. Өйткені, оның жанынан сағана ашылды. Шындығында, ол алғаш мүрдехана болып, кейіннен мешіт-медресеге айналған тәрізді. Оған мүрдехананы жапқаннан кейін айналдыра төрт бұрышынан сегіз бөлме салынып, михраб жасалған. Бұл туралы жеке тоқталамыз.
Сонымен, басты бір көңіл бөлетін мәселе – кесененің ашылуы. Жазба деректерге қарағанда, қалаға Ақ Орданың орталығы болып тұрған кезде Сасыбұқаның баласы Ерзен хан билік жүргізген (1320-1321-15.V-1344-4.V 1345) және осы көрсетіліп отырған деректе Ерзен хан Сығанақты көркейтіп Сауран, Отырар, Баршынкент, Жент сияқты т.б. қалаларды абаттандырып мешіт, медресе салған деп жазады. Ал өзі осы Сығанақ қаласында жерленген дейді. Сондықтан да, біздің ашып отырған кесенеміз сол Ерзен ханның кезінде салынғандығына ешбір күмән болуы мүмкін емес. Алайда, Ерзеннен кейін хан болған оның баласы Мүбарактың кезінде Сығанақ қаласының жағдайы біраз нашарлайды. Бірақ, Шымтай мен Ұрыс хандардың кезінде Ақ Орданың жағдайы жақсарып, Сығанақ қаласы қайта гүлденген. Оның басты көрінісі Ұрыс хан саяси жағынан бытыраңқылыққа түсе бастаған Алтын Орданың ханы болуға тырысып, Сарайда хандықты жүргізе бастаған. Бұдан байқалатыны оның тұсында Сығанақ қаласы экономикалық жағынан күшейгендігін көреміз.
Ал кесіндіден алынған материалдар ХІV-ХV ғасырларда қаланың жақсы өмір сүргендігін көрсетеді. ХV ғасыр аяғында ХVІ ғасыр басында қаланың гүлденген кезі жайлы Фазлаллах Ибн Рузбиханның хабарынан анық байқауға болады. Ортағасырлық Сығанақ қаласында 2009 жылдан бастап А.Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының Сығанақ археологиялық экспедициясы (жетекшісі – т.ғ.д., профессор С.Жолдасбаев) Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кең көлемді қазба жұмыстарын бастады».
Алғаш рет қазақ туы қайда көтерілді?
Елбасы бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміз көлемінде атап өтілгелі тұрған тұста әрі тарт та, бері тарт жасаудың, әрине, түкке керегі жоқ. Бір-екі жыл әрі болар, екі-үш жыл бері болар, мәселе дәл сол күнді тауып, сол кезде ғана атап өтуде емес, болған жәйттің нақты тарихи факті екендігін төрт құбыламызға түгел әйгілеуде жатса керек. Мұны кейбір әлеуметтік желілерде, тіпті баспасөзде жарияланып қалатын осы тұрғыдағы мақалаларға байланысты әдейілеп атап айтып кетіп отырмыз. Әйтпесе, ұзындығы – күншығыстан күнбатысқа дейін, ені – оңтүстіктен солтүстікке дейін созылып жатқандай көрінетін кең даламыздың өзіне сай тарихымыз да бай, бірақ біркелкі болмай тұрғаны рас. Әркім өзі тапқан деректерге жүгініп қана болжам жасап жатқандай көрініп тұрады.
Кең даламыздың әр түкпірінде әр кезде, кейде бір мезгілде болған, тіпті ұқсас тарихи оқиғалардың кісіні шатастыра түсуі де ғажап емес. Оның үстіне, кезінде бұрмаланып көрсетілген, адамды алжастыратындай фактілер де жетіп артылады. Оған бір ғана нәрсені айтып кетсек те жеткілікті болар дейміз.
Шыңғыс хан тарих сахнасына шықпай тұрғанда кездеспеген «маңғол» сөзі ол тұлға бола бастағаннан кейін айтыла бастауының сыры және сол маңғолдардың (орысшадағыдай «моңғол» емес) бәрі түркі тілінде сөйлескендігі, ал қазіргі Монғолиядағы жұрттың тілі ол тілге сәйкес келмейтінінің өзі көп нәрсені қайта қарауды талап етпей ме?
Қазіргі таным бойынша Керей мен Жәнібек хан бастаған қазақ өзбектен бөлініп шығып, Шу бойына келіп, жеке шаңырақ көтерген. Олар бұл жерге қайдан келді және оған дейін олар кімдер еді деген сауалдар, көбіне, нақты жауапсыз қалып жатады. Енді мына деректерге көңіл бөліп көрейік.
«Белгілі ғалым Зардыхан Ғинаятұлы «қазақ мемлекеттігі Ақ Орда хандығынан басталады. Өйткені, оның халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ ұлтын құрап отырған байырғы тайпалар (Үйсін, Қаңлы, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Жалайыр қатарлы) құрады. Жошы ханның ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың шаңырағын көтерген алғашқы дербес билеушісі, Қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) болып танылады» деп көптен бері айтып жүр. Ал, Қазақ мемлекетінің алғашқы ресми әскері – «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында, Сығанақта жасақталды. Мыңдықтар ақ-қара ту ұстап «Алаш» деп ұрандап жауға шапты, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғады дейді». (baq.kz, Астана. 8 қараша, 2012 ж.).
Зардыхан Ғинаятұлының айтуынша, тарихта Сыр бойы қалаларының қатарында Сығанақ қаласының маңызы бөлекше. Сығанақ қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болған. Қала 982 жылы салынған деген дерек «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атауымен алғаш белгілі болды. Мұнда протоқазақтық Қимақ мемлекетінің далалық аймақтары мен қалалары туралы жазылған (Бартольд В.В. Худуд ал-Алам. Рукопись Туменского Л. 1930). Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені, Сығанақ ХІІ ғ. соңы ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол – ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазады. Хорезм шах Атсыз (1127-1154жж.) және Ала ад-Дин Мухаммед дінсіздерді бағындару үшін Сығанаққа бірнеше дүркін жойқын жорықтар жасап, ақыры Сығанақ билеушісімен бейбіт келісімге келді. Нәтижесінде Сығанақ Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген қалалардың біріне айналды. «Худуд-аль-Аламда» Сығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылатыны туралы жазылған. Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның тұсы (1309-1315). Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құю ісі жолға қойылды. Ол кезде хандарының атында ақша соғу деген биліктің дербестігін көрсетеді. Ерзен хан 25 жыл билік құрып 1344/1345 жылы дүние салып, Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы хан – Орда Ежен әулетінен тараған ақордалық ақсүйектерді жерлейтін ата қорыққа айналды.
Мүбәрәк-Қожа кезінен Ақ Ордада басталған бүліншілік 16-17 жылға жалғасты. Тек, 1351-1361 жылдар аралығында Орданың 8 ханы өлтірілді. Бүліншілік 1361 жылы Орда тағына Шымтайұлы Орыс ханның келуі арқасында тынышталды. XIV ғ. екінші жартысында Ақ Орда мемлекетін «Орыс хан ұлысы» деп те атаған. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ -қарала ту алып жауға шапты. Орыс ханның атында ақша соғылды. Сығанақ жұрты тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Ш.Уәлиханов және А.И.Левшиндер Орыс ханды «Алаш хан» деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес (Валиханов Ч.Ч. Собр.соч., в пяти томах. Т.2. - С. 160-161; Левшин А.И. Описание киргиз-казчьих или киргиз-кайсакцких орд и степей. 4-1. - СПБ, 1832. - С. 274-275;). Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады. Сондықтан, Алаштың астанасы Сығанақты – қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар.
Құм жұтқан қалалар туралы ізденістер әлі де жалғаса беретіні белгілі. Дегенмен, қолға түскен мәліметтерді бір арнаға түсіріп, үзілісі жоқ тарихымызды қайта жасау кезек күттірмейтін іс болып тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау осындай келелі мәселелерге тағы бір қозғау салады деген ойдамыз.
Дүниеге кім келіп, кім кетпеген...
- Тарих қалай жазылу керек? Ел тарихы, жер тарихы сол дәуірде билік жүргізген тұлғаларға байланысты айтыла ма әлде сол дәуірде сол жерді жайлаған халыққа байланысты өрби ме? Тұлғаларға байланысты жазылуы тиіс дейін десеңіз, біздің қазақ атамыз жайлаған қала мен далаларда сол кездегі саяси жағдайларға байланысты неше түрлі билеуші үстемдік құрғандығы еске түседі. Сонда, осы дала мен қала сол уақытша билік еткен хандар мен әмірлерге тиесілі болғаны ма? Бізді 70 жыл бойы Мәскеу билеп, үстемдік етті, бірақ біз Ресей емеспіз ғой... Бұрынғы тарихымызда да үстемдік еткісі келгендер аз болған жоқ. Бұрынғы-кейінгі тарихи деректерде қазақтың аты аталмай қала беруінің себебі осында жатқан жоқ па екен? Әрі-беріден соң, қазақ деген аттан бұрын, осы халықтың ру-тайпалары, яғни заңды ата-бабаларымыз мекен еткен жердің тарихы біздің тарихымыз емес пе?
