БІР МЕДАЛЬДІҢ МҰҢЫ
2020 ж. 11 тамыз
1923
0
(ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ)
– «Мен де Құдайдың жаратқан құлымын» - демекші, мен де үкімет немесе беделді қоғамдық ұйымдар тағайындайтын марапаттаудың ерекше белгісінің бірі – медальмін. Аты-жөнім – «Қазақстаннның Тәуелсіздігіне – 20 жыл» болады.
Алдымен аздап мақтанып алайын. Тәуелсіздікті ғасырлар бойы аңсап келген қазақ жұрты үшін менің жөнім мүлдем бөлек. Басқа мерекелік медальдарға қарағанда беделім әлдеқайда жоғары екенін шынында мақтан тұтамын. Мені төсіне жарқыратып тағып, көпшіліктің алдына бір шығып, көрініп қалуды армандайтындар да жетерлік. Бірақ мұндай бақыт бәріне бірдей бұйырмаған. Еліне еңбегі сіңген, түрлі салада үлкен табыстарға қол жеткізген азаматтарға ғана лайықтымын.
Тағдырға айтар шағымым жоқ, керісінше ризамын. Құжатыма белгілі журналист, талантты жазушы, республикалық «Қазақ үні» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Құлтөлеу Мұқаштың есімі жазылғанда қуанғанымды көрсеңіздер! Анау-мынау емес, елге танымал азаматттың төсінде жарқырап жүргенге не жетсін, алғашында өзге әріптестеріме жоғарыдан қарап, мұртымнан күлгенімді де жасыра алмаймын. Сөйтсем ерте қуаныппын. Салтанатты түрде өткен марапаттауға белгілі себептермен келе алмаған иемді бір көруге зар боп қалдым. Міне төрт жылға таяп қалды, Құлтөлеу ием мені ұмытып кеткен секілді. Белгілі ақын Қазыбек Исаның қоржынын жалға алып жатырмын. Қазыбек көкемнің де қолы тие бермейді, қызмет бабымен көбінесе елордада жүреді.
Иесінің төсінде жарқырап, түрлі суреттерге түсіп жырғап жүрген әріптестерім «Төрт жылда иесін таппаған қаңғыбас» - деп енді сыртымнан күлетін көрінеді. Маған тап болған иемнің марапат атаулыға мән бермейтін, тым қарапайым болғанына мен кінәлімін бе?! Құлтөлеу Мұқашты көре қалсаңыздар айта салыңыздаршы, кеудесіне тақпаса да толып жатқан марапаттарының қатарына қосып қойсын. Ертеңгі күні немере-шөберелеріне басымнан өткен осы тарихымды өз ауызыммен айтып беремін...
Медальдің мұңын жазып алған – Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні