Күлайна Оразбекқызы. ӘКЕГЕ ХАТ
2020 ж. 27 шілде
2028
0
Әкем Оразбек Сәрсенұлына жазған хатымда әкемнің 1969 жылы Жетісай ауруханасында өмірінің соңғы күндері, балаларына өсиет етіп жазған көк дәптердегі жазбаларынан үзінді келтірдім.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Шырын шербет, шекер бал, бауыр етімнен жаралған балапан балаларым: Орынбек, Шахзада, Мейірбек, Күлжайна, Жандарбек, Батпа, Нұржайна, Тұрлыбек және Күлайна шырақтарым! Мен сары кесел деген сырқатпен қатты ауырып, Жетісай ауруханасында жатырмын. Жазылып кетемін деп те айта алмаймын, жазылмай кетемін деп те айта алмаймын. Әйтеуір жаратушының өзі біледі.
Жерден шымалай шымшығандай болып өсірген төрелерім, сендердің алдарыңда қалбақтап тірі жүргенімде сендерге берер тәрбием көп еді. Бәріңді де қатарыңнан кем қылмай өсіріп, ұлымды ұяға, қыздарымды құтты жерге қолымнан қондырсам ешқандай арман бола қоймас еді.
ӘКЕГЕ ХАТ
Жан көке, жатқан жеріңіз жайлы ма? Жамбасыңызға тас батты-ау? Сіздің мәңгілік мекеніңізге аттанғалы да жарты ғасыр уақыт өтіпті. Мен ол кезде бір жасқа да толмаған бесіктегі сәби едім. Сіздің суреттеріңіздегі өте сымбатты түр-тұлғаңызға сағаттап қараған күндерімді санасам сан жетпес. Мен сәл ес жиған кезде кеткеніңізде ғой деп армандағанымды да жасыра алмаймын. Бірақ, өзіңіз айтқандай «Жаратушы Хақ тағаланың дегеніне қарсы келген кім бар?».
Көке, сіз қатты ауырып, төсек тартып жатқан кезіңізде жазған өсиет-дәптеріңізді мен мұқият сақтап жүрмін. Өмірде қатты қиналған сәттерде қолыма алып әрбір сөзіңізді ежіктеп оқимын. Жазбаларыңыз маған көп күш-қайрат береді. Ал, қиналған сәттерім аз болған жоқ. Бірақ, жүрегімнің түбінде бір ғана серт тұрды. Ол «Мен мықтымын. Өйткені Оразбектің қызымын! Әкемнің атына кір келтірмеуім керек!» деген серт еді.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Орынбек жан шырағым, егер де осы дерттен олай-бұлай болып кетсем менің орнымды басасың. «Он бесте отау иесі» деген біздің қазақ. Шүкір, он бесте емес он сегізге келдің. Оң-солыңды танып қалдың. Аз да болса әкеңнің өсиет сөздерін есіттің. Мен әкемнен он жасымда қалғанмын. Әкем дүниеден өтердің алдында 1933-34 жылдары ашаршылық болған. Аталық мейірімін салып отырып ақыл айтудың орнына біздерді қайтіп асыраймын деп Қызылқұмның құлазыған елсіз жерінде екі
қақпанды иығына салып арқалап, киік ұстап, етіменен бізді асырап, 1935 жылы ел тойыншылық болғанда қазіргі Шымқорған мал совхозының арғы тау жағында Алтықұдық деген құдықтар бар. Сол алты құдыққа түсіп өлді.
Ал, сен олай емес. Қазір 10 класты бітірейін деп отырсың. Үстіңде киімің бүтін. Тамағың тоқ. Электр жарығы жарқыраған ақ тамың бар. Тұрмысың болса біреуден ілгері, біреуден кейін, жаман емес. Дүниеден армансыз өткен пенде жоқ. Біз де соның біріміз. Қанекей, сендердің балаларыңды оң тіземе отырғызып, төбесінен иіскесем. Бәрің үлкенді-кішілі мені қаумалап отырғандарыңда, аталық мейіріммен сендерге ақылымды айтып отырсам – ай жарылқап, күн туар еді.
ӘКЕГЕ ХАТ
Сіз қайтыс болғаннан кейін бір күні мектеп директоры Шахзада мен Мейірбекті кабинетіне шақырып алып,
– Мына киімдерді алыңдар, сендерге мектептің берген көмегі, - депті. Екеуі киімдерді алмай, үйге жылап келеді. Апам сол күні мектепке барып:
– Менің балаларым жетім емес, балаларымды ешкімнің көмегінсіз өзім жетілдіремін, оқытамын, қатарынан кем қылмаймын. Екінші рет оларға бұндай көмек көрсетпеңдер, балаларымның намысына тимеңдер!, – деп айтып келіпті. Содан кейін бізге мектеп тарапынан ешқандай көмек берілмеген.
Апам Оңалай өте ақылды, еті тірі, салиқалы сөзі бар, көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді ғой. Әрине, 9 баланы оқытып, жетілдіру оңай болған жоқ, қиындық та, жоқшылық та болды, бірақ ешкімге қол жаймай, ешкімге мұң шақпай, сіздің орныңызды білдірмей, қияға қызын, ұяға ұлын қондырды. Жасы сексен беске келіп қайтыс болды.
«Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деп қазақ бекер айтпаған. Сіздің тәрбиеңіз бен мейіріміңізге тойып өспесек те, қысқа ғұмырыңызда айтқан сөздеріңіз, жүрген жүрісіңіз, адамдармен қарым-қатынасыңыз, қамқорлығыңыз бен тәрбиеңіз біздің өмір жолымызға үздік үлгі, үлкен мектеп болды.
«Әке көрген – оқ жонар» демекші, ағам Орынбек мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Бішкектегі политехникалық институтта оқып жатқан жерінен сабағын сырттай оқуға ауыстырып, сіздің жұмысыңызды жалғастырды.
Әкенің иығына асылып, алып кеудесінде еркелеу бақытын біздің маңдайымызға жазбаған екен. Сіз қайтқанда жасөспірім балаларыңыз қазір немере сүйген, самайын ақ басқан ата-әжелер. Барша ұл-қыздарыңыз өз орталарында үлкен сый-құрметке бөленген азаматтар. Бәріміз бас қосқанда алдымен сізді еске аламыз. Сізге құран бағыштаймыз.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Орынбекжан! Есіңде ме, сені алып «ИЖ-49» мотоциклмен түскен сурет. Сонда сен Тұрлыбектің, ал Шахзада Күлайнаның жасында еді. Бұл 1954 жыл еді. Осы жылдары құмда Байсақал дейтін жетіжылдық мектепке директор болып көшіп барғанымызда, сен ойнап жүріп бір тасбақаны көріп «Көке, анау жерде машина жүр!» деп мені тасбақаға ертіп барғаның, сірә, естен шығар ма?
Шахзаданың да қылықтары, бала кезінде сөйлегендері, суды «мө» деп, Мейірбек, Күлжайналардың түн жарымында «күлше» деп жылайтындары құлағыма бір келсе деп жатырмын.
ӘКЕГЕ ХАТ
Тұла бойы тұңғышыңыз Орынбек туралы жазсам деймін. Ортай ағам өте сымбатты, ақыл мен парасаттың кеніші еді. Мектепті алтын медальмен бітірген соң ағама сабақ берген мұғалімдер бірауыздан:
– Алтын медаль алатын баланың білімі біз білетін Орынбек Сәрсеновтың біліміндей болу керек!, – деп ұзақ жыл ешкімге алтын медаль алуға мұрсат бермей жүрді. Олармен мектеп басшылары санасатын. Ағам ең қиын математика, физика, химия пәндерін жетік меңгергендігі соншалықты, мектепте жоғары класта оқып жүргенде сынып мұғалімдері жұмыстан сұранатын болса, орындарына төменгі кластағы балаларға сабақ беру үшін ағамды қалдырып кетеді екен. Өз білімімен Фрунзе қаласындағы политехникалық институтына түсті. Сол кезде Ортай жұмсақ пластинкаға жазылған қырғыз әндерін алып келетін. Ал, біз оны тыңдап бар отбасымызбен қырғыз әндерін сүйіп, тыңдап өстік. Қырғыздың сол кездегі әндерін тыңдасам Ортайды көргендей боламын. Ғұмыры қысқа болды. Жүрегі нәзік, сезімталдығынан заманның астан-кестен болып, аласапыранын әділетсізлігіне шыдас бермей, қыстың қақаған аязында инфарктан қайтыс болды. Өзбекстанның үлкен бір шаруашылығында бас инженер болып жұмыс істеген еді ғой. Дәл сол кезде өзағалардың шекарасынан өту қиын болса да өзбек елінен қаншама адам келді. Бәрі егіліп жылап, айтқандары «Бізге Ортай ағамыз әкедей болған еді. Біз мұндай адал басшыны ешқашан көрген емеспіз!».
Жатқан жері жарық болғай.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Шырақтарым, мен осы сөздерді күн сайын емес сағат сайын нашарлап бара жатқан соң жазып, сендерге өсиет етіп қалдырмақшы болдым. Бірақ, не пайда? Қам сүт емген пендеміз де. Сәл уақыт өткеріп алып жазып отырмын. Ақыл бұрынғыдай толық болмай қалды. Бас айналып, көз бұлдырай береді. Далаға шығып келудің өзі әжептеуір күш болып қалды. Ең болмаса сені қолыммен үйлендіріп, немеремді
алдыма алып еркелетіп, былдыраған тілдерін өз құлағыммен естісем, бірде «Ата, конфет бер, нан бер» деп артымнан еріп жүрсе, жарылмаған жүрек орнында тұрар ма еді?!
Күлайна Оразбекқызы,
Қазақ үні