Сығанақ қаласының айналасын ежелден мекендеп келе жатқан ата-бабаларымызға қатысты деректер аз емес. Алпамыс батырдың Гүлбаршыны да осы маңға таяу жерде, Көккесенеде жерленген. Мұндай батырларымызды басқа жұрттар иеленіп жатса, жәй ғана пысықтығы болар, әйтпесе бір замандарда өзбек деп аталған қандастарымыздың бәріне жуығы қазіргі Қазақстан жеріне сол замандардан бастап-ақ оралып алған. Басқа жұрттың көңіліне қараған дұрыс та шығар, бірақ заман өзгерді, талап өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Өз еншіміздегі дүниені өз тарихымызға әкелгеннің несі айып? Шыңғыс хан тарихына қатысты да осыны айтуға болады. Сығанаққа қатысты тарихшылар деректеріне сәйкес жасалған мына тізім назар аударуға тұрарлық. Билікке кім келіп, кім кетпеген дейміз, ал сонда сол жерді жайлаған жалпы халық кімдікі болғаны? Жалпы, ел тарихын жазғанда, айтқанда өзге жұрттың тілін, солардың транскрипциясын пайдаланбай, өз тілімізде, жатық айтып, қазақша жаза бастасақ болмай ма? Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тек тойлау ғана емес, осындай жәйттерді ойлау болса екен дейміз.
1219 жылдан – Сығанақты моңғолдар басып алғаннан бастап, оны билеушілердің тізімі
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Ақпарат саласының үздігі.
qazaquni.kz
№ | Билеушінің аты-жөні | Хандық атауы | Өмір сүрген уақыты | Сығанақты билеген кезі |
1 | Ичан-Орда | Ақ Орда | Белгісіз –1252 | Белгісіз –1252 |
2 | Сарғақтай хан | Ақ Орда | Белгісіз-Белгісіз | 1252- Белгісіз |
3 | Көнішен хан | Ақ Орда | Белгісіз-Белгісіз | Белгісіз-Белгісіз |
4 | Сасы-Бұға | Ақ Орда | Белгісіз - 1310 | Белгісіз - 1310 |
5 | Эрзен хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1321 | 1310-1321 |
6 | Мүбарак қожа хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1345 | 1321-1345 |
7 | Шымтай хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1360 | 1345-1360 |
8 | Қымтей хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1361 | 1360-1361 |
9 | Орыс хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1378 | 1361-1376 |
10 | Тоқтақия хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1378 | 1376-1378 |
11 | Темір Мелік хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1379 | 1378-1379 |
12 | Тоқтамыс хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1405 | 1379-1405 |
13 | Қорайшақ хан | Ақ Орда | Белгісіз-Белгісіз | Белгісіз-Белгісіз |
14 | Барақ хан | Ақ Орда | Белгісіз - 1428 | 1426-1428 |
15 | Әбілқайыр хан | Өзбек хандығы | 1412-1468 | 1428-1468 |
16 | Шах-Қайдар хан | Өзбек хандығы | 1468- Белгісіз | Белгісіз-Белгісіз |
17 | Әбу-ль-Фатх Мұхаммед Шайбани ибн Шейх Будақ | Өзбек хандығы | 1451-1510 | Белгісіз-Белгісіз |
18 | Бұрындық хан | Қазақ хандығы | Белгісіз – 1511 | Белгісіз -1511 |
19 | Қасым хан | Қазақ хандығы | 1445-1518 | 1511-1518 |
20 | Мамаш хан | Қазақ хандығы | Белгісіз -1523 | 1518-1523 |
21 | Тағыр хан ибн Әдік | Қазақ хандығы | Белгісіз -1526 | 1523-1526 |
22 | Наурыз Ахмет хан | Қазақ хандығы | Белгісіз -1535 | 1526-1535 |
23 | Бұйдаш хан | Қазақ хандығы | Белгісіз -1537 | 1535-1537 